Алаш үні

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: Ақынның мақсаты – әлдекіммен қылыштасу емес, ақиқатқа көз жеткізу

  • Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: Ақынның мақсаты – әлдекіммен қылыштасу емес, ақиқатқа көз жеткізу

    Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА: Ақынның мақсаты – әлдекіммен қылыштасу емес, ақиқатқа көз жеткізу

8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Túrkistan басы­лымы арқылы қазақ қыздарына өз ақыл-кеңесімді айтқым келеді. Басылымдарыңызды замандастарыммен қатар оқитын жас қыз-келіншектер пайдалысын көңіліне тоқып, керегіне жаратар, ал айтқаным дұрыс емес десе, оны да түсінемін. Біз, ересектер қазір жастарға кей нәр­сені айтуға жасқанатынымыз рас. Дей тұрғанмен 75-ке келгенше талай нәр­сені көрдік, үйрендік, жирендік. Екі ғасырды бастан өткердік. Сол уа­қыт аралығында көңілге түйгенімді баян етейін.

Әйел – адамзаттың анасы, сол себепті ай­наламыздағы тіршілік әйелмен тығыз бай­ла­нысты. Уинстон Черчилль «Ұлтты жою үшін со­ғыс ашудың қажеті жоқ, ұлт әйелі жолынан тайса бол­ғаны, ұлттың өзі-ақ құриды» деген екен. Бұл сөй­лемнің астарында шындық жатыр. Сол себепті нә­зік жан иелерінің қолында дүниенің барлық кілті тұр­ғанын жете түсінгені жөн. Біз әжелер дәстүрін оқып, әжелер тәрбиесін көріп өстік. Басқа қоғамда өмір сүрсек те, сол дәстүрді жалғадық, сабақтас­тыр­дық. Тоқсаныншы жылдары біз аңсаған еркіндік, еге­мендікпен қатар, жаңа ұрпақ келді. Жаңа ғасыр да өзінің ерекшелігімен келгенін мойындаймыз. Өмі­рімізге жылдам еніп жатқан тың дүниелерге қуа­намыз, бірақ қазақ қыздарына сол жаңа­шыл­дық­тың ішінен тек қажеттісін алуды ұсынар едім. Осы 30 жыл ішінде қыздарымыз ел алмаған білімді алды, әбден пісіп жетілді, әлемді кезді, көпті көрді. Де­генмен біз әлі де ел болу үшін қазақ әйелінің кел­бетіне көңіл бөлуіміз керек. Ең алдымен, ата-баба­мыз қалыптастырған ананы сыйлау дәстүрін жо­ғалтпауымыз қажет. Байқасаңыз, соңғы уақытта ана­ны әлпештеу, анаға құрмет көрсету туралы әңгі­ме азайып бара жатыр.

Ана байқұс 30 жасқа толса да, үйіне бір бөлке нан әкелмейтін баласының асты-үсті­не түседі. Сомадай болып алып, таңнан кешке дейін компьютер алдында отырып, ойын ойнайтын жі­гіттің тамағын алдына тосып, тыныштығын күзе­теді. Біз қазір әйелді қоғамға қызмет етуін көп на­си­хаттаймыз. Бұл – дұрыс, әйел қоғамды дамытуға атса­лыссын. Дегенмен сол әйелдер ең әуелі өз оша­ғын, бесігін, баласын сақтай білуі керек екенін жа­дынан шығарып алған жоқ па? Соны ойланып кө­рейікші. Әйел – бәрінен бұрын ұяның күзетшісі.

Мен әйелдер өмірі туралы өлең жиі жазамын. Сол өлеңдерімде қазіргі қазақ қыздарының қан­дай болуы керек екенін сипаттаймын. Біреуін жұ­батсам, енді біреуін жылатамын. Қыздарға үлгі көр­сетіп, тәрбие берсем деп еліміздің батыс өңі­рінде шапқылап жүрмін. Осы жасымда университет, кол­ледж есіктерін қағып, қыздарға тәрбие сағатын өткізіп жүрген жайым бар. Сондағы мақсатым – қа­зақ қызының тәрбиесі мен бейнесін саралап, бүгінгі келбетін сипаттау. Ақынның қолынан басқа не ке­ле­ді дейсің? Жалпы, ақынның жүрегі – ең адал, ең таза жүрек. Ақын ешкімді алдай алмайды. Кейде ақын­дарды жоғары шенділерге тіс батырып, тізе бүк­тіре алмайды деп кінәлайды. Ақынның мақсаты – әлдекіммен қылыштасу емес, ақиқатқа көз жет­кізу. Қоғамды түбегейлі өзгерте салатындай ақын­ның мүмкіндігі жоқ.

Қазақ әйелі отбасында көп нәрсеге жауапты екенін сезінуі керек. Әйел үйдегі баласының мі­нез-құлығы үшін ғана емес, сонымен қатар ұлт тәр­биесі үшін қоғам, ел, халық алдында жауапты. Б­есікте жатқан балақайды Ұлы даланың батыры етіп, ақыны етіп, қорғаушысы етіп тәрбиелеуі керек. Осы ретте қазақ әйелі атқаруы тиіс борышты анық­тап алу керек деп есеп­теймін. Қо­ғам­дық істерге бел­сене араласқан әйелдердің арасында еркіндікті сез­ген соң, ең негізгі лауазым иесі – ана екенін ұмы­тып кететіндері бар. Біле білсеңіз, ана болу – үлкен жауап­кер­шілік. Арамызда еркіндікті ерсілікпен ал­мастырып алып жүрген әйелдер жетерлік. Бүгін­де кейбір ерлердің әйелдеріне қорған бола ал­май, базарға қап арқалатып, қала берді, арақ сат­қызып қоятынын көріп-біліп жүрміз. Құлай ғашық болып, сүйіп алған сұлу қызды ұрпақтың ұлы анасы ретінде әлпештегеннің орнына, төмпештей жө­не­ле­тін азаматтарымыз баршылық. Бұл деге­німіз – сол азаматтарды бағып-қаққан аналардың өз борышын орындай алмағаны деп білемін. Әл-Фараби «Адам баласына алдымен тәрбие беру керек, сосын барып біліммен сусындату қажет» дейді. Кішкене күнінен анасының аузынан обалдың не екенін, сауап қалай жазылатынын естіп өспеген бала өз бетімен өмір сүреді. Қазіргі ақпараттық технология ғасырында әлеу­меттік желінің пайдасы орасан. Дегенмен мұның ішіне жүктелген жаман нәрсені оқыған сайын, адам жамандыққа жаны құмарлана түседі, ал жақсы дүниені естіген сайын, адам жақсара бере­ді. Алайда жаман нәрсе тез жұққыш келеді емес пе? Қыздарға ұялы телефонға телміріп, біреудің мінін теріп, жамандығын тергенше, қасыңда ауырып жатқан науқас туысқаныңды емдеу жолдарын ізде, дәрігер болмасаң да, деніңді сау ететін мәліметтерді қа­рап, кімнің қандай жаңалық ашқанын біліп, же­тістікке жеткен ұлы тұлғалардың өмірінен хабардар бол дегім келеді. Әлеуметтік желідегі бәзбіреудің өмі­рін қызық көрмей, етегіңе жармасқан өз бұзық­тарыңды тәрбиелеп, күллі ел мақтаныш тұтатын аза­мат етіп өсір дегім келеді. Өз үйін қоқсытып, кө­шеге шапқылап жүрген жанды ұлтқа жанашыр деп айта алмаймын. Ұлы даланың даңқы байтақ жер­ге қаз-қатар тігілген отау иелерінің бақытты сәт­тері арқылы асқақтайды. Әр әйел өз отбасы мү­ше­лерін бақытты етсе, бүкіл ел бақытқа кенеледі.

Мойындауымыз керек, заман жақсылығымен келді. Дегенмен сырттан келген тың дүние­лер мен ережелердің түгелін қабылдап, әр көштің соңы­на еріп, өз тамырымыздан ажырап кетпеуіміз керек. «Қызға қырық үйден тыйым» деген ұста­ным­ды ескінің қалдығы демей, үнемі назарда ұстауымыз қажет. Осы тыйымдарды біліп-өскен қыз бақытсыз бол­майды. Ал ақылсыз қыз шоқ басқан тауық секіл­ді селкілдеп, бақытсыз күн кешеді. Кей әйел­дері­міздің еркіндік деген осы екен деп еркекпен жары­сып жүргені жақсылыққа апармайды. Ашуы келсе айқай салып, бір ұрып қалатын «арыстан» мінезді келіншектерді Құдай әйел етіп жаратқан соң, өз бол­мысына тән мінез-құлықтан ажырамауы керек деп білемін. Өмірде бақыт тапқысы келетін ер адам күн сайын әйел затына сый-құрмет көрсетуі керек. Ол үшін әйел адам өзін сыйлата алатындай дең­гейде болуы тиіс.

Ал тұрмыс құрмаған жас қыздарға айтарым:

«Болмау керек сүюдің жолы жаңа,

Қыз үлесі қашанда болу Ана.

«Жаным» деген жігітті жек көрмеңдер,

Өзі сүю қыздардың соры ғана…

Осы жолдар арқылы көрген-білгенімді, қазақтың әйелі кешкен нәрсені айтқым ке­леді. Ана болу, бесік тербету, қоғамға қызмет жа­сау, ұлтты сүю – аз шаруа емес. Махаббат жолында қыз бала ешқашан өзі сүйемін деп айтпауы тиіс. Сен сүйген емес, сені сүйген жігітпен көңіл жарастырған абзал. Тіпті, саған ғашық жігіт «Мен сені сүйемін» деп сезімін жасыра алмай, ашық айтса да, одан аз­дап қымсыну, қысылу керек. Жігітке қайтарар жауап­ты жұмбақ күйінде қалдырған ләзім. Қыз жұм­бақ болуы тиіс, осылайша жігіттер отау тігіп, не­мере-шөбере сүйгенше сол жұмбақтың шешімін іздеп, сүйген жарына таңғалып жүруі керек. Жігіт­тер құпияға толы қызды құлай сүюден, сол қызға өлең арнаудан ақын атанады. Сондықтан ибалы қа­зақ қызының жан сыры жұмбақ күйде қалуы керек.

 turkystan.kz




Көрілген: 2006    Пікірлер: 0

бейсенбі, 04.03.2021, 22:59

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31