"Қазақша күрес" атауын тағы да өзгерту керек пе?!.

"Қазақша күрес" атауын тағы да өзгерту керек пе?!.

Таяуда бір ақсақал редакциямызға телефон шалды. "Осы қай газетті ашып қарасаң да, теледидарды басып қарасаң да, "қазақша күрес", "қазақ күресі" деп жатады. Күрес енді қазақтікі болмағанда кімдікі? "Орыстың күресі" демейді ғой. Оларда "борьба" дейді. Бірден біле қоясың орыстың күресі екенін, күрәш – өзбектікі. Біз жай ғана күрес десек қайтеді. Бұдан беделіміз кетіп қалмайды ғой", – деп таусылды қария.
Шығыс Қазақстан облысынан хабарласып тұрған ағамыз Көкенай Кәрменұлы Базаров екен. Кезінде талай алыптың жауырынын жерге қадаған атамыз 71-ге келсе де, ел игілігі – спорттың болашағы үшін әлі күнге дейін бапкерлік қызметте жүрсе керек. Газетіміздің шыққаннан бергі оқырманы екен. Ойландырып қойды.
Жақында бір оқырманымыз осы мәселе төңірегінде ой қозғаған. Ол да "Біз неге бадырайтып қазақша күрес дейміз. Айкидо, дзюдо – жапонның күресі. Самбо – орыстың күресі. Бірақ жапон күресі, орыс күресі демейді ғой. Ертең әлемдік аренаға шыққанда біреулер қазақша "күресуге" келісе ме? " деген еді. Оның да пікір дұрыс көрінді. Сондықтан мамандарға жүгініп, спорттық сауалнама жүргізген едік.
Марат ЖАХИТ, күрестен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы:
– Атауды өзгерту туралы шешім бір күнде қабылдана салған жоқ. Қазақ күресінің кей жанкүйерлері мұндай қадамға неліктен барып отырғанымызды түсінбейді. "Бар мақсаттарың – қазақ деген атаудан құтылу" деп айыптайтындар да табылады. Бірақ ол кісілер өзге елдің спортшылары мен мамандарының ойын ескергісі келмейтіндей. Мысалы, үлкен жиындарда "Қазақтың күресімен қазақтар ғана күрессін. Бізге қажеті қанша? " деген сыңайдағы сұрақтар төтесінен қойылып келеді. Кім де болса солай айтады. Ал қазір ұйымдастырылып жүрген аламандарымызға шетелдіктер негізінен жүлде қорына қызығып қана қатысады. Әлемдік деңгейдегі додалаларды қазір өз қаржымызбен ғана ұйымдастырып жүрсек, бұл қашанға созылады?! Күресімізді не Олимпиада ойындарының бағдарламасына енгізе алмасақ, не әлемді толық мойындата алмасақ, біздің ұтар тұсымыз қайсы? Өзіміз "қазақ күресі" деп атай берейік, ал халықаралық аренада бәлкім "күрес", бәлкім "белдесу" деген атау берген дұрыс деп ойлаймын. Бірақ бұл әлі де нақтылауды талап етеді. Ол үшін ғалымдар мен тіл мамандары, спорт журналистері де қарап қалмаса екен деген тілегім бар. Әзірге атауға қатысты ешқандай ұсыныс келіп түскен жоқ. Егер бір байламға келіп жатсақ, жылдың соңына дейін хабарлаймыз.
Серік ТӨКЕЕВ, Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті:
– Бұл мәселенің көтеріліп отырғаны орынды. Төл күресімізді өзіміз мақсат тұтқан деңгейге жеткіземіз десек, алдымен атауына қатысты дау-дамайды шешіп алғанымыз жөн. Бір қарағанға, "қазақ күресі" деген атау тартымды секілді. Оның үстіне ұлтымызды брендке айналдырудың бір жолы. Сондықтан бұған аса бір ұқыптылықпен келу керек. Мұнда бір емес, күресімізді зерттеп жүрген бірнеше маман атсалысуы қажет деп ойлаймын. "Қазақ күресі" дегенге құлақ үйреніп қалғандықтан шығар, атауға қатысты нақты бір ұсыныстарым жоқ. Алайда ғалымдардың спорт түрін ұлтқа тиеу оның дамуына кедергі келтіреді деген пікірімен келісемін. Әлем немесе құрлық біріншіліктерінде менен де "Неге қазақ күресі? " деп сұрап, түсінбестік танытқандар көп болды. Сол себепті ұлттық спортқа жанашыр әрі тарихымыздан хабардар мамандар білгендерін ортаға салғандары жөн шығар.
Нұрғазы САСАЕВ, "Алаш айнасы" интернет-басылымының спорт шолушысы:
– Математика ғылымында "қосылғыштардың орны ауысқанымен, қосынды өзгермейді" деген тамаша қағида бар. "Қазақша күрес" деген тіліміз жаттығып кеткен атауды "Қазақ күресі" деп өзгерткендер не ұтты? Неден ұтылды, неден тұтылды екен?
Енді "күрес" деп өзгерткісі келетіндер бар көрінеді. Сонда бұл "қазақ" деген сөзден қашу ма, әлде "қ" әрпінен безу ме?! Ертең "Күрес" деген сөздің ішіндегі "ү" әрпінен үркетіндер шықпай ма? Оған кім кепіл?
Мысалы, грек-рим күресі деген бар. Әлемге кең тараған, Олимпиада ойындары бағдарламасына енген. Ешкім де не "грек" деген, не "рим" деген сөздерінен ат-тонын ала қашпайды…
Ұлттық күресімізді бүгін "Күрес" деп өзгерткенімізбен, ертең ол "Курес" болып аталатындығына және жазылатындығына титтей де күмән келтіре алмаймыз. Тіпті, бұрмалап, "Куреш" деушілер де табылар-ау. Сонда бұл "Куреш" немесе "Кураш" емес, өзіміздің төл өнеріміз, яғни қазақша күрес екендігіне ешкімді де сендіре алмай жүрмейміз бе?! Сондықтан тілімізді алаламай, неге бірден "Белдесу" деп өзгертпейміз?!
Ғалым СҮЛЕЙМЕН, "Айқын" газетінің спорт шолушысы:
– Менің ойымша, атауда тұрған ештеңе жоқ. Қазақ күресі деген де әдемі естіледі, құлаққа жағымды. Қазіргі кезде бізді оның атауы емес, төл өнерімізді одан әрі қалай дамытамыз деген мәселе толғандыруға тиіс.
Сөз жоқ, бүгінгі таңда қазақ күресінің даму барысы жақсы. "Қазақстан барысы", "Еуразия барысы" дүркіреп тұрып өтті. Таяу күндері "Әлем барысы" өткелі жатыр. Одан бөлек әлем чемпионаты мен Азия біріншілігі ұйымдастырылуда.
Осы спорт түрінің басы-қасында жүрген азаматтар үлкен іс тындырып, төрткүл дүниенің әр қиырында байрақты бәсекелер өткізіп үлгерді. Осының барлығы төл өнерімізді кеңінен насихатталуына септігін тигізетіні даусыз. Енді қазақ күресінен әр облыс жеке команда жасақтап, жылына бір мәрте дүбірлі турнир ұйымдастырса, тіптен керемет болар еді. Міне, қазақ күресінің атауынан гөрі мені осы мәселелер көбірек алаңдатады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста