Алаш үні

Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ

  • Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ

    Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ

Тоғызқұмалақ – өткен ғасырда кеңінен тара­ған ойын. Әлемдік мәдениет­тің кез келген үлгілерімен бой теңестіре алатын ұлттық ойын­дардың бірі. Тоғызқұ­ма­лақ ойынының есебі ерекше, өзіне ұқсас ойындарға қара­ғанда анағұрлым күрделірек. Мұнда арифметика, ал­ге­браның элементтері бар. 

Тарихи деректерге сүйенсек, тоғызқұмалақ туралы ең көне жазбалар Шығыс Қазақстан облысынан табылған. Алтай Республикасы тоғызқұмалақты «тогуз коргоол» деп біркелкі атай келіп, көне ата-бабаларымыздың ұлт­тық ойындары ретінде дәріп­теп, ресми жарыстар жүргізіп ке­леді. Тоғызқұмалақ – Алтай тау­ла­рынан кейін Тарбағатайдан – Са­уыр­ға, одан Сарыарқа мен Же­тісуға бүкіл қазақ еліне тарал­ған-мыс.

Бұл ойын адамның ойлау, талдау қабілетін дамытатын есепке құ­рыл­ған. Ол екі адам ара­сында ойналады. Ойнау тақтасы – 2 қазан мен 18 отаудағы 162 құма­лақтан тұрады. Ойын басын­да әр ойыншыға бір қазан және тоғыз отауға тоғыз-тоғыздан сек­сен бір құмалақ тиесілі.

Алғашқы жүріс жасаған ойын­шыны – бастаушы, қарымта жүріс жасаған ойыншыны – қостаушы деп атайды. Кейде бастаушы үшін – ақ жағы, қостаушы үшін – қара жағы деген тіркестерді де қол­данамыз.

Отау аттары бәйгеде ат ша­бы­сы немесе жан жарыстағы бәсеке, сондықтан да қойылған атау­лар тұздықтардың ойындағы қызметіне байланысты болады.

Отаулардың: 1– арт-соңғысы; 2 – тектұрмас; 3 – ат өтпес; 4 – атсыратар; 5 – бел-тақта орта­сы; 6 – белбасар; 7–қандықақпан; 8 – мойын; 9 – маңдай деген атау­лары болған. Бұл ойынды қай отаудан бастайтынын білдірген. Қазіргі кезде арнайы жасалған ойын тақтасының бірнеше үл­гісі (дөңгелек, сопақша, т.б.) кез­деседі.

Жүрістер ойыншылар тара­пы­нан кезектесіп жүргізіледі. Ал­ғашқы кезеңде кімнің жүріс жасай­тыны жеребемен немесе қарсы­ластар келісімімен анық­та­лады.

 


Музей қорынан фотосуреттер: Абайдың ұрпағы Әрхам Ысқақовтың 1950 жылы республикалық спорт жарысындағы сәті. 


Абай атамыз тоғызқұмалақ ойынын құмартып ойнаған. Тобықты ішіндегі Көтібақ руынан шыққан Көрпебай Боранбайұлы ауқатты адам болған. Көрпебай тоғызқұмалақтың ойын тақта­сын қанжығасына байлап алып, ел аралап қонақтап жүріп ой­най­тын болған. Бұл туралы Н.Алда­жаровтың «Абай ауылында» атты естелігінде айтылады:

«Бірнеше күн Шыңғыстағы елді аралап, Ши бойындағы өз ауылына келе жатып, өзінің қой бағып жүрген қойшысына кездеседі. Ауылдың амандығын білген соң қойшысына:

– Ауыл аман болса, мен Абай ауылы жаққа кеттім, – депті де, бұрылып Жидебайдағы Абай ауылына беттепті. Жиде­байға келсе, сыртта бес-алты ат бай­лаулы тұрса керек. Көрпебайдың іздегені – осындай жиын. Бұған мән бермейді, себебі бұл ауылдан әрдайым қонақ үзілмейді. Бұл жай оған мәлім.

Үйге сәлем беріп кіріп келсе, Көкбай, Ермағамбет тағы бірнеше адам шай ішіп отыр екен, жасы үлкен Көрпебайға төрден орын береді. Амандықтан кейін жүріс жайын сұрағанда, Көрпебай өз қойшысына жолығып, ауыл амандығын білгеннен кейін, осылай қарай бұрылып кеткенін айтады.

 


Суретте: Абай мұражайының қорында сақталған тоғызқұмалақ. Сақталуы толық, тіркелу нөмірі – КППМ-3555.



Сөз аңдып отырған Ермағамбет:

– Абай аға, ақсақал өз ауылы­ның амандығын білгеннен кейін осы ауылдың амандығын білейін деп келген екен ғой, – дегенде, үйдегілер ду күлісті.

Абай жымиып күлді де, ана­ларға:

– Көрпекең тоғызқұмалақты жақсы ойнайды, осы ауылда қонақ бар шығар, солармен ойнайын деп келді. Қанжығасында тоғыз­құмалақтың ойын тақтасы да байлаулы шығар, – дегенде, Көрпебай:

– Ол рас, барған жерде бұл ойын­ның жабдығы кездесе бер­мейді, – деді. Осы кезде Абай бар денесімен бұрылып, Еркежанға:

– Шайды жинат, бұлардың сайысын көрелік, – деді.

– Қайнаға да келді, мен тамақ астырайын, – деп Еркежан шығып кетті. Көрпебайдың қан­жығасындағы ойын тақтасы да әкелінді. Абай үйінде де тоғыз­құмалақтың жабдықтары сай екен, қонақтар екіге бөлініп, ойынға кірісіп кетті. Абай тө­реші ретінде бақылап отырса ке­рек. Шу дегеннен Көрпебай өзі­нің қарсыласы Ермағамбетті жаушы-жаужалаға келтірмей ұтысқа ие болды. Бұлар ойынды жалғастырып еді, Көрпебай есе бермей, ұта берді. Көкбай бас­та­ған екінші топпен ойнағанда да, Көрпебай оларды да ұтты. Осы үйдегі сайыста Көрпебай өзінің тоғызқұмалақ ойынының асқан шебер ойыншысы екенін көрсетті.

Абай Ермағамбет пен Көкбайға қарап:

– Ақсақал біздің ауылдың амандығын жақсы білдірді емес пе? Одан да сендер осы То­бықтыда тоғызқұмалақтан Көр­пебайды ұтатын ойыншы тауып әкеп, ойнататын болыңдар, – деп Көкбай мен Ермағамбетке тапсырды. Өнер иесін жақсы бағалайтын Абай Көрпебайға құрмет көрсетті».

Сонымен қатар тоғызқұмалақ ойынын Әрхам атамыздың ой­нағаны туралы ұрпағы Мінәш Әрхамқызы: «Әкем Әрхам да 4 жасынан Абай атамның не­мересі есебінде, Абайдың өне­гелі өсиетін тыңдап, Абай ай­­на­ласына жиналған өнер саң­лақ­тары, шешен, әнші, күйші, сүйек-өрнекші, скрипкашы, ақын, тоғызқұмалақ, дойбы, шахматшы еді. Дойбы, тоғыз­құмалық шебері болған әкем 1950 жылы республикалық спорт жарысында 19 облыстан келген майталмандармен тоғыз­қ­ұмалақтан жарысқа түсіп чем­пион атағын алды» деп айтады өз естелігінде.

Абайдың мемлекеттік қо­рық музейінде 2016 жылдың 20 қаңтарында «Абай» өнер мектебі ашылып онда ақындық өнер, мәнерлеп оқу және Абай құмартып ойнаған тоғызқұмалақ үйірмелері ашылған болатын.

Қазіргі таңда тоғызқұмалақ үйірмесіне өз қызығушылығын танытқан жас талапкерлер тәлім алуда. Тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысушылар Астана, Алматы, Шығыс Қазақстан об­лысы атынан жарыстарға қатысып, жеңім­паз атануда. Абай музейі Абай сүйіп ойнаған тоғызқұмалақ үйірмесінің жұмысын жандан­дыра бермек.

Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Біздің халқымыздың өмір кеш­кен ұзақ жылдарында, өздері қы­зықтаған алуан түрлі ойын өнері бар ғой. Менің түсінуімше, ойын деген көңіл көтеру, жұрт­тың көзін қуантып, көңілін шат­тандыру ғана емес, ойынның өзінше бір ерекше мағынасы болған», деп тегін айтпаса ке­рек. Міне, ерте заманнан келе жат­қан, терең ойды талап ететін, халық даналығы қалдырған, тоғыз­құмалақ ойынының тарихы – осындай.

Тоғызқұмалақ ойыны ұмыт болмай, қайта жаңғырып, бо­лашақ жас ұрпаққа тәлім болатын ұлттық тәрбие көзіне айналса деген ойдамыз.

 

Нұрсұлу САНАҚБЕКҚЫЗЫ,

Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік

тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық

қорық-музейінің жетекші ғылыми қызметкері

 

aikyn.kz




Көрілген: 429    Пікірлер: 0

жұма, 20.03.2020, 12:03

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    25 Шілде, 11:21
    Алтын кілт
    10 Шілде, 15:16
    Әуезов Америкада
    30 Маусым, 10:29
    Ұлы империя мұрагері
    17 Маусым, 16:39
    Абайдың атын қимайды
    15 Маусым, 12:32
    Әлем таныған Абай
    12 Маусым, 16:35
    Абай және Бауыржан
    8 Маусым, 14:21
    Абай және Мұстафин
    26 Мамыр, 16:22
    Бозбала Бейсен
    19 Мамыр, 16:42
    Өнеге-өмір

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31