Алаш үні

Абай даналығы – ұлттық рухтың тұғыры

  • Абай даналығы – ұлттық рухтың тұғыры

    Абай даналығы – ұлттық рухтың тұғыры

Қоғамның дамуы оның бойында ұлттық рухтың сақталуымен тығыз байланысты. Қоғамды дамытатын білім, өнер мен ғылымдағы сапа, өнер мен ғылымның озық тәжірибелерін меңгеріп, оны қоғам игілігіне жаратып отыратын іскер адамдар, қабілет иелер әсіресе осы адамдардың мемлекет азаматы ретінде қалыптасуына, ел игілігі жолында бірігіп қызмет атқаруына ықпал етіп отыратын ұлттық рух. Рух дегеніміз өзіндік сана, өзіндік сананың тәрбие, мінез, білім, тарих тағылымы (тарихи жад), жеке адамның бойындағы рухани қасиеттер арқылы ұлттық санаға, қоғамдық дамудың негізіне айналып отыруы. Дәлірек айтсақ қоғам мүшелерінің өзіндік санасынан (тарихи санамен ұштасып отырған) бастау алып, оның мәдениетінің қалыптасуында, бойындағы барлық рухани мүмкіндіктер (қасиеттер) негізінде қоғамына ізгілік, пайда әкелетін тұлғаға айналуын ұлттық рух құбылысы дейміз. Сондықтанда ұлттық рух дегеніміз ұлттық құндылықтардың жеке адамның өзіндік санасының қалыптасуына әсер етуі және оның ой-өрісі, іс-әрекеті негізінде кісілік қасиеттер мен қоғамдық сана түрлерінің ұлттық сипат алуы, ел игілігіне жарайтын деңгейде қызмет атқаруы болып саналады. Бойында рух болмаса жеке адам, оның қоғамы да өз деңгейінде дамымайды. Қоғамның мәдениеті оның адамының болмысына келіп тірелер болса, адамның негізгі байлығы, басты мүмкіндігі қашанда рухпен байланысты. Қоғамның өз жолымен дамуын үнемі тежеп отыратын әдеттер (жемқорлық, алауыздық, жалқаулық, күншілдікт және т.б.) көп жағдайда рухсыздықтан, ұрпақтың ұлттық рухтан қол үзіп отыруынан шығып отырған.

Тарихи кеңістіктегі даналықтың негізінде қарайтын болсақ, қоғам мүшесі жеке адамның түсінігі, ой-өрісі, ұстанымы, мемлекетінің ұстанымымен ұштасып отыруы тиіс. Бұны біріктіретін ұлттық идеология. Ұлттық идеядан ұлттық идеология шығады. Ұлттық идеяны қоғамға түсіндіріп (оның санасына жеткізіп), қоғамды ұлттық мүдде ісіне бағыттап отыратын ұлттық идеология. Бірақ мемлекет өміріндегі қоғамдық сана түрлерінің негізінде ұлттық рух белгілері болмаса қоғам да, оның адамы да ұлттық идеологияға бағынбайды. Ұлттық идеологияға адам өз еркімен бет бұрмаған (бағынбаған) кезде ұлттық идея қоғамда тағы өмір сүрмейді. Осы тұрғыдан зерделейтін болсақ, ұлттық рух дегеніміз бұл адамның бойындағы таза санадан бастап, ұлттық сана биігіне дейінгі рухани қасиеттер мен тәжірибелердің өнімі, осы дүниелердің жеке адам мен ұлттың болмысында, әсіресе оның өмір сүруіне ықпал ететін негіз, рухани қазық болып саналады. Адам мен қоғам болмысының бойында рухани негіз болмаса адамның өзіндік санасы таза күйінде, түсінігін, ойлау мәнерін ұлттық сана деңгейіне көтеріп отыратын қасиеттерді, білім түрлерін иелен алмауы ммкін. Сондықтанда ұлттық рух бұл ақыл-парасаттылықтың жалпыға ортақ көрінісі, соның мәдени құндылыққа айналуы болып табылады.

Қазақ ойшылы Шәкәрім рухты таза ақыл, соның өнімі деген. Ойшылдың сөзімен айтсақ, ақыл дегеніміз адамның денесіне егілген дән сияқты. Егілген жері құнарсыз болса, суарылмаса дәннің дұрыс өспейтіні сияқты, адамда тәрбие, мінез, білім, түсінік, ой-өрісі дұрыс болмаса бойында рухтылық қалыптаспайды. Бұны мысал етіп отырғанымыз, қазіргі уақытта әлемдік өркениеттің тізгініне ие болып отырған елдердің мәдениетінде (осыдан екі-үш ғасырдай уақыт бұрын, қоғамдық дамудың болашағын зерттеуде) алдыменен рух, өзіндік сана мен тарихи сана мәселесіне, қоғамдық сана түрлерінің дамуына тегістей көңіл бөлінген. Осыдан барып қоғам мәселесін, болашақта оның дамуын тежеп отыратын мәселелер зерттеле бастаған. Ертең ғылым жоғары деңгейде дамыған уақытта, қоғам болмысының феноменіне айналатын дүниелер адами құндылықтардан алшақ кетпеуі тиіс деген көзқарас қалыптасқан. Бұндай мәселелер бүгінгі біздің де уақытымызда өзекті болып отыр.

Абай даналығында негізгі мәселе адам мен қоғамның болмысына келіп тіреледі. Кез келген адам рухани өмірде өзінің кісілік талғамына берік болуы тиіс. Кісілік талғамнан дұрыс мінез көрінеді. Адамда кісілік талғам болмаса әлеуметтік ортасына пайдалы нәрселерді бере алмайды. Ойшылдың айтуы бойынша, күштілік ақыл мен мінезден, бойдағы қабілеттен, терең танымнан шығуы тиіс. Құр мақтан, жалған намыс өзіне дейінгі ата-бабасының жетістігін әлсіретіп немесе одан қол үзіп алуы мүмкін.

Абайдың өзінің шығармашылығының алдына мынадай екі міндетті қойғандығын көреміз. Бріншісі, қоғамының болашағына ара түсу, әділетсіздікке тосқауыл болу, екінші, ұлттың дербестігін нығайтып отыратын сананы сақтап қалу, қайта қалпына келтіру. Ойшыл өзінің үшінші қара сөзінде былай деп айтқан: «Әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады. Әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады»[1.9-б.]. Абай қоғам мен адам болмысының жағдайын қатар зерделеуде, оған қатысты бүкіл мәселенің бірғана нәрсеге тіреліп, содан шығатындығын айтып кеткен. Адамның өзіндік санасы дұрыс болмай, оның түсінігі, ойлау мәнері, сөзі мен ісі дұрыс болмайды. Қоғамды тежейтін нәрсе адамның рухани өміріндегі дағдарыс. Адам бойындағы ұлттық рухтың негізгі белгісі бұл оның өзіндік санасының ұлттық мүддемен байланысып отыруы. Адамның өзіндік санасы ұлттық мүддеге бағытталғанда, оның бойында әлеуметтік ортасына ізгілік, пайда әкелетін жақсы қасиеттер қалыптасады. Жақсы қасиеттер адамның тарихи санасының негізінде қалыптасып, оның іс-әрекеті арқылы қоғамның бойында орнығып отырмақ. Сондықтанда Абайдың пайымдауынша, жақсы қасиет біріншіден, қоғам алдында жүретін адамдарда болуы тиіс. Ұлттық рухтың күш алуына негіз болатын жекелеген адамдардың бойындағы жақсы қасиеттердің биік шоғырын, әсіресе оның әлеуметтік мәдени құбылысқа, қоғамдық сананың негізіне айналатын түрін интеллигенттік сана дейміз. Абайдың айтуынша қоғамдық санаға дұрыс әсер етіп, оның дамуына ықпал ететін рухани деңгей, зиялылық. Интеллигенттік сана адамның рухани деңгейінен шығып отыратын қасиет.

Зиялылар шындығының негізінде халық ұлттық мүдденің құндылығын түсінеді, қоғамда ұлттық ойлау қалыптасып отырған. Егер білімі, өнері, байлығы, тұрмысы арқылы қарапайым халықтан оқшау тұратын адамдардың ой-өрісі, ойлау деңгейі, құндылықтары өзінің жеке басының пайдасынан әрі аса алмаса, қарапайым халыққа кінә артудың, үміт артудың да пайдасы жоқ. Өзіндік сананың тарихи сана негізінде интеллигенттік санаға айналу мүмкіндігі кез келген қоғамның бойында бар. Қоғамдық ортада әр адам өз ісіне адал, ділі мен дінінің тазалығына (сақталуына) жауапты келсе, онда ел өмірінде жалпыға ортақ пайдалы іс көбейеді. Ойшылдың айтуы бойынша рухтың әлсіздігі тарихи сананың жоқтығында. Ұлттық рух тарихи сананың негізінде қалыптасады. Ал, ел болмысын тежейтін әдет түрлерінің орын алуы (жалқаулық, жігерсіздік, қайратсыздық, қорқақтық, даңғойлық, арсыздық, тойымсыздық, жарамсақтық, жағымпаздық, зұлымдық), қоғамдағы ұлттық рухтың әлсіздігінің белгісі. «Мұның бәрі – деген Абай, - төрт аяқты малды көбейтеміннен басқа ойының жоқтығынан; өзге егін, сауда, өнер, ғылым – солар секілді нәрселерге салынса, бұлай болмас еді. Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді.

Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ.

Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден кетпек, - әр қазақтың ойы осы» [1.9-б.]. Абайдың даналығынан түйетініміз, ұлттық рух ұлттың жасампаздық қасиетінің үлкен бір өнімі. Өзгелерге ұлттың тұлғасын, оның бойындағы қасиеттерді үлгі етіп көрсетіп отыратын дүние. Ұлт пен оның зиялыларының рухани болмысының негізіндегі жақсы қасиеттердің барлығы, ұлттық рухтың өнімі болып табылады.

Интеллигенттік сананың екінші бір қыры адамның тұлғалық мінезі, интеллектуалдық мүмкіндіктерінің ел мүддесімен ұштасып отыруында. Өзінің бар мүмкіндігін ел игілігіне бағыттай алған адам шын мәнінде интеллигент. Сондықтан да адамның интеллигенттік тұлғасына тән басты қасиет, негізгі белгісі ойлау, қоғамға дұрыс бағыт беретін таным. Қоғамның ортақ қасиеті мен әлеуметтік ортаның рухани тереңдігін негіздеп отыратын интеллигенттік зерде мемлекетті өмір сүретін ортақ үй деп қабылдаған тұтас ұғымнан шығады. Осы себептен Абай өзінің тұсында қоғамда кеңінен етек алып бара жатқан рухсыздықтың салдарын мынадай мысалмен түйіндеген: «Осылар біріне бірі достық ойлай ала ма? Кедей көп болса, ақысы кем болар еді, малдан айырылғандар көбейсе, қыстауы босар еді деп, мен ананы кедей болса екен деп, ол мені кедей болса екен деп, әуелде ішімізбен қас сағындық. Әрі-берден соң сыртымызға шықты, жауластық, дауластық, партияластық. Осындай қастарға сөзім өтімді болсын және де ептеп мал жиюға күшім жетімді болсын деп, қызметке, болыстық, билікке таластық»[1.9-б.].

Рухтың бір тірегі тұрмыс, жақсы тұрмыс, сол жақсы тұрмыстың қалыптасуына ықпал ететін саясат, идеология, қоғамдық тәртіп, әділдік, адал еңбек, таза білім қашанда рухтылықтың кепілі болған. Іске табанды әрі жауапты болу да жақсы тұрмыстың кепілі. Қоғамдық ортада еңбең әділ бағаланатын болса, адамдар кәсіпті әлеуметтік ортақ мақсат жолында түрлендіре білсе жақсы тұрмыстың қалыптасары анық. Халықтың тұрмысы ұлттық болмысымен үйлескен жерде ғана тұрақты түрде даму жүрген. Мемлекеттің, әсіресе оның мәдениетінің дамуы қоғамның санасымен тығыз байланысты. Қоғамдық сана неғұрлым ұлттық тәжірибелер мен ұлт зиялыларының қызметінің негізінде жетіліп отырған сайын даму үздіксіз жалғасып отырады. Мемлекет пен қоғамның барлық жағынан үздіксіз дамуға ие болып отыруында, қоғамдық сана түрлерінің үздіксіз жетілу үдерістері жатыр. Сондықтанда Абайдың ойынша адам, әсіресе оның өмір сүріп отырған қоғамы өзін тығырыққа тірейтін уақытша нәрселермен шектеліп қалмауы тиіс: «Сонан соң не момынның баласы бөтен жаққа шығып, еңбек қылып мал іздемейді, егін, сауданың керегі жоқ болады. Өз басын өзі осындай таласпенен кісі көбейтеміз деп партия жиғандардың бүгін біреуіне, ертең біреуіне кезекпен сатады да жүреді. Ұрылар тиылмайды. Ел тыныш болса, оның ұрлығын ешкім сүймес еді. Ел екі жар болған соң, кім ант ішіп ақтап, арамдығын жақтап, сүйеймін десе, соған жақ болып сүйеніп, бұрынғыдан ұрлығын әлденеше есе асырады»[1.10-б.]. Мәселен партияластық, сыбайластық, жікке бөліну Абай заманында отаршылдықпен қазақ қоғамына ене бастаған. Бұның арғы жағында, қоғамды бөліп ал да билей бер саясаты болды. Абай бұндай саясаттың салдарынан туындап отырған мәселелерді қоғамға, кейінгі ұрпаққа сабақ болсын деп айтып кеткен.

Қоғамда оны тығырыққа әкеліп тірейтін жалған нәрселер орын алғаннан кейін әлеуметтік проблемалар көбейе түседі. Әділетсіздік күш алады. Әділетсіздік күш алып, бұған билік, зиялылар мән бермеген соң қоғамдық ортада тұрақты іске ұмтылыс болмайды. Абайдың қара сөздеріндегі ойлар бүгінгі біздің уақытта да өзінің мәнін жоймай отыр. Ойшыл заманында туындаған мәселелер, орын алған құбылыстар әлі де сақталуда.

Абай жаһандану уақытында елінің ұлттық рухынан қол үзіп қалмауы үшін мол мұра қалдырған. Қоғамындағы ел басқарған кейбір адамдардың жағдайына қарап, олардың бұндай санамен ұлттың мүддесін қорғай алмайтындығын білген. Абайдың қоғамға арнап айтқан ойлары, оны тығырыққа тірейтін өткінші, өзгермелі нәрселерден ажыратып алу мақсатынан туса керек. Осы себептен біз Абай даналығын ұлттық рух тұғыры дейміз.

Ойшылдықтың да түрі бар. Абай тұлғасына тән үлкен қасиет, ол ел болашағын әріден көру үшін әлемдік ақыл-ойдың негіздерін білген, ірі ойшылдардың ілімдерін байыппен саралаған. Әлемдік философияны зерттеумен қатар терең түсіну, одан алған тәжірибені қоғамның сол сәттегі, келешектегі жағдайына қажет деңгейде ұсынып отыруы, кез келген адамның қолынан келе бермейді. Осы себептен қай заманда болмасын ұрпақтың Абайға оралып отыруы, ойшыл мұраларынан өмірді, уақыт болмысын түсінуі, өміріне қажет дүниелерді игеруі заңды, әрі табиғи нәрсе. Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынов жазып кеткендей, «Не нәрсе жайынан жазса да Абай түбірін, тамырын, ішкі сырын, қасиетін қармай жазады. Нәрсенің сырын, қасиетін біліп жазған соң, сөзінің бәрі де халыққа тіреліп, оқушылардың бірімен сын болып, емтихан болып табылады. Оқушы сөзді сынаса, сөз оқушыларды да сынайды»[2.72-б.]. Абайдың оқушысы қашанда ұрпақ, ел қамын ойлайтын адамдар. Елдің өткенімен болашағын ақыл биігінен зерделеген ұрпақтың, Абай мұраларынан ақыл-кеңес алып отыратындығын алаш зиялылары айтып кеткен. Сондықтан Абай сөзі қашанда елдің уақыт талабына сай ілгерілеуінің негізі болып қала бермек.

Абай тұлғасы өз заманында, адамзат мәдениетінде тың әрі күрделі мәселелерді көтерген ойшылдардан кем түспейді. Тарихтағы ірі ғалымдардың өмір сүруге, адам болмысына қатысты көтерген мәселелері Абайдың қара сөздерінде де орын алған. Егер Абай мен алаш зиялылары болмаса қазақтың рухани дүниелері жойылып кетерме еді.

 

Әдебиет:

Абай. Қара сөздері. – Алматы: Өнер, 2010. – 124 бет.
«Қазақ» газеті / Бас редактор Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. – 560 бет.

 

Сәрсембин Үмбетқан Қуандықұлы

Abai.kz




Көрілген: 555    Пікірлер: 0

жұма, 05.06.2020, 14:46

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Маусым, 10:29
    Ұлы империя мұрагері
    17 Маусым, 16:39
    Абайдың атын қимайды
    15 Маусым, 12:32
    Әлем таныған Абай
    12 Маусым, 16:35
    Абай және Бауыржан
    8 Маусым, 14:21
    Абай және Мұстафин
    26 Мамыр, 16:22
    Бозбала Бейсен
    19 Мамыр, 16:42
    Өнеге-өмір

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31