Абайдың діни көзқарасы

Абайдың діни көзқарасы

«Абайдың діни көзқарасы» дегеннен «Абайдың дінге деген көзқарасы»,- деп айтқан дұрысырақ секілді. Себебі, дін заңдары мен қағидаларын өмір сүру ережесіне айналдырған адамдарда ғана «діни көзқарас болады». Ал, Абай өмірде де, өнерде де дін жолын қағида етіп ұстанған жоқ. Біздің ойымызша, Абай дінге ешкімге ұқсамайтын соны, тіптен басқаша, өзіндік көзқараспен қарады.

 

Ең бірінші айтпағымыз, Абай – кәміл, жан-жақты үйлесімді жетілген толық мұсылман. Десек те, Абайдың дінге деген көзқарасы өте күрделі. Оны жүрдім-бардым бір-екі ауыз сөзбен түйіндеп өту мүмкін емес. Мұсылманның бес парызының ең бастысы – жаратушы бір Алланың бар екендігіне, оның бірлігі мен ақиқатына сену болса:

 

Алланың өзі де рас, сөзі де рас

Рас сөз еш уақытта жалған болмас.

Көп кітап келді алладан, оның төрті

Алланы танытуға сөзі айырылмас, -деген Абай, Аллаға да оның «сөзі» «Құран-Кәрімге»-де бар болмысы, жан-тәнімен сенген – кәміл мұсылман. Сөз Алланың бір сипаты болғанда, көптеген кітап Алладан келді дей отырып, Абайдың бөліп алып, оқушысына «оның төрті»-деп жеке түсіндіріп отырғаны – көктен түскен қасиетті төрт кітап – Тәурат, Забур, Інжіл, Құран. Өзі мұсылман бола тұра, әлемдік басты діндердің қағидалары мен канондары жазылған бұл төрт кітаптан Абай Құранды жеке бөліп, оқушысына ерекше түсіндірмейді. Ол «Алланың сөзі»-деп, осы аталған төрт кітапқа бірдей тең көзбен қарайды. Адамзат тарихындағы діннің рөлін жетік білген ғұлама Абайдың түрлі діндерге тең дәрежедегі бір көзбен қарауы – оны Әлемдік деңгейдегі ұлы ойшыл-гуманист дәрежесіне көтеріп отыр.

 

Қазақ тіліндегі «Дін» сөзі дүниежүзінің өзге тілдерінде «Вера» яғни «Сенім» деген мағынаны білдіреді. Тіліміздегі «Сенім» сөзінің мағынасы исламдық мұсылман түсінігінде «Иман» деп айтылады. Сонда, «Дін», «Сенім», «Иман» сөздері – адамның дінге деген сенімі мағынасында қолданылатын синоним сөздер. Мұсылманға иман – шарт. Яғни, ол жаратушы бір Алланың бар екендігіне, оның бірлігі мен ақиқатына иман келтіріп, сенуі керек.

 

Ал, Абай иман туралы: «Иман дегеніміз бір ғана инанмақ емес, сен алла тағаланың бірлігіне, уа құранның аның сөзі екендігіне, уа пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафа с.ғ.у. оның тарапынан елші екендігіне инандық. Жә, не бітті? Сен алла тағалаға алла тағала үшін иман келтіремісің? Сен иман келтірмесең де алла тағалаға келер еш кемшілік жоқ еді. ...Ол инанмақтығың құр ғана инанмақтықбірлән қалса саған пайда бермейді. ...Пайдаланамын десең, пайда береді, кәміл иман болады. Пайданы қалайша алуды білмек керек»,-деп жазады өзінің «Тасдиқ» деп аталатын ғылыми трактатында (38-қара сөз).

 

Абайдың түсінігіндегі иман – жай әшейін сенім емес. Мұсылманның бес парызы бар. Сол бес парыздың ең бастысы әрі ең негізгісі, ол – Алланың бар екендігіне, Құран оның сөзі, ал Мұхаммед пайғамбар оның елшісі екендігіне иман келтіріп, сенуі шарт. Абайдың ойынша Аллаға иман келтіруімізбен ғана іс бітпейді. Себебі, біздің оған сеніп, иман келтіруімізге Алла тағала мұқтаж емес. Құрғақ бір ғана сенім ешқандай пайда бермейді. Аллаға жан-тәніңмен, бар-болмысыңмен, оның өзіне ғана лайық ұлы сипаттарына шын беріле отырып, ақиқатыңмен, бар махаббатыңмен сенуің керек. Сол кездегі иман шын мәніндегі – кәміл иман болмақ. Әлемдік діндердің барлығында хұзыры мен билігі шексіз жаратушы Хақ тағаладан пендесі қорқу керек десе, «Махаббат пен қорқыныш – от пен су секілді, бірі бар жерде екіншісіне орын жоқ»,-деген Абай: «Алла тағала адамзатты махаббатпен жаратты. Кім өзіңе махаббат қылса, сен де оған махаббат қылмағың қарыз іс емес пе?»-дейді (38-қара сөз).

 

Абайдың ойынша, Алланың махаббатымен жаратылған біз, яғни адамдар, жаратушы бір Алланы шын жүрегімізбен, бар болмысымызбен, жанымыздан артық сүюіміз керек. Тек махаббатпен! Еш қорқынышсыз! Өйткені, қорқыныш бар жерде махаббатқа орын жоқ. Сондықтан да бір Аллаға сеніп, иман келтіріп, біз оны тек қана махаббатымызбен шын сүюіміз қажет. Бұл – әрбір пенденің өмірлік ұстанымы, иманы болуы шарт.

 

Ойшыл, ғұлама Абай мен ақын Абайдың арасында пікір қайшылығы болған емес. Ғұлама ойшыл, философ Абай өзінің «Тасдиқ» деп аталатын 38-қарасөзіндегі айтқан ойларын «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» өлеңінде поэзия тілінде жалғастырады.

 

... Махаббат жаратқан адамзатты

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Осы үш сүю болады имани гүл

Иманның асылы тахкиқ біл.

Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,

Басты байла жолына малың түгіл.

Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы

Екі дүние бұл тасдиқ – хақтың досы.

Осыларды бұзатын және үш іс бар:

Пайда, мақтан, әуесқой – онан шошы[2, 247], -деген Абай «Алланы сүй», «Адамзатты сүй», «Хақ жолы әділетті сүй» - міне осы үш сүю иманның, сенімнің тірегі – кәміл иман яғни «Иманигүл»,-дейді. «Дін де осы, шын ойласаң тағат та осы»,-деп «Иманигүл» мен дінді бірнәрсе деп түсіндіретін ақын, осыларды бұзатын – пайда, мақтан, әуесқойлық,-деп, пайдакүнем, мақтаншақ және көңілінің байлаулы тұрағы жоқ әрдемеге әуесшіл адамдарды «Иманигүлді» иманды адамдарға қарама-қарсы суреттейді.

 

«Абай ілімі» деп ресми түрде мойындалып, қазіргі таңда ғылыми айналымға түскен «Абай іліміндегі» «Иманигүлді» адам, ең бірінші өзін махаббатпен жаратқан ұлы жаратушы бір Алланы сүюі шарт. Екіншіден, ол хақ жолы әділетті сүйеді. Себебі, әділет – барша ізгіліктің анасы. Әділет сезімі жоқ адамның өн бойынан еш уақытта ізгі ойлы көркем мінездің шықпасы анық. «Иманигүлдің» тағы бір шарты – адамзатты сүю. Күллі адамзатты бауыр тұтып, жақсы көру – жаратушы бір Құдайдың әмірі,- деп Киелі кітаптарда айтылса да, бұл – ғұлама ойшыл-гуманист Абайдың жеке бағындырған өз биігі. Түрі мен түсі, ділі мен діни сенімі әр түрлі, жаратушы бір Алла жаратқан күллі адамзат – бір адамның баласы. Туған бауырыңды қалай сүйсең, адамзаттың бәрін де солай сүй,-деген сапалы ой – Абай өмір сүрген сол кезеңде, Абайдан өзге ісләм сеніміндегі ой алыптарына орала қоймаған кез. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»,- жырлаған хәкім Абайдың гуманисттік тұрғыдағы данышпандық ойы – оны адамзат тарихындағы үздік ой алыптарының қатарына қосып тұр.

 

Адам өмірінің сенімі мен иманының рухани қайнар көзі деп «Иманигүлді» басты орынға шығарған хәкім Абай:

 

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.

Бастапқы үшін бекітпей соңғы төртті

Қылғанменен татымды бермес жеміс, - деп, мұсылманның қалған төрт парызын осы «Иманигүлдің» шарты ретінде ғана қабылдайды. Ораза ұстау, намаз, зекет, жағдайы келсе қажылыққа бару әрбір мұсылманға парыз саналатыны белгілі. Бірақ, сен қанша жерден намаз оқып, зекет (әлсіздерге көмектесу үшін берілетін қайыр садақа) беріп, қажылыққа (қағбаға барып зиярат ету) барғаныңмен, бойыңда «Иманигүл» яғни Алланы, адамзатты, әділетті сүю сезімі болмаса, сыртыңмен намаз оқып, зекет беріп, қажылыққа баруың әшейін жемісін бермес бос тірлік,- дейді хәкім Абай.

 

Осы орайда XX ғасырдың басында М.Әуезовтің өтініші бойынша, Абайдың көзін көріп, тәрбиесін алған шәкірті Көкбай ақынның Абай туралы жазған естелігі еске түсіп отыр.

 

Көкбай ақсақал өз естелігінде: «Абай шын мағынасында мұсылман еді. Бірақ, мұсылманшылығы қожа – молла айтып жүрген сырты сопы мұсылмандық емес, терең оймен, өз жүрегімен тапқан мұсылмандық болатын. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молла сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні қып қабылдаған. Абайдың діні мұсылманшылықтың ішіндегі осындай жолмен, үлкен сынмен табылған таза ақылдың діні еді»,- деп жазады (Қазақ әдебиеті хрестоматиясы. ІІ кітап, 73-бет. Астана, «Арман ПВ» - 2007 жыл)

 

Біз Абайдың дінге деген көзқарасын талдағанымызда, Көкбай ақсақал өз естелігінде айтқан «Абайдың діні» туралы ойларын басты назарда ұстағанымыз абзал. Десек те, тағы да қайталаймыз, Абайдың дінге деген көзқарасы өте күрделі. Абай мұсылманның ең басты парызы жаратушы бір Алланың бар екендігіне, оның бірлігі мен ақиқатына бар болмысымен сене тұра, ол Алланы саналы түрде танып білгісі келеді. Алланы бар ақыл-санасымен танып білгісі келген Абайдың:

 

Көңілге шәк, шүбәлі ой алмаймын

Сонда да оны ойламай қоя алмаймын.

Ақылдың жетпегені арман емес,

Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын, - деуі, мұсылман әлемі танып білмеген батылдық болатын. Дін ғылымы: «Алланы жаратқандарына қарап таны. Аллаға ойланбай илан, сен»,-десе, Абай: «Сеніп, илану үшін ойланамын»,-дейді. Шындығына келгенде, «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»,-жырлап, Әлемдік деңгейдегі парасат биігіне көтерілген Абай үшін ісләм дінінің танымдық шеңбері тым тар еді.

 

Сондықтан да: Ақылға сыймас ол Алла Тағрипқа тілім қысқа аһ,-деп, өлшеусіз Алла тағаланы, өлшеулі пенде ақылымен түсіну мүмкін емес деп (38-қарасөз) «Аһ» ұра өкініп:

 

Ақылмен хауас барлығын

Білмейді жүрек сезе-дүр

Мүттәкәллимин, Мантикин

Бекер босқа езе-дүр [2, 215], -деген Абай Алланы сөз арқылы түсіндіріп, оның құдіретін жаратқандарына қарап біле бер,- дейтін дін ғылымдары Мүттәкәллимин мен Мантикинге ашық қарсы келіп, оларды мансұқтап, жоққа шығарып отыр. Өлең шумағындағы «Хауас» сөзі сипат, түр деген мағынада. Абайдың: «Жаратушыны ақылмен біліп болмайды. Оның сипатын, бар екенін жүрек сезеді»,-деген пікіріне дін ұстаздарының көзімен қарасақ, Абайдың мұнысы – күпірлік. Міне, сондықтан да біз ғұлама ғалым хәкім Абайдың дінге деген көзқарасы белгілі бір өлшем қағидасы мен түсінік шеңберіне сыймайды,-демекпіз.

 

Айта кететін бір жай, көп жерде «Ақылмен хауас барлығын» деген өлең жолдарындағы «мен» жалғауы шылау ретінде «ақыл» деген сөзден бөлек жазылып кеткен. Мұндай жағдаймен мүлдем келісуге болмайды. Егер «мен»-ді септеулік шылау ретінде бөлек жазсақ «Ақыл мен хауасты, яғни ақыл мен бірге хауасты да танып болмайды»,-деген ұғым қалыптасып, Абайдың айтқысы келген «Ақыл арқылы хауасты түсіне алмаймыз»,деген ойын мүлдем ұқпай қалар едік. Сондықтан да өлең жолдарындағы «мен» қосымшасын көмектес септігінің жалғауы ретінде бірге жазуымыз керек. Сонда ғана біз өлең жолындағы Абайдың айтқысы келген ойын анық түсінеміз. Сөз реті келіп қалған соң ғана, біз бұл өлең жолдарына жол-жөнекей тоқталып отырмыз. Болмаса, айтпақ болған негізгі ойымыз – жаратушы бір Алланы танып білгісі келген Абай жайы еді.

 

Абай: Адам Алланың бар екенін, оның сипатын жүрекпен ғана сезеді,- десе де, ол Алланы бар ақыл санасымен түсінгісі келді. Жаратушы хақ тағаланы іздеп,оның тылсым сырларын ұққысы келген Абай,құрғақ діни фанатизмге бармайды. Ол бір Алланы жан-тәнімен,бар болмысы,ақыл-санасымен түсінгісі келеді. Сонда,жаратушы бір Алланы қалай танып білеміз? Әрине, Аллаға деген сенім арқылы. Сенім дегеніміз – иман. Ал, әрбір мұсылманға иман-шарт. Абай:"Иман дегеніміз бір ғана инамақ емес,сен Алла тағаланың бірлігіне,уа Құранның оның сөзі екендігіне,Мұхаммед Мұстафа с.ғ.у. оның елшісі екендігіне инандық...Сіз әмәнту билләһи кәмә хуа би исмайһи уа сифатиһи,-дедіңіз.(Құдайға оның есімдері мен сипаттарына иман келтіремін) Егер де ол сипаттар бірлән тағрипламасақ (айыру,анықтап білу)бізге мағрифатулла(Алланы тану) қиын болады[1.189]",-дейді хәкім Абай өзінің отыз сегізінші қара сөзінде.

 

Ұлы жаратушы Алла тағаланың өзіне тән сегіз ұлы сипаты бар.Олар:

 

 

-Хаят-тіршілік тірі болу 2. Ғылым 3. Құдірет-күш 4. Басар-көру,көруші 5. Сәміғ-есту,естуші 6. Ирада-тілеу,қалау 7. Кәлам-сөз,сөздер 8. Тәкин-болдыру [1,188] (38-қара сөз)

 

 

Жаратушы Алланың осы сегіз ұлы сипаты туралы Абай:"Бұлардың хәммасы Алла тағаланың зәтия (өзіне лайық) суббутия уа фиғлия (өзі істейтін) сипаттары дүр.Мен мұнда сіздерге төртеуін білдіремін. Оның екеуі – ғылым, құдірет. Сегіз сипаттан қалған алтауы – бұларға шарқ (түсіндіру, түсініп беру)"[1,190],- дейді.

 

Алла тағаланың сегіз сипаты ішінен ғылым мен құдіретті басты орынға шығарған Абай,қалған алты сипатты осы екі сипатқа түсінік берушілер,-деп түсіндіреді өзінің 38-қара сөзінде. "Ол сипаттармен тағрипламасақ (анықтап білу) бізге мағрифатулла (Алланы тану) қиын болады",-деген Абай,Алланың сегіз ұлы сипатының ішінен өзі екшеп,бөліп алған дәл осы екі сипат арқылы яғни,құдірет пен ғылым арқылы Алланы танып білуді ұсынады. Әрине,Алланың құдіретті екені анық.Ол әркімге белгілі ақиқат.Сонда,Абай бізге Алланы,оның екінші сипаты ғылым арқылы танып білу керек деген ой ұстанымын ұсынып отыр.

 

Ғылымды адамның ғылымы және Алланың ғылымы,-деп екіге бөлген Абай: «Адамның ғылымы, білімі хақиқатқа, растыққа құмар болып, әр нәрсенің түбін, хикметін білмекке ынтықбірлән табылады»,-дей келіп: «Ол – Алланың ғылымы емес, һәмманы біле тұғын ғылымға ынтықтық (яғни Алланың ғылымына ынтықтық. Н.М.) өзі де адамға өзіндік ғылым береді» [1,186] (38-қарасөз) ,-дейді.

 

Абай Алланы, бәрін білетін Алланың ғылымы арқылы емес, адамның ғылымы арқылы тануға тырысады. Себебі: «Біз алла тағаланы өзінің білінгені қадар ғана білеміз, болмаса түгел білмекке мүмкін емес. Заты түгіл, хикметіне ешбір хаким (данышпан, дана адам. Н.М.) ақыл ерістіре алмайды. Алла тағала – өлшеусіз, біздің ақылымыз – өлшеулі. Өлшеулі бірлән өлшеусізді білуге болмайды»,-дейді хакім Абай[1,189] (38-қарасөз).

 

Абайдың Алла тағаланы бар ақыл санасымен ұғып, танығысы келгенде айтпақ болғаны: Пендесіне жаратушы Алла тағала қалай танылып, сезіліп тұрса, сол күйінде ғана Алла тағаланы тануға біздің ақылымыз қауқарлы. Алла тағаланы толық танып білу мүмкін емес. Себебі, біздің ақылымыз өлшеулі, Алла тағала – өлшеусіз.

 

Абайдың пайымдауынша, адамның ғылымы әр нәрсенің түпкі себебін, ақиқатын білмекке ынталанудан туады. Ал, Алланың ғылымы барлық нәрсені біледі. Барлық нәрсені білетін Алланың ғылымына құштарлық, ол да адамға өзіндік ғылым береді. «Аның үшін ол Алланың өзіне ғашықтық»,-деген Абай: «Ғылым – алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық-дүр» [1,186] (38-қарасөз) ,-дейді.

 

Алланы, оның басты сипаты ғылым арқылы тану керек деген ұлы ойшыл Абай, дүниені яғни, қоршаған ортаны тану, ақиқатты тану, өзін-өзі тану, өз адамдығын бұзбай жаман нәрседен қашып, жақсы пайдалыны үйрену де ғылымнан,-дей келіп, адам бойындағы күллі жақсы қасиеттердің бәрі де ғылым арқылы келеді,-деген аса күрделі ой қорытындысын түйіндейді өзінің философиялық діни көзқарасын айқындайтын 38-қара сөзінде. Абай 38-қара сөзінде ғылымнан хабарсыз,білімсіз моллалар мен ғылымды оқытпайтын схолостикалық діни медреселерді бітіріп шыққан надан шәкірттерді сынайды. Абай сынында шындық мол. Абай заманындағы дін ұстаздарын былай қойғанда, қазіргі таңдағы дін ұстаздарының ең үлкен қателігі Алланың сөзі Құран Кәрімді заманауи ғылымдар химия, физика, биология, гидрология, медицина секілді ғылымдармен байланысты түсіндіре алмауында. Олар үшін дін мен ғылым екі бөлек, екі дүние. Ал, хәкім Абай үшін дін мен ғылым біртұтас бір дүние. Екеуі де яғни дін де ғылым да ақиқат пен бір Алланы тану жолында қызмет етуі керек. Абайдың дәл осы пікірін көкірек көзіміздегі ой безбеніне салып көрейікші...

 

Бір Алланың құдіретінен жаратылған неше мың өсімдіктерді танып білу үшін ғалымдар "Ботаника" деген ғылымды,аспан денелерін зерттеп білу үшін "Астрономия" деген ғылымды, жан-жануарларды танып білу үшін "Зоология"деген ғылымды, неше түрлі тастардың сырын білу үшін "Минерология"деген ғылымды ойлап тапты. Міне, бір Алланың құдіретімен жаратылған осы нәрселерді біз ғылым арқылы танып, біліп жүрген жоқпыз ба? Мына мәселені жете түсініп,біліп алуға тиістіміз. Алла тағаланың құдіретімен жаратылды дейтін түрлі нәрселер,дәл біз көріп жүрген қалпында жаратыла салған жоқ. Олар әртүрлі жағдайда өзгеріске түсе отырып, біз көріп жүрген түрге енді. Мәңгілік ешнәрсе жоқ. Болашақта олар біз білмейтін мүлдем басқа кейіпке енуі бек мүмкін. Біз осы жағдайды түрлі сыртқы факторлардың әсері деп ойлаймыз. Сол сыртқы фактордың өзі де жаратушының құдіретімен болып жатқан құбылыс екенін көп жағдайда түсініп, біле бермейміз. Сондықтан да көзге көрінген объективті денелерді жаратушының құдіретімен түрлі өзгеріске түсіп отыр деп түсінген абзал.

 

Дәл қазіргі таңда заманауи ғылым,айналамыздағы қоршаған орта,дүние-жаратылыс көзге көрінбейтін ұсақ бөлшектен яғни материядан пайда болып,өсіп жетілді деп,жаратушы бір Алла тағаланы жоққа шығарып жүргені жасырын сыр емес. Егер,ғылым ғаламдағы түрлі денелердің тіршілігі мен олардың қалай жаратылғанын тек қана ғылым арқылы дәлелдеп, түсіндіріп бере алса,онда біздің жаратушы бір күшке күмәнмен қарауымызға болар еді. Бірақ,дәл қазіргі таңда,бүкіл ғаламдағы тіршілік пен оның жаратылыс сырларын ғылым дәлелдеп түсіндіріп бере алмай отыр.

 

Жаңа технология, ғылымымыз жетілді, атом, компьютер, жаһандану заманында өмір сүріп жатырмыз дегенде,ғарышта жеткен жеріміз күн жүйесіндегі Жер серіктері Ай мен Марс планеталары. АҚШ секілді техникасы мен технологиясы жетілген елдердің 12 км\сек жылдамдықпен 7 ай ұшып жеткен жері Марс планетасы.Олар қазіргі таңда Марс планетасын зерттеу үстінде. Жер, Ай, Марс күн жүйесіндегі 9 планетаның үшеуі болғанда, әлі адамзат зерттемеген күн жүйесіндегі 6 планета бар. Дәл қазіргі таңдағы дамып жетілді деген техникаларымызбен секундына 12км/сек жылдамдықпен ұша отырып,қалған алтауына жету үшін бірнеше жыл керек екен.Бірнеше жыл үздіксіз ұшуға адамзат ойлап тапқан жаңа технологиялардың мүмкіншілігі жоқ көрінеді. Яғни, біздің ойлап тапқан технологияларамыз бен ақыл ойымыздың мүмкіншілік шегінің әзірге жеткен жері осы болып тұр.

 

Ал, енді түнде далаға шығып, көк жүзіне көз салыңыздаршы, миллиардтаған жұлдыздарды көресіздер.

 

Жер шарындағы тіршілік, Күн, Ай, көк жүзіндегі миллиардтаған жұлдыздар... Абайдың жазуындағы Алла ғылыммен жаратушы күш бір Алла жаратқан ғалам осы. Ең кішкене жұлдыз Жер шарынан жүз есе үлкен деп жүр астроном ғалымдар. Ол жұлдыздарда тіршілік бар ма, бар болса ол қандай? Олар қалай өмір сүріп жатыр? Планеталар құлап кетпей тепе-теңдікті қалай сақтап тұр? И.Ньютонның "Бүкіл әлемдік тартылыс заңы" меніңше,ол әлі дәлелденбеген ғылыми болжам. Біз қазір жоғарыда айтып өткен Ай мен Марстан басқа (бұлардың өзі толық зерттелген жоқ) ғаламдағы миллиардтаған планеталар тіршілігінен еш хабарымыз жоқ. Ғалам қалай өмір сүріп жатыр? Ақылымыз жетпейді. Дәл қазіргі таңдағы ғылым – бүкіл ғаламдық үйлесімділікті терең сезініп, түсіне алмай отыр. Ал, ғаламдық үйлесімділікті өте нәзік түсінген Абай: «Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісі бірлән жаратқан, анан басқа, бірінен бірі пайда алатұғын қылып жаратыпты»[1, 192],- деп, ғаламдық денелердің бір-біріне әсері мен үйлесімділігіне таң қалады.

 

Иә, біз келіссек те, келіспесек те ақиқат шындық сол: Тепе-тең үйлесімділік жағдайындағы қазіргі Ғаламның қалай өмір сүріп жатқанын бүгінгі заманауи ғылым бізге түсіндіріп бере алмай отыр. Осындай жағдайда неге біз жаратушы бір Алла құдіретіне күмәнмен қарауымыз керек?

 

Қайта біз бір Алланың құдіретін ғылым арқылы пайымдасақ,жаратылыстың сырын түсіну бізге жеңілге соқпай ма? Алланың құдіретін ғылым арқылы танудың өзі, Алланы тану емес пе? Неге сонда біз ғылым мен жаратушы бір Алланы екі бөлек дүние деп қарастыруымыз керек? Бір Алладан басқа мәңгілік ешнәрсе жоқ. Ерте дүние дәуірінде жаратушы бір Алла мен ғаламды тану үшін ғылымды бірге меңгерген дін мен ғылым XIV-XV ғасырларда екіге айырылса, қазіргі XXI ғасырдың озық ойлы ғалымдары мен дінбасылары тарапынан Алланың сөзі Құран Кәрімді ғылыми талдап,дін мен ғылымды бірге қарастыру керек деген пікірлер белең ала бастады. Ирландия діни Епископаль университетінің ректоры, халықаралық теологиялық комиссиясының мүшесі, Рим папасының теология жөніндегі кеңесшісі, профессор Майсиль Ледвит: "Ғалымдар діни конондар туралы ешнәрсе білмесе,өкінішке орай дін қызметкерлері де ғылым туралы ешнәрсе білмейді. Жаратылысты дін арқылы не ғылым арқылы түсіну-бұл ақиқатты танып білудің тәсілдері ғана екенін біз ұмытпауымыз керек"[3.7-бет],-деп жазып, дін мен ғылым бір-біріне кереғар дүние емес,ол тек ақиқатты танып білудің тәсілдері ғана деп дін мен ғылымды бірге қарастырса, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының бұрынғы бас муфтиі, профессор Әбсаттар қажы Дербісәлі өзінің "Ғылым және дін" атты ғылыми еңбегінде ғылым мен құран туралы өз ойын былай сабақтайды: "Кейінгі ғасырларда ашылып жатқан көптеген ғылыми жетістіктердің Құран Кәрімде осыдан он төрт ғасыр бұрын яғни микроскоптан,телескоптан мақұрым ғасырда қорытынды түрде дөп басып айтылуы бұл күнде батыс,шығыс ғалымдарын таң қалдырып,бас идірген. Бұл Құранды с.ғ.у пайғамбар жазбағанын, Алла тарапынан жіберілген иллаһи кітап екендігін айқын білдіреді ",-дей келіп,өсімдіктердің аталық-аналық ұрықтары,бір-бірімен қосылып жатса да сулары арласпайтын теңіздер мен жердің айналу бағыты,ана құрсағындағы сәбидің өсу кезеңдерін баян ететін Құран сүрелері мен аяттарынан нақты мысал-дәлелдер келтіреді.

 

Ал, белгілі ғалым Морис Бюкай өзінің "Библия, Құран және қазіргі ғылым"кітабында: "Жер мен ондағы тіршіліктің пайда болуы,баланың жатырда жетілуі секілді,тіпті физика мен математиканың күрделі мәселелеріне дейін толып жатқан ғылыми тұжырымдармен таныс кісілердің оның Құран мәтінімен толық сай келетінін көрмеуі мүмкін емес. Көптеген сүрелер мен аяттардағы құпия хабарларды ашу қазіргі ғылымның алдында тұрған міндет",-деп жазады.

 

Құрандағы құпияларды ашу ғылымның алдында тұрған міндет,-дегеннен шығады, қарақұрт не жылан секілді улы жәндіктер шаққан адамды заманауи медицина ұзақ уақыт емдейді. Ал, жаратушы бір Алланың сөзі Құран Кәрімдегі "Фатиха", "Ықылас" сүрелерін "суф" деп бірнеше рет оқи отырып,жылан не қарақұрт шаққан адам бойындағы уды қайтарған сауатты моллаларды өзіміз күнде көріп жүрміз. Сонда, тек қана Құран аяттарын оқу арқылы адам бойына жайылған уды қалай қайтаруға болады?Тек бұл емес жүйке ауруларына шалдыққан адамдарды білімді моллалар Құран аяттарын оқу арқылы ауруларынан емдеп жазғанын талай адам көзімен көрді. Бұл да болса Құран Кәрімнің ғылым әлі ашпаған құдіретті құпиясы болса керек.

 

Иә, қазіргі заманауи ғылымның алдында тұрған үлкен бір міндет, ол – Құранның сүрелері мен аяттарын ғылыми түрде талдап, түсіндіру. Бұл оңай шаруа емес. Құранды ғылыми түрде талдау үшін, Құранды түсіндіріп талдаушы ғалым ғылымның бар саласын жете білуі шарт. Өйткені, Құран – бар ғылымның тоғысқан жері. Осыны білген ұлы Абай:

 

Құран рас, Алланың сөзі-дүр ол

 

Тә̓уиліне жетерлік ғылымың шақ,-дейді

 

Құранның мағынасын терең біліп, түсіну үшін адамға үлкен ғылым мен ғылыми даярлық керек екенін айтады,- ғұлама-ғалым хәкім Абай.

 

XIX ғасырдың екінші жартысында патриархалды мешеу қазақ қоғамында өмір сүріп, XXI ғасырдың алдыңғы қатарлы ойшыл ғалымдарының Құранды ғылым арқылы түсіну керек деген терең ғылыми пікірлерін олардан бір жарым ғасыр бұрын айтқан ұлы Абайдың жан-жақты терең біліміне еріксіз таң қаласыз.Абайдың 38-қара сөзінде айтылатын:"Ғылым-Алланың бір сипаты, ол хақиқат, оған ғашықтық өзі де хақлық һәм адамдық дүр",-деген Абай сөздерінің байыбына біз әлі жете алмай жүрміз.

 

Абайдың «Иманигүл» және «Камили инсани», «Кәміл адам» немесе жан-жақты жетілген «Толық адам» ілімін Абайдың діни көзқарасынан бөліп алып жеке қарастыруға болмайды. «Иманигүл» мен «Толық адамды» «Абай ілімі»-деп ғылыми айналымға түсірген абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлының «Сен де сүй ол Алланы, жаннан тәтті» атты ғылыми еңбегінде: «Алланың бойындағы сегіз сипатын құдірет пен ғылым сипатына қоса біріктіріп, оны бір сөзбен ғақыл яғни ақыл сөзімен атайды. Осы ақыл сипатына Абай өз тарапынан нақылия, ғақлия дәлелдерге сүйене отырып, екі сипатты яғни әділет пен рақымды қосады. Осы өзі екшеп, даралап алған қастерлі үш ұғымнан яғни ақыл, әділет, рахымнан Абайдың толық адам туралы ілімінің негізі қаланады»,-деп ойын түйіндейді ғалым ағамыз. Сонымен, «Абай іліміне» сүйеніп айтар болсақ, өн бойына ақыл, әділет, рахым секілді үш адамгершілік қасиетті жинақтаған адамды «Толық адам» дейміз.

 

Абай өзінің 38-қарасөзінде: «Бұл айтылған үш хисляттің иелерінің алды – пайғамбарлар, анан соң – әулиелер, анан соң – хакимдер, ең ақыры – кәміл мұсылмандар. Бұл үш түрлі фиғыл құданың соңында болмақ»,-дей келіп: «...Бұл фиғылдарға ғашық болып тұтпақты пайғамбарлар үйретті, әулиелер оқыды, ғашық болды. Бірақ, ухрауи (ахиреттік) пайдасын ғана күзетті, дүниеге тиерлік пайдасын ұмытты. Хакимдер дүниеде тиетін пайдасын сөйлейді»,-дейді хакім Абай.

 

Абайдың бұл жерде әулиелер,-деп отырғаны, дүниенің қызығынан баз кешіп, өзін құдай жолына арнаған аскет адамдар. Біздің халықтың түсінігінде оларды кейде «сопылар»-деп атайды. Бұлардың бойындағы ақыл, әділет,рахымнан адамдарға еш пайда жоқ. Себебі, олар бұл дүние қызықтарынан бас тартып, өзін о дүниеге яғни ахиретке дайындап қойғандар. Ал хакимдер дүниеде тиетін пайдасын сөйлейді,-дейді хакім Абай. Сонда хаким дегеніміз кім? Абай: «Хикмет құдаға, пенде өз ақылы жетерлік қадәрін ғана білсем деген әрбір істің себебін іздеушілерге хаким деп ат қойдылар. Бұлар хақ бірлән батылды айырмаққа, себептерін білмекке тырысқандарды хәммасы адам баласының пайдасы үшін, ойын күлкі түгіл дүниедегі бүкіл ләззат бұларға екінші мәртәбәда қалып, бір ғана хақты таппақ, әрбір нәрсенің себебін таппақ бірлән ләззаттанады [1,201] (38-қарасөз),-дейді

 

Сонда хәкім дегеніміз хақ тағала жаратқан дүниедегі әрбір істің себебін іздеп, ақиқат пен жалғанды айыру жолында, дүние ләззатын сырып тастап, адам баласының пайдасы үшін ғаламның сырын, әр нәрсенің себебін іздейтін және өзі содан ләззат алатын данышпан ғұлама адамдар.

 

«Әрбір ғалым – хаким емес, әрбір хәкім – ғалым»,-деген данышпан Абай: «Хакимдердің ғақлияты бірлән жетсе, иман якини (шын иман) болады. Сондықтан да адамдар хәкімдерге сеніп, солардың соңында болуы керек»,-дейді де: «Егер бұлар дін ұстазымыз емес болса да, дінде басшымыз құдайдың елшісі пайғамбарымыздың хадис шарифі хайру н-нас йанфағу н-нас (адамның жақсысы адамға пайда келтірген адам) деген. Бұл хакимдер ұйқы, тыныштық, әуес-қызықтың бәрін қойып адам баласына пайдалы іс шығармақтылығына және хақ бірлән батылды айырмаққа үйреткендегі – барша нафиғлық (пайда беруші) болған соң, біздің оларға міндеткерлігімізде дағуа жоқ»,-дейді өзінің 38-қара сөзінде [1, 202]

 

Пікір көзқарастары тек қана ислам дүниетанымына қатып қалған кейбір дін басылары: «Мұсылман болмаса оның сөзін тыңдауға болмайды, өйткені ол - кәпір»,-десе, білімдар Абай Алланың елшісі пайғамбарымыздың хадис шәрифіндегі: «Адамның жақсысы адамға пайда келтірген»,-деген сөзді мысалға ала отырып: Хаким ислам дінінде болмағанымен, ол бүкіл адамзатқа жақсылық ойлап жатыр, сондықтан оны мойындап оған сену керек,-дейді.

 

Абай сөзі – ақиқат! Өзге діндегі адамдар ойлап тапты деп, электр жарығын немесе күллі адамзатқа ортақ жаңа технологиялық жетістіктерді пайдаланбай қоюға болмайды ғой. Болмаса, діні мұсылман емес деп, басқа діндегі күллі адамзатқа ортақ пайда әкелетін ғұлама ғалымдардың пікірін қалайша пайымға алмай қоюға болады. Абайдың өзі мұсылман бола тұра, ол тек қана діни – исламдық шеңберде қалып қоймай, күллі адамзатқа өркениеттің, Алланың хақ жолын нұсқайды. Бұл – Абайдың гуманисттік ойының әлемдік деңгейге көтерілуінің жарқын көрінісі еді.

 

Абай пайғамбарларды (олар да адамдар) әулиелерді, хакимдерді «Толық адам»-дей отырып, ол әулиелердің жолымен «Толық адам» болуға үзілді-кесілді қарсы.

 

Абай: «Пенделіктің кәмалаты әулиелік бірлән болатұғын болса, күллі адам тәркі дүние болып, ху деп тариқатқа (дін жолына Н.М.) кірсе, дүние ойран болса керек. Бұлай болғанда малды кім бағады, дұшпанды кім тоқтатады, киімді кім тоқиды, астықты кім егеді, дүниедегі Алланың пенделері үшін жаратқан қазыналарын кім іздейді?» [1,199] (38-қарасөз), -дейді

 

Қалай десек те, Абай «Толық адам» болу үшін дүниеден баз кешіп, әулиелер секілді дін жолына түскен фанатизмге қарсы. Хәкімдер мен әулиелерді салыстыратын Абай, дүние сырларының себебін біліп, ахирет үшін емес, адам баласының пайдасы, игілігі үшін қызмет ететін хакимдерді әулиелерден анағұрлым биік қояды. Мұны үнемі оқу, іздену үстінде данышпан хәкім дәрежесіне жеткен Абайдың өмірді, адамзатты сүюі деп түсінгеніміз мақұл.

 

Ойлап қарасақ, Абайдың діни фанатизмге ашық қарсы келуінде халқымыздың қанына сіңіп, рухымен біте қайнасып келе жатқан ерте түркілік ұғым жатқан секілді. Дінге фанаттық тұрғыда берілу – қазақ халқының ұлттық сезіміне жат нәрсе болғандығы ақиқат дүние болатын.

 

Алланың өзін де, оның сөзі Құран-Кәрімді мойындайтын кәміл мұсылман Абай, діни фанатизмге қарсы. Ислам дінінің философиясын жоғарғы деңгейге көтерген Абай: «Алланы бар дедік, бір дедік, ғылым құдіреті сипаты бірлән сипаттадық»,-дей отырып: «Ол – алла тағаланың заты, ешбір сипатқа мұқтаж емес, біздің ғақылымыз мұқтаж, жоғарғы жазылмыш сипаттар бірлән тағрифлап (Айыру, анықтау, білу. Н.М.) танымаққа керек. Егер де ол сипаттар бірлән тағлифламасақ, бізге мағрифатулла (Алланы тану. Н.М.) қиын болады»,- дейді [1,189] (38-қара сөз).

 

Сөз басында айтып кеткеніміздей жаратушы бір Алланы тану үшін Абай, Алланың өзіне тән сегіз сипатының ішінен құдірет пен ғылым сипатын даралап бөліп алып, ғылымның өзі – құдірет,- дей отырып, Алланы адам өзіне сезілген ғылым арқылы тану керек,- деген тұжырымға келеді.

 

Ол адамгершілікті, моральдық-философияны барлық жайдан жоғары қойды. Дінді сенім әрі тәрбие құралы деп есептеген Абай, «Иманигүлді» «Толық адамды» насихаттай келе,тұлғалық сананы жоғарғы деңгейге көтере отырып, ой-сананы түзеумен қоғамды, шаруашылық болмыстың баршасын өзгертіп, түзеуге болады,-деген тұжырым жасайды.

 

Алланы шынайы махаббатпен сүйіп, білім мен иманды бірге ұстау керек деген мақсатты ойды ұстанған Абайды, ислам дінінің философиясын жоғарғы деңгейге көтере отырып, дінді жаңаша пайымдағысы келген шын мәніндегі исламдық ойшыл – ғұлама деп түсінуіміз керек. Бұл – таласы жоқ ақиқат дүние.

 

Нұрғали Махан
Abai.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста