Алаш үні

2019 жылғы Қазақстандағы басты оқиғаларға шолу

  • 2019 жылғы Қазақстандағы басты оқиғаларға шолу

    2019 жылғы Қазақстандағы басты оқиғаларға шолу

 Қазақстандағы билік транзитін өткізіп, жаңа саяси кезеңге аяқ бастырған, ел өміріне тың өзгерістер әкеп, оқшау жаңалығы, оқыс оқиғаларымен есте қалар 2019 – Доңыз жылы да тарих көшіне ілесіп барады. Жыл соңында БАҚ басылымдарының басты оқиғаларды өзінше саралайтын дәстүрінен біз де қалыс қалмауды ұйғардық. Сонымен, биылғы жылдың басты оқиғаларын есімізге түсіріп көрелік.

Саясат: Билік транзитінен реформалардың алғашқы бөлігіне дейін...

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың наурыз айындағы Қазақстан халқына Президент ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы үндеуін жұртшылықтың күтпегені анық еді. Отыз тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарап, отандық БАҚ-пен бірге әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары Елбасының шешімін талқылап жатты. «Әрбір ұрпақтың атқаратын өз міндеттері бар. Мен және менің замандастарым еліміз үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық» деді лауазымынан өз еркімен бас тарта отырып Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстандағы билік сабақтастығының конституциялық тұрғыдан реттелгені белгілі. Елбасының өзі үндеуінде атап өткендей, Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады. Бәрі Елбасының айтқанындай әрі заң шеңберінде өтіп, Президенттің міндетін атқарушы ретінде сол тұста Сенат төрағасы қызметін атқарған Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Оның орнына Дариға Назарбаева Сенат спикері болып сайланды. Арада көп өтпей Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеу жолдап, 2019 жылдың 9 маусымында кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін жария етті. Шешімді қабылдарда Президент Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен ақылдасып, Парламенттің қос палата спикерімен, Премьер-Министрмен кеңескенін, Конституциялық Кеңестің келісіміне жүгінгенін мәлімдеді. Кезектен тыс Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге Сәді-Бек Түгел, Амангелді Таспихов, Дания Еспаева, Төлеутай Рахымбеков, Жамбыл Ахметбеков, Әміржан Қосанов түскен болатын. Халықтың 70,76 пайыз дауысын алған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті болып сайланды. Биылғы жылдың айтулы жаңалықтарының қатарына, сондай-ақ, Астана қаласының Нұр-Сұлтан болып өзгеруін де жатқызуға болады. 23 наурызда Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласының атауын «Нұр-Сұлтан» деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойды.

«СЫНДАРЛЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИАЛОГ – ҚАЗАҚСТАННЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ӨРКЕНДЕУІНІҢ НЕГІЗІ»...

Бұл – Қазақстан тарихындағы екінші Президенттің биыл Қазақстан халқына алғашқы Жолдауы. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыруды көздеген Қасым-Жомарт Тоқаев партия құрылысы үдерісін жалғастыруды, халықпен тиімді кері байланыс орнатуды, қоғамдық келісімді нығайтуды, шикізатқа байланған менталитеттен бас тартып, экономиканы әртараптандыруды көздейтінін мәлімдеді. Өзгерістердің тағы бірі – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру болды. Бүгінге дейін кеңестің екі отырысын өткізген мүшелер ел ішінде елеулі өзгерістерге жол ашатын бірқатар өзгерістерді енгізудің алдында тұр. Мәселен, Ұлттық кеңестің кейінгі екінші отырысында Мемлекет басшысы елдегі реформалардың алғашқы пакеті дайын болғанын жария етті.

Жылдың төтенше оқиғалары

Жылдың басында елорданың Көктал ауданында тіркелген бес баланың өлімі бүкіл халықты есеңгіретіп тастады. Шиеттей балалардың соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне келген халықтың қарасы мол еді. Қабырғасын қақырата сөксең де, қабақ шытпас ерлердің өзі көз жасына ерік берді. Халықтың мол шоғыры тіркелген әлеуметтік желіге сол күні бұл оқиғаға қабырғасы қайыспаған, көңіл айтпаған адамның кемде-кем екенін көруге болатын. «Шыбындап біздер жүргенде, шырылдап кетті бес ғұмыр» деп жырлаған Несіпбек Айтұлының сөзі мыңдардың жүрегіндегі ойды дөп басты. Жылдың төтенше оқиғаларының тағы бірі – Арыс қаласындағы алапат жарылыс болатын. 2019 жылдың 24 маусымында Түркістан облысының Арыс қаласындағы әскери бөлім аумағында жойқын жарылыс тіркеліп, қоймадағы жарылғыш заттар атылып, соңы өртке ұласқан. Оқиға салдарынан үш адам қаза тапты. 70-ке жуық адам зардап шекті. Мыңдаған адам үйін тастап, қауіпсіз жерге көшуге мәжбүр болды. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды. Сол тұста Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді. Ел-жұрт болып, жұмыла көтерген жүктің жеңіл екенін Қазақстан халқы сол кезде дәлелдегені анық. Қарапайым азаматтардан бастап ірі бизнесмендерге дейін Арыс халқына қол ұшын созып, жарылыстан зардап шеккен тұтас қала санаулы айдың ішінде қалпына келтірілді. Өкінішке қарай, 2019 жылдың соңы қазақстандықтар үшін тағы бір қаралы жағдаймен аяқталды. 27 желтоқсан күні Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына ұшып шыққан ұшақ радардан жоғалып кетті. Осы хабар тарай салысымен жұрт іштен тынып, ұшақтағы отандастарының амандығын тілескен еді. Алайда көп өтпей 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін ұшақ құлаған аумаққа арнайы комиссия ұшып шықты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатына кінәлілер заңға сәйкес қатаң жазаланатынын мәлімдеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына байланысты көңіл айтты. Ұшақ апаты 12 адамның өмірін қиып кетті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 28 желтоқсанын жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

Әлеуметтің әлеуеті: АӘК, борыш жүктемесін азайту, салықтық рақымшылық

Биыл халықтың біршама бөлігіне атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуы – мұқтаж отбасылардың жағдайын түзеуге септігін тигізіп, тіпті ақшасын жарата алған отбасылар АӘК көмегімен жеке кәсібін де дөңгелете бастады. Қазіргі уақытта 350 мыңға жуық отбасы немесе 1 млн 800 мың қазақстандық атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған. Республикалық бюджеттен бұл бағытта 103 млрд теңге бөлінген. Атаулы әлеуметтік көмекті алып отырғандардың 58 пайызы – ауыл халқы. Ауыл адамдары қосымша 83 мың адам өздеріне керекті малын, техникасын сатып алуға мүмкіндік алды. Жалпы, АӘК арқасында отбасылардың табысы екі есе өскен. Сонымен бірге, биыл маусым айының аяғында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы азаматтарының борыш жүктемесін азайту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды. Осыған байланысты борышы бар азаматтардың кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша жүктемесін азайту шарасы бірқатар санатты қамтыды. Олар: көпбалалы отбасылар; асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлемдер алатын отбасылар; мүгедек балалары бар және 18 жастан асқан бала кезінен мүгедек балалары бар отбасылар; атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар; жетім балалар; ата-анасынан кәмелеттік жасқа толғанға дейін айырылған, 29 жасқа толмаған ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар. Осы науқанның нәтижесінде 500 мыңнан астам азаматтың борыш жүктемесі азайды. Биылға және бір жаңалық - жеке тұлғалардың салық өсімпұлын кешіру шарасы. Бұл үшін халыққа негізгі қарызды төлеу міндеттелді. Сонда ғана өсімпұл автоматты түрде өшіріледі. Осы шара жыл соңына дейін жалғасты. Салық рақымшылығы аясында қазақстандықтар 10 желтоқсандағы жағдай бойынша 13 млрд теңге көлеміндегі салық берешегін өтеген. Өңірлер тұрғысынан өсімпұлы ең көп Алматы қаласы – 97 430 жеке тұлға, Түркістан облысы – 66 731 және Шымкент қаласы – 46 917. Ең аз жеке тұлғалар Атырау облысында – 15 253 , Қызылорда облысында – 14 466, ШҚО-да – 13 102. Өсімақының ең көп сомасы Алматы қаласы бойынша – 1015,9 млн теңге, Павлодар облысы бойынша – 179,9 млн теңге, Алматы облысы бойынша – 139,7 млн теңге есептен шығарылды. Ең аз өсім сомасы Ақтөбе облысы бойынша – 41,3 млн теңге, Қостанай облысы – 38,7 млн теңге, ШҚО – 36,7 млн теңге есептелінді. Биылғы жыл мұғалімдер үшін де айтулы жаңалықпен аяқталғалы тұр. 26 желтоқсанда Парламент Сенаты «Педагог мәртебесі туралы» Заңды қабылдады. 21 баптан тұратын «Педагог мәртебесі туралы» заң елдегі жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты болып тұр. Жалпы, құжат төрт бағытты қамтиды. «Біріншіден, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктері, сондай-ақ төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.

Ел экономикасы қандай қалыпта?

Осы жылдың 13 желтоқсанында Үкімет отырысында баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов елдегі жалпы ішкі өнім 4,1 пайызға өскенін мәлімдеді. «Ал осы жылғы қаңтар мен қарашада экономиканың өсуі 4,4 пайызды құрады. Осыған байланысты желтоқсанда өсім төмен болмайды деп ойлауға негіз бар. Біріншіден, биыл экономика өсім серпінін көрсетіп отыр. Екіншіден, өңдеу өнеркәсібінде оң көрсеткіштер байқалуда», - деді Ұлттық экономика министрі Үкімет отырысында Ал Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биыл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда, инвестициялар сомасы 8,1 пайызға өскен. Тікелей шетелдік инвестициялар бойынша салалардың бестігіне тау-кен өндірісі, қайта өңдеу саласы, көлік пен қоймалау, құрылыс саласы кіріп отыр. Энергетика министрлігі алдын ала қорытынды бойынша, Қазақстанда биыл шамамен 90,4 млн тонна мұнай өндірілгенін, осылайша 2018 жылғы рекордты (90,36 млн тонна) қайталанғанын жария етті. Мұнай саласы үшін мұндай өндіру деңгейін сақтау – жақсы жетістік. Бұл ретте биыл үш ірі жобада: Теңіз бен Қарашығанақта күрделі жөндеу, ал Қашағанда алғаш рет күрделі жөндеу жұмыстары болғанын ескерген жөн. Бірақ, жөндеу кезінде негізгі өндіріс тоқтағанына қарамастан, өндіру деңгейін қалпына келтіріп, өсімге қол жеткізілген. Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанда зейнетақы жинағының жалпы сомасы 10,7 триллион теңгеге жеткен. Өсім динамикасын міндетті зейнетақы жарналары бойынша байқауға болады. Олардағы жинақтау сомасы жыл басынан бастап 14% -ға артып, 10,4 трлн теңгені немесе (97,7%) құрады. Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша жиналған зейнетақы қаражатының мөлшері 241,8 млрд теңгені (барлық қаражаттың 2,3%) құрады, ерікті зейнетақы жарналары бойынша зейнетақы қаражатының мөлшері 1,9 млрд теңгені (0,02%) құрады. Биылғы 1 желтоқсандағы алдын ала мәлімет бойынша, Ұлттық банктің алтынвалюта резервтері 28,7 млрд АҚШ долларын құрады. Ал Ұлттық банк келер жылы республика экономикасы 3,8 пайызді құрайтынын болжап отыр.

Әлемге ән салғызған қазақтың қос жұлдызы – Димаш пен Ержанның жетістігі

Жыл басында Димаш Құдайберген мен Данэлия Төлешованың америкалық «The world's best» таланттар шоуындағы өнер көрсетуі қазақстандықтардың мерейін тасытқан еді. Димаш Құдайбергеннің таланттар шоуына әрі қарай қатыспай, Данэлия Төлешованың финалға өтпегеніне қарамастан, екі жұлдыздың ел абыройын Америкада асқақтатқаны – шынында да мақтауға тұрарлық. Димаштың биыл бағындырған биіктері жайлы отандық да, шетелдік БАҚ құралдары жарыса жазды. Әншінің елордадан бөлек Лондон, Мәскеу, Нью-Йорк қалаларындағы жеке концерті аншлагпен өтіп, жас әнші Қазақстанның атағын аспандата түсті. «Димаш Құдайберген - ән өнеріндегі құбылыс. Нағыз талант иесі. Қазақтың мәдениетін, ән өнерін шартарапқа паш етіп жүрген виртуоз. Кеше қазақтың мақтанышына Өзбекстан жұртшылығы да тәнті болып, өнеріне қол соқты. Димаштың әлі талай биіктерді бағындырарына сенімдімін және тілектеспін», - деп жазды Президенттің өзі Инстаграм парақшасында. 2019 жыл – Ержан Максим атты Қазақстанның тағы бір жас әншісінің жұлдызын жақты. Ресейдің «Голос. Дети» байқауында Ержан Максим суперфиналда өнер көрсетіп, екінші орын алған еді. Алайда кейін дауыс беру қорытындысына байланысты дау туындап, Ресейдің Бірінші арнасы алтыншы маусым нәтижесін қайта қарап, жоққа шығарды. Сөйтіп арнайы шығарылым көрсету жөнінде шешім қабылданды. Ақыры, Ресейдің Бірінші арнасының «Голос. Дети» конкурсының арнайы шығарылымы тікелей эфирден көрсетіліп, Ержан Максим «Голос. Дети» байқауының жеңімпазы атанды. Бұдан кейін алда жас әншіні жаңа белестер күтіп тұр еді. Мектеп жасындағы жас өрен биыл елордада жеке концертін өткізіп үлгерді. Алайда оның биылғы ең басты жетістігі – Польшада өткен «Junior Eurovision-2019» ән байқауындағы екінші орын екенін айта кету керек. Қазылардың берген бағасы бойынша Ержан Максим бірінші орын алды. Ал онлайн дауыс беру қорытындысымен 79 ұпай жинады. Осылайша қазақстандық әнші жалпы 227 ұпаймен екінші орын болды. Байқаудың бас жүлдесін 278 ұпай жинаған Польша өкілі Вики Габор иеленді. «Ержан Максим беделді Junior Eurovision ән байқауында жүлделі екінші орынға ие болды. Бұл теңдесі жоқ, тамаша жетістік! Сені, ата-анаңды және ұстаздарыңды осындай маңызды жеңіспен құттықтаймын. Алар асуларың биік болсын! Алға!» деп жазды Президент twitter парақшасында.

Спортшылар бағындырған белестер

Спортта да 2019 жылы айтулы жаңалықтар болды. Жыл басында Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева күміс жүлдегер атанды. Қазақстандық спортшы еркін бағдарламаны тамаша орындап, қорытындыда 224,76 балл жинады. Спортшылардың ең соңынан шыққан Э.Тұрсынбаева ересектер арасындағы әлем чемпионатында тұңғыш рет төрт айналымдық сальхов элементін орындады. Мұны шын мәнінде тарихи нәтиже деуге болады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлем чемпионатында «күміс» еншілеген мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаеваны жеңісімен құттықтап, жас спортшыға сәттілік тіледі. Жас спортшы биыл «Дарын» жастар сыйлығына ие болды. Қазақстандықтар үшін 2019 жылы спорттағы жаңа есімнің бірі – боксшы Бекзат Нұрдәулетов. Ресейдің Екатеринбург қаласында өткен бокстан Әлем чемпионатында 81 келі салмақта қазақстандық боксшы әлемнің төрт дүркін чемпионы кубалық Хулио Ла Крусты жеңуі – бокс әлемінде айтарлықтай дүмпу туғызған еді. Тісқаққан кубалықты жартылай финалда жеңгеннен кейін Бекзат финалда өзбек боксшысынан басым түсіп, Қазақстанға алтын медаль сыйлады. «Бекзат Нұрдәулетовті Екатеринбургте өткен бокстан Әлем чемпионатында көрсеткен керемет өнерімен құттықтаймын. Ол бокстың жарқын үлгісін көрсетті. Спортта Бекзат зор табысқа жетеді деп сенемін. Токио Олимпиадасында Бекзатқа жеңіс тілеймін! Тек қана алға!», - деп құттықтады боксшыны Президент twitter парақшасында. Боксшы сонымен бірге биыл «Дарын» жастар сыйлығын иеленді. Биыл сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласында UEFA Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі «Астана» - «Манчестер Юнайтед» матчы да тарихи оқиғамен аяқталды. «Астана» командасы Англияның 20 мәрте чемпионы, Чемпиондар лигасының екі дүркін жеңімпазынан басым түсіп, Қазақстан футболындағы тарихи жеңісіне қол жеткізді. Сонымен қатар, бүгінгі кездесумен елордалық ұжым өз алаңында өткізетін биылғы ойындарды қорытындылады. Бұл жеңіс те футболсүйер қауымның біраз жыл бойы айта жүрер әңгімесі болары хақ.

inform.kz




Көрілген: 771    Пікірлер: 0

жексенбі, 29.12.2019, 11:19

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    25 Шілде, 11:21
    Алтын кілт
    10 Шілде, 15:16
    Әуезов Америкада
    30 Маусым, 10:29
    Ұлы империя мұрагері
    17 Маусым, 16:39
    Абайдың атын қимайды
    15 Маусым, 12:32
    Әлем таныған Абай
    12 Маусым, 16:35
    Абай және Бауыржан
    8 Маусым, 14:21
    Абай және Мұстафин
    26 Мамыр, 16:22
    Бозбала Бейсен
    19 Мамыр, 16:42
    Өнеге-өмір

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31