Алаш үні

Абай және Бауыржан

  • Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбайұлы, EQ

    Коллажды жасаған Қонысбай Шежімбайұлы, EQ

Қазақтың бұл екі тұлғасын бір-біріне теңдестіруге келмейді. Абай асқар тау болса, Бауыржан Момышұлы сол тау­дың бір шыңы іспетті. Бірақ ол да ешкімге теңестіруге келмейтін жеке-дара тұлға. Солай бола тұра, әйтеуір Абай есімі аталғанда Бауыржанды, ал Бауыржан есімі аталғанда Абайды есіме алатын болдым соңғы кезде.

 

Неге соңғы кезде? Өйткені тәуелсіздік жыл­дарындағы зерттеулер бұл екі тұл­ға ту­ралы таным-түсінігімізді терең­детті. Әсіресе, қазақтың біртуар ға­лымы Мекем­­тас Мырзахметұлының Абайға ислам шығысының әсерлерін алпыс жылға жуық зерттеуінің қорытындысы болатын «Абайдың толық адам ілімі» ат­ты кітабы («Қазығұрт» 2020 ж.) бізге бұл ілімді түбірлетіп түсіндіріп берді.

 

Бұрын ұлы ақынды қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, классик, гуманист, ағартушы деп қана білсек, енді мұның бәрін қоштағанымызбен қомсынатын болдық. Рас, кемеңгер данышпан деп те атайтынбыз. Алайда несімен кемеңгер, данышпан екенін дөп басып дәлелдеп бермей, жалпылама жалаулататынбыз. Бас абайтанушы Мұхтар Әуезов білсе де, ашық айта алмай, меңзеумен шектеліпті.

 

Мекемтас Мырзахметұлының да ұзақ уақыт «жолы болмаған». Тіпті, докторлығын қорғай алмай жүрген.

 

Дегенде Абайға ислам діні мен ислам­дық шығыс ақындарының әсерін диссертациясынан алып тастамай табандылық көрсеткен ғалым ақыры ақынның өлең­дері мен қарасөздерінде көрініс беретін тосын ойларының үздік-создық пікірлер емес, белгілі бір ілім екенін жүйеледі.

 

Жай жүйелеген жоқ, Тұран жерінде тербелген бұл ізгілік туралы ілімнің алтын жүлгесі Қожа Ахмет Иасауидің Хал, Жүсіп Баласағұнның «Жәу-мәрттік», әл-Фарабидің парасат іліміне, Тұранның ұлы билеушісі Алып Ер Тоңаның жомарттық, мәрттік жосындарына одан әрі ежелгі грек ойшылдары мен Конфуций ілімдеріне жалғасатынын дәлелдеді.

 

Міне, осындай ұлылармен жалпылама ой ұқсастығы емес, нақтылы ілім жалғастығы дәлелденгеннен кейін барып Абайдың әлем ақыл-ойындағы орны анықталды деуге болады.

 

Абай Жаратушының өзінен бастау алатын ізгілік туралы ілімді қайталаушы, көшіруші емес, алдындағы ұлылар салған алтын жүлгені жоғалтпай жалғастырушы әрі өз заманына, халқына лайықтап жаңа ілім жасаушы екен. Мекемтас Мыр­захметұлының ұзақ жылғы зерттеулері бізге осыны дәлелдеп берді.

 

Қазақта ақындығы мен ақылы керемет үйлесім тапқан суреткерлер жеткілікті. Бірақ Абайды олардан алабөтен ардақ­тай­тынымыздың нақты себебі осында жатыр екен. Әділдік үшін айтуымыз керек. Абайдың қазақ мәдениетіндегі ор­нын дөп басып дәл айтқан тағы бір адам болыпты. Ол – Жамбыл Жабаев. Мұхтар Әуезов, Әбілда Тәжібаев бәрі тұ­рып, Абай қандай ақын деп сұрағанда жарықтық Жәкең: «Абай ақын ба?» деп қарсы сұрақ қойған ғой. Мұны естігендер, әрине, бастапқыда Абайды менсінбей тұр ма деп шошыған. Ал Жәкең өз сұрағына өзі «Абай пайғамбар ғой» деп жауап бер­ген. Бұл жерде Жамбыл Абайды пай­ғам­барға теңдестіріп тұрған жоқ, өзге ақындардай тек суреткер ғана емес, олар­дан жоғары пайғамбарлығы бар, демек жол көрсетуші деп тұр. Ескіше оқы­ған Жәкеңнің бұл бағасын жаңаша оқы­ғандар данышпан, кемеңгер деп ауыс­тырған сыңайлы. Міне, енді сол даныш­пан­дығының, кемеңгерлігінің де көзі ашыл­ды. Сонымен Мекемтас Мырзахметұлы­ның еңбектерінен біз нені ұқтық? Соған келейік.

 

Абай есі кіріп, етегін жапқан заманда қазақ даласы біржола отарланып болған-ды. Хандық дәуірі келмеске кетіп, басқарудың жат жүйесі енгізілді. Ол жүйе көбіне халықтың салт-дәстүрлерінен де, ислам жолынан да үстем тұрды. Бұрынғы қазақ ешуақытта би сайлап көрмеген-ді. Кім­ әділ, соның төрелігіне жүгінетін. Ал ол әділдіктен тайса, қайтып оған жү­гін­беді. Араларында кім жауды жасқап, ұрысты ұйымдастыра алатын батыр, соның соңынан ерді. Кім көші-қон, өріс-қо­ныстың жайын өзгелерден жақсы біле­тін шаруақор, кісілікті адам әулеттің ауыл-аймақтың тізгінін сол ұстады. Ал отаршылдар болса бұлардың бәрін сайлайтын жүйе енгізіп, бірақ сайлаудың тізгі­нін өз қолында ұстап, қалаған канди­датурасын өзі өткізді. Сөйтіп, халық өз қалауымен емес, отаршыл биліктің қа­лауы­мен болған би-болысқа жүгінуге мәжбүр болды. Ал олар болса халық менен теріс айналып, басқа әділ би-бо­лыс­қа жүгінеді деп қорықпай пара алуды әдетке айналдырды. Осылай ел ішіне індет кірді. Сол кезде Абай бұрынғы қазақ­тардың, әсіресе екі мінезін: біз жо­ғарыда мысалға келтіргендей «елбасы»,­ «топбасыларының» қара басының емес, хал­қының қамын жегенін, екіншісі намысқой болғанын жоқтады. Жоқтады да «қазақты я қорқытпай, я параламай ақылменен, не жырлап, не сырлап айтқанменен ешнәрсеге көндіру мүмкін емес. Етінен өткен, сүйегіне жеткен, атадан мирас алған, ананың сүтімен біткен надандық әлдеқашан адамшылықтан кетірген... Енді не қылдық, не болдық!» деп күйінді. Тіпті түңілді деуге болады. Бірақ «ақ қағаз бен қара сияны ермек қы­лайын, кім де кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, я оқысын, керегі жоқ десе өз сөзім өзімдікі дедім де, ақыры осыған байладым енді мұнан басқа ешбір жұмысым жоқ» деп қара сөздеріне кі­рісуінің өзі түңілсе де түк бітірмей тағы отыра алмағанын көрсетеді.

 

Сөйтіп, жасында барлық заманның ақындары секілді алғашқы махаббатын,­ туған жерінің табиғатын, өзінің қуанышы мен қайғысын жырлаған ақын қырық жасында-ақ қартайып, қайғы ойлады. Қайғы ойлады да, өзінен бұрынғы Бұхар, Ақтанберді, Махамбет жыраулар­дай халқын қарулы күреске үндеудің уа­қыты өтіп кеткенін түсінді. Шортанбай, Мұрат құсап өткенді аңсап құр зарлай берудің де мәні жоқ-ты. Рас, өз ұстаздары Дулат, Шөже ақындар секілді қоғамын, қоғамының тұтқасын ұстаған би-болыс­тарын өлтіре сынады. Бірақ, көп ұзамай құр сынаудан да түк шықпасын түсінді.

 

Даласы ғана емес санасы да жауланып, алып киттің аузына жұтылып бара жатқан халықты құтқарып қалу үшін жаңа бірдеңе керек еді.

 

Сол бірдеңе толық адам ілімі. Адам­ның жетілуі ұзақ процесс. Абайда жарты адам, инсанияттың кәмәлаттығы, пен­денің кәмәлаттығы, тағы басқа толып жатқан ұғымдар бар.

 

Олардың бәрін оқырман Мекемтас Мырзахметұлының еңбектерінен танып, біледі деген үмітпен мен мақаламның мақсатына орай Абайда сипатталатын адам жетілуінің соңғы нәтижесі болып табылатын толық адам туралы тек қысқаша мәлімет беремін.

 

Жетілудің, толысудың жолы көп екен. Бірақ оның бәрі мұратқа жеткізе бермейді. Өйткені сәби туғаннан ішсем, жесем немесе білсем, көрсем, танысам деп туады екен. Оның біріншісі тән құмар­лығы да, екіншісі жан құмарлығы. Есейе келе жан құмарлығы тежеліп, тән құмар­лығы басып кететіні сонша адамдар бұл екеуін айыра да алмай қалады. Ең тәтті тағам жесем, ең жүрдек көлік мінсем, жайлы жиһаз алсам жаным жай табар еді деп жатамыз. Солай болуы үшін бары­мызды салып ұмтыламыз.Сөйтсек, оның бәрі жанымыздың емес, тәніміздің құмарлығы екен. Есейе келе жанымыз тәні­міздің құлы болып келіпті. Міне, адам­заттың бар трагедиясы осында жатса керек.

 

Бірін-бірі көре алмай ор қазу, ақыры қан төгіске дейін апаратын кек қуу, ұрлық-қарлық, парақорлық, нәпсіқорлық, қу құлқыны үшін Отанын да сатып жі­беретін опасыздық, барлығы – тән құмар­­лы­ғының нәтижесі. Оған суық ақыл қо­сылса, салатын сойқаны тіпті орасан. Сон­дықтан Абай қарапайым қазаққа тән деген не, жан деген не екенін түсіндіріп, жәй түсіндірмей, тән құмарлығы басып кетпес үшін жан құмарлығын оятудың жолдарын, әсіресе жүректің рөлін көкі­рек­ке қонатындай етіп көрсетіпті.

 

Абай көрсеткен жолмен рухани азық­ты мол жинаған пенденің махаббаты да ма­ғыналы әрі терең болмақ. Ол жары мен жа­қындарын сүюмен шек­теліп­ қой­май, күллі адамзатты қамтып, бір Алла­ны сүюге қол жеткізеді. Ал адам­­заты мен Алланы сүйген адам әділ­дікті сүймей тағы тұра алмайды. Міне, осы үш сүю – Иманигүл аталады. Кө­кі­регіне Иманигүл ұялаған азамат­тан «нұр­лы ақыл, жылы жүрек, ыстық қай­рат» шы­ғады. Ондай адамның ең­бе­гі жамандыққа жұмсалмайды, тек жақ­сы­лыққа жұмсалып, ізгі, қайырлы іс атқарады.

 

Абай осы өсиетін тек қазақты ғана емес, бүкіл адамзатты рухани апаттан құтқаратын жол деп айтты.

 

Бірақ тән құмарлығының жарысы­на түсіп, өмірінің мәнін осымен өл­шеп келе жатқан адамдар Абай түгі­лі Жаратушының сөзін жеткізген пай­ғам­барлардың да айтқанын аяғына дейін істемей келеді. Тыңдамаудың ақыры бақас-тақас, кесір, кесапат, соғыс, төтеннен келген апат, жұқпалы індет болып оралады ақыры адамзатқа.

 

Қазақ та мұндай жаманшылықты аз көріп келе жатқан жоқ. Сондықтан ақынды білетіндігін екі-үш ауыз өлең мен қарасөзін бер жағынан тақ-тақ еткізіп жатқа оқып, өзін де, өзгені де алдаудан түк шықпайды. Бірдеңе шығуы үшін ғалымымыз да, пақырымыз да, басшымыз да, қосшымыз да, байымыз да, кедейіміз де Абайға ниетімізді шын бұрып, түсінуіміз керек. Терең түсініп, болмысымызға сіңіргенде ғана ешкімнің бұйрық-нұсқауынсыз-ақ Абай өсиеттері өзінен өзі әр пенденің өмірлік бағдарламасына айналады.

 

Неміс философы Карл Ясперс б.з.д. VIII-II ғасырларды адамзат ақыл-ойы­ның белтемірі деп есептейді. Өйткені, бұл ғасырларда алғашқы еврей пайғам­барлары, Будда, Заратустра, Конфуций, грек философтары және басқа ұлылар өмірге келіп, өз еңбектерімен адамзат санасына зор рухани өрлеу туғызған. Осы қағидаға сүйенсек, Абай қазақ ақыл-ойының белтемірі болып шығады. Ұлы ақын өзіне дейінгі ақыл-ойдың нағыз сұрыптаушысы – синтезі бола білді. Одан кейінгі рухани жетістіктің бәрі Абайдан бастау алды.

 

Алдымен біз ұлы ақынның осынау тарихи миссиясын мойындауымыз керек. «Неге мойындамаймыз, мойындап жүрміз» деп маған қарсылық айтушы та­­былар. Олай қарсыласқаннан гөрі ға­сырларға созылған отарлық тәуел­ділік­ке қызмет еткен сан түрлі саясат­тар мен идеологиялар бізді өз құн­дылық­та­ры­мыздан жеріндіріп, бойы­мыз­ға бас­қа құндылықтарды сіңіргенін және со­лар­ды басшылыққа алуды үйреткенін мойындағанымыз дұрыс. Сол түсініктің сарқыншағы әлі бар. Керек болса Абайды айналып өтіп, өзіміз данышпан атансақ деген ой да жоқ емес.

 

Әл-Фараби Аристотельді және басқа өзіне дейінгі данышпандарды игеріп барып әл-Фараби болды. Абайды игермеген халықтан екінші ұлттық данышпан шықпайды.

 

Әрине, Абай өз жемісін берді. Оның жарқын көрінісі Абайдан кейін қаулап шыққан Алаш арыстары аталған топ, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің бүгінгі жетістігі. Бірақ, бұл аз.

 

Біз еліміздің әрбір азаматы санамызда қалып кеткен құлдық және рулық психологиядан арылып, қу құлқынын ғана ойламай адамзатты, Алланы, әділетті сүйетін көкірегіне имангүл ұялаған нұр­лы ақылды, жылы жүректі, ыстық қай­ратты болуы үшін мақсаткерлікпен жұ­мыс істеуіміз керек. Еліміздің оқу орындарында, тәрбие ұйымдарында ондай жұмыс жүріп те жатыр. Мен оларға баға беруден аулақпын. Тек біздің еліміздің өткен тарихында, бүгінінде толақ адам ілімінің барлық талаптарына сай тұлғалар бар ма, болса кімдер деген сұрақ келеді көкейіме. Өйткені ілімді құрғақ оқытпай осындай нақты мысалдармен оқытудың тиімділігі жоғары болатындығы өзінен өзі түсінікті.

 

Бірақ оны анықтау оңай емес. Өйткені ондай адамның қасиеті – алған марапатында, көтерілген қызметінде, жасаған рекордында ғана емес екенін жоғарыда жеткілікті айттық қой дейміз. Өз басым кемел, толық адамның үлгісі ретінде Бауыржан Момышұлын ұсынамын. Неге Момышұлы? Неге, мәселен жоғарыда ата­лып өткен Алаш арыстарын емес?

 

Әңгіме Момышұлы өмір сүрген заман­ның Абай заманына ұқсастығында болып тұр. Абай қазақ даласының отарлық бұғаудан әбден тырп ете алмайтын кезінде өмір сүрсе, Бауыржан ат жалын тартып мінгенде Алаш арыстары атылып, айдалып, ендігі қазақ отарлық орталыққа ү деп үн шығара алмайтын­ күйде еді. Сондықтан да Абайдың өзіне дейінгі жыраулар сияқты «аттан қа­зақ, атқа қон» деп шақыра алмайтыны сияқты Бауыржан да Алаш арыстары се­кілді автономия, азамттық бер деп айта алмайтын-ды.

 

Абай дана адам. Қапас заманда хал­қына қол ұшын берудің жолын дана­лық­пен тапты. Ал Бауыржанда сол жолды ұғар сара сана, ең бастысы халқының жо­ғалтқанын қасқайып тұрып жоқтай ала­тын жүрек болды. Оның алды-артын­да ондай әрекетке барғандардың бәрін қуғын-сүргіннің қылпып тұрған ұстарасы қырқып түсіп жатса да, ол аман қалды. Оған себеп болған оның Мәскеу түбіндегі шайқастарда шыққан даңқының шартарапты шарлап кетуі. Міне, сол беделін ол басын бәйгеге тігіп тұрып, халқының қамына жұмсады. Вершигора оның екі ерлігі туралы айтқан еді. Оның біріншісі – майдандағы ерлігі, екіншісі қолындағы қаруын қаламға айырбастап, көпшілік сүйіп оқитын жазушы бола біл­ген ерлігі. Кеңестік коммунистік билік­ке оның осы ерліктерін насихаттау тиім­ді болды. Сондықтан оның үшінші, іс жүзінде ең басты ерлігі қалың бұқараға күні бүгінге дейін беймәлім болып келеді. Сол ерліктерін айғақтайтын түрлі құжаттар, хаттар оның көзі тірісінде көму­лі жатты. Тек еліміз егемендік ала­тын 1991 жылы ғана Мекемтас Мырзах­мет­ұлы оларды архивтен алып, «Қанмен жазылған кітап» деген атпен жарыққа шығарды. Қалғандары осы ғалымның басшылығымен жарияланған жазушының отыз томдығына енгізілді. Бұл кітаптарды байырқалап оқыған адам оның басты ерлігі халқы үшін күрескен қайраткерлігі екендігіне көз жеткізеді. Осы күні бір адам аудан басқарды ма, демек ол мемлекет қайраткері, қоғамдық ұйымға жетек­ші­лік етті ме, демек ол қоғам қайраткері деген түсінік қалыптасқан. Шын мәнінде ха­лықтың санасына ықпал еткен тұлға ғана қайраткер атануы тиіс. Бауыржан Момышұлы халқымыздың санасына ықпал еткен адам. Демек, ол шын мәнінде қайраткер. Ең алдымен біз осыны мойындауымыз керек.

 

Мен «Бауыржан Момышұлы кім? Бұл сұрақтың толыққанды жауабын беретін уақыт жетті» деген мақаламда («Егемен Қазақстан» 2016 ж.) бұл жөнінде кеңірек сөз еткен болатынмын. Онда Бауыржан Момышұлы 1937-1938 жылдары атылып кеткен Алаш арыстарының ісін жал­ғағанын, демек өзі де сол арыстардың жал­ғасы болғанын ол кісінің хаттары, еңбек­тері, басқа да әрекеттері негізінде дәлел­деуге тырысқанмын.

 

Сол жазғандарымды бірауыз сөзге си­ғызып, шетін ғана шығарсам былай. Бауыржан Момышұлының 1942 жылдан бастап майдан шебінен респуб­ли­ка басшыларына, жазушылары мен ғалымдарына жазған хаттары Алаш арыс­тарының 1904 жылы Ресей думасына жазған хаттарымен үндес, мазмұндас. Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика», Жүс­іпбек Аймауытовтың «Психология» оқулығын жазғаны сияқты Момышұлы да «Соғыс психологиясын» жазған. Сөз­шең, сауатты қазақ офицерін сөйлетіп-сөйлетіп алып, өз қалауынша жазбақ болған Александр Бекке егер сен менің батальоным туралы жазатын болсаң, ол шығармаң «әскери көркем құрал» болуы керек деп шарт қойған. Демек роман көркем шығарма бола тұра оқулық ретінде оқылуы керек. Мұндай шартты қою алғы шептің ең мықты деген коман­дирінің өзінің қолынан келе бер­мей­ді. Бұл шартта халқының қамын жеп, болашағын ойлаған қайраткердің көре­гендігі жатыр.

 

Алайда қайраткерлік Абай сипатын­дағы толық, яғни кемел адамның бір қыры ғана. Демек, бұл тұжырымымызды осы жерден түйіндеп, Баукеңнің басқа си­паттарына тоқталайық.

 

Толық адам өзінен өзі тумайды. Оны отбасы, ортасы тәрбиелейді. Абай айтқан «елбасы», «топбасылар» бүлініп намысынан айырылғанымен қалың бұқарасының қаймағы бұзылмаған ауылда тәрбиеленді ол. Екі сөйлегеннен гөрі өлгенін артық көретіндіктен, кеудесін ешкімге таптатпайтындықтан олардың руларын адыр Құлилар деп атаған.

 

Тәрбиеленген ортасының өзіне әділдік пен адалдықты қалай сіңіргенін жазушы «Ұшқан ұясында» тамаша суреттеген.

 

Бауыржанның тағы бір артықшылығы ол діни де, зайырлы да білім алған. Демек, Абай айтқан көрінетін де, көрін­бейтін де әлемнен хабары бар. 1943 жылы желтоқсанда КСРО Жазушылар одағында өзі туралы роман тал­қы­лан­ғанда шығарманың позициясын автор емес, бас кейіпкер, яғни Бауыржан Момышұлы қорғайды. Сол кезде ол «абсолютті шындықты шебер жеткізе білу» мәселесін қозғайды. «Абсолютті шын­дықты жазу» деген сұмдық емес пе деп оған бұрқылдағандар да болады сол жерде. Шынымды айтсам, әскери адам «абсолютті шындықты атеистік тұрғыда ғана тайыздау түсініп тұрған шығар деп ойлағанмын мен де. Кейін оның отыз томдығына енген бұрын жарияланбаған өлеңдері мен жазбаларын оқығанымда ол кісінің Құран кәрімнің ғана емес, буддизмнің, інжілдің де негіздерінен хабардар болғанына көзім жетті.

 

Демек, оның әділетті сүюінің тамыры туған ауылында жатыр екен де ол ке­йін адамзатты, Алланы сүюге осылай ұласқан.

 

Бұған Абай жырларының да мол әсері болған. Абайды бойына бала кезі­нен сіңіргені «Ұшқан ұяда» айтылады. Содан да болар ол 1941 жылғы қанды қырғындардан кейін-ақ ел тұтқасын ұста­ғандарға жазған хаттарында Абайдың өлеңдерін қойын кітапшасы етіп басып шығарып, майданға жіберу керектігін айтады. Міне, сол кездерде ол жауынгердің жаны танкіден де, зеңбіректен де құді­ретті қару, ал оның жан азығы – көркем әдебиет, деп жазушыларды майдан тақырыбына шығармалар жазуға үндейді, кеңес береді, керек болса нұсқаулықтар жазып, іс жүзінде Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы қазақ әдебиетінің қалып­тасуының бастауында тұрады.

 

Бауыржан сол сұрапыл жылдары Абай өлеңдеріне өз пікірлерін жазып, орыс тіліне аударып жариялаған да. Мәселен, ақынның «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын...» атты өлеңін 1944 жылы аударыпты. 1945 жылы жарияланған ақынның академиялық томдығының көп­теген беттерінің шетіне һашия түрінде пікірлерін жазып қалдырып отыр­ған. Ол пікірлерінің мән-жайын Ме­кем­тас Мырзахметұлының Бауыржан Момышұлы туралы мақаласынан («Абай» энци­клопедиясы, 1995 ж.) білуге болады.

 

Бұл айтылғанның барлығы Баукеңнің нұрлы ақыл мен ыстық қайратының жемісі екені түсінікті. Ал жылы жүрегінен туындайтын қайырымдылығына мысалды Баукең туралы жазған романдар мен есте­ліктердің кез келгенінен табуға болдады.

 

Баукең Алаш арыстарының ғана ісін жалғамаған. Абай сияқты ол да толық адамның үлгісін жасауды ойлаған. Тек басқаша, көркем бейне түрінде. Аты да толық адам емес, кеңес азаматының қалыптасуы деп аталған. Ең адал, әділ, патриот, батыр, еңбексүйгіш адам Кеңес азаматы ғана деп түсіндіретін кеңестік идеология жағдайында басқаша атау мүмкін емес еді. Қалың жұрт қызығып оқитын соғыс туралы емес, алғаш «Ұшқан ұясын» жазуының себебі осында жатыр. Өкінішке орай жас баланың, одан арғы нағыз үлгілі азамат болып қалыптасу кезеңін жазуына ақтаңдақ тарихымыз, сол қоғамдағы сөз бен істегі алшақтық мүмкіндік бермеген Баукеңе.

 

Міне, Абайдың аты аталғанда Бауыр­жан­ның, ал Бауыржанды атағанда Абай­дың есімі ойыма оралатынының себебі осыдан. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген ғой Абай­дың өзі. Елдің бәрінің Бауыржан болуы мүмкін емес. Бірақ, кез келген азаматтың иманигүлді, қайратты, қайырымды бо­луы­на мүмкіндігі бар.

 

 

Елен ӘЛІМЖАН, жазушы
egemen.kz




Көрілген: 588    Пікірлер: 0

жұма, 12.06.2020, 16:35

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    22 Қыркүйек, 15:31
    Қалай жазғанымыз дұрыс?..
    21 Қыркүйек, 10:27
    Ол махаббат əні еді!
    11 Қыркүйек, 08:53
    Ташкентте болған той
    7 Қыркүйек, 10:27
    Қазақтың қайсар Қасымы
    24 Тамыз, 15:32
    Атасының баласы...
    25 Шілде, 11:21
    Алтын кілт
    10 Шілде, 15:16
    Әуезов Америкада
    30 Маусым, 10:29
    Ұлы империя мұрагері
    17 Маусым, 16:39
    Абайдың атын қимайды
    15 Маусым, 12:32
    Әлем таныған Абай
    12 Маусым, 16:35
    Абай және Бауыржан
    8 Маусым, 14:21
    Абай және Мұстафин

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30