Алаш үні

Ақсақаловтың апостол аруағына табынушылық акциясы һәм елдегі дін саясаты

  • © abai.kz

    © abai.kz

Крест жорығы дегенде анау қат-қабат тарихи кітапта әдеміше әспеттеліп жазылатын, осыдан мың жыл бұрын Рим папасы бастап шыққан жорықты білеміз ғой. Жо-жоқ, бүгін ол туралы емес, күні кеше ғана Тәуелсіз Қазақстанда болған крестшілердің жорығы туралы әңгіме өрбітпекпіз.


Иә, халқының 70 пайыздан астамы мұсылман дінін ұстанатын мемлекеттегі этникалық аз ұлттқа тән дін өкілдерінің үлкен жорығын көрдік. Бұл қандай жорық, оны кімдер өткізді? Айтатын ақпарымыз нақты болуы үшін «Митрополичий округ в Республике Казахстан» сайтында жазылған ресми деректерді шолып шықтық.


Қазақстандағы крестшілер биыл 12 шілде күні Петропавл қаласында апостол Петр мен Павлды еске алу үшін крест шеруін өткізіпті. Бұл шеру жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұратын көрінеді. Тек бұл жолғысы ауқымы жағынан Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үлкені болыпты. Өздері солай деп жазған. Зілдей-зілдей кресттерін төбелеріне көтеріп, анау-мынау салттық жабдықтарын артынып-тартынып алып, қала көшелерімен жүріп өткен. Жүргенде де жол бойы баяғыда шіркеулер болған орындарға арнайы тоқтап дұға жасап, құлшылық қылған.



Биыл Петропавлдегі крест жорығын Көкшетау мен Петропавлдің епископтары, Ақмоланың Серапоионы мен Булаевскінің Владимирі бастап жүрген екен. Бұл төрттіктің соңына мыңғы жуық адам ілесіпті. Сөйтіп, шіркеуден бастап бүкіл қаланы аралап шыққан екен. Көшедегі кісілерге «киелі» су шашып, діни рәсім жасаған.



Жорық жоралғысы кезінде Бүкілорыс провослав шіркеуінің әулиесі, Мәскеу мен бүлікорыстың патриархы Кириллге, Қазақстанның митрополиттік округінің епископтары мен дін қызметкерлеріне, Қазақстан Президентіне, билікке, әскер мен халыққа ұзақ ғұмыр тілепті. Аяғында бір-біріне алғыс айтып, темір-терсек тағысып тарасыпты. Болды. Бітті. Енді осыны тарқатып жазайық.


Жалпы қалада ең алғаш рет крест шеруі 1914 жылы өздерінің сенімі бойынша азаптың көкесін көрген әулие Мефодияның табанды еңбегінің арқасында өткен екен. 1994 жылы сол кездегі Шымкент пен Ақмоланың епископы (қазір Шымкент пен Тараздың архиепископы) Елевферия пәтуа беріп, револицияға дейін басталып, кейін тоқтап қалған крестшілер шеруі қайта атқарыла бастапты. Содан бері жыл сайын өткізіліп тұратын көрінеді.


Сонымен, жыл сайын өткізілетін бұл жорық биыл кең ауқымда аталып өтті.


1.Крестный ход – крест шеруі. Бұл шеру. Ал Қазақстанда кез келген шерулер мен акцияларды, митингтер мен жиындарды өткізудің қатаң тәртібі бар. Нақтылайық. «ҚР-да бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» ҚР 1995 жылғы 17 наурыздағы № 2126 Заңы бар. Аталған Заңның 2-бабында «Жиналыс, митинг, шеру, пикет немесе демонстрация өткізу туралы республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органға өтініш беріледі» деп жазылған.



Кешегі крестшілер шеру өткізу үшін жергілікті атқарушы органға (әкімшілікке) өтініш берді ме? Құмар Іргебайұлы Ақсақалов басқаратын облыстың орталығы Қызылжар (Петропавл) қаласы. Оның әкімі – Болат Серікұлы Жұмабеков дейтін азамат екен. Бұлар әлгі рұқсатты беретін лауазым иелері. Крестшілер шеруін өткізуге Ақсақалов пен оның қарамағындағы әкім Жұмабеков рұқсат берген бе? Рұқсат беруді – оны дұрыс деп тану я қолдаудың бір формасына жатқызуға әбден болады десек, жоғарыдағы екі әкім крестшілерді қолдап отыр ма?


Олай деп топшылауымызға жоғарыда аталған Заңның 5 бабында жазылған шарттар себеп болды. Онда: «Жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстарциялар, сондай-ақ, оларға қатысушылардың сөз сөйлеуі өтініште көрсетілген мақсатқа сәйкес, белгіленген мерзімде және келісілген жерде өткізіледі» деп тайға таңба басқандай жазылып тұр.


2.Әлеуметтік желіге тараған бейне жазбада крестшілер шеруі қаланың автокөлік жолымен баяу жылжып бара жатқаны анық бейнеленген. Демек, діни жоралғы жасаушылар қаланың көлік қозғалысын шектеген болуы әбден мүмкін.


Бұл туралы аталған Заңның 5-бабында: «Жиналыстар, митингілер, шерулерді, пикеттерді, демонстрацияларды өткізу кезінде уәкілдер (ұйымдастырушылар), сондай-ақ басқа да қатысушылар қоғамдық тәртіпті сақтауға міндетті. Шараларды ұйымдастырушылар мен оларға қатысушылардың:


- көліктің және жаяу жүргіншілердің қозғалысына бөгет жасауына,


-елді-мекеннің инфрақұрылым обьектілерінің үздіксіз жұмыс жасауына кедергі келтіруіне,


-өзімен бірге суық қаруды, атыс және өзге де қаруды, сондай-ақ, адамдардың өмірі мен денсаулығына қарсы азаматтарға, және заңды тұлғалардың меншігіне материалдық залал келтіру үшін пайдаланылуы мүмкін арнайы жасалған немесе бейімделген заттарды алып жүруіне т.б. тыйым салынады.


-Уәкілдер (ұйымдастырушылар) осы бапта көзделген нормаларды бұзғаны үшін заңда белгіленген тәртіп бойынша жауап береді», деп анық жазылған.


3. Қазақстан көпұлтты мемлекет дейміз. 130-ға жуық ұлт пен ұлыс тұрады дегенді асқан дарақылықпен мақтан көреміз. Ал осы 130 ұлт кім, олардың саны қанша? Бұл туралы 2014 жылы «Abai.kz» ақпараттық порталында егжей-тегжейлі жазылған. Шындап келгенде халқының саны мың адамнан асатын 44, он мыңнан асатын 22, жүз мыңнан асатын 8, миллионнан асатын 2 ұлт бар екен.


Ал кешегі әлеуметтік желідегі бейне жазбадан крестшілер шеруіне қатысушы дін қызметкерлерінен бөлек, әлде бір әскери киімдегі азаматтардың да жүргенін анық көруге болады. Ол азаматтар жергілікті казактардың әскери формасын киген.


Біріншіден, казактар ұлт емес. 14-15 ғасырларда Украина және оңтүстік Ресей далаларында қалыптасқан әскери топ. 1917 жылға дейін Ресей империясының құрамында болған әскери әлеуметтік топ. Тіпті украин казактары 17-19 ғасырда пайда болған, қазіргі украиндердің аталары.


Десе де, олардың бейбіт күнде, Тәуелсіз Қазақстанның көшелеріне әскери киіммен шығып шерулетуі нені білдіреді?


«ҚР қорғанысы және Қарулы Күштері туралы» ҚР 2005 жылғы №29 Заңы бар. Аталған Заңның 22-бабы, 1-тармағында: «Қорғаныс министрлігі қорғаныс саласындағы мемлекеттік саясатты, Қарулы Күштерді әскери-саяси және әскери-экономикалық басқаруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган, сондақ-ақ, мемлекеттік авиация саласындағы уәкілетті орган болап табылады» деп жазылған. Оған қоса, осы баптың 2-тармағы, 4-тармақшасында: «Қорғаныс министрлігі мемлекетте біріңғай әскери-техникалық саясатты жүргізеді» деп анық көрсетілген.


Яғни, Қазақстанда біріңғай орталықтандырылған армия жасақталған. Олардың әскери формасы ресми бекітілген. Ал жоғарыдағы бейнежазбадағы азаматтардың үстіндегі киім – Қазақстан армиясының киімі емес. Сонда ол азаматтар қай мемлекеттің әскери киімін киіп жүр? Ұлттық киімі я ұлттық элементтерінің атрибуттары деуге және келмейді. Себебі, казактар – ұлттық емес әскери-әлеуметтік топқа жатады. Ал Қазақстанда кез келген әскери сала мен әскери құрылымдар, ұйымдар мен әскери қоғамдық бірлестіктер ҚР Қорғаныс министрлігіне тікелей бағынышты.


Ал әлгі азаматтардың Тәуелсіз Қазақстанның көшелерінде бөтен бір әскери форманы киіп алып шерулетуі – бұл Қазақстан армиясын мойындамауы ма?


Соңғы айларда Қазақстанда наразылық шерулері көбейді. Өткен жолы сол наразылықтарды жіпке тізіп едік, сізге өтірік, бізге шын жарты жылда жүзге жуық толқу болыпты. «Үнім жоғарыға жетсе» екен деп шырылдаған қара халықты (бала-шаға демей, тіпті кемпір-шалдың да аяғын жерге тигізбей) Тұрғымбаев басқаратын министрліктің полицейлері «көкпар тартысқа» салды. Мұның шектен шыққаны соншалық «мы не уроды» деп Сенат спикерінің сөзіне қарсы шыққан қаршадай мүгедек қызды да полицейлер күшпен көлікке тоғытты. Сөйткен Тұрғымбаев полициясын кешегі крестшілердің шеруінен көре қоймадық. Ең құрығанда, қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылап жүруі керек еді ғой (бәлкім сол маңда жүрген болуы да мүмкін)...


Жә, Кремльдің пропогандалық саясатына, ұлыдержавалық шовинизм шоуына айналған «Бессмертный полк» акциясын өз өңірінде өте-мөте құлшынып жүріп өткізген Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов шеруді өзі бастап жүргенін биыл көзбен көрдік. Абырой болғанда, Қызылжардағы крестшілердің шеруіне әкім Құмар Ақсақалов бармапты, әйтеуір. Шерулетіп жүрсе қайтер ек?!


Түйін. Сөз түйінінде айтпағымыз, Қазақстан – унитарлы мемлекет. Біртұтас мемлекет. Тәуелсіз мемлекет. Зайырлы мемлекет. Ол – провославтық мемлекет емес. Жаңағы шерушілер ұзақ ғұмыр тілеп, құлшылық қылып жүрген патриарх Кирилл – Қазақстанда дін лидері емес. Қазақстан халқының 70 пайызы ислам дінін ұстанады. Сондықтан, мұндай шерулер ел арасына іріткі салып, діни алауыздықты тудыруы әбден мүмкін. Бұл туралы «ҚР-да бейбіт жиналыстар, митингілер, шерулер, пикеттер және демонстрациялар ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы» ҚР 1995 жылғы 17 наурыздағы № 2126 Заңының 7-бабында: «Егер жиналысты, митингіні, шеруді, пикет қоюды немесе демонстрацияны өткізудің мақсаты нәсілдік, ұлттық, әлеуметтік араздықты, діни төзімсіздікті, тектік астамшылықты қоздыру, республиканың конституциялық құрылысын күш қолданып құлату, аумақтық тұтастығына қол сұғу, сондай-ақ, ҚР Конституциясының заңдары мен өзге де нормативтік актілерінің басқа қағидаларын бұзу болса, немесе оларды өткізу қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін болса, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы орган бұларды өткізуге тыйым салады» деп анық жазылған.


Сондықтан, Ақсақалов мырзаның апостолдардың аруағына табынушылық акциясы – арандату факторына айналып кетуі әбден мүмкін. Біздікі ескерту, біздікі сақтықтың сөзі.


Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

 




Көрілген: 1473    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 15.07.2019, 19:52

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    19 Қыркүйек, 16:41
    Абай іздеген ұлт бақыты...
    4 Қыркүйек, 11:47
    Г.Бельгер: "Оян, қазақ!"

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31