Қамшы

Қазақы малдың қадірі кетіп барады

  • Қазақы малдың қадірі кетіп барады

    Қазақы малдың қадірі кетіп барады

Мал шаруашылығы тарихы осыдан 10 мың жылдай бұрын жабайы жануарларды қолға үйрету кезеңінен бастау алады. Мыңдаған жылдық тарихы бар мал шаруашылығы еліміздің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуында айрықша рөл атқарды. ХІХ ғасырдың соңына дейін қазақ жерінде, негізінен, қой, ешкі, түйе және жылқы өсірілгені белгілі.


1934-1990 жылдар аралығында ұжымдық және кеңестік шаруашылықтар жұмысының жүйелі ұйымдастырылуы мал шаруашылығының басқа салаларын да айтарлықтай жоғары қарқында дамытуға мүмкіндік берді. 1990-1992 жылдары малдың 51 (оның ішінде 18 қой, 11 мүйізді ірі қара, 13 жылқы, 3 түйе) тұқымы мен тұқымдық топтары өсірілді. Осы мал тұқымдарының гендік қорын тиімді пайдалану, зоотехникалық талаптарға сай азықтандыру мен бағуға негізделген технологиялардың кеңінен қолданылуы жыл сайын 1,5 млн тонна ет (сойыс салмағымен), 5,5 млн тонна сүт, 100 мың тонна жүн (табиғи) және 1700 мың данаға жуық қаракөл елтірісін өндіруді қамтамасыз етіп келді. Ал 1990-2000 жылдары ауыл шаруашылығында орын алған бірқатар қиыншылықтар салдарынан мал саны күрт кеміді. Оның ішінде сиыр – 2,4, қой мен ешкі – 3,7, жылқы – 1,7, түйе 1,5 есеге азайды. Нәтижесінде, негізгі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі 2,5-3 есеге дейін қысқарды. 14 млн га егістік пен 100 миллионнан астам жайылымдық жерлер айналымнан шығып қалды. Дегенмен экономиканың тұрақтауымен 2000 жылдан бастап мал шаруашылығында оңды өзгерістер орын ала бастады.


Бүгінде бүкіл ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің 44 пайызы мал шаруашылығының үлесінде. Әйтсе де «әттеген-ай» дегізетін бір құбылыс – халықтың 47 пайызы ауылды аймақта тұрғанымен, олардың бәрі бірдей мал өсірумен айналыспайды. Соңғы мал санағы үй шаруашылықтарының 50 пайыздан астамында ірі қара, 70 пайыздан астамында қой-ешкі жоқ екенін көрсетті. Кейбіреуінің малы болғанымен, саны жағынан азғантай. Орта есеппен алғанда, бір ауыл шаруашылығы кәсіпорнына 148 бас, бір шаруа қожалығына 8 бас, үй маңындағы шаруашылыққа үш бас малдан келеді екен.


Мұны мамандар мал өсірудің қияметімен байланыстырады. Мал бағу үшін де тәжірибе, дағды, қара күш жұмсау қажет. Бізде мал шаруашылығы ұсақ тауарлы сипатта жүргізіледі, яғни ол ірі өндірістік құрылымдарға шоғырландырылмаған. Сондықтан әрбір мал иесі өз мәселесін жеке-дара шешуге мәжбүр. Әрі нарық үшін емес, өз қажетін өтеу үшін өсіреді. Малды ауылдан ұзатпай, жақын өріске бағады. Соның салдарынан елді мекендерде жақын жайылымдар мен ауыл шаруашылығына жарамды жерлер тұяқ асты болып, әбден тозған, ал алыс, шалғай жерлер пайдаланылмай бос жатыр. Осы саланы зерттеушілердің айтуынша, қазіргі жағдаймен бізде мал өсіру, мал өнімдерін өндіруді арттыру жағынан биік көрсеткішке жету қиын. Өйткені озық технология енгізуге, тұқым тегін жақсартуға, малды ойдағыдай күтіп-бағып, азықтандыруға жағдай жоқ. Сол себепті де еліміздегі мал өнімділігі төмен. Мәселен, бір сиырдан орта есеппен жылына 2000-2220 литр ғана сүт сауылып, етке өткізілетін ірі қараның салмағы – 300-305, қой – 35-37, жылқы 310-320 келіден аспайды. Салыстыру үшін айтсақ, Израильде бір сиырдан жылына орта есеппен 12 мың литрге дейін сүт сауылады. АҚШ-та бұл көрсеткіш – 9 мың литр, Голландияда – 7,5 мың литр.


Австралиялық мериностың салмағы 70 келіге жетеді. Ал жылқының күтімі неғұрлым жақсы болса, соғұрлым ірілене түсетінін кез келген мал маманы растайды (ең ірі жылқы – ағылшынның шайр тұқымы, салмағы 1400 келі тартады).

Мал шаруашылығын дамыту жем-шөп базасы мен мал азықтандыру, күтіп-бағу, сондай-ақ селекциялық тұқым асылдандыру сияқты негізгі үш факторға байланысты. Осы үшеуі сақталса, озық нәтижеге жетуге болады. Алайда мал шаруашылығына қатысты мәселелерді шағын және кіші шаруашылықтар деңгейінде шешу мүмкін емес.


Айта кету керек, еліміздегі асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуға жыл сайын 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп келеді. Мал шаруашылығының өнімділігін арттыру мақсатында 2009 жылы 11 млрд теңге субсидия бөлінсе, биылғы жылы – 13 млрд, 2011 жылы 13,2 млрд теңге бөлу көзделген.



Сауын сиырлардың әлемдік рекордтары (2008-2009 жж.):

Холмогор тұқымдас Мачеха – күніне орта есеппен 56-58 л сүт, жеке рекорды – 62 л. Күніне үш уақыт автомат арқылы сауылады (Ресей).

Донецкілік Марфа – салмағы – 800 келі, күніне – 50-60 л сүт (Украина).

Эвер-Грин-Вью Фарм фермасындағы №1326 сиырдан бір жыл ішінде 8400 галлон, яғни 38 000 л сүт сауылды (АҚШ).

 Жаклин – 305 күннің ішінде 19 000 л сүт (Эстония).

Алайда бұлардың ешқайсысы 25 жыл бұрынғы көрсеткішке – күніне 125 л сүт берген кубалық сиырға жете алмады.





Көрілген: 4367    Пікірлер: 2

дүйсенбі, 26.04.2010, 10:35

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30