Таңдау шаруалардың өз еркінде

26 сәуір 2010, 10:34

2004 жылы күшіне енген «Өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру туралы» Заң табиғат апатынан зардап шеккен диқандардың егінін қамсыздандырып, шығынын өтеу мәселесін реттейді. www.alashainasy.kz/wp-includes/js/tinymce/plugins/wordpress/img/trans.gif" />Осы заңға сәйкес бидай, мақта, қызылша және майлы дақылдарды сақтандырып жүрген компаниялар табысқа кенеліп отыр деуге болмайды. Былтыр Батыс Қазақстан облысында егін түсім бермей, компаниялар көктемде жинаған жарнасынан бес есе көп төлем төлеуге мәжбүр болған. Біз Астық сақтандыру компаниясы басқарма төрағасы Дәулет Тәжімақинге бірнеше сауал қойдық

– Дәулет Қабазұлы, ҚҚА дерегі бойынша, былтыр сақтандыру компаниялары 678 млн теңге жарна жинаса, 767 млн теңге төлем жасапты. Ауыл шаруашылығының мұншалықты зиян шегуіне не себеп болды деп ойлайсыз?

– Біз соңғы бес жыл бойы шаруалардың еккен бидайын сақтандырып келеміз. Өсімдіктерді сақтандыру ісінің шығынды болуының бірнеше себебі бар. Егістік алқаптарының басым бөлігі тәуекелі жоғары аймақтарда жатыр, сыйақы тарифін облыс бойынша ғана емес, табиғи-климаттық зоналар бойынша да қайта есептеу керек. Бастапқыда сақтандырушылар бидай, қызылша немесе мақтаны егу, күтіп-баптау технологиясын қадағалап отырады делінген еді. Заңға енгізілген соңғы өзгертулер мұның күшін жойды. Енді шаруа егістікке дұрыс қарамай, өнім шықпай қалса да, сақтандыру компаниясы төлем жасауы тиіс.

– Соңғы екі жылда шаруалардан қанша сыйақы жинап, қанша төлем жасадыңыздар?

– 2008 жылы өсімдіктерді міндетті сақтандыру бойынша 148 млн теңге сыйақы жинап, 110 млн теңге төлем жасадық. Ал былтыр 125 млн сыйақы жинап, 104 млн төлем төледік. Көріп отырғандарыңыздай, сақтанушыларға төленетін төлем мөлшері өте жоғары. Былтыр шаруалар ауа райы, жер телімдерінің ерекшеліктеріне байланысты егістіктің гектарына 60 пен 100 теңге аралығында сақтандыру жарнасын төлеген болатын. Біз келісімшартқа отырған 90 шаруашылықтың 12-сінде егін өнім бермей, сақтандыру жағдайы орын алды. Төлем мөлшері табиғи-климаттық зоналарға сай белгіленген коэффициент бойынша есептеледі. Мысалы, Ақмола облысында күйіп кеткен бидай егістігінің әр гектары үшін 3426 теңге төледік.

– Сақтандыру компанияларына сеніңкіремеген кейбір шаруалар Өзара сақтандару қоғамдарын құрып, өз тәуекелдерін өз ішінде сақтандырған болатын. ӨЗҚ сіздерге мықты бәсекелес болып отырған жоқ па?

– Жоқ, ӨЗҚ сақтандыру компанияларының едәуір үлесін алып кетті деуге келмейді. Өйткені мұндай қоғамдар штатында тәуекел-менеджерлері мен актуарийлердің жоқтығы осы сақтандыру түрі бойынша қауіп-қатер, шығын деңгейін есептей алмады. Шаруаларды қызықтыру үшін олар тарифті тым түсіріп жіберді, біз гектарына 90 теңгеден сыйақы жинасақ, олар 20 теңгеден алды. Осының кесірінен олар сақтандыру қорын жасақтай алмай қалып күйіп кеткен, өспей қалған егістіктерге төлем төлей алмады. Сондықтан биыл аталған заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, сақтандыру компаниялары мен өзара сақтандыру ұйымдары үшін тарифтің төменгі деңгейі белгіленді. Ал ӨЗҚ-ны немесе сақтандыру компаниясын таңдау шаруалардың өз еркінде.

Сақтандыру бойынша төленген төлем мөлшері
(мың теңге)

02260www.alashainasy.kz/wp-content/uploads/02260.jpg" />