Қамшы

Шаруаларға керегі несие ме, әлде көмек пе?

  • Шаруаларға керегі несие ме, әлде көмек пе?

    Шаруаларға керегі несие ме, әлде көмек пе?

Біздің құзырлы орындар таяуда топан судан зардап шеккен ағайынның малын түгендеуге қатысты мынадай бір түйін жасады. Атқарушы биліктегілердің мәлімдеуінше, «болашақта Үкімет топан су кезінде мал басынан айырылғандарға несиеге мал бермек». Ондағы несиенің көлемі бірінші жылы нөл пайыздық болса, екінші жылы пайыздық үстеме 2 пайызды құрамақ. Сөйтіп, біздегі тиісті тарап «малынан айырылған қазақтың малын осылай түгендеу оңтайлы» деп отыр. Әйтсе де күнгейдің көлеңкелі тұсы болатыны тәрізді бұл мәселенің де өзіндік түйткілі жетіп-артылады.


Сөз басы

Егер ресми деректерге жүгінсек, топан судың зардабынан тек Шығыс Қазақстан облысы бойынша жайылымдық жердің 65 пайызы, егістік жердің 62 пайызы жарамсыз болып қалған. Бұл аймақтардағы мал шығыны бүгінде 50 мың басқа жетіп жығылған. Сондай-ақ мал азығын дайындайтын техникалардың 80 пайызы іске жарамсыз күйге түскен. Мамандар «биылғы жыл шығысқазақстандық шаруалар үшін оңайға соқпайтыны бесенеден белгілі» дейді. Ал біздің атқарушы билік «бұл ауыртпалықты несиеге мал беру үрдісі жеңілдетеді» деп сендіруде. Бірақ бұл ретте қайсыбір сарапшылар «малым – жанымның садағасы» дейтін қазақ үшін бұл – аса оңды шешім емес» дегенді де алға тартып отыр. Сонымен, мал басын несиеге беруден біз не ұтамыз, неден ұтыламыз?


Ұтатын тұсымыз

Бұл ретте экономист-ғалым, «Агро консалтингтік ғылыми-зерттеу институтының директоры Ғалижан МӘДИЕВ мырза былай дейді:

– Әрине, нақ қазір өздері қиындық көріп, тасқыннан ес жия алмай отырған халық үшін несиеге мал басын алу қорқынышты болып көрінуі мүмкін. Бірақ бұл әдістің өзіндік пайдалы тұстары бар. Негізінде, өркениетті елдердің, соның ішінде Германия, Австрия, Австралия елдерінің фермерлері бұл үрдісті жақсы меңгерген. Мәселен, Австралияда асылтұқымды мал басын несиеге беру үрдісі кең дамыған. Оларда малды несиеге берудің пайыздық көрсеткіші 4-5 пайызды құрайды. Меніңше, біз осы несиеге мал беруді сауатты түрде жүзеге асыра алсақ, ауылдағы шаруалардың жауапкершілігін арттырар едік. Қазір отандық экономистердің дені «кезінде жекешелендіру тұсында шаруаның алдына мал салғанда, «міне, саған екі қой бердім. Бұл екі қойды келесі жылы төртеу етесің» деп міндет жүктеуіміз керек еді» дейді. Несиеге мал беру де осы іспетті. Мал басының несиеге алынғанын ескерген кез келген шаруа қарызын өтеу үшін малды көбейтуді көздейді. Бұдан ұтатын тұсымыздың бір жолы – осы. Екіншіден, меніңше, шаруаларға тек мал ғана емес, жаңа техника да төмен пайызбен несиеге берілуі керек. Сондай-ақ ауылды жерлерде жерді несиеге беру жүйесін енгізген жөн. Жерді өндірістік мақсатта пайдалану үшін несие жүйесін енгізсек, жөн болар еді. Қалай десек те, нақ қазіргі дағдарыс жағдайында ауылға несие жүйесі керек. Өйткені қазірде қаржы тапшылығы бар. Мал басынан айырылғандарға малын өтеу үшін үстемақы, жәрдемақы бөлуге мемлекеттік бюджеттің шамасы келмей отыр. Демек, несие керек болып тұр. Сондықтан мұны қолдаған жөн.


Сөйтіп, несие турасындағы қайсыбір мамандардың пікірі осындай. Алайда банк секторының маманы, экономист-сарапшы Илияс ИСАЕВ: «Несиеге мал берудің бұрыс тұстары бар екенін жасырмауымыз қажет», – дейді.

 

Ұтылатын тұсымыз

Шаруаларға қарызға мал беру турасында ұтылатын тұсымыз жайлы Илияс ИСАЕВ төмендегідей ой өрбітті:

– Егер біз мал-жанынан, дүние-мүлкінен айырылған шаруаларға несиеге мал беретін болсақ, онда олардың мойнына тағы бір қамыт кигізгеніміз болады. Бұл жерде бір ескеретіні, шаруалардың қолында қазір түк жоқ. Ал енді несиеге мал беретін болсақ, олар мұны өтей ала ма? Егер өтей алмайтын болса, мұндай тәуекелге бару банк үшін де, Үкімет үшін де тиімсіз емес пе? Мұндай үрдісті қолға алу арқылы біз онсыз да тұралап тұрған екінші деңгейлі банктердің ахуалын төмендетіп жібермейміз бе? Міне, бірінші кезекте осы мәселелерді ойластыру керек тәрізді. Меніңше, ауыл шаруашылығы саласын пайыздың тұзағына салып қою мүлде дұрыс емес. Бізде осы уақытқа дейін ауылдағы кәсіпкер шаруаларға 13 пайыздық несие беріліп келді. Бұл – қып-қызыл қанау ғой. Егер біз ауылға жанымыз ашыса, алдымен осы 13 пайыздық несие көлемін 1 пайызға түсіріп алайық. Содан кейін барып малынан айырылғандарға арнайы несиесіз жәрдемақы бөлінуі керек. Болмаса, біз ауыл шаруашылығын тұралатып аламыз.



Ойсалар

Сонымен, шаруаларға несиеге мал беру турасында біз тілдескен мамандар пікірі осылай өрбіді. Жалпы, деректерге жүгінсек, біздің елімізге тауарлық несие жүйесінің енгеніне 10 жылдан асты. Негізінде, осы несие жобасының авторы бангладештік Мұхаммед Юнус бұл жобаның кедейшілік көрсеткішін төмендетіп, кәсіпкерлікті дамытатынына үлкен сенім артыпты. Тіпті несие жүйесін сауатты меңгерген дамушы елдердің біразы «Несие – қаржылық жағдайыңды түзеуге бір қадам жақындау. Қор жинауға берілген мүмкіндік» деген түсінікпен күн кешеді. Әйтсе де халықаралық нарықта жоғары бағаланып, халықты «кедейшіліктен құтқарады» деген несиеге келгенде, біздің ебіміз жоқ. Бұл ретте отандық мамандар мәселенің бұлай қалыптасуы қазақтың шаруаға қырсыздығынан емес, әу баста несие жүйесінің іргетасы сауатты құрылмағандықтан екендігін алға тартады...



 




Көрілген: 3736    Пікірлер: 1

дүйсенбі, 26.04.2010, 12:23

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31