Жаңа онжылдық, жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері

Жаңа онжылдық, жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері

Құрметті қазақстандықтар!
Ел тарихының ХХІ ғасырдағы аса бір күрделі кезеңі аяқталып келеді. Дүние жүзінің экономикасын тұралатқан жаһандық дағдарыс дауылы әлі басыла қойған жоқ. Алайда ол өзінің алғашқы алапат қуатынан айырылды. Біз тастүйін дайын болғандықтан, оның салдары біздің еліміз үшін соншалықты ауырға соққан жоқ. Дағдарысқа дейінгі кезеңде біз Қытай, Үндістан және өзге де экономикасы қарыштап алға басқан мемлекеттер қатарында дамудың жоғары деңгейіне көтерілдік. Өйткені біз оған қалай қол жеткізуге болатынын білдік. Бәрін дұрыс жоспарлап, сауатты іске асырғандықтан, біздің дамуымыз сәтті болды. Біз жасампаздыққа жұмыла кіріскендіктен, дамудың даңғыл жолына түстік.

Толағай табыстарымен дүние жүзін мойындатқан Қазақстанның әлеуеті артып, экономикасы серпінді бола түсті. Дамуымыздың маңызды алғышартына айналған қазақстандық бірліктің өнегелі үлгісі ғаламшардағы мемлекет басшылары мен конфессия жетекшілерінен лайықты бағасын алды.

Осылайша Қазақстан қуатты да табысты мемлекетке айналып, өзінің бастамалары арқылы жоғары халықаралық беделге ие болды. Жасампаздық қуатымен дүние жүзінде даңқы артқан Қазақстан әлемді өз жетістіктерімен таңғалдырды. Сондықтан Қазақстанға Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ету мәртебелі миссиясы сеніп тапсырылды.

Біз жаңа онжылдығымызды әлемдік деңгейдегі осындай абыройлы тарихи оқиғамен бастадық. Мен біздің алдағы барша жетістіктеріміз осындай жарқын болады деп сенемін.
Менің басты мақсатым – еліміздің алдағы онжылдықтағы экономикалық өрлеуін қамтамасыз етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашу. «Қазақстан – 2030» стратегиясын орындай отырып, біз алғашқы онжылдыққа бағдарлама жасап, оны тәмамдадық. Ендігі мақсат – осы Стратегияның келесі онжылдығына қарай қадам жасау.

1. 2010 стратегиялық жоспарын жүзеге асыру – ел дамуының маңызды белесі

1997 жылы біз 2030 жылға дейінгі ел дамуының стратегиясын қабылдап, онда басты мақсаттар мен басымдықтардың ұзақ мерзімге арналған күн тәртібін белгіледік. Одан кейінгі уақытта бұл бағдарлама 2010 жылға дейінгі арналған стратегиялық жоспарымызда логикалық жалғасын тапты. Біз жоспарлағандай өмір сүріп, алға қойған нәтижелерге қол жеткізіп отырдық. Қазақстанның 2030 жылға дейінгі стратегиясын басшылыққа ала отырып, біз XXI ғасырдың бірінші онжылдығына белгіленген барлық міндеттерді шештік. 2000 жылмен салыстырғанда 2008 жылы жалпы ішкі өнімнің көлемін мерзімінен екі жыл бұрын екі есеге арттырдық. Мемлекет өзіне алған әлеуметтік міндеттемелерді тиімді атқара отырып, осы жылдар ішінде орташа айлық жалақы 5 есе, ал зейнетақының орташа мөлшері 3 есе өсті. Ал табысы күнкөрістің ең төменгі деңгейіндегі тұрғындардың үлесі 4 есе кеміді. Халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсара түсті. Күтілген өмір сүру ұзақтығы 65 жастан 68 жасқа ұлғайды. Сондай-ақ ана өлімі екі есе төмендеп, бала туу көрсеткіші 1,5 есеге артты. 10 жылдың ішінде елімізде 652 мектеп және 463 денсаулық сақтау нысаны салынды. Бүгінде елімізде әлемдік деңгейдегі медициналық орталықтар бар. Мәселен, Ұлттық ана мен бала орталығы, Нейрохирургия институттарын атап өтуге болады. Ал биыл жоғары деңгейлі кардиологиялық орталықты іске қосамыз. Қазақстандықтарға барлық сала бойынша медициналық қызмет көрсету жақсарып келеді. Осының арқасында біз мыңдаған азаматтарымыздың өмірін сақтап қаламыз.

Біздің жетістіктерімізді мойындай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымы өзінің 2009 жылғы баяндамасында Қазақстанды адами әлеуеттері жоғары елдердің санатына кіргізді. Бұл – халықтың әл-ауқатының артуының даусыз куәсі! Сондай-ақ соңғы 10 жылда 350 мың отбасы, шамамен алғанда, 1 миллион 200 мыңнан астам адам баспаналы болып, Қазақстан жолдарының үштен бір бөлігі, яғни 32 мыңнан астам шақырым жол жөндеуден өтті. Еліміз 2030 жылға дейінгі даму стратегиясында анықталған әр басымдыққа жіті мән бере отырып, ХХІ ғасырдың алғашқы онжылдығына жоспарланған барлық мақсат-міндеттерді орындай алды.

2. Дағдарыс кезеңі – дұрыс шешімдер қабылдайтын уақыт
Әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс экономиканың өсу қарқынына әсер етті, бірақ біздің дамуымызды тежеген жоқ. Еліміздің жинақталған экономикалық әлеуеті соңғы үш жылдағы қиын дағдарыс кезеңінде тұрақтылықты қамтамасыз етті. Біз еліміздің қаржы жүйесін қорғап, жүйеқұрушы банктерді құтқарып қалдық. Біз шағын және орта бизнестің қиын жағдайда қалуына жол бермедік. Агроөнеркәсіптік кешенге бұрын-соңды болмаған көмек көрсетілді. Мемлекет үлестік құрылыстарды аяқтауы үшін барлық шығындарды өтеуді өз мойнына алды.

«Жол картасы-2009» бағдарламасы арқасында ел өңірлерінде тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын қайта қалпына келтіру бойынша 862 жоба жүзеге асырылды. 737 шақырым электр желілері, 1029 шақырым сумен қамтамасыз ету жүйесі, сондай-ақ 284 шақырым жылу беру трассалары, автожолдар, жүздеген ауруханалар мен мектептер, мәдениет пен спорт нысандары жөнделді. Әр ауылға дейін жеткен бұл бағыттағы маңызды шаралар бірінші рет жүзеге асып отыр. Халық біз атқарған жұмыстарға өздерінің алғысын білдіруде. Менің қадағалауыммен барлық жұмыстар жедел әрі бұқаралық түрде өткізілді. Біз рецессияға жол берген жоқпыз, өйткені не істеу керектігін білдік және тез арада іске асырдық. Кезінде ұлы Неру: «Кім жедел қимылдай білсе, соның ісі сәтті болады» деген. Ал біз батыл қимылдадық. 2009 жылы экономиканың өсімі 1,1 пайызды, өнеркәсіптің өсімі 1,7 пайызды құрады. Біз өсу қарқыны жоғары елдердің «серпінді тобынан» көріндік. Ұлттық қордың халықаралық деңгейдегі жалпы резервтерінің бүгінде 50 млрд доллардан асып, соңғы 10 жылда оның өсімі 25 есеге көбейді. Баршаға мәлім, біз өткен жылы дағдарысқа байланысты қордың қаржысын біраз шығындадық. Ал бүгінгі күні қордың қаржысы өткен жылдың желтоқсан айындағыдан көп. Біз осыған дейінгі мүмкіндіктерімізді қалпына келтірдік. Ұлттық қордың мүмкіндігін пайдалана отырып, біз тек дағдарысты еңсеріп қана қоймай, кезінде сатуға мәжбүр болған мемлекеттің активтерін де қайтара алдық. Олардың қатарында Екібастұз МАЭС-1, «Богатырь» разрезі, «Қашаған», «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-та біздің үлесіміз және үш мұнай өңдеу зауыты бар. Сондай-ақ жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайызды құрады, бұл – дағдарысқа дейінгі кезеңмен салыстырғанда төмен көрсеткіш. Жұмыспен қамту стратегиясын тиімді іске асыру арқасында елде 400 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Біз аяғымыздан тұрдық. Енді біз 2020 жылға дейінгі стратегияны жүзеге асыруға кірісетін боламыз.

Ұзын-ырғасы:
• Жолдау бас-аяғы 66 минутқа созылды.  Осы аралықта Елбасы бір-ақ  мәрте су ішсе, мәжіліс залындағылар 44 мәрте қол соғып, қошемет көрсетті.
• Бір сағаттан астам уақытқа созылған Жолдаудың 4 минут 58 секунды шапалақ «рәсіміне» арналыпты.

3. 2020 стратегиялық жоспары – көшбасшылыққа жетудің қазақстандық жолы
Біріншіден, экономиканы дағдарыстан кейінгі дамуға дайындау.
Екіншіден, инфрақұрылымды дамыту мен жедел индустрияландырудың есебінен экономиканың орнықты өсіміне қол жеткізу.

Үшіншіден, Қазақстанда болашақта адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін белсенді инвестициялар салу.
Төртіншіден, қазақстандықтарды сапалы әлеуметтік және тұрмыстық-коммуналдық қызметпен қамтамасыз ету.
Бесіншіден, Қазақстанда ұлтаралық келісімді нығайту, ұлттық қауіпсіздік деңгейін көтеру және халықаралық қатынастарды одан әрі дамыту міндеттері тұр.

Лингвистикалық құрамы:
•  Жолдау негізінен орыс тілінде баяндалды. 54 минуттық мәтін орыс тілінде, 12 минуттық мәтін қазақ тілінде оқылды. Атап айтқанда,  Жолдаудың басындағы – 3 минут, ортасындағы – 5 минут (43-минут пен 48-минуттың арасы)  және соңындағы 4 минут мемлекеттік тілде дайындалыпты. 53-минутта орысша мәтіннің арасында қазақша бір ауыз сөз айтылды.

3.1. Экономиканы әртараптандыру – табысқа жетудің кілті
Таяу онжылдықтағы индустриялық-инновациялық даму жеделдетілген диверсификация, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыру есебінен қамтамасыз етілетін болады. Еңбек өнімділігінің кешенді өсімі маңызды тапсырмалардың бірі болып табылады. Қазақстанда, егер экономиканы толығымен алып қарасақ, бір жұмысшы жылына 17 мың доллардың ғана тауарын өндіреді. Ал дамыған елдердегі бұл көрсеткіш 90 мың доллардан асып түседі. Бұдан шығатын қорытынды өте қарапайым – біз бұл жағдайды түзеуіміз керек. Бұл үшін еңбек өнімділігін көтеріп, инновацияны ендіруіміз қажет. Осы критерий бойынша бағалау, қаржылай қолдау көрсету сияқты барлық басқару жұмыстарына бақылау жүргізу Үкіметтің басты міндеті болмақ. Тек инновация ғана еңбек өнімділігінің шұғыл көтерілуіне мүмкіндік береді. Менің тапсырмам бойынша «Үкімет үдемелі индустриалдық даму және елдің детальды даму картасы» деп аталатын мемлекеттік бағдарлама жасады. Бұл екі құжат – таяу бес жылда қашан, қалай және не істейтінімізге нақты жоспар.

Қазір 6,5 трлн теңгені құрайтын 162 инвестициялық жобаларды жүзеге асыру туралы айтылуда. Бұл еліміздің ІЖӨ-нің 40 пайызынан астамын құрайды. Бұл дегеніміз – алдағы үш жылда 200 мыңнан астам тұрақты жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Бес жылдың ішінде қуатты газ-химиялық кешен, минералды тыңайтқыштарды өндіретін зауыттар – Балқаш ЖЭС-і, Мойнақ СЭС-і, Екібастұз ГРЭС-2 жаңа блогы және т.б. бірқатар ірі электр-энергетикалық стансылар салынатын болады. Ал 2014 жылы үш бірдей мұнай өңдейтін зауытты қайта жаңартып, осы саладағы ішкі сұранысты толығымен қамтамасыз ететін боламыз.

Аймақтардағы әрбір индустриалдық жобалардың жүзеге асырылуы тек қана жергілікті биліктің ғана емес, қоғамның да айрықша бақылауына алынуы тиіс. Бұл жұмыстар алдағы 10 жылда жалпыұлттық міндет болуы қажет. Бағдарламалардың жүзеге асырылуын қадағалау үшін Премьер-министр басқаратын, аймақтарда әкімдерге бағынатын біртұтас басқару орталығы (штаб) құрылады. 2009 жылы «Жол картасын» жүзеге асырғандағыдай жұмыс істеу керек. Министрлер мен әкімдер барлық ағымдағы мәселелердің шешілуіне жауапты болады. Олар барлық ресурстарын жұмылдыруы тиіс. Индустриялық даму – бұл біздің жаңаша онжылдықтағы жаңа мүмкіндігіміз.
Қазақстанның индустриалды держава болатынына мен кәміл сенемін.

Әртараптандырудың ең маңызды сегментінің бірі – агроөнеркәсіп кешені. Оның дамуы басты үш бағытта өрбуі тиіс.
Біріншіден, негізгі күш еңбек өнімділігінің өсуіне салынуы қажет. Біздің ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі ең төмен, бұл бір жұмысшыға 3000 долларды ғана құрайды. Ал дамыған елдерде ол 50 мыңнан 70 мың долларға дейін жетеді. Әрине, қолайлы ауа райы жағдайында мол астық алып, сол үшін мақтануға болар. Диқандардың еңбегі бар. Алайда біздің ауыл қазір қандай деңгейде екенін қарасақ, орасан зор жұмыс күтіп тұр. Сондықтан 2014 жылға қарай ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін кемінде екі есеге көтеру керек. Осынау күрделі мәселені шешу тек индустриялық әртараптандыру арқылы, яғни ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді арттыру жаңа технология, жаңа жабдықтар мен жаңаша қадамдар есебінен ғана мүмкін болады. Өзгелерде бар тәжірибені тезірек қолға алу керек.

Екіншіден, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды мәселе. 2014 жылға қарай азық-түлік тауарларының ішкі нарығының 80 пайызын отандық азық-түлік өнімдері құрауы тиіс. Бізде бұған толық мүмкіндіктер бар.

Үшіншіден, экспорттық мүмкіндіктерді бірінші кезекте Кеден одағы елдері аясында, Орталық Азия және Кавказ, Таяу Шығыс бағытында дамыту. Біз қазірдің өзінде Шығыста Қытаймен арада Жетіген-Қорғас теміржолын салып жатырмыз, Түрікменстан арқылы Парсы шығанағына шығатын теміржол салу жұмыстары жүргізілуде. Батыс Қытай – Батыс Еуропа тас жолы биылдан бастап салына бастайды. Бұл біздің тауарларымыздың осы аймақтарға шығуына мүмкіндік береді. Осы арада «Экономика болашағы» секторына жеке тоқталғым келеді. Оның негізі жемісті және тиімді ұлттық инновациялық жүйе болуы тиіс. Астанада құрылатын жаңа университеттің аясында жаңа 3 ғылыми орталық болады.

Біріншісі – өмір туралы ғылым орталығы. Ол әлемдік ғылыми орталықтармен бірлесіп, жасанды өкпе, жүрек, жасуша секілді органдарды трансплантациялау мәселелерімен айналысады. Екіншісі – энергетикалық зерттеулер орталығы, ол қайта қалпына келетін энергетика, физика, жоғары қуат техникалары мәселелерімен айналысады. Үшіншісі – дисциплинарлық-инструменталдық орталық, инженерлік орталық, зертханалық база және конструкторлық бюро қызметін атқарады. Аталған үш орталық та биыл құрылады және онда әлемге танымал мамандар жұмыс істеуі тиіс. Сондықтан Үкіметке 2020 жылға дейін ғылыми-техникалық дамуды қамтитын салааралық жоспар әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар «ғылым туралы» жаңа заңның жобасын дайындауды тездету керек. Бұл біздің болашақ дамуымызда маңызды рөл атқарады.

Жалқылары:
• Жолдауда «Қазақстан – индустриалды держава», «бәсекеге қабілетті 50 ел» тіркестері мен «Қашаған», «қазақстандық бірлік» сөздері бір-бір мәрте айтылды.

3.2. Сауатты сауда саясаты – экономиканың бәсекеге қабілетін қолдау
Ресей және Белоруссиямен 2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген ортақ Кедендік одақ Қазақстанның осы уақытқа дейін жүргізген барлық интеграциялық бастамаларының серпінді негізі болып саналады. Сондай-ақ үш ел арасында 2012 жылдың қаңтар айынан бастап құрылатын ортақ экономикалық кеңістік интеграцияланудың жаңа кезеңі болады. Бұл интеграциялану адамдардың, қаржының, жұмыс күшінің осы аймақтарда еркін жүріп-тұруына мүмкіндік береді. Тағы бір айтарым, қазір Үкімет Қазақстанның экономикасына тың күш беретін ДСҰ-ға кіруді жеделдететін жұмыстармен айналысуы шарт. Сондай-ақ біздің кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығу үшін барлық жаңа мүмкіндіктерді бағалап, тың стратегиялармен айналысып, бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында қимылдау керек.

3.3. Инвестициялар тарту
Біз экономиканы әртараптандыру бағытындағы жоспарларды орындау үшін мемлекеттік қаржы ресурстары жеткіліксіз. Сондықтан қаржы көзі – шетелдік тікелей инвестиция болуы қажет. Менің өткен жылғы халықаралық сапарларымның дені осы инвестиция мәселесіне қатысты болды. Көптеген мемлекеттер біздің елге инвестиция салудың болашағын көріп отыр. Бүгінгі күні ҚХР, Оңтүстік Корея, БАЭ, Франция, Италия, Ресейдің компаниялары біздің елге 20 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартатын болды. Бұл қаржы шикізаттық емес секторға жұмсалады, индустриалдық бағдарламаның бірнеше нысанын, инфрақұрылымды, бірлескен кәсіпорындарды іске қосуды қамтамасыз етеді. Батыс Қытай–Батыс Еуропа автомагистраліне 3 млрд АҚШ доллары көлемінде, еліміздің батысынан оңтүстігіне қарай тартылатын газ құбырына 2 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту мәселесі шешілді. Мұның барлығы – шикізат секторына тартылған 10 млрд инвестициядан бөлек. Біз Қазақстанды шетелдік инвесторларға жақсы жағынан көрсету үшін барлық істі қолға алуымыз керек. Осыған орай мен Үкіметке индустриалды дамуымыз үшін жаңа экономикалық зона құру туралы арнайы заң әзірлеуді тапсырамын. Жеке инвестиция тарту үшін мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмін құру қажет. Біз бұл механизмді құрдық, бірақ ол әлемдік үздік тәжірибемен ұштаса отырып дамуды талап етеді. Мен Үкіметке бірінші жартыжылдықта «концессия туралы» заңға керекті түзетулерді енгізуді тапсырамын. Жобалық қаржыландыру қағидатын енгізу мақсатында біз заңнамамызда ерекше заңдық мәртебесі бар арнайы жобалық ұйымдарды құру мүмкіндігін қарастыруымыз керек.

Жалпылары:
• Жолдауда:
«Қазақ» сөзі – 6 рет;
«Тәуелсіздік» сөзі – 8 рет;
«дағдарыс» сөзі – 10 рет;
«постдағдарыс» сөзі – 3 рет;
«Ұлттық қор» сөзі – 5 рет;
«жол картасы» сөзі – 3 рет;
«стратегия» сөзі 5 рет қайталанды.

3.4. Кәсіпкерлік – жаңа экономиканың қозғаушы күші
Экономиканы диверсификациялаудың негізі – кәсіпкерлік болып қала береді. Біз елімізде жаңа нарықты игере алатын, инновацияларды енгізуге қабілеті бар қуатты кәсіпкерлік класын көргіміз келеді. Дәл осы кәсіпкерлер экономиканы модернизациялаудың негізгі күші болады. Сонымен бірге Үкіметке 2010 жылдан бастап аймақтарда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында ортақ бюджеттік бағдарлама әзірлеуді тапсырамын. Оны «Бизнестің жол картасы – 2020» деп атауды ұсынамын. Бұл бағдарламаның мақсаты – аймақтардағы жаңа кәсіпорындардың, әсіресе, шағын және орта бизнестің арқасында тұрақты жұмыс орындарын ашу. Жаңа бағдарламаны орындау келесі бағыттар бойынша іске асырылуы тиіс: несиелер жөніндегі пайыздық ставкаларды субсидиялау; шағын және орта бизнеске арналған несиелерді жекелеген кепілдікке алу; бизнесті енгізуді сервистік қолдау; мамандарды қайта даярлау мен біліктілігін арттыру, жастар тәжірибесі мен әлеуметтік жұмыс орындары. «Бизнестің жол картасы – 2020» кәсіпкерлерге де, банктер мен инвесторларға да шикізаттық емес секторды қаржыландыру бойынша жаңа мүмкіндіктер ашады. Үкімет әкімдермен бірге үшжылдық бюджет шеңберінде жылдар бойынша әр аймақтың экономикалық әлеуетіне қарай қаржыландырудың жалпы лимиттерін жасауы тиіс. Бұл қаражат аймақтарға беріледі. Әкімдер шағын және орта бизнес жобаларын қаржыландыру бойынша толық жауапкершілікті өз мойындарына алатын болады. Үкіметке әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларын осы істе бизнесті дамыту жөніндегі аймақтық корпорациялар ретінде қызмет етуді жүктеймін.

3.5. Отандық тауарлар – 2020 Жоспарын табысты іске асырудың индикаторы
Индустрияландырудың шешуші бағыты – шикізаттық емес секторды қолдау болуы қажет. Қазақстан өнеркәсібі экспорт нарығында отандық брендтің кең торабына айналуы керек. Сондықтан Үкіметтің басты міндеті – экспорттаушыларды қолдаудың біртұтас жүйесін құру болуы тиіс, ол негізгі құралдарды қаржыландыруды, экспортты сервистік қолдауды, экспорттаушылар гранты мен экспорттық сауданы қаржыландыруды қарастыратын болады.

3.6. Аймақтардың дамуы – елдің дамуы
Экономиканы аймақтарды дамыту реформасынсыз әртараптандыра алмаймыз. Сондықтан біз экономикалық дамудың орталықтарын құрамыз. Қазақстанның батысында мұнай-газ секторын, химия өнеркәсібін, транспорттық күшті дамытуымыз керек. Орталықта, солтүстікте, шығыста, оңтүстікте тау-металлургиялық, атомдық, химиялық, аграрлық индустрияны дамыту қажет. Ішкі сұраныс базасының негізгі бағыты – дәстүрлі индустрияларға қоса, кадрлық әлеуеті бар Алматы мен Астана қалаларын дамыту. Жоғары әлеуетті шикізаттық емес секторларды және агроөндірістік кешенді солтүстік және оңтүстік аймақтарда дамыту қолайлырақ болады. Болашақ экономикасының секторлары Алматы мен Астанада өркендеуі тиіс. Азаматтарымыз бен туристерді қызықтыра алатын, бәсекеге қабілетті экономикасы бар Астанамыздың бұдан арғы дамуына айрықша көңіл бөлінбекші. Жаңа өңірлік даму саясаты – 2020 Стратегиялық жоспарының маңызды бөлігі. Үкіметке облыс және Алматы, Астана қалалары әкімдерімен бірлесе отырып, аймақтардағы инвестициялық саясат мәселелерін мұқият қарастыруды тапсырамын.

3.7. 2020 Стратегиялық жоспарын іске асырудың базалық шарттары
Экономиканы ғаламдық қалпына келтіру мен сыртқы сұраныстарға деген тұрақтылығын арттыру үшін мына міндеттерді шешу қажет:
– біріншіден, бизнес-климатты айтарлықтай жақсарту;
– екіншіден, қаржы жүйесін тұрақты түрде жұмыс істеуін қамтамасыз ету;
– үшіншіден, сенімді құқықтық орта қалыптастыруды жалғастыру.
Үкіметке 2011 жылға қарай кәсіпкерлердің бизнесті тіркеуге қатысты операциялық шығындарын 30 пайызға, 2015 жылға қарай тағы да 30 пайызға азайтуды тапсырамын. Осы онжылдықтың соңына қарай шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесі 40 пайызға дейін көтерілуі керек, 2020 жылға қарай Қазақстан бизнес климаты ең жақсы саналатын 50 елдің қатарына кіруі керек, 30 ел деген де мақсат қоюға болар еді, өйткені бұл – әбден мүмкін нәрсе. Қаржы жүйесінің тұрақты да орнықты жұмысын қамтамасыз ету маңызды. 2020 жылға қарай ТМД мен Орталық Азиядағы аймақтық ислам банкингі орталығына, Азиядағы үздік ондық сапындағы қаржы нарығына айналуы үшін отандық қор нарығын жұмыс істету керек. Отандық қаржы нарығын реттеу дағдарыстан кейінгі әлемдегі қиындықтар мен қауіп-қатерге қарсы тұра алатындай болуы керек. Қаржы нарығын реттеуші орган банк секторының сыртқы борыштарын азайтып, сыртқы міндеттемелердің басым бөлігі тиімді бәсекеге қабілетті өндіріс құруға жұмсалып, банктерді жасырын және айқын байланысқан құрылымдардан ажырату қажет. Өйткені банктер тек банктік қызметпен айналысып, есеп-қисабын жария түрде жүргізулері тиіс. Өткен істен сабақ алып, бәрін орын-орнына қоюымыз керек. Біз дағдарыс кезінде банктерге қол ұшын создық, енді олар экономиканың қалпына келуі мен дамуына көмектесулері қажет. Дағдарыс уақытында қауіпсіздік жастығы рөлін атқарған Ұлттық қор енді тұрақтану мен гүлдену кепілі болуы тиіс.

Үкіметке бюджетке түсетін шикізаттық емес сектор табысын арттырумен айналысу керек, осы онжылдық соңында бюджеттің мұнайдан өзге секторлардан құралатын тапшылығы ЖІӨ-нің 3 пайыздан аспауы керек әрі қарай оны нөлге дейін төмендеткен дұрыс. Биылдан бастап республикалық бюджетке трансферт 8 миллиард долларды құрайды. Бұл трансферт индустрияландыру ісіне жұмсалуы керек. Ұлттық қордан бұдан өзге несие де, трансферт те алынбайды. Осының арқасында 2020 жылға қарай Ұлттық қор активтері 90 миллиард долларға дейін жетіп, ЖІӨ 30 пайыздан асуы керек. Дос мемлекеттерден тартылып жатқан инвестициялар бойынша жұмыс жалғаса береді, әлгінде айтылған 8 миллиард доллар бүгін жария ететін бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсалады. Бұл трансферт, ең алдымен, индустрияландыруды жүзеге асыруға жұмсалады. Ұлттық қор мен бюджеттің басқа қаражаттары болмайды. Үкіметке биыл алғашқы тоқсанда Ұлттық қорды жасақтау мен пайдаланудың жаңа тұғырнамасын жасап өткізуді жүктеймін. Жалпы, 2020 жылға қарай экономиканы жедел түрде әртараптандырудың мынадай негізгі нәтижелеріне қол жеткізуіміз керек. Барлық жұмыстардан кейін өңдеуші өндірістің ЖІӨ-дегі үлесі 13 пайыздан кем болмауы, шикізаттық емес сектордың экспорттағы үлесі 27 пайыздан 45 пайызға артуы, өңдеуші өндірісте еңбек өнімділігі екі есеге, ауыл шаруашылығында жоқ дегенде 4 есеге артуы, энергоқуаттылықтың ЖІӨ-дегі үлесі 20 пайызға дейін төмендеуі, инновация тұрғысынан белсенді компаниялар үлесі 4 пайыздан 20 пайызға артуы керек. 2015 жылдың өзінде ауыл шаруашылығы саласының экспорттық мүмкіндігі 4 пайыздан 8 пайызға артып, құрылыстың 80 пайызы отандық материалдармен жүзеге асырылуы керек. Үкімет пен облыс әкімдеріне берілетін нақты тапсырма, міне, осындай, біз осыны талап ететін боламыз. Бұл – өте ауқымды жұмыс, бұл – мемлекеттіктің, тәуелсіздіктің мәселесі. Бес жыл ішінде Үкімет өндірісті екі еселеу мен металлургиялық өнімдерді экспорттауды, химиялық өнімдер өндірісін үш еселеуді қамтамасыз етуі тиіс. 2015 жылға қарай жаңа жобалар есебінен түсетін бюджеттің табысы шикізаттық секторға тәуелділікті төмендете отырып, 300-400 млрд теңгеге дейін өсуі қажет.

101

4. Адам – еліміздің басты байлығы
Елді жаңаландыру стратегиясын жүзеге асырудың сәттілігі ең алдымен қазақстандықтардың білім деңгейіне, әлеуметтік жағдайына және денсаулығына байланысты болмақ.

 4.1 Білім беру
2020 жылға қарай ауыл-қаладағы барлық бүлдіршіндер мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылатын болады. Бұл үшін мемлекет пен жекеменшік ынтымақтастығының барлық мүмкіндіктері бар, жекеменшік отбасылық балабақшалар мен кішігірім балабақшалар мемлекеттік құрылымдарға балама болуы керек. Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып мектепке дейінгі балаларға білім мен тәрбие беруге бағытталған «Балапан» арнаулы бағдарламасын жазып, алғашқы жартыжылдықта жүзеге асыруды бастап кетуді тапсырамын. 2020 жылға қарай орта білім беру саласында 12 жылдық білім беру әдісінің қалыптасуына күш салынуы тиіс, кәсіби-техникалық білім кәсіби стандарттармен тығыз байланыста болуы керек және экономиканың қажетін қамтамасыз етуі тиіс. Жоғары білім сапасы ең жоғары халықаралық талаптарға сай болуы керек, ЖОО үздік рейтингтерді иеленуге ұмтылулары керек.

2015 жылы Ұлттық инновациялық жүйе жұмысы басталып, 2020 жылдары зерттеме, өндіріске енгізіліп жатқан дайын технологиялар, патенттер түрінде алғашқы нәтижелерін көрсетуі тиіс. Астанада құрылып отырған жаңа халықаралық университет, арнайы қор және интеллектуалды мектептер тәрізді әлден табысты жұмыс істеп отырған ерекше оқу орны жобаларына айрықша көңіл бөлінеді. Биыл шілде айында ашылатын жаңа университет дайындық курсына алғашқы 700 жасты қабылдайды. Университетпен қатар, танымал ғалымдарды тарту және оқытушыларға жағдай жасау үшін арнаулы қор құрылады. Осы университетке талапкер әзірлейтін интеллектуалды мектептер Астана, Көкшетау және Семей қалаларында жақсы жұмыс істеп жатыр. Мен осы оқу орнының президент есімімен аталуына келісім бердім. Бұл жобаның отандық білім беру саласының көшбасшысына айналуына, болашақта бүкіл республика бойынша енгізілетін заманауи оқу бағдарламаларын сынақтан өткізетін басты орынға айналуына күш-жігер салу керек. Мұндай оқу орындары толыққанды жұмыс істеуі үшін Үкіметке осы жылдың алғашқы тоқсанында тиісті заң жобасын жасап, Парламентке тапсыруды жүктеймін.

Сілтемелері:
• Жолдауда бір рет Джавахарлал Неру сөзінен және Алматы облысының Райымбек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, осы ауданның «құрметті азаматы» Совет Оразаевтың хатынан дәйек келтірді. Бір мақал айтылды.

4.2 Денсаулық сақтау саласы
Халық денсаулығы – Қазақстанның өзінің стратегиялық мақсаттарына жетудегі табысты талпынысының ажырамас бөлігі.
Бүгіндері біз медициналық қызметтерді өтеу мен қаржыландырудың нәтижеге бағытталған жүйесін енгізуге дайындық үстіндеміз. Біз келіскеніміздей, дәрі-дәрмектің 50 пайызы өзіміздің елде өндіріледі. Бұл – индустриалдық бағдарлама. Білім беру және денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік кәсіпорындардың қызметтері жөніндегі заңнамалық актілерге түзетулер енгізуді жылдамдату керек.
Салауатты өмір салты және адамның өз денсаулығы үшін ниеттестік жауапкершілігі принципі — мемлекеттің денсаулық саласындағы басты саясаты.

2011 жылғы Азия ойындарына арналған спорттық инфрақұрылымдарды дайындап жатырмыз. Аймақтардағы жалпыхалықтық спорттық қозғалыстарды жандандыруымыз керек, олар Алматы мен Астанадан кейін қалмауы тиіс. Туризм және спорт министрлігі жеңімпаздарды дайындау үшін тек халықаралық спорттық істермен ғана айналыспай, ең бастысы – бұқараның спортқа деген бейімін арттыру керек. Барлық облыс, аудан, ауылдарда солай жүргізуі қажет. Бұл ретте министрлік әкімдермен бірігіп, аймақтарда спорттан жарыстар өткізуді жиі қолға алғаны жөн. Қазақстандықтардың 30 пайызы бұқаралық спортқа бейім болғанда ғана ілгерілеушілікке жетеміз.

Денсаулық сақтау саласына арналған құрылыстар мен объектілерді құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, мамандар дайындау, салауатты өмір салтын өрістетудегі мемлекеттің кешенді іс-шаралары 2020 жылға қарай мына мәселелерге себепкер болуы тиіс: Алдағы онжылдыққа белгілеп отырған мақсаттардың бірі — ана мен бала өлімін екі есеге төмендету болып табылады. Жалпы өлім-жітімді 30 пайызға, туберкулезбен ауыру көрсеткішін 20 пайызға қысқарту қажет. Сонда қазақстандықтардың өмір жасының ұзақтығы 72 жасқа дейін жетеді деп күтілуде. Осынау құрғақ мәліметтердің сыртында біздің мыңдаған азаматтардың өмірі тұр. Бұл – маңызды міндет және біз оған міндетті түрде қол жеткізуіміз керек.

4.3 Әлеуметтік қорғау және өмір сүру сапасын жақсарту
Алдағы онжылдықтың басты мақсаттарының бірі – еліміздің барлық азаматтарының өмір деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалу деңгейін жақсарту болып табылады. 2020 жылға дейін халық санының 10 пайызға артуына мемлекет барлық тиісті жағдайды жасауға барынша күш салатын болады. Мемлекеттің әлеуметтік саясатының басты басымдылығы – халықты жұмыспен қамтамасыз ету. Сондықтан да 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздан аспайтын, табысы күнкөріс деңгейінен төмендердің үлесі 8 пайыздан аспайтын нәтижеге қол жеткізуді мақсат қойып отырмыз. Әлеуметтік қызметтер тек мұқтаж адамдарға көрсетіліп, оның сапасы еліміздің өмір деңгейі мен стандарттарына сай болуы керек. 2015 жылы базалық зейнетақы көлемі күнкөріс деңгейінің 60 пайызына жетуі тиіс, ал мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 2010 жылмен салыстырғанда 1,2 есе ұлғаюы тиіс.

Меніңше, былтырғы жылы экономиканың алға ілгерілеуі стипендия мен бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын жоспарлағаннан 3 ай бұрын, яғни 2010 жылдың 1 сәуірінен бастап 25 пайыз арттыруға мүмкіндік береді. Бұған дейін дағдарысқа байланысты еңбекақы мен стипендия биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап өсіріледі деп хабарланған болатын.
Біз өз әрекетімізді жүйелі түрде атқарып келеміз. Былтыр зейнетақы, стипендия мен бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақысы 25 пайызға өсті. Жәрдемақылар көлемі 9 пайызға арттырылады.

4.4. Ардагерлерге қамқорлық туралы
Биылғы жылы біз Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығын атап өтеміз. Бұл – біздің ортақ тарихымыздағы маңызды күн. Соғыс ардагерлері мен мүгедектеріне бюджеттен біржолғы көмек ретінде 65 мың теңге төленеді. Сонымен қатар соғысқа қатысушыларға және соғыс мүгедектеріне теңестірілген тұлғалар, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болған әскери қызметшілердің ата-аналары, жұбайлары, тыл еңбеккерлері материалдық қолдаудан тыс қалмайды. Жеңістің 65 жылдығы мерекесінің атап өтілуіне байланысты Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен мүгедектеріне жеңілдетілген жол ақысы үшін бюджеттен 383 миллион теңге бөлінді. Бұл біздің әкелерімізге, аталарымызға ерліктері мен жеңістері үшін, бізді осы күндегі бейбіт өмірге жеткізгені үшін көрсетілген орынды құрмет деп ойлаймын.

4.5. Тұрғын үй - коммуналдық сектордағы саясат
Дағдарыс сабақтары тұрғын үй құрылысын дамыту саясатын жетілдіруді талап етеді. Ол үшін тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі үлкен әлеуетке ие деп есептеймін. Бұл жерде азаматтардың «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінің», мемлекеттің және құрылыс компанияларының тең әріптестігі қағидасын пайдалануы қажет.

Бұл нені білдіреді: азаматтар қаржысының бір бөлігін «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкісінде жинақтап, арзан ипотекалық несиеге қол жеткізуге мүмкіндік алады. «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкі тұрғындарды үймен қамтамасыз ету үшін стратегиялық инвесторлар мен банктерді іздестіріп, ақырында өзі тапсырыс берушіге айналады. Мемлекет атқарушы органдар арқылы жер учаскелерін бөліп, инженерлік коммуникацияларды жүргізеді. Азаматтар осылайша өз үйінің құрылысына қатыса алады. Осылайша төлемге қабілетті сұраныс пайда болады, құрылыс бақылауда болады.
Мен үкіметке 2010 жылы да «Жол картасы–2009» жоспары бойынша басталған тұрғын үй коммуналдық құрылыс нысаналарын қайта құру жөніндегі жұмыстарды жалғастыруға тапсырма беремін. Ал 2011 жылға дейін тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының 2020 жылға дейінгі кең көлемді модернизация жоспарын әзірлеу қажет.

«Тұрғынүйқұрылысжинақ» туралы айтсақ, біз мұны баяғыда бастауымыз керек еді. Бәріміз елігіп кеттік те, ұсталдық. Қазір дүниежүзі бойынша халық соттасып, ашығып та жүр. Бірақ не тұрғын үйге қолы жетпейді, не ақшасын қайтара алатын емес. Егер мемлекет қол ұшын созбағанда, бізде де сондай жағдай болар еді. «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкін пайдалану мәселесін тезірек шешу керек. Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықтары инфрақұрылымын жаңартуда пайдаланым шығындарын азайту, қуат үнемдейтін технологияларды енгізу, ауылды жерлерді құбыр арқылы келетін сумен қамтамасыз ету, ал шағын қалаларда тұрғындардың 100 пайызын таза ауыз сумен қамтуға қол жеткізу қажет.

5. Ішкі саясаттағы тұрақтылық – 2020 Стратегиялық жоспарын жүзеге асырудың сенімді іргетасы
Ішкі саяси жүйе сферасы мен ұлттық қауіпсіздік саласындағы басымдылықтар – қоғамдағы тұрақтылық, ауызбірлікті сақтау, ел қауіпсіздігін нығайту басты міндеттер болып қала береді.
Жаңа онжылдықта біз өзіміздің экономикалық жоспарымыздың жетістігін бірізді саяси модернизация арқылы нығайта отырып, саяси жүйемізді жетілдіруді жалғастырамыз. Бұл арада құқықтық реформа маңызды рөл атқармақ.

Бізді құқық қорғау жүйесін қайта құруға байланысты маңызды жұмыстар күтіп тұр. Өкінішке қарай, тиімсіз басқарудан туындаған проблемалар, құқық қорғау органдары қызметтерінің қайшылықтары, тиісті кадрлық жұмыстың жоқтығы, сондай-ақ еліміздегі құқық қорғау саласы қызметін қадағалаудағы жариялылық пен бақылаудың жоқтығы бәрімізге көрініп тұр.

Бұл сектор өткен жүйеден қалған көп кемшілікті сақтап, қайта құруға ұшырамаған бірден-бір жүйе болып қалды. Біздегі жазалау жүйесіндегі айыппұлдар 5 пайыздан аз, түзету жұмыстары – 0,4 пайыз, қоғамдық жұмыстар – 0 пайыз. Қазір жазалаудың негізгі түрі – бас бостандығынан айыру болып отыр. Түрмеден босағандарды ешкім бақыламайды, соның нәтижесінде олар қылмыскерлер қатарын көбейте түседі. Біз құқық қорғау жүйесін демилитарландыру, декриминалдандыру туралы айтамыз, ал жүзеге асыруға келгенде, оған шенеуніктер тегеурінді қарсылық жасайды.

Біз бұл бағытта реформаның бірнеше бағыттарын айқындап отырмыз: ең алдымен, құқық қорғау жүйесін оңтайландыру, әрбір мемлекеттік органның нақты компетенциясын дәл құру, біздің заңдарымызды адамиландырып, сапасын арттыру. Құқық қорғау органдарының қызметіндегі басымдылықтар ішкі ведомстволық мүдде ұстанудан – азаматтар құқығын қорғау, мемлекет мүддесін қорғау алдыңғы кезекке қойылуы тиіс. Сондықтан бұл мәселеде қатаң қоғамдық және парламенттік бақылау қажет. Ол үшін құқық қорғау органдарының есеп беруі мен олардың қызметін бағалау жүйесін жетілдіру керек. Нәтиже критерийі сан жағынан емес, жұмыс сапасы жағынан белгіленсін. Ал оның индикаторы азаматтардың, заңды тұлғалардың және шетелдік азаматтардың сенімінің артуы болып табылады.

Жаңа онжылдықта бізге демократиялық мемлекеттегі құқық қорғау қызметінің халықаралық стандарттарға сай жаңа жүйесі қажет. Менің тапсырмам бойынша, біздің сарапшылар тиісті құжаттың жобасын әзірлеп қойды. Президент Әкімшілігіне, Үкіметке, Жоғарғы сотқа, құқық қорғау органдарына құқықтық кеңістікті жақсартуға арналған осы жұмыстың кешенді жүйесіне кірісіп, парламентке құқық қорғау органдарын қайта құру жөніндегі заң жобасын енгізуді тапсырамын.

Құрметті қазақстандықтар! Елімізде азаматтық қоғам институттарын одан ары қолдауға бағытталған саяси жаңғырту жалғаса береді. Осы онжылдықта алдымызда бірлесіп атқаратын ауқымды міндет тұр. Мен үкіметке Қазақстанның 2020 жылға дейінгі әлеуметтік экономикалық және саяси дамуының негізгі ережелерін түсіндіру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарымен Үкіметтік емес ұйымдарға қолдау көрсетуге 1 млрд теңге бөлуді тапсырамын.

Бұл мемлекеттік тапсырыс аясында жүзеге асуға тиіс. Естеріңізде болса, мен өткен жылы осы мінбеде тұрып, еліміздегі барлық саяси күштерді дағдарыстың қиын кезеңінде елімізге және қоғамға қолдау көрсету үшін, партиялық диалогты орнықтыруды және бірігуді ұсынған едім. Менің бұл бастамамды қолдап жеті саяси партия экономикалық дағдарыс жағдайында әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы Меморандумды бірлесе әзірлеп, оған қол қойды. Бұған мен үлкен ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл – мәні зор елеулі оқиға.

Біз осы кезеңде саяси риториканың өте байыпты болғанын, ал айтылған сынның өзі көп жағдайда сындарлы екенін көріп отырмыз. Бұл – біз өмір сүріп, балаларымыз өсіп келе жатқан елімізде бейбітшілік пен тыныштықты, келісімді сақтаудың жалпыұлттық құндылыққа арналғанын білдіреді. Енді партияаралық диалогтан нақты іс-қимылға көшетін кез келді. Өйткені түптеп келгенде, кез келген партия болсын, қоғам болсын, барша қазақстандықтардың мүддесі үшін жұмыс істейді емес пе? Сондықтан мен барлық саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге елдің дамуы мен ұлттық бірліктің тиімді жолдарын іздестіруге септесетін өзара іс-қимылдардың жаңа үлгісін әзірлеуді ұсынар едім. Бұл іс жүзінде барлық саяси күштерді отан игілігі үшін жұмысқа жұмылдыратын болады.

Болашаққа қойылған орасан зор міндеттерді ұлттық стратегиясыз орындау мүмкін емес. Егер біз табысқа жеткіміз келсе, онда мына төрт қағидатты басшылыққа алуға міндеттіміз. Біріншіден, біздің ең басты құндылығымыз – ол Отанымыз, Тәуелсіз Қазақстан! Осыдан басқа бізге қандай қымбат, қандай биік, қандай орасан зор мақсат бар? Қазақстанның тәуелсіздігі – ең зор құндылық. Екіншіден, мемлекет және оның әрбір азаматы қай жерде де қоғамның тұрақтылығы мен елдің әл-ауқатына кері әсерін тигізуі мүмкін кез келген қадамға бармауы тиіс. Үшіншіден, экономикалық өрлеу – бүкілхалықтық іс. Бәріміздің қатысуымызды талап етеді. Бұл – қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешудің және баршамызды табысқа бастаудың кілті. Төртіншіден, өңірлік және әлемдік нарық – интеграциялық дамудың аса маңызды шарты. Шығарған тауарларымызды ешқайда сата алмасақ, өзіміздің ішіміздің бәрін толтырғаннан кейін экономиканы өркендетудің де, тауарлар шығарудың да ешқандай қажеті жоқ. Интеграцияны сондай қысқа тұстан түсінбеуіміз керек, экономикамыздың, өркендеуіміздің мақсаты деп санау керек.

6. Сыртқы саясат
Қазақстанның сыртқы экономикалық саясаттағы бағыты елдің Сыртқы саясат тұжырымдамасына негізделетін болады. Белсенді, прагматикалық, теңдестірілген сыртқы саясат ұлттық мүдделерді қорғауды, еліміздің халықаралық беделін қамтамасыз етуге және өңірлік және ғаламдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталады. Қазақстан халықаралық қатынастардың жаңа құрылымы мен әлемдік қаржы-сауда жүйесінің шеңберін қалыптастыру барысында ғаламдық шешімдерді қабылдау процесіне қатысуға мүдделі. Еліміз өңірлік және жалпыәлемдік экономикалық процестердегі жауапты қатысушы ретіндегі рөлін толық деңгейде түсініп, оны өз тәуелсіздігі жылдары ішінде мүлтіксіз орындап келеді. Сондықтан әлемнің жетекші елдерінің көшбасшылары мен экономикалық саладан гуманитарлық салаға дейінгі беделді халықаралық ұйымдардың басшылары Қазақстанды тату досы санайды.

Біз мұнымен мақтануымыз қажет! Біздің елдің биік халықаралық репутациясы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болуына мүмкіндік берді. Бұл – біз үшін үлкен құрмет, ЕҚЫҰ-ға төрағалық – адамзаттың қазіргі тарихының күрделі кезеңіндегі өте үлкен жауапкершілік. Бірегей географиялық құрамы, яғни әлемнің 56 мемлекеті бар, үш құрлықта орналасқан, мемлекеттерді өзара біріктіруде бай тәжірибесі бар ЕҚЫҰ – халықаралық қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың шешуші тетіктерінің бірі. Біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етудегі өз бағдарымызды айқындап алдық, сондықтан бүгін бұл жөнінде тоқталмаймын. Қазақстанның ең ықпалды ұйымға төрағалық етуі төрт ұран бойынша өтеді: «Сенім, Дәстүр, Транспаренттік және Толеранттылық». Біз көптеген өзекті мәселелердің шешімін бірлесіп іздемекпіз. Ықтимал дағдарыстық жағдайларға тосқауыл қоюдың ортақ тетіктерін жасауды қарастырамыз.

Біз қауіпсіздіктің негізгі мәселелері бойынша, сондай-ақ осы ұйымның өз қауіпсіздігін қамтамасыз етудің консенсустық аймағын кеңейтуге мүдделіміз. Біз ЕҚЫҰ әлемнің көптүрлілігін мойындайтын ұйым болуы үшін барлық жағдай жасаймыз. Ұйымға мүше көптеген мемлекеттер Қазақстанның жоспарлары мен биыл Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы менің ұсынысымды қуаттап отыр. Мен саммитте ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағындағы қауіпсіздіктің ең өзекті мәселелерін, Ауғанстандағы ахуал жайын, толеранттылық мәселелерін талқылауды ұсындым. Біздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығымыз қауіпсіздікті дамытуға, бүкіл әлем халықтары өмірінің гүлденуіне бағытталатын болады.

Құрметті қазақстандықтар! Құрметті парламент депутаттары! Өздеріңіз байқағандай, біз еліміз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басуға дайынбыз. Күрделілігі мен ауқымы жағынан мұндай үлкен мәселені біз бұған дейін шешкен емеспіз. Біз тәуелсіздіктің осы жылдары ішінде өзіміздің мүмкіндіктерімізді мұқият тексеріп, талдап алдық. Мен баяндаған еліміздің 2020 жылға дейінгі даму бағдарламасы баспасөзде жарияланатын болады. Біз ай сайын әрекеттеріміздің қалай болатынын, не істелініп, не тұрғызылатынын білеміз. Ең бастысы, біздің барлық қадамымыз қажетті қаржы ресурстарымен қамтамасыз етілген. Әрине, біз алда қандай қиындықтар күтіп тұрғанын білеміз. Әлемдік қаржы дағдарысы әлі аяқталған жоқ. Бірақ жалпы бағытымыз мынадай: дағдарыстың ауыр кезеңі өтті.

Дегенмен былтырғыдай ескертіп өтейін, қандай да бір форс-мажорлық жағдайлар болуы, олардың біздің жоспарларымызға қандай да бір өзгерістер енгізуі мүмкін. Бірақ басты жоспарларымыздың желісі жалғаса бермек. Бұл – біздің 2020 жылға дейінгі бағдарламамыздың негізгі мәні мен маңызы. Біз орындауға тиіс істердің аясында әрбір адам сапалы медициналық қызметке қол жеткізуге мүмкіндік алады, балабақшадан университетке дейінгі сапалы білім елдің барлық отбасына түгел қолжетімді болады, елде тұрғын үй коммуналдық шаруашылық қызметінің сапасы айтарлықтай жақсарады, зейнеткерлер, мүгедектер мен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар берік қорғалатын болады, болашағымыздың негізі – жастар өз өмірлерін құруға жаңа мүмкіндіктер. Бұл әрқайсымыздың, әрбір отбасының, еліміздің алдында жаңа мүмкіндіктер ашатын болады.

Құрметті достар! 2030 жылға дейінгі даму стратегиясы айқындап берген стратегиялық мақсаттарымызды іске асырудағы жетістіктеріміз жолында біріге отырып, біз өз миссиямызды табыспен орындап, тәуелсіз, гүлдену жолындағы және саяси тұрақты Қазақстанды құрып келеміз. Біз алдағы онжылдықтағы міндеттерді түсіндіру мен іске асыруда бүкіл қоғам мен партия өкілдерінің барлығын жұмылдыруға күш салуы және өз бағдарламаларының басты мақсатына айналдыруы тиіс «Нұр Отан» партиясының мүшелеріне зор үміт артамыз.

Менің қымбатты отандастарым! Өзімнің үндеуімді аяқтай келе мен біз бәріміз бірге Қазақстанды озық, гүлденген ел ете алатынымызды айтқым келеді. Халқымызда «Ынтымақты елде бақыт тұрар» деген дана сөз бар. Біз қазығы берік, мемлекеттігі бекем, төрт құбыласы сай қазақ елінің айбынын асырып, атағын әлемге әйгіледік. Біз толайым табыстарға қол жеткізіп, биік белестерді бағындырдық. Алайда алар асуымыз әлі де алда. Біз сияқты халқының саны аз, экономикасы даму үстіндегі елге технология мен өркендеу ауадай қажет. Сонда ғана әлемнің алып мемлекеттері төңірегінде тұрған бізбен санасады.

Бұл бағдарламаның түпкі мақсаты – еліміздің тәуелсіздігін баянды ету, қазақтың ұлт болып өркендеуіне жол ашу, оның тілі мен мәдениетінің кең құлаш жаюына мүмкіндік туғызу. Келер ұрпақтың жүзін жарқын ететін бұл мақсатқа біз асқан табандылықпен ел бірлігін сақтай отырып қана қол жеткізе аламыз. Мен осы күндерде бүкіл Қазақстанның аумақтарынан мыңдаған хат пен телеграммалар аламын. Әсіресе Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болуына және атқарып жатқан жұмысыма байланысты көптеген хаттар келуде. Халықтың көңіл күйін сіздер де түсінуі үшін соның бірін оқып берейін.

«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Қазақ бүгін Еуропаның төріне шықты. Бұл – бүкіл қазақ халқының қуанышы мен мақтанышы. 85 мыңнан астам халқы бар шекараның шебінде, елдің ең шетінде жатқан біз үшін қауіпсіздік пен ынтымақтың маңызы ерекше. Бұл – халықтың ең басты мақсаты мен мұраты. Қазақ қашан Еуропаның төріне шықпақ түгіл, есігінен бұрын-соңды сығалап көріп еді? Өзіңізге, қазағымызға осы биік мәртебеде абырой берсін! Бұл жақта еліміз – аман, жұртымыз – тыныш, ең бастысы – балаларымыздың ұйқысы бұзылған жоқ. Аузымызда – тәубеміз, қолымызда – қауғамыз, халқымыздың ынтымақ-бірлігі қалыптасты. Берекеміз кіріп, ел тірлігі күннен-күнге ілгері басуда. Даламыз – дәнге, өрісіміз – малға, үй-ішіміз – жанға толды. Барлық ісіңізге Алла жар болсын! Райымбек ауданының «Құрметті азаматы» Совет Оразаев».

Оңтүстіктен де, батыстан да, шығыстан да, солтүстіктен де келіп жатқан мыңдаған қолдау хат біздің халқымыздың кеңдігін, шыдамдылығын, түсінетіндігін, сауаттылығын, дүниеде болып жатқан және ішкі жағдайлардың бәрін қарап отырғандығын байқатады. Сондықтан барлығымыз дәл сондай санамен, сондай біліммен, сондай өжеттікпен мен айтқан бағдарламаны орындауға кірісуіміз қажет. Ол жалғыз президенттің немесе парламенттің, үкіметтің шаруасы емес. Біз болашағымызды жарқын етіп көргіміз келеді. Олай болса, осы іске жеңді түріп кірісуіміз керек. Ендеше, құрметті ағайын, ынтымағы жарасқан еліміздің бағын асыратын, мерейін тасытатын үлкен істе баршамызға сәттілік тілеймін!
Рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста