Алаш үні

«Абай жолы – ұлы шығарма емес» атты мақалаға қарсылық

  • © abai.kz

    © abai.kz

АБАЙ ЖОЛЫ – ҰЛЫ ШЫҒАРМА!


1924 жылы «Жас қазақ» газетінің №10-13 санында Әлихан Бөкейхан «Самат өлеңдеріне сын» атты мақала жариялайды. Нұржанұлы Самат деген әлдебір ақынның шығармашылығына қатысты сын мақалада Әлихан былай дейді: «Әдебиет майданында дәуірден дәуірге көшкен уақытта Самат сықылды жаңа талап «ақындар» көп болады. Олардың өлеңін жете қарастырмай болмайды. Өйткені олар «менсінбейді, бойымызды өсіргісі келмейді» дегендей көңіліне келеді – бір, екіншісі – олардың өлеңін сынамай жібере берсең, «шілдірік» сұйық өлеңдері жас әдебиетімізді қотыр ала қойдай болдырады, аздырады.Сондықтан Саматтың өлеңдерін бақайшағын шағып, тәптіштеп қарауды қажет көрдім. ... Бұл сын жалғыз Саматқа емес, барлық Самат сияқтыларға сын. Таяғы жалғыз Саматқа тиіп отырса, оны ол көтермек»[1].


Бір ғасыр бұрын айтылған Әлиханның осынау сөзі өз маңызын жоймаған екен. Қазақ әдебиетінің қазіргі хәлі пайымдауымша мәз емес. Алаш арыстарын ақтап алғанымызбен, ұлт санасына сіңіре алмай жатып, рухымыздың бойтұмары Абайды сынаймыз, Мұхтардай жазушының ұлт мүддесі үшін төккен маңдай терімен қара жерді суарып, руханият гүлзарын көркейтудің орнына бақшамызға тікен мен арам-шөп егіп отырмыз. Қожаның: «Өлген адамдар сөйлемейді»[2] дегеніндей, тіріні қадір тұту қайда, өлгендердің әруағымен алысатын заманға жеткен екенбіз. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демекші, «адалдық» әлемінің шымылдығын ашуыма жақында ғана «Абай» порталында жарық көрген Мырзан Кенжебайдың «Абай жолы - ұлы шығарма емес» атты мақаласы себеп болды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист Мырзан Кенжебай: «Абай жолы соншалықты керемет көркем шығарма емес, жәй кеңестік идеологияның өз заманындағы насихатшысы ғана» – деп, 341 сөзден тұратын (бір бетке жетер жетпес) мақала жариялаған екен. Мақала авторына бір ғана сұрақ қояр едім?


«НЕГЕ?»


Абай жолын талдап, зерттеп, нақты сараптама жасамай, ғылыми негіздемесін көрсетпей, жалаң сөзбен еш дәлелсіз мұндай тұжырымды ұсынуға не себеп болды? Оқырман ретінде көңіліңізге жақпауы мүмкін, ұнамаған шығар, ол сіздің жеке пікіріңіз. Академиялық этикаға сай сөз еркіндігіне құрметпен қараймын. Алайда, сөз зергері ретінде егер де қандай да бір ойды жалпы жұртқа жария қылар болсақ, дәлелдің болуы ШАРТ емес пе еді?! Сіз: ««Абай жолы – ұлы шығарма» дегенді кеңес өкіметі қазақтың миына қорғасындай балқытып құйып тастаған. Құлдық сана қанына әбден сіңген ұлт сөйтіп қолдан Құдай жасап алады. Сол құдайының Құдай емес екендігін айтқан адамды аш қандалаша талайды» - депсіз. Сонда, мына біз аш қандала екенбіз,... мейлі, ал, Сіз кімсіз? «Кейбіреулер, «Маугли» фильміндегі бандерлогаларша шулайды» – депсіз! Біз маймыл болсақ, Сіз Кімсіз?


Екінші мәселе, Сіз ««Орыстар қазақты қорлау-зорлаудың неше атасын жасап жатқанын өз көзімен көре-тұра Абай не себепті сол туралы не өлеңінде, не қара сөзінде сыңар ауыз сөз айтпаған» – деп, Абайдың замандастары Әбубәкір Кердері, Сарышолақ шайыр т.б. өлең жолдарынан екі ауыз өлең жолын дәлел етесіз. Ғафу етіңіз! Сіз Абай жолы роман-эпопеясын сынап отырсыз ба, әлде, тарихи тұлға Абайды сынға алып отырсыз ба? Жоқ әлде, Сіз, Абай жолындағы кейіпкер Абай мен тарихтағы Абайды бір тұлға деп шатастыңыз ба? Бұлай болса, сізге, аса қадірлі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Көркемдік шындық пен тарихи шындық» жайындағы дәрісін тыңдауға кеңес берер едім.


Үшіншіден, жалпы алғанда, егер сіз Абайды місе тұтпасаңыз, әлі адамтану, рухтану ілімінің не екенін ұғынбаған болуыңыз керек дер едім. Себебі, Абайдың даналығы мен даралығы бай баласы болғандығында, я екі ауыз сөздің басын құрап, қазақ поэзиясына жаңа ұйқас әкелгендігінде емес, Абай «толық адам», «Иманигүл» сынды метафизикалық негіздегі үлкен философиялық, классикалық, теорияның тілімен айтқанда мәңгілік терең тақырыптарқа барған және толық адам болу шарттарын талдаған бірегей ақын, Хәкім! Адам болу ілімін үйреткен, насихат қылған тұлға! Біз бірақ, адамтанудан гөрі атақ табуды көп ойлайтын кезеңге тап болдық. Сорымыздың төрт елі болмағы содан ба деймін?! Әлемнің таңдамалы шығармаларының 200 томдығына енген айналдырған екі-үш-ақ шығармамыз бар. Соның бірі – «Абай жолы» еді. 2500 кейіпкері бар... Әр кейіпкерінің сөзбен сомдалған қайталанбас портреті, жан-дүниесі шебер суреттелген, қазақ даласының географиялық картасы іспетті жер-су атауларының дәлме-дәл көрсеткіші бола алатын, қазақ халқының этнографиялық түсіндірме сөздігі десе артық болмайтын (себебі негізгі салт-дәстүріміздің бәрі қамтылған), адам жанының тазалығын өмірдің мәні етіп жеткізген (адамдық идеясы – классика), қазақ халқының 20 мыңға жуық сөздік қорын жинақтаған, стильдік, тілдік ерекшеліктері өз алдына сауатты қолданылған мұндай шығарманы не себеппен місе тұтпағаныңызды, қадірлі Мырзан мырза, түсінбей-ақ қойдым![3]


Академиялық шығарманы талдау үшін терең білім мен парасат-пайым қажет. Абай жолы – қазақтың айнасы һәм арманы! Абай жолын түсініп оқыған адам бұл шығармадан өзін табады я арманын табады. Себебі, Абай жолы – қазақтың жолы. Сол жолда кездестірген әр кейіпкер күні бүгін де жүр. Дәлел керек болса, айтайын, кеше мен немересі үшін мейірімін аямай еміреніп отырған Зере әже мен баласының тілеуін тілеген парасатты да сабырлы Ұлжан ананы көрдім. Сондай-ақ, билік пен мансапты көксеген Тәкежан мен биліктен көңілі қалған, ашынған Дәркембайды, жұрт көзіне жеккөрінішті болғанымен, іштей қазаққа жанашыр, текті Оразбайды да кездестірдім! Сонан-соң өзімді көрдім, ...қазақты көрдім!


Абай жолы – жанымыздың айнасы! Жанымыз көркем бе, жоқ, құбыжық па, сол айнаға қараған кезде көрінеді. Сондықтан, жан айнамызға абай болайық! Ар сотынан асқан төреші жоқ! Әркім өзі шешер, менікі өз пікірімді білдіру, парызымды өтеу! Қысқа қайырған жауабым осы! Абай жолы – Ұлы шығарма!


[1] - Ә.Бөкейхан шығармалары / Астана: «Сарыарқа» баспасы, 2016. – Қазақша, орысша.Құр. Сұлтан Хан Жүсіп.11т.-387б.


[2] - Б.Соқпақбаев / «Менің атым Қожа» шығармасындағы кейіпкер сөзі.


[3] Келтірілген дәлелдемелердің қайнар көзі.Т.Жұртбай. Бейнет сусыны / Алматы: «Хантәңірі» баспасы, 2016. – Б.380


Қарлығаш Әубәкір, Семей

Abai.kz




Көрілген: 1359    Пікірлер: 0

жұма, 17.05.2019, 12:36

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31