Адамға Құдайдың бары жетпей ме?!. (эссе)

Адамға Құдайдың бары жетпей ме?!. (эссе)

Жүрекке жасатқан үшінші операция­дан тұра салысымен, пойызға отырып Дешті-Қыпшақтың оңтүстігіндегі Шым­кент қаласына жетуге асықтым. Алма­тыдан Шымкентке пойыз ерте ке­леді екен. Вокзал басындағы жұрт абыр-сабыр арпалыста.

Ал наурыздың таңы шуақты жылы еді. Бір жас жігіт:

– Ата, көлік керек пе? – деп сұрады.

– Дәл төбесінен түстің, жас досым. Кеттік.

– Қайда барасыз?

– Әуелі мешітке апар. Таңғы намаз оқиын. Сонан соң, Абай саябағына жеткізіп сал.

– Әй, Бақберген, Абай саябағы қай тұста?

– Орталықта.

– Мешіт ше?..

– Қалаға кіре берісте аядай мешіт бар. Соған соқ. Сол ыңғайлы болады.

– Жүдә, жақсы болды, – деп қуанды көлік жүргізуші жігіт.

– Сен қаланы білмесең, қалай таксист болып жүрсің?.. – деп сұрадым.

– Ауылдан енді ғана келдім ғой. Кө­ре-көре көсем боласың, сөйлей-сөй­лей ше­шен боласың демей ме, қазақ?

Мешіттің сырты да, іші де таза, ұқып­ты екен. Жылы сумен бет-аузымды шайдым. Асықпай намаз оқыдым. Шағын ме­шіт іші жанға жайлы еді.

Абай саябағының қасында машинадан түсіп қалдым. Кең саябақта жан жоқ екен. Есік алдында қап-қара Абай ескерт­кіші көлденең жатыр. Бабама басымды идім. Қап-қара тасты сипадым. Фатиха сү­ресін оқыдым. Осыдан сәл жоғары жерде 2007 жылы Абайдың ұлы Турағұл бабама ақ граниттен биіктігі үш метрлік обелиск тұрғызған едім. Соны таба алмай жан-жағыма алақтай бердім. Біреу әдейілеп келіп, басымды балтамен ұрып түсіргендей миыма қан шапшыды, жерге тізер­лей отырып қалғанымды сездім. Үш метр­лік ақ граниттен сомдалып жасаған обелиск көздің жауын алғандай әдемі болатын. Сол обелискінің енді орны ға­на қалыпты.

Жидебайдағы әкесі Абайдың, әжесі Зере­нің, анасы Ұлжанның, Ақшоқыда жатқан Құнанбайдың, Мағауияның, Әбіштің зираттарынан, Шымкенттегі фармзаводтың астында қалған қазақ зиратынан да арнайы топырақ алып, Шым­кент­тегі Абай саябағының тап ортасынан қалап алған ыңғайлы орынға Турағұл бабама келісті ескерткіш тұрғызғам. Шымкенттің елі шын қуанған. Тілеулес бол­ған.

Турағұл бабамызды Совет үкіметі он бес жылдай қудалап, ақыры Шымкент қа­ласында өлтіріп тынған. Қазақы зират­қа елеусіз жерледі. Семейдегі Өскенбай ұрпағына арнайы салынған Ақшоқыдағы көлемді кесенеге Турағұлды жеткізуге, қудалауға түскен тобықтының шамасы жетпеді. Естілері түрмелерде, иә ел-жер сағалап, қашуда болатын. Шаһкәрім қа­жыны 1931 жылы атып өлтірген. Текті тек­тен тірі қалған жазушы, аудармашы, болыс болған Алаш ардагері Турағұл Құнанбаев қана еді. Енді оған да туған жерінен топырақ бұйырмай, сыртта жан тапсырды.

Ал мен елу сантиметрлік тапал ғана жер­­­ге төсейтін қоңырша тастың алдында тізер­­леп отырмын. Көзден парлап жас ақты.

Лондонда Абайдың үйін ашқанымда, Семейден адамдар шақыртқам, біреуі келмеген. Шымкент қаласында Турағұл бабама арнайы ескерткіш салдырып, үлкен ас бергенде де Семейден адам­дар шақыртқам, бір адамы келмеген. Одан кейін де туған елімнің атын шы­ғарған айтулы істер тындырдым, бі­рақ қайтып Семейден жан шақырған емеспін. Жауларымды қуант­пайын, деп өн-бойымды жиып, суық асфальттан тіземді көтеріп, әзер тұрдым-ау. Әлдекім қолымнан демегендей болды. Жас әйел екен. Анадай жерде бізді бағып тұрған он-он бір жастағы бала да маған көмек беруге ұмтыла берді.

– Аға, асықпаңыз, – деді әйел. – Сіз Роллан ағасыз ба?

– Дәл үстінен түстіңіз. Рахмет, қа­рын­дасым. Саған да рахмет, – дедім мені қолтығымнан демей берген қара сұр өңді балаға.

– Арзымайды, – деді бала.

– Аға, мынау таза орамал, көз ал­ды­ңыз­ды сүртіп жіберіңіз. Сіздің неге қа­паланғаныңызды ұғып тұрмын. Турағұл бабамызға арнап аппақ еңселі ес­керткішті ашқаныңызда, терең сөз айт­қаныңызда қаланың көп адамы осы жерде болды ғой. Мен өз класымның оқушыларын арнайы алып келгем.

– Апай, бізбен көрші тұратын Асыл деген қыз сол жиында Абайдың өлең­дерін оқыпты дейді. Сол рас па?!.

– Үш жасар қыз Абайдың өлеңдерін жат­қа оқыды. Бүкіл Шымкент сүйсінді. Бәріміз таң қалғанбыз. Ол рас. Роллан аға ол қызға сыйлық бергені де есімде.

– Анау тұрған екі қабатты үйде, Абай үйін аштыңыз. «Абай» атты отыз екі беттік газет шығардыңыз. Шымкенттің бар­­лық қазақ мектептері сол газетпен жұ­мыс істеді. Небір керемет мақалалар, ақыл-өсиеттер берілетін. Ондай газет қазақ елінде бұрын-соңды шыққан емес. Енді шықпас та!..

– Қарындасым, сен өзі бәрін біледі екенсің ғой, – деп таңырқадым. – Мен сол 2007 жылдан бері Шымкентте бол­ған емеспін. Ауруханадан шыққан соң, Түркістанға, Шымкенттегі Турағұл ба­бам­ның ескерткішіне бас иіп кеткім келген. Оған көрдің бе, міне... – деп бөгеле бергенімде, қасымда тұрған бала:

– О, Турағұл бабаның ескерткішінің тас-талқанын шығарып та үлгерген екен ғой, – деп күлімсіреді.

– Сен несіне қуанасың? – деп зекіді мұғалім әйел.

– Мен қуанып тұрғаным жоқ, көкірегім қарс айырылып, бір уыс жүрегім еңіреп жылап тұр, – деді екілене сөйлеген жас бала.

– Сенің есімің кім? – деп сұрадым.

– Айбар болады.

– Жақсы есім! Сен болғанда, Абайдың ұлы Турағұл бабамыздың ескерткішін еш­кім тас-талқанын шығарып, қирата алмас еді. Біздің сорлы елге сендей батыр ұлдар керек, Айбар!

– Ата, мен сізбен келісемін.

– Әттең, қазақтың батыр ұлдары әлі бесікте жатыр. Үш ғасыр бойы қайғы мен мұң арқалаған қазақ халқының еңсесі көте­ріліп, көңілі өскенін қалаймын. Сонан да, Құдайдан күнде қазақтың ру­хы өршіп, намысы өрлеуін тілеуден жа­лығып көргем жоқ. Атойлап тұратын азаматтар, жалындап тұратын қыздар керек біздің бұл көшімізге. Біз сонда ғана ошағымыздың отын өшірмей, еркін ты­ныс­тайтын ел бола аламыз. Біз сонда ғана өлмейтін, өшпейтін ұлт бола аламыз. Тас бауыр, жалған ұрандармен ұлт­ты да, халықты да көтере алмайсыз. Адамды адам жасайтын, Адамның жүре­гінде жанатын – Адамгершілік оты. Өз­ге­нің бәрі жалған! Бұ дүниеде мәңгі еш нәрсе жоқ. Мәңгі еркін тыныстайтын Құ­дай ғана!

– Аға, мен сабаққа асығулымын. Мы­нау менің телефоным, – деп жас әйел визит­касын қолыма ұстатты. – Сізге бір нәрсе айтуға рұқсат етіңіз. Жанымның күйгенінен айтайын. Кісіден кісілік кет­кендіктен айтайын, – деп сәл дамыл­дады да: – Аппақ ескерткіш алыс­тан көз тартып тұрушы еді. Қасына жеткенде жұрт тоқтап, тастағы жазуды оқы­ған соң, қарттары бастарын иетін. Сол аппақ ескерткішті көзді ашып-жұм­ғанша тас-талқанын шығарғанын көзіміз көрді. Құрылысшылардан, ескерт­кішті неге алып жатырсыздар? Қайда көшірмексіздер? – деп сұрадық.

– Көшірмейміз, құртамыз! – деп күлді біреуі.

– Жүдә, оңтүстікке Абай не керек?.. Оның баласы не керек? Алашорда не керек?

– Түкке де керегі шамалы... – деп кей­біреуі әңгімені қолдаған болды.

– Сендерге патшаның генералы Черняев керек пе? – деп өрекпіп едім, біреуі:

– Әй, қатын, жоғал, – деп айғайлады да, құрылысшыларға: – Ақ граниттерді бастық­тың үйіне апарыңдар. Камин тұр­ғызамыз, – деді.

* * *

Үш жастағы қыз жұрт алдына атып шы­ғып, Абай ақынның ең бір күрделі фило­софиялық ойға толы «Тотықұс түс­ті кө­белек» өлеңін оқып кетті.

Адамзатқа не керек,

Сүймек, сезбек, кейімек.

Харекет қылмай, жүгірмек,

Ақылмен ойлап сөйлемек.

Әркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек.

Жұрт таңғалды. Үш жастағы қыз ше­шесінің етегіне бетін басып, жұрттан кө­зін алмады. Қыздың тосқаны жұрттың ша­палағы болатын. Қыздың өзі қол соқ­т­ы. Жұрт та қолпаштап ду қол соғып бер­ді. Ал жұрттың санасына Абайдың ойлы сөзі әлі жетіп үлгермеп еді.

– Ұстаз апай жақсы адам екен, – деді Айбар.

– Келісті адам.

– Шындықты жалаулатады екен. Кү­йеуі ­ұрып-соғатын болар.

Мен Айбарға таңырқай қарап алып, басынан сипадым.

– Айбар, мен мына араға тізе бүгіп бір дұға оқиын. Сен мені тоса тұр.

– Аға, қасыңызға бірге тізерлейін.

Мен әуелі Турағұл бабамнан кешірім сұрадым. Туған еліңізден бөліп-жарып, бұ жерге сізді мен әкелгем жоқ. Бейі­тіңіз­ді бұзған да мен емеспін. Басыңызға тұр­ғызған ескерткішті талқандаған да мен емеспін. Пенде деген тәрбиеге көн­бейтін «малдар» бар. Оларға менің әмі­рім жүрмейді, оны өзіңіз де білесіз.

«Оны білемін», – деді Турағұл бабам. Мен сасқалақтап жан-жағыма қарадым. Қарсы алдымда жерге төсейтін қоңыр тас­ты көрдім. Қасымда отырған Айбарды көрдім. Ол салмақты отыр еді. Тегі бар балапан-ау, – деп сүйсіндім.

«Сенде кінә жоқ, Роллан».

Менде бір кінә бар деп ойладым. 2007 жылы Шымкенттегі фармзаводтың жанынан бір уыс топырақ алып, Ақшо­қы­дағы Құнанбай бабаның қорымына ақ гра­нитпен көмкеріп жатқызуға шамам ке­­лер еді. Сол кезде оны неге ойламадым? – деп өкінгенімде өзегім өртеніп түс­ті.

Саябақтан шыға бергенде Айбарға бұрылып:

– Айбар, мен Шымқалаға таңғы пойызбен келіп түстім. Бір жерден ас ішсек қалай қарайсың? – дедім.

– Жүдә, қатты қуаттаймын, аға. Мен экскур­совод ретінде сізге мықты кафе­ні айтайын. Келіссеңіз, сол кафеге апарайын.

Кафе шынымен де келісті екен.

– Айбар, сен қысылма, ұнағаныңды таңда.

– Рахмет, ата! Маған сізді Құдай жіберсе керек.

– Таң атпай ма?!.

– Кейде мектепке барғым келмейді. Мұғалім­нің бәрі әйел. Менің атам айт­пақшы, бүгінгі мектепті қатын-қалаш бас­қарады. Еркектердің терең окоптарда бүрісіп-бүрісіп жатқандарына отыз бес жыл болды білем. Кедейлік дәуірлеп тұр. Ақша жоқ. Тойып ішерлік тамақ та жоқ­тың қасы. Бірақ, озат оқушылар бар. Соның бірі де байдың балалары емес, кедей-кепшіктің балалары... Мұқағали ақын «Біз жетімдерміз! Жетім болып жүріп-ақ жетілгенбіз!» – деп тебіренген. Менің әкем Мұқағали ақынның барлық өлеңдерін жатқа біледі.

– Әкең мықты екен!..

– Кезінде мықты болған деседі. Қазір мықты емес.

– Неге? – деп таңырқай сұрадым.

– Арақ ішіп кетті ғой... Тоқтау жоқ. Бірақ адал. Өзі ұзын бойлы, жауырыны қақ­пақтай батыр тұлғалы адам. Күні бойы базарда жүреді. Жұрттан бір бас жо­ғары, алпауыт адам базарда сөйлеп келе жатады. – Иә, Құдай, кел, шық, жек­пе-жекке! Бар екеніңді көрейін, шық, жекпе-жекке! – деп дауыстай сөйлеп бара жатады. Әкемді базардағылардың бәрі таниды. Оның не сөйлейтінін де біледі. Біреу күледі, біреу кейиді, біреу аяйды.

– Әңгімешісің-ау, Айбар-жан! – деп сүйсінбеске амалым қалмап еді.

– Ата, Қытайдың Ухань қаласындағы бактерологиялық лаңкестік әлемді дүр сілкіндірді ғой. Сіз ол туралы не ойлайсыз? – деді Айбар.

– Алыпқашты әңгіме көбейді. Мен білсем, коронавирус Ана-Жер үшін тажал оты. Бүкіл әлемді жалмап түсіре­тін қасірет. Пандемиядан жылдам қорғану­ды ойластыру керек.

– Семейде өтетін Абай ақынның 175 жылдық мерейтойына қатысасыз ба?!.

– Егер әлем коронавируске қалқан қоя алмаса, Фараби мен Абайдың тойы елі­мізде өтпейді. Токиодағы Олимпиада да өтпейді. Пандемия Патшалығының алдында біз әлсізбіз. Ана-Жер 7,5 мил­лиард халықты асырауға шамасы жетпейді. Ана-Жерді ұстап тұруға энергетикалық қуат та жетпейді. ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарында Ана-Жерде адам са­нын тежеп ұстауға, экологиялық апаттарды болдырмауға, жан салмасақ, ХХІ ғасыр­да Ана-Жерді бүтіндей өлтіріп тынамыз. Ана-Жерді өлтірген соң, өзіміз де өлеміз, – деп ақиқат айтқан әлемнің адал ғалымдары мен ойшылдары бол­ған. Олардың ашына айтқан ескерту сөз­де­ріне адамзат мән бермеді. Өкінішті.

– Сонда не, ата, ақырзаман болатыны рас па?

– Айбар, біз ақырзаман атты жар­дың жағасында ары-бері теңселіп тұрғаны­мызға бір ғасыр өтті.

Үлкен дүкенге тіреліп барып тоқта­дық.

– Айбар-жан, мынау бір келісті, кең дүкен екен, осыған кірейік.

Жарты күн маған көмекші болған, сөй­легіш, жөнбілгіш, Шымқаланың на­ғыз блогері Айбарға естелік болар­лық сыйлық алғым келген.

– Сенің смартфоның бар ма?..

– Оу, Ата, смартфон менің не теңім?!. Менде мектепке баратын сөмке де жоқ қой, – деп Айбар жадырай күлді.

– Саған мықты смартфон сыйла­йын деп едім. Оныншы «Айфонға» қалай қарайсың?..

– Ата, мен қарсы емеспін. Бірақ бұл Шым­қаланың сөйлегіші мен болғаным­мен, тентегі мен емеспін. Оныншы «Айфонды» сіз алып бересіз, шүбә жоқ, бі­рақ оны маған кім ұстатады?.. Ертең-ақ тентектер тартып алады ғой. Маған орта­ша ғана «Самсунг» алып берсеңіз, сол жетеді.

– Айбар, экскурсовод, сіздің бұйры­ғыңыз маған заң.

– Рахмет, ата, – деп барып Айбар кө­зін төмен салып кетті.

– Бір нәрсе айтайын дедің бе?

– Ыңғайсызданып тұрмын...

– Сен сияқты бірінші класты экскур­со­водқа, мен бірінші класты гонорар тө­леуім керек. Қысылма, айт!

– Біздің үйде бес бала бар. Үлкені он екі жастағы Айбар. Мына менмін. Сонан кейін Абылай, Кенесары, Садық деген үш ұл. Сара деген үш жастағы қыз тағы бар... Бүгін Сараның туған күні. Менің гоно­рарым үлкен қуыршаққа жете ме екен, ата, а?..

– Жеткенде қандай!..

Айбар ойланып барып:

– Сараға қуыршақ алған соң, оны дүниеге әкелген шешесіне де сыйлық болғаны дұрыс қой, ата, а?..

– Өте дұрыс. «Айфон» аламыз ба?

– Шешем қатардағы адам. «Самсунг» ал­сақ жетер.

– Әкеңе не аласың?..

Айбар ойланбастан жарқырап күлген қалпы мені құшақтады.

– Құдайды күнде жекпе-жекке шақы­рып жүрген әкем, қолда бардың қадірін әлі біле қоймас...

– Шешім сенен, Айбар! Қалай айтсаң, солай істейміз!..

Үлкен дүкенді көшірердей болып Айбар екеуміз далаға шықтық. Дүкеннің қасынан такси ұстап, он-он бес дорбаны соған салдық.

– Айбарды үйіне жеткізіп салыңыз, – деп тапсырдым жүргізушіге.

– Жоқ, әуелі атамды қонақ үйге орналастырайын. Көке, сіз мені қонақ үйдің алдында тоса тұрыңыз.

– Құп болады! – деді таксист.

Мен қонақ үйге орналасып болған соң, есік алдына шықтық.

Жып-жылы кеш еді. Қала шамдары енді ғана жана бастаған.

– Рахмет, экскурсовод! Сен жақсы жігітсің! Жақсы адам болып бақ!

Он екі жастағы баланың көңілі толқулы болатын. Көз жасын көрсеткісі келмей, мені құшақтай берді. Мәрт мінез танытып тұр еді.

Маған осы Шымқаланың өзі де, адамдары да, иісі де ұнайтын. Кейде осы Шым­қаланы сағынатыным да бар, сол кезде әлемнің қай түкпірінде жүрсем де, сапарымды үзіп тастап, Әулие бабамның еліне асығатынмын.

Таңмен таласа тұрып, Құранды құша­ғы­ма басқан күйі Әулиенің кесенесінің түбінде ұзақ жүретінмін.

О, ол ұмытылмайтын, естен кетпейтін өзге­ше тынысты сәттер ғой!..

Көк базардың алдына тақай бергенім сол еді:

– Көке, көкесі деймін, – деген таныс да­уыс естілді.

Кеше таңертең, мені шағын мешітке апар­ған таксист жігіт екен.

– Көке, қайда жол жүрмексіз?..

– Түркістанға.

– Өзім апарып саламын. Түркістан өз елім ғой... – деп салдыр-күлдір сөйлеп тұр. – Қол дорбаңызды маған беріңіз. Өзім жайғастырам. Сусынды да өзім рет­теймін, көкесі.

Артынша әудем жерден еркін, дүр­кі­реген дауыс естілді. Артынша ұзын бойлы, қалың шашты, бет-әлпеті келіскен жігіт ағасы көрінді.

Жан баласына назар салып қарамас­тан, жан баласын елеп-ескерместен топты жарып, тура маған қарай келе жатты.

– Әй, Құдай, бар болсаң, кел бері, шық, жекпе-жекке!.. Шық!..

Құдай адамзатқа қарсы шығуға бел буған осы бір сәтте, Шымқаланың батыр тұл­ғалы азаматы Көкбазарда Құдайдың өзін жекпе-жекке шақырып тұр еді.

Бұл бұрын-соңды болып көрмеген көзсіз батырлық болатын!

Құдай жігітке таңырқай езу тартып қарады да, сәл дамылдады. Жұмақтағы алма­ның дәмін татпаңдар дегенде де ақыл­ға көнбеген Адам ерлік танытқан.

Ол ерліктің немен біткенін Құдай бі­летін.

Ал адам білмейтін. Адам өзін Құдай санап адасқанына ықылым замандар өтті ғой, несін айтасыз!..

Құдай, Уханьда бір топ адамдардың уыс-уыс шыбын-шіркейді шашып тұр­ғанын кеш аңғарып қалды.

Адам адамзат баласына қарсы, тағы да бір қауіпті сынақты үнсіз жорғалатып жіберіп жатыр еді.

– Сендерге пандемия патшалығының жиіркенішті сыйымен алыса тұру қа­лыпты ғой, – деді Құдай.

Құдай Адамның арамдығына еш таң­данбады, тек өткір көзінде мұң тұр еді.

Құдай өз қателігіне күйрей күйінді ме?.. Әлде Адамның тойымсыз пиғылына күйрей күйінді ме?.. Ол жағы бізге беймәлім болатын...

– Құдай, бар болсаң, кел бері, шық, жекпе-жекке!.. Шық!..

Ал пандемия патшалығы әлемді енді ғана асықпай жаулап, аяусыз жайратуды бастап кеткен...

Жаратушы Құдайдың өзіне қарсы шапқан пенделер, дем ала алмай тұн­шы­ғып, өлім құшып, тозаққа топырлай түсіп жатқан. Ана-Жерді қорлаған. Адам-пенде Құдай­дың қарғысына ұшыраған.

Бірақ соңғы сөз әлі де Құдайдың құзы­рын­да қалып еді.

Осы шағын эссем ХХ ғасырдың тоқса­ныншы жылдарынан ел басқарған, мемлекет басшыларының бірі болған, іскер, өмір көрген, жөн білген Шығыс Қазақстан об­лысының әкімі Даниал Ахметов пен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шө­кеевке тілек хатым болсын.

Бұл мәселенің екі түрлі шешімі бар.

Бірінші шешім: Шымкенттегі Турағұл ба­бама ақ граниттен тұрғызған биіктігі үш метрлік обелиск, Абай саябағының ішін­де орналасқан еді. Сурет бойынша сол обе­лискіні саябақта қайта орнату керек. Турағұл бабамыздың сүйегі Шымкентте жатыр ғой.

Екінші шешім: Шымкенттегі фарм­­за­­водтың астында қалған қазақ бейіті­нің орнынан бір уыс топырақ алып, Шыңғыс­таудағы қорымға апарып жайғастыру керек. Абайдың балаларының бәрі сонда, Құнан­бай аталарының қасына жерленген. Текті тұқымның жер бетіндегі соңғы мекенжайы, сол Ақшоқы қорымы.

Алыстан Әулиенің мавзолейі көзге ша­лынды. Өн-бойымды ып-ыстық тол­қын қуалай жөнелді. Әулиемен жапа-жал­ғыз қалуды көксеген жұдырықтай жү­рек бұлқынып бақты. Көзіме жас үйі­ріл­­ді. Мен әбден тас-талқан болып шар­ша­ғанымды сездім... Аяғымды созып тас­тап, ыңғайланып отыруыма машина тарлық жасады.

Бұ дүниеден кеңдік көрмедік, бәлкім, о дүниеде кеңдік көрерміз, деген дәмеге үміт­тенген болдым.

О, сайтан үміт, бізді азғырған да, ал­даған да сен ғой. Ал Құдай, бұ дүниеде адамға үміт барын сездірмесе, Ана-Жерде адам­ның өмірі тозақ болары анық еді.

Телефоныма шұғыл хат келді.

«Ата, менің әкем Құдайды төбелеске күн­де емес, жылына бір-ақ рет шақыр­ғанда, біздің отбасының өмірі оңды болар еді, деп ойлаймын. Сіз Абай бабаңызды жаны­ңыздан артық жақсы көреді екен­сіз. Мен де әкемді жанымнан артық жақ­сы көргім келеді. Абай бабамның ескерт­кішінің қасын­да тұрмын. Бүгін де сабаққа барғам жоқ. Сабақтың үлкені Абайдың өлеңі еке­нін енді ғана ұқтым».

«Әулиенің мавзолейі енді көзге шалынды. Жүрегім тулап берді. Айбар, жаның оқуды шын қаласа, оқудың ерте-кеші болмақ емес».

«Ата, коронавирус үлкен адамдарға қатерлі ауру дейді. Сақ болыңыз!»

«Коронавирустан ба, адамдардан ба?..»

«Ата, екеуінен де!.. Ал Құдай өзіңізді аялай бағып-қағып тұр­ғанын ұқтым.»

«Айбар, оны ұққан адамға, Құдайдан басқа не керек?..»

 

 

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ

egemen.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста