Алаш үні

500 теңгенің пиджагі (сатира)

  • 500 теңгенің пиджагі (сатира)

    500 теңгенің пиджагі (сатира)

Кеше әйелім Көмбіскүлдің қан қысымымды 200 - ге дейін көтергені ішіме сыймай барады, қайтейін. Бүгінгі қоғамда қай еркек жетісіп жүр дейсің... менде солардың біреуімін ғой.... Сонымен қойшы, Көмбіскүлге, то есть, әйеліме, әй, қаным қайнады - ау бір...

Өзі үйде ақша жоқта, Көмбіскүлім үстіне қызғылт жолақты сұр пиджакті киіп алып, көз алдымда цирктің үйретілген арғымағындай олай бір, бұлай бір ойқастағаны – еркектік намысымды қоздырып жібергені... Шынымды айтайыншы, әйеліме жарасып - ақ тұр қызғылт жолақты сұр пиджак. Байғұсқа, үкімет санасып, ақшадан қарасып тұрса ажары кіретін кейіпте. Бес бала табу оңай ма, бетіндегі кейбір әжімдері де... тарқап кеткендей... көрікті... «Адам көркі шүберек» деген рас - ау. Қолымызды байлап тұрғаны баяғы жетіспеушілік... Таршылық...Аузым бармай тұрғаны - ай... кедей - ш- і - л – і - к... Бес балаға төленетін жәрдемақы 16 мыңнан сәл ғана асады... Ол қайда жетеді? Анда тартсаң мында жетпейтін, қу ақша - ай... Әйтпесе....

Үнемі билікке де, маған да «ыңқ» демей көніп келе жатқан күлді - көмеш Көмбіскүлім, өзінше «көтеріліс жасап» менің тастай қатып қалған сезімдерімді – «елітем», «жандырам», «өртеймін» деген ниетпен қызғылт жолақты сұр пиджакті киіп алғаны көрініп тұр. Бар өнерін салып жолымды кес – кестеп қояды.

Ана бір әнші айтпақшы, «Бір ғасырда бір туатын еркекпін ғой», денесіне «жабысқан» сұр пиджак есімді алып, ашу жайына қалып «талықсып», «әлсіреп» бара жатқаным бұлдыр - бұлдыр есімде. Қасымнан желдіртіп бір өте бергенде пиджактың желке тұсында «алақайлаған», алақандай қағаздағы 500 мың теңгені көзім шалып қалып, қалшиып тұрдым да қалдым. «Өңім бе, әлде түсім бе?». Осындай да бір ән болушы еді ғой. Соны ішімнен ыңылдай бердім шамасы. (Несін жасырайын, бес бала тапса да әйелім қулықтың құлынындай керілген, «фигурасы мощный» әлі. Қара жұмысқа ысылғандікі болар, алақаны күс-күс, денесі темірдей қап – қатты ... ақша жүзі... сәл – пәл ... қаралау... әйтседе жүрегі аппақ! Тфә-тфә, тіл көзім тасқа. Бала таптым деп керіліп үйде отырған емес. Шақалақты екі – үш ай емізеді де, күн - түн демейді жұмысқа шығып кете береді. Сонысына ризамын өз басым).

Сонымен қойшы, «Жауға сырын айтпайтұғын, айтқанынан қайтпайтұғын» еркек деген атым бар емес пе, бойымды билеп бара жатқан «құштарлықты» сілкіп тастап,

– Әй, дедім, (500 мың теңге оңай ма, ішімді күйдіріп барады) – бұл не қылғаның қағынып. «Бассыз үйдің иті құтырады» деген. Бес баланы қалай асыраймыз деп жанталасып жүргенде, пәтер ақы да келіп қалғанда, несиге пиджак алып не көрінді саған? Бағасына қарамайсың ба, алдымен? Алмайсың! Қайта апарып тапсырасың! Сені желіктіріп жүрген кім өзі?.

Байқаймын айна алдында тұрған әйелім миығынан күліп қояды. Сөзімді жырына қыстыратын емес. Бір кезде пиджагының түймесін, аттың айылын тартқандай шірене тартып салды да, оқты көзімен мені бір атып, сөйлеп кетті.

– Не, менің анау министр қыздан бір жерім кем бе? Киемін менде. Оны «Forbes» журналының мұқабасына шығыпты деп ел шулап жүр. Тап осындай пиджак киген көрінеді. Бірақ онікі оригинал. Бағасын айтсаңшы, бағасын....

– Әй, «Тең теңімен, тезек қабымен» деген. Оның айлығымен, сенің шайлығың тең бе?

– Ойбай маған енді осы киімді де көпсіндің бе? (Әйелім көзі ағарып жылап жіберді).

– Енді, ол қыз... то ест министр,... бір кезде президент болуға талпынған қарт коммунистің қызы. Ақша деген үйілген шөмеледей көп. Сосын әлемдік брендтердің күнде біреуін кисе де еркі.

Сөзім жақсы әсер еткен болуы керек әйелім қайтадан көңілдене бастады.

– Шіркін, байлар бір киген киімін екінші қайтара кимейді дейді ғой. Ескі - құсқыларын не істейді екен, ә? Дене тұрқы да маған келіңкірейтін секілді министр қыздың. Әлеуметтік желіден тауып алып, «ескі киімдерің болса маған берші?» деп жазып жіберсем бе екен?

– Иә, ол саған «Көмпіскүл, бір киіп тастаған киімдерімді алып кет, ылғи айтқанымызға көніп жүрсіңдер ғой» деп шақырайын деп жатыр деген. Одан да, сондай атты күн туып жатса, Мәдина ханым, бес баламен жеркепеде жатырмыз, көмек қолыңды соз, өлтірмесең демейсің бе, Көнбіскүл – ау!

– Біздің бала туудан қолымыз тимейді ғой. Әйтпесе...

– Әйтпесе не, бәрін қырып тастайтын ба едің?

– Сенде қыжыртып отырасың ылғи, қайта көтермелеудің орнына. Шіркін, біздің министр қандай тамақты сүйсініп ішеді екен, ә? Қасында отырып, тым құрыса сарқытын жеп көрер ме еді?

– Балалардың 16 мың теңге жәрдемақысы қолыңа тиген күні, шып - шырғасын шығармай министріңді түстендіріп жібермейсің бе одан да? Сонда көресің ғой, неге тәбеті тартатынын!

– Қойшы сенде қайдағыны айтпай. Ол да жетісіп жүр дейсің бе? Шаруасы көп қой, әйтпесе, (бас бармағын майыстырды) мынау деген жігітке күйеуге шығып, баласын туып үйінде отырар еді ғой. Қайтейін енді. Ойлағаны біздің қамымыз. Байқауымша соңғы уақытта тым аурушаң болып кетті өзі. Астананың аязы мен бораны жақпай жүрме екен, ә? Әлде, аяғынан сыз өтіп....

Осы жерде шыдамым таусылып сөзін бөліп жібердім.

– Әй, «Аттыға еремін деп, жаяудың таңы айырылыпты» деген бар. Осы сенікі не желік? Қиялға беріліп болсаң, балаларға қара. Олардың жыртық киімдері болса жама. Шамаңа қара. Сенің 500 мыңға алған пиджагің, біздің отбасыға тамақ болмайды. Көзін құрт!

Әйелімнің көзі шарасынан шығып кетті.

– Ойбай, қайдағы 500 мыңды айтып отырсың? Сен министр қыздың пиджагымен шатастырып отырғаннан саумысың?

– Үстіңдегі киімнің бағасын айтам.

Әйелім, тырқ - тырқ етіп күлді - ай кеп.

– Өй, сорлы - ау, базардағы киім өлшеп сататын жерден 500 теңгеге ала салғам, кеше. Анау, министріміздің пиджагінен аумай тұрғасын. Әйелдер қауымы соңғы мода деп шулап жатыр ғой, әйтеуір. Болмасам да ұқсап бағайын деп... Көп балалы аналарға жеңілдікпен беріп жатырмын деп саудагер де қоймады бір жағы.

Жалма - жан әйелімнің пиджагінің желкесіне жабыстым. Қара фломастермен 500 теңге деп жазылып тұр екен. 500 мың болса не істер ем? Өз көзіме өзім сенбей қайта қарадым. 500 теңге! Ух! Қуанғанымнан әйелімнің бетінен шөп еткіздім.


Нағашыбай Қабылбек


Қазақстан дәуірі газетінен




Көрілген: 1628    Пікірлер: 0

бейсенбі, 14.02.2019, 20:21

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    25 Қаңтар, 22:28
    «МЕНІҢ ЖӘНІБЕГІМ!»

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    маусым
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30