Алматыда белгісіз біреулер Дінмұхамед Қонаев бейнеленген муралды бүлдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қазақ КСР Компартиясы ОК бірінші хатшысының суреті төрт жыл бұрын №3 шағынаудандағы ғимаратқа салынған. Алайда жақында адамдар біреу Қонаевтың портретіне мұрт салып кеткенін байқаған. Қоғам қайраткерінің бейнесін кім арамдағаны әлі белгісіз.
Tengrinews.kz редакциясы полицияға сауал жолдады.
Еске салайық, 2017 жылдың күзінде № 122 мектептің маңында үлкен мурал салынған болатын. Онда мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаев бейнеленген. Көркем элементтің биіктігі екі метр. Граффитиді Tigrohaud crew бірлестігінің көше суретшілері бір күнде салған.