Ержан Шынкеев: Биылғы чемпион – Бейбіт Ыстыбаев!
Төртінші рет өткелі отырған «Қазақстан барысы» турнирінің басталуына екі күн қалды. Республика бойынша іріктелген 28 балуан арасынан кім топ жаруы мүмкін деген сауал қазір әркімді қызықтырады. Осы уақытқа дейін екі мәрте финалда күрескен балуан Бейбіт Ыстыбаевтың жөні бөлек. Бірақ жанкүйер қауым былтырғы чемпион – шығысқазақстандық Айбек Нұғымаровтың қайта топ жаратынына шүбә келтірмейді. Ал Шалқар Жоламанов, Арман Әбеуов, Руслан Әбдіразақов, Жұманазар Ерсұлтанов, Мұхит Тұрсынов сынды балуандардың қай-қайсы болмасын осал емес деп жазады «Алаш айнасы» газеті.
«Қазақстан барысы» турнирін әлі үш рет ұтып аламын» деген Бейбіт Ыстыбаевтың былтырғы турнирде басы дауға қалғанын ел әлі ұмытпаған болар. Екі мәрте финалда белдескен Бейбіт өте «сұңғыла» балуан дейді білетіндер. Әдетте алып денелі балуандар аңғал келеді-міс. «Ал Бейбітті аңғалдардың қатарына қосуға болмайды. Ол бірінші белдесуге шығып тұрып алдағы болатын кездесулерді ойлап жүреді. Яғни, барлық күшін сарп етпейді. Ашығын айтқанда финалға сақтайды» дейді Бейбіт Ыстыбаевты жақын танитын кейіпкеріміз. Әдетте белдесу барысында балуандар таза жеңіске жетуде көздесе, Ыстыбаев көбіне ұпаймен басым түсуді көздейді екен. Ал финалда өзіне өте сенімді Бекең қарсыласың бұйым құрлы көрмей, «Ыстыбаев әдісі» деп аталатын өзіне ғана тән әдіспен алып ұрады-мыс.
Қош, сонымен «Қазақстан барысы-2014» турнирінің алтын белдігі мен 150 мың АҚШ долларын мен аламын деп белін бекем буынып, білек сыбанып отырған балуан – Айбек Нұғымаров дейді бізбен тілдескен балуандардың бірі. Оның айтуынша, Нұғымаров үшін алынбас қамал Ыстыбаев қана. Ол қарсыласының ауыр болғанына мән бере бермейді. Қайсы болмасын, оң жамбасына салып алып соғу шығыс балуан үшін аса қиын емес.
Жұманазар Ерсұлтановқа бәс тіккендер оның тез шаршап қалатынына мән бермейді дейді «Қазақстан барысы» турнирінің басы қасында жүрген жауапты маманның бірі. Ол 160 келі салмағы болмаса анау айтқандай мықты балуан емес көрінеді. Тез шаршайды, қарсыласы тегеурінді болып шықса ә дегеннен-ақ алқынып қалады. Оның былтыр жартылай финалға қиналмай жетуіне тек салмағы ғана рөл ойнады дейді ол. Биыл жүлдегерлер құрамын өзгертуі мүмкін һәм жеңімпаз атанатындай әлеуеті бар балуанның бірі ол – Арман Әбеуов финалға жетсе, сөз жоқ Ыстыбаев пен Нұғымаровты да атағына пысқырмастан жауырынын жер иіскетеді деп отыр. Кім біледі?
Біз біле бермейтін Руслан Әбдіразақов биыл жасындай жарқылдап, оза шабуы ғажап емес. Ағасы Ұлан Рысқұлдың кеткен есесін осы оғлан қайтаруы бек мүмкін. Бірақ, Руслан күші мен алып денесі бола тұра боз кілемде «баспен» жұмыс істейтін балуандардың қатарына кірмейді деген пікірді бапкерлердің бірінен естіп таң қалдық. Әрине, Русланның мықты екеніне шүбә келтірмейміз. Бірақ, жаңағы сөз оның белдесуде шалт қимылдап, шешуші сәтте қарсыласына беріліп қоюы мүмкін екендігін аңғартса керек-ті.
Алдын ала анау озады, мынау жеңеді деуден аулақпыз. Бірақ күреске қатысы бар жандардың пікірі бізді ойландырып тастады. Көбі биыл Ыстыбаевтың қайта топ жаратынына күмәнданбайды. Айбек Нұғымаровты екі дүркін жеңімпаз атанады дейтіндер және көп. Біз осындай ойдың құшағында отырып былтырғы турнирдің қатысушысы, қарағандылық Ержан Шынкеевке хабарласып едік. Ол жарыс жеңімпазы атануы мүмкін бес балуанның есімін атап, сан саққа жүгірген ойымызды одан сайын тереңге тарта түсті.
«Биылғы турнирде қай балуан топ жарады десек, ол Алланың қолындағы шаруа. Әрине, балуандардың бабы, дайындығы бірінші кезекте рөл ойнайды. Жарысқа қатысатын балуандардың ішінде Бейбіт Ыстыбаев, Айбек Нұғымаров, Арман Әбеуов, Мұхит Тұрсынов, Руслан Әбдіразақовтың орны бөлек. Осылардың қай қайсысы болмасын жеребе бойынша әр топқа түссе, жартылай финалда жолдары тоқайласады деп ойлаймын. Ал чемпиондық атақты ұтып алуы мүмкін бірден бір балуан ол – Бейбіт Ыстыбаев. Оның бабы келіссе болды, чемпиондықты ұтып алуға мүмкіндігі еркін жетеді», – деді бізбен әңгімесінде «Қазақстан барысы-2013» турнирінің күміс жүлдегері.
Спорт журналисі Күнсұлтан Отарбай: «Қазақстан Барысы» жобасы дүниеге келгеннен кейін, қазақ күресінің мәртебесі көтерілді. Қазақ күресімен айналысатын балуандардың саны көбейді. Тіпті, басқа күрес түрлерімен айналысатын балуандардың өзі қазақ күресіне ат басын жиі бұратын болды. Бұл туралы өзіміз естіп, көріп, жазып та жүрміз. Міне, биыл аталмыш турнир төртінші мәрте өткелі отыр. Осыған дейінгі Астанада өткен финалдық бәсекелердің үшеуінің де куәсі болдым. Сондағы байқағаным: жыл сайын балуандар арасындағы бәсекелестіктің өсіп келе жатқаны. Жыл сайын «Барыс» атағының бір балуанға тұрақтамай, ауысуы дамушылық пен бәсекелестікті білдіреді», – дейді. Оның сөзінше, біз бағасын асырып жүрген Айбек Нұғымаров биыл өз биігінен көріне алмайды. «Қазақстан Барысы» атағы басқа балуанға бұйыруы тиіс.
Елдос Далабай, Бейбіт Ыстыбаевтың бапкері:
– Қарсыластарға баға беруге әлі ерте. Жеребеден кейін оларды білетін боламыз. Біз оларға жеке дайындалған жоқпыз. Егер балуан бабында болса ол қарсыласына мықты, әлсіз деп қарамайды. Құдайға шүкір, дайындығымыз өте жақсы. Былтыр Айдос Теңгебаевпен бірге жаттыққанбыз. Биыл да жамбылдық балуандармен дайындалдық. Бізге «жаралы» балуандар қиын болады. Себебі, олар былтыр жіберген есесін биыл оңайлықпен жібермейді. Чемпиондарға, үштікке кірген балуандарға қиын. Себебі, барлығы соларға қарсы әдіс дайындайды. Мұхит Тұрсынов, Руслан Әбдіразақов, Арман Әбеуов секілді жігіттерді жеңу біздің Бейбітке қиынға түседі. Айбек те айтулы қарсылас. Шымкенттік Жұманазардың өзі неге тұрады?
Дәурен Омаров, журналист:
– Қазіргі таңда Қазақстан барысы жобасы елдік идеясына жұмыс істеуде. Ел дүбірлі додаға елеңдеп отыратын болды. Балуандарымыз да соған лайық. Кіл алып жігіттер. Солардың бірі Бейбіт Ыстыбаев. Бүгінгі күннің ұлттық қаһарманына айналды осы жобаның арқасында. Оның үш рет Қазақстан барысы атанамын деген уәдесі бар. Бүгінге дейін қарсылас шақ келтірмеген балуан. Үміт осы жігітте. Бұдан бөлек, Ж.Ерсұлтанов, А.Нұғымаровты ерекше атап өтуге болады. Әрине боз кілемде атой салатын басқа да балуандар шығатынына сөз жоқ. Өйткені, жылдан жылға Қазақстан барысына іріктеу өте жақсы жүріп жатыр.
Біз қанша жерден тон пішсек те, нағыз жеңімпазды екі күннен соң өтетін турнир боз кілемі анықтайды. Оған қатысатын 28 балуанның ішінде фаворит саналатын жігіттер жетерлік. Бүйрегіміз бұрып, Айбек я Руслан жеңеді деп желпінсек те, оның өзі күмәнді нәрсе. Айтылған сөздің ішінде Ержан Шынкеевтің «чемпиондық атақты ұтып алуы мүмкін бірден бір балуан ол – Бейбіт Ыстыбаев. Оның бабы келіссе болды, чемпиондықты ұтып алуға мүмкіндігі еркін жетеді» деген бір ауыз сөзі ойландырып тастады. Қалай дегенмен де біздің осыған сенгіміз келеді. Себебі, Елдос Далабай айтпақшы, ол далада жатқан балуан емес...
Бірақ, кім білген...
Автор: Жанкелді Қаржан, Астана
Жұлдыз
Радиосы