Қисық айна

Қатыны құрысын, қызымды қайтар, ойбай!

  • Қатыны құрысын, қызымды қайтар, ойбай!

    Қатыны құрысын, қызымды қайтар, ойбай!

Бір кездері бизнесін жүн-жұрқа, тері-терсек, әйелдердің төс бастырғышы мен ішкиімін сатумен бастаған Қоқым қазір аса ірі, танымал құрылыс компаниясының президенті болып жырғап отыр. Анау үлкен көшелердегі, базарлардағы супермаркеттер мен мейрамханалар, ойынханалар, жат көзден таса жерлердегі жынойнаққа арналған монша-сауналар, қайда жүрсең жолың болғыр құдіретті аққұлақ күйеу баланың оқпанын толтырып жүріп, шұлығын жуып жүріп арзанға сатып алған жерлердегі салтанатты сарайлар – Қоқымның даусыз иелігіндегі мүліктер. Осы елдің банкілеріне сыймай, шетелге асып жатқан қаржысында қисап жоқ. Осының бәрін бұл кісі біреуді алдап-арбап, біреуді қорқытып, енді біреулерден ұрлап алып құрастырған. Бірақ «көзің тоймаса, өзің тоймайсың», «қанағат қылсаң, құрисың» деген мақалды қатты ұстанатын алпауытқа бұл аз көрінеді. Құрылысы бітпей аңғал-саңғал қаңырап тұрған үйлер анау, құлап жатқандары да бар. Үйімізді бер, болмаса салған ақшамызды қайтар деп жылап жүрген жұрт қанша. Ол Қоқым мырзаның қыртына да келмейді. Ең бастысы, қалтаға қаржы түсіп жатыр. «Атынан ат үркіп, қасқыр қашатын» көкесі аман болса, бұған ешбір пәле жоламайды. Жалғанды жалпағынан баса бер. Көкесінің көзі тайса, мұхиттың арғы жағындағы жұмақ аралдарда мекенжайы дайын, бір-ақ түнде тайып тұрады.

Қоқым бүгін кеңсесіне кеш келді. Түні бойғы отырыстан кейін сәл-пәл басы ауырғаны болмаса, бойы сергек, ақыл-есі шайдай ашық. Шөл басатын бірдеңе алдырайын деп кнопканы басты. Бөлмеге орта жастағы бейтаныс әйел келіп кірді. Әйел сұлулығын өте бағалайтын Қоқым мына әйелге қарап отырып, «япыр-ай, мұндай да ұсқынсыз адам болады екен-ау», – деді іштей.

– Сен кімсің, мұнда неғып жүрсің? – деді зілді дауыспен.

– Мен сіздің жаңа хатшыңызбын, – деді әйел ыржия күліп. – Қандай тапсырмаңыз бар?

Қоқым шаян шаққандай орнынан атып тұрды.

– Кім, кіммін дейсің? Менде сендей хатшы болған емес, аулақ жүр. Әй, Шахаризада, қайда қарап отырсың, бөтен адамды рұқсатсыз неге кіргізесің? Қап, бәлем, сені ме?!

– Шахаризада жоқ, ол жұмыстан босаған, – деді әйел айылын жимай. – Мені осы жұмысқа алған – жарыңыз Қатира әпшем.

– Не дейді мына шимпанзе? Жоғал, Қатирамен қоса құры!

Қоқым сылқ етіп отыра кетті. Осы Қатирадан қорлықты көріп жүр. Бұл бір емес... Хатшы құтайтпайтын қырсық. Сонадай ызыңдап құлағының етін жей берген соң, кадрлар бөліміне алып еді. Енді істеп жүргені – мынау. Шетелде оқып келген біліміне қызығып, бұраңбел Люсяны алып еді, бір апта өтпей қуып шықты. Алты тіл білетін Альбинаны да сыйғызбады. Енді жібек мінезді, тілалғыш Шахаризаданы да тайдырыпты. Қатирамен қарсыласу – қауіпті іс. Жер дауы мен жесір дауы қиын деген – бос сөз. Қатынның дауынан өлгенше құтыла алмайсың. Әрі барлық акцияның тең жартысы соның атында. Қимылдап көр.

Қоқым өкінішпен басын шайқады. Сол кезде қалта телефоны безілдеп қоя берді.

– Әлеу... не... Кіммін дейсің? О, көріңде өкіргір, Қыранбаймысың? Әй, сенің түрмеден шығатын уақытың болған жоқ қой. Әлде қашып кеттің бе? Ол сенен шығады, – деді Қоқым екі иінінен дем алып. Сасқалақтаған сыңайы бар.

– Сенің арқаңда түрменің дәм-тұзын біраз таттым ғой, – деді анау жайбарақат. – Енді сенің кезегің келді, малғұн. Мен амнистияға іліктім. Енді сенен алашағымды алайын деп келдім.

Қыранбай Қоқымның бизнесті бірге жасаған ортақ әріптесі болатын. Компанияның тасы өрге домалап, оңнан, солдан инвестиция құйыла бастаған кезде, үйге қолы жетпей тарыққан үлескерлер шырылдап шу шығара бастаған шақта барлық пәлені Қыранбайға жауып, соттатып жіберген. «Іргетасы әлі қаланбаған үйдің құрылысы бітіп, пайдалануға берілді деген жалған құжат жасады, қайтыс болған адамдарға арсыздықпен айлық төледі, құрылысқа алаяқтықпен жаңа материалдың орнына ескі материал пайдаланды, соның нәтижесінде үй құлап қалды» деген айыппен Қыранбай байғұс кете барды. Сол пәле, міне, қайтып келіпті.

– Не алғың келеді? – деді Қоқым ананың аранын білмек болып.

– Компания екеуімізге ортақ болатын. Пайдасы да ортақ еді. Мен енді бизнеспен айналыспаймын. Өзіме тиесілі ақшамды аламын да, тып-тыныш өмір сүремін. Сен маған он лимон, яғни он миллион бакс бересің. Сонымен «гуд бай» боламыз.

– Не? Немене? Он миллион. Әй, сенің есің дұрыс па, не деп сандырақтап тұрсың? Ондай ақша менде жоқ, – деді Қоқым демі үзіліп кете жаздап.

– Сенде бәрі бар, – деді Қыранбай табандап. – Он миллион бересің. Бермесең...

– Бермесем, не істейсің? Олай ерегестірсең, саған сымбылдың сирағы да жоқ. Мә, мынаны аласың.

– Оныңды аналарыңа сақтап қой, – деді Қыранбай. – Есіңде ме, баяғыда қызын ұрлап әкетіп, бопсалап, Көдектен көп ақша алғаның?

Қыранбай бір пәленің басын қылтитып тұр.

– Мұнымен не демексің? – деді Қоқым сасқалақтап.

– Қысқасы былай, Қоқа, сенің қызың мен қатының Қатира менің қолымда қапаста отыр. Сен түнде ойын-сауық құрып жүргенде, екеуін қолды қылғанмын. Қызың үшін – бес лимон, қатының үшін бес лимон төле де, екеуін аман-сау алып қайт. Олай етпесең, қызыңды жіліктеп, посылкамен салып жіберемін. Бұл – сенен үйренген тәсілім. Бұған не дейсің? Қоқымның зәре-құты қалмады. Ана қаныпезер қарақшы оны істейді.

– Қызыммен сөйлестір, – деді дымы құрып. – Дауысын естиін. Ар жақтан: «Папа, папа, мына дядя қорқынышты, мені құтқар», – деген таныс дауыс естілді.

Сол кезде оның есіне баяғыда Көдектің қызының осылай жалынып жылағаны түсті. Есі шықты.

– Қызым үшін бес лимон беремін, – деді ақыры есін жиып. – Қашан, қай жерге апарайын?

– Ал қатының ше? – деді Қыранбай оған да...

– Қатыны құрысын, қызымды қайтар, ойбай! Оны сен-ақ ала ғой.

– Сенің көк езу, мылжа-мылжа мыстан кемпіріңді мен не қыламын? Ақысын төле де, алып кет. Бажылдап басымды ауыртып отыр.

Қоқым үстелді тоқпақтап жылай берді:

– Қатыны құрысын, қызымды қайтар, ойбай!




Көрілген: 5633    Пікірлер: 0

бейсенбі, 04.03.2010, 17:07

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31