Алаш үні

Алтын кілт

  • Әбілқайыр хан.  https://abai.kz/

    Әбілқайыр хан. https://abai.kz/

Мәскеу, 19 ақпан 1731 жыл.

Тарихи миниатюра

Қазақ Ордасынан Ресей императрицасына Әбілқайыр ханның жазған хатын алып келе жатқан елшілер әуелі 1730 жылғы қыркүйекте Уфа шаһарындағы әкім Бутурлин-воеводаға мән-жайларын баяндап, Әбілқайырдың оған арнап жіберген жазбасын тапсырды. Воевода тілмәшіне оқытып, хатпен мұқият танысты. Елшілермен жақсылап сұқбаттасты. Сосын оның тапсырмасы бойынша Уфа кеңсесі империяның шетелдік істер алқасына елшіліктің патшайымға бара жатқан мақсатын кеңінен таратып әңгімелеген қызметтік баянхат әзірледі.

 

Әскери қызметтен бригадир шенінде доғарысқа шығып, өткен жылы ғана воеводалыққа тағайындалған Петр Иванович Бутурлинге қазақ ханының арнайы жолдаған хатын орысшаға аударып, оған қоса тіркеді. Тиісті тәртіппен рәсімделген поштамен шабармандар аттанғаннан кейін, Уфа әкімі қосып берген жолбасшылармен бірге қазақ елшілігі де орыс астанасына қарай сапарын жалғастырды...

 

Олар бетке ұстап келе жатқан патшайым осы 1730 жылдың басында ғана орыс патшалығының тағы алғаш орныққан Мәскеуге Балтық теңізі жағындағы Курляндия делінетін шағын елдің астанасы Митавадан келген болатын. Қоңыраулатқан сәнді шаналар керуенімен Кремльге кірген. Салтанатты түрде. Өйткені ол, Анна Иоанновна, Империя тағына отырғызу үшін арнайы шақырылған-ды. Бұл 1730 жылғы 15 ақпан еді. Бес күннен кейін оған – орыс патшайымына – мемлекеттің жоғары мәртебелі шонжарлары мен биік әскери шенділері адал болатындықтарын білдіріп, ант берген. Тағы бес күннен кейін солардың бір үлкен тобы патшайым Анна Иоанновнаның құзырына қайтадан құлдық ұра кіріп, Жоғарғы Құпия Кеңес оны таққа шақыру үшін жасаған кондицияға – патшайымның биік мәртебелі құқтарын шектейтін шарттар түзілген құжатқа – келіспейтіндіктерін айтқан. Патшайымның толық құқықты самодержавие иесі болуын қалайтындықтарын жария еткен. Бұл Аннаға жағымды пікір еді, ол осылай беделді сановниктердің, генералитеттің, гвардиялық қосындар офицерлерінің, дворяндардың көпшілігі өзінің жағында тұрғанын білгенде, көздерінше Жоғарғы Құпия Кеңестің «алдамшы» құжатын алды да, жыртып тастады. Өзінің Россияға бірден-бір қожа, самодержица және императрица екенін жария етті. Үш күннен кейін түрлі биік дәрежелілер мен билік тұтқаларындағылардың бәрінен Ұлы Россияның самодержавиелік императрицасы ретінде қайтадан жаңа ант қабылдады. Артынша арнайы пәрменімен Жоғарғы Құпия Кеңесті таратып, І Петрдің кезіндегі Билеуші сенатты бұрынғы мәртебесінде қалпына келтірді. Сосын, Ант алу рәсімінен екі ай өткенде, 1930 жылғы 28 сәуірде, Кремльдің тақ орнатулы ақшаңқан салтанатты залында патшайым Анна Иоанновнаға Ұлы Россия империясының тәжін ресми түрде кигізу жорасы жасалды.

 

Орыстың алып империясы тағына Литва Ұлы княздігінің вассалы боп табылатын кішкентай герцогтік астанасы Митавадан шақырылып отырғызылғанына көңілі марқайған отыз бес жасар тығыршықтай толық, шат-шадыман жесір келіншек содан бері өзінің айналасына көңіліне жағатын адамдарды жинап, патшайымдық қуанышына сай шаттықта өмір сүріп келе жатқан. Ең алдымен Курляндиядан өзінің нақсүйері, шүбәсіз фавориті Эрнст Иоганн Биронды алғызды. Ол және канцлер Андрей Остерман (Генрих Иоганн Фридрих) императрица Анна Иоанновнаның оң қолы болды. Ресей патшалығының тізгіні ақырын сусып, іс жүзінде осы екеуінің қолына ауысты. Көбіне солардың кеңесімен орыс империясындағы күллі биліктің шешуші тұтқаларына шетжұрттық немістер тағайындалып жатты. Орыс армиясының басына да немістен фельдмаршал Христофор Миних (Бурхард Кристоф фон Мюнних) қойылды. Кезінде Петр патша немере қарындасы Аннаны кішкентай Курляндияның герцогіне өзінің батыстағы ықпалын арттыру үшін ұзатқан еді, енді сол герцогтің жесірі Россияға оралып, Ұлы Петрдің тағына отырып алғаннан соң, алып Россияның өз алпауыттары билік тұтқаларынан ығыстырылып, орындарын шетелдіктер, жер-суы да, халқы да, күш-қуаты да құп-құртымдай бөтен елден келген шет жұрттықтар басып жатты.

 

Әзірге канцлер Головкин ғана пәлен жылдан бергі лауазымын сақтап тұрған-ды. Ол, граф Гавриил Иванович Головкин, Петр патшаның реформаларына сәйкес құрылған Шетелдік істер алқасының президенті болатын. (Анна патшайым оны сыртқы істер алқасының президенттігінен қозғаған жоқ, ол дүниеден көшкен 1734 жылдан кейін ғана орнына Остерманды қойды). Гаврила Головкин Бірінші Петрдің анасының туысқаны болғандықтан, жастайынан патшаның жанында болған-ды. Петр патшаның жорыққа шыққан уақыттарында өзімен бірге алып жүретін көшпелі кеңсесін сол басқарды. Содан І Петр оны 1706 жылы патшалықтың жаңадан құрылған елшілік істерімен шұғылданатын мекемесін басқаруға тағайындаған. Ол кезде мемлекеттің шетелдерге байланысты шаруаларымен – сыртқы істермен айналысатын кеңсесі Посольский приказ, яғни Елшілік әкімдігі деп аталатын. Он жыл өте аты Елшілік алқасы деп өзгертілді. Сосын Шетелдік істер алқасына айналдырылды. Бұл Россияның шет мемлекеттермен қарым-қатынасын қарастырып, жөнімен меңгеруді қамтамасыз ету үшін құрылған орталық басқарманың органы еді. Міне, соны ұзақ жылдар бойы тұрақты түрде империядағы бірінші канцлер Головкин басқарып келеді. Міндетін абыроймен атқарып жүр. Әрдайым патшаның нұсқауларына сәйкес әрекет етуде. Ешқашан өзінің әлдеқандай бастамасы барын көрсетпестен, патшаның әр сөзін қатаң сақтап, тиянақты түрде орындап отыруға өте мұқият көңіл бөліп тұрды. Ұлы Петр өмірден өткеннен кейін де, жоғарғы билікке риясыз берілгендігінің арқасында, үзеңгілестерінің көпшілігінен ерекшеленіп, өзінің қызметінің бұрынғы мән-маңызын сақтап қалды. Ұлы Петрдің екінші әйелі болған Екатерина патшайым тұсында, 1726 жылы өмірге келген мемлекеттің биліктің жаңа органы Жоғарғы Құпия Кеңестің мүшесі болды. Алып империяны әйелдер басқара бастаған, негізінде сол 18-ші ғасырдың соңына дейін созылған қатын-патшалар дәуірінің басы болған І Екатерина тақта отырған кезде, сарай ішіндегі қулық-сұмдыққа толы амалдарға құрылған билік ойындарынан шеберлікпен аман өтіп жүрді. Оны патшайым да жоғары бағалады. Ештеңеге де күдік туғызарлықтай қызығушылық танытпайтын, адал, ең сенімді адамы деп білді. Сондықтан да оған І Петрдің әлі бесіктен белі шықпаған дерлік немересінің, он бір жасар болашақ патшаның қамқоршыларының бірі етіп тағайындаған өсиетнамасын – мемлекеттік актіні сеніп тапсырған-ды. 1727 жылы Бірінші Екатеринаның денсаулығы нашарлап, қысқа патшайымдық ғұмыры аяқталды. Сол жылы бала таққа отырғызылды, император Екінші Петр атанды. Екі жыл өте, 1930 жылғы 19 қаңтарда, өзінің үйлену тойының қарсаңында, он төрт жасар бала-патша дүние салды. Сонда канцлер Головкин бұл құжатты өртеп жіберді. Себебі онда жас императорда бала болмаған жағдайда, ол өлгеннен кейін тақ Ұлы Петрдің кейінгі ұрпақтарының біріне берілуі керектігі айтылған-ды. Бірақ одан тікелей еркек тұқымды ұрпақ қалмаған еді, сондықтан ол империя тағына І Петрдің қамқорлығын көрген немере қарындасы, Романовтар тұқымы Анна Иоанновнаны әкелуді қалады. Сол себепті оның патшайым болуының шарттарын айтып, шектерін белгілеген Жоғарғы Құпия Кеңестің «Кондиция» атты құжатына қол қойды...

 

Әкесі Иоанн патшадан үш жасында қалған он жеті жасар Аннаны немере ағасы Петр патша саяси мақсатпен Курляндия герцогіне тұрмысқа берген-ді. Князь Меншиковтің сарайында некесі қиылған. Ертеңіне сонда патша мәртебесіне сай дүрілдетіп той өткізілген. Содан герцог Фридрих Вильгельм Петербургте екі ай бойы өрімдей келіншегімен ертегідегідей шат күндер өткізген. Ақыры жас жұбайлар 1711 жылғы 8 қаңтарда Курляндияға қарай жолға шыққан. Алайда қаладан шыға берісте-ақ, жол үстінде, Дудергоф маңында герцог дүниеден озады. Тағдырының мұндай қайғылы ақыры оның ішкілік ішу өнерін меңгеруі жағынан орыс императорының өзімен бәсекелесуден тартынбағанынан, сөйтіп шамасын білмей қалғанынан болды десетін жұрт. Не керек, болар іс болған да, жас жесір анасы Прасковья патшайымның қолына қайтып оралған. Бірақ патша ағасы Петр келесі 1712 жылғы жазда Аннаны герцог Фридрих Вильгельмнің жесірі ретінде тиісті орнын алуы үшін Курляндия астанасы Митаваға аттандырды. Сонда Анна 1930 жылғы қаңтарда Жоғарғы Құпия Кеңес тарапынан Россия тағына отыруға шақырылғанға дейін қалған-ды. Шетел істері алқасының президенті канцлер Головкин Ұлы Петрдің қарындасын таққа шақыруға, сосын, патшайым Мәскеуге келгеннен кейін, оның самодержавиеге толыққанды қожайын-билеуші болып, жаһан мойындайтын императрица атануына септесті. Императрица Анна Иоанновна оның бұл жәрдемін ұмытпаған еді...

 

Шет мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастарға жауап беретін Сыртқы істер алқасының президенті ретінде Гавриил Головкин Ұлы Петр императордың бұл реттегі күллі іс-әрекеттері мен жоспарларына қашаннан қанық болатын. Және оларды жүзеге асыруды көздейтін шараларды әрқашан патша көңілінен шығардай дәрежеде орындауға күш салатын. Шығыс бағытына байланысты Ұлы Петрдің әлденеше жобасы болды. Солардың бірі де бірегейі – Азияға төте жолмен тереңдеу еді. Бірақ тура жолда – жабық қақпа секілденіп ұлан-ғайыр дала жатқан. Соны ашатын кілтті қолға түсіру керек-тұғын. Дұрысында, сол Ұлы дала төсіндегі қақпа күзетшісі іспетті көшпенді халықты бағындыру қажет еді. Бірақ бұл оңай шаруа емес-тін. Міне, олар ұзақ жылдар бойы, сонау Ермак заманынан бері, ұдайы казактармен соғысып келе жатыр, бірақ беті қайтар емес. Оларға қарсы, канцлер Головкиннің өзі куә, астыртын түрде қалмақтар мен башқұрттар да айдап салынуда. Бірақ оң нәтиже шамалы, айтуға тұрмайды. Қалмақтардың оңтүстік-шығыстағы туыстарына, жоңғар хандығының астанасына Ертіс бойымен жүзіп барған экспедиция арқылы оларды Ұлы Россияның қамқорлығына алу жайында ұсыныс жасалды, алайда қабыл алынбады. Шетел істері алқасының тілмәші Мәмед Тевкелев қалмақ хандығы шонжарларының арасына жіберілген-ді. Сонда ол ұзақ уақыт қалмақтың тілін үйренді, қалмақ шенділерімен өз адамдарындай сұқбаттасты, ақыры олардың құпия сырын білді. Россия протектораты боп тұрған қалмақ хандығының түстіктегі жоңғар хандығымен астыртын сөз байласып, екі араларындағы жалпақ кеңістікте жатқан қазақ елін басып-бағындырып алу, сөйтіп Ұлы далада баяғы Шыңғыс хан заманындағыдай жаңа империя құру мақсаттары барына империя әкімшілігінің көзі жетті. Сөз жоқ, Ресей ондайға жол бермек емес. Олар соғыссын, жаулассын, бірақ бірікпесін. Сондай оймен патша жоңғарларға арнайы елшілік жіберді. Өз беттерінше зеңбірек құюды қолға алған жоңғарлардың оқ-дәрі қаруларымен жақсылап жарақтануына, сөйтіп қазақтарға қарсы үлкен де жойқын шабуыл жасауына астыртын көмек көрсетілді. Қазақтар «ақтабан шұбырындыға» ұшыратылды, десе де бой бермеді. Қырылып бара жатып, феникс-құсша тіріліп кетті, қайта еңсе көтерді. Петр патша сонда оларға қарсы дипломатиялық айла-амалдарды батылырақ іске қосуды қош көрді. Бұл көшпенді хандық қайткенде қуатты Россияның қамқорлығына сүйенуді, протекциясына алынуды мақұл көруге тиіс, қанша қаржы қажет болса, сонша жұмсап, оларға соны мойындату қажет деді. Сондай жолмен ғана Азия қақпасының кілтін қолға түсіруге болады деді. Петр патшаның өзі және оның Сібірдегі, Қазандағы әкімдері әр кезде Тәуке ханмен, ол қайтыс болғаннан кейін Қайып ханмен, ол қаза тапқаннан кейін Әбілқайыр ханмен ағымдағы саяси жағдайларға байланысты қарым-қатынас жасаған, хат жазысқан, елшілер алмасысқан. Енді сондай шаруаларды алға қойылған жаңа мақсат орайында епті амалдармен жүргізу керек-тұғын. Бірақ бұл істің орындалуын көру императордың өз маңдайына жазылмады. І Петр аңсаған қақпаны ашатын алтын кілт ол қайтыс болғаннан бері алтыншы жылға аяқ басқанда ғана, мұрагерлерінің көз алдында кездейсоқ мен мұндалады...

 

Өткен күзге салым Шетел істері алқасының президенті канцлер Головкин Уфа воеводасы Петр Бутурлиннің баян-хатын оқып отырып, патшайымға беттеген қазақ елшілігі мен оның мақсаты жайындағы қызық ақпаратқа қанықты. Ұлы Петрдің арманын орындаудың қисыны келгенін тез-ақ пайымдады. Және мұны жүзеге асыруды кімге тапсыруға болатынын да бірден ойлап қойды. Ол – Алқа аудармашысы Мәмед Тевкелев еді. Тевкелев көптен қарамағында шығыс тілдері тілмәші боп істейтін. Дұрысында, патшаның тікелей бақылауындағы бұл құрылымда әуелі оның әкесі, ағалары да істеген, солардың ішінде осы кіші Тевкелев ерекшеленді. Оны Петр патша да ұнатты. Шығыс тілдерін жақсы білетіндігінен өзінің тікелей тілмәші етіп алды. Аудармашы ретінде Тевкелев патшаның маңызды жорықтарына бірге барып жүрді. Орыс-түрік соғысы барысында, 1711 жылы Петр патша Осман империясы қоластындағы Молдова княздігіне жорыққа шығып, Прут өзені жағасында армиясымен қоршауға түсіп қалған. Сонда, жеңіліп бара жатқанында, түріктің бас уәзірімен бейбіт келіссөз жүргізуіне Тевкелев ширақ та тапқыр, шешен де ділмәр тілмәш ретіне септесті, сөйтіп патшаның тұтқындалудан аман қалуына, түріктермен қолайсыздау болса да, өзіне тиімді шарт жасасуына қатысты. 1722–1723 жылдарғы Каспий жорығында да Тевкелев Петр патшаның қасында болды. Заманында құдіретті болған парсы мемлекеті ыдырай бастағандағы оның жорығына байланысты парсылармен, түріктермен жүргізіліп-жасалған келіссөздеріне тілмәштік етті. Сондағы орысқа қаратылған иеліктер Петрдің қазасынан кейін көп ұзамай, Анна Иоанновнаның пікірінше болашақсыз аймақ деп саналғандықтан, қолдан шығып кетті. Келешегі зор өңір жайында Ұлы Петр армиясымен теңізге шығар алдында Астраханда бір жоспар айтқан, соны тілмәші көкірегіне түйіп қалған-ды. Онысы империялық сыртқы істер алқасының президенті боп жүрген Ұлы Петрдің нағашысының ішкі тілегімен керемет үйлесіп тұрған. Ал оның ішкі тілегі Шығыстағы бағалы байлықтарға тұнған аймақтардың қақпасы қазақ жері болмағын, оны ашудың кілті сондағы халықты өз ықпалына түсіруде жатқанын бағамдаған патша-жиен өзіне шерткен сырдан туындаған-тын. Мемлекеттің сыртқы істер жөніндегі құрылымының президентіне қолға алынуға тиіс жоспар ретінде І Петрдің айтқанын енді, орайы келіп тұрғанда, осы жігерлі де мансапқұмар чиновник жеріне жеткізе орындарына күмән жоқ. Головкин солай ойлады. Шынында да, канцлер қазақ елшілерімен әңгімелескенде, олардың тілін жақсы білетін тілмәш Тевкелев тамаша дәнекер болды. Канцлер Головкин бойшаң, арық кісі, қай жағынан қарасаң да зиялы, сыпайы, еш кірпияздығы жоқ қарапайым, қадірменді қария, сонымен бірге шетелдіктер дегенде әр сөзіне мән беріп сөйлейтін сақ адам еді. Және отаншыл, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоятын кісі-тін. Ұлы Петр өз алдына, Екатерина патшайымға да, ІІ Петр патшаға да, Анна патшайымға да әрдайым адал қызмет етіп келе жатқан қайраткер. Самодержавиеге пайдалы болуы ықтимал жаңалықты тез түсініп, сөзсіз қолдайды. Киім киісі мүлдем қарапайым канцлер қабылдауына өз елдерінің салт-дәстүрлеріне, өздерінің ондағы мәртебелеріне сай әсем де көрнекі, сыпайы да жинақы киініп келген келбетті, ақылды, ұстамды қазақ елшілерін көнетоздау сұр костюммен қарсы алған-ды. Олардың экзотикалық тұрпаттарына елеусіз көз тастай отырып, сабырлы кейіппен елшіліктің түпкі мақсатын дәл аңдауға тырысқан. Аңдады да. Аңдай отырып, Әбілқайыр хан армандаған протектораттықтың болашағы ол көздегендей емес, протектордың мүмкіндік беретін дәрежесіндей ғана болуы тиістігін пайымдады. Қазір қайткенде Ұлы Петр қалаған бір жапырақ қағазды қолға түсіру маңызды, ал оны империя мүддесіне бұру – оңайдың оңайы, ол патшайымның ерік-жігеріне тәуелді болмақ... Көзі жетіп отыр, тілмәш Тевкелев оларды жұмсап отырған Әбілқайыр ханның патшайымға арнап жазған хатын орысшаға патшайымның мерейін өсіре түсетіндей сөз саптауларды пайдаланып, қазақтардың күні түскендіктен жалына келген түрлерін танытатындай етіп аударған. Тәржіме-мәтінді канцлер қатты ұнатты. Кейін оларды – өздерінше сырбаз да өр кейіп танытатын осынау далалық елшілерді – патшайым алдына апарғанда да, қабылдау кезінде де ділмәр тілмәш жорға тілімен жақсы кеңес өткізуге себепкер болды. Содан оған елшілерді орыстың екі астанасындағы патшалықтың күш-қуаты мен ұлылығын танытатын орындарға апарып, көңілдерін мықтап аулау тапсырылды. Сол тұста Головкин патшайыммен тиісті пікір алысып, қажет ой қорытты да, қазақ ханына оның елшілерімен бірге баруға тиіс үлкен орыс елшілігін жасақтауды бастады. Және оны басқаруға Тевкелев таңдап алынды...

 

Қазақ даласына елшілік желеуімен аттандырылатын арнайы экспедиция жасақталып біткеннен кейін, сыртқы істер президенті Головкин Кремльге келді. Фаворитімен бірге аң аулауға барып, екі бетін аяз сүйіп көңілді оралған патшайымға екі маңызды құжат жобасын алып кірді. Бірі елшілік басшысына, яғни тілмәш Тевкелевке арналған нұсқаулық еді. Оны Шетел істері алқасында мұқият пысықтап, өзі бекіткен. Патшайымға қолдауын алу үшін таныстыруды қош көрген-тін. Соны көрсетіп, мазмұндап берді. Құжат сол күні «Киргиз-Қайсақ ордасына, оны Россия бодандығына әкелу үшін» аттандырылып отырған «шығыс тілдерінің тәржімешісі Мегмет Тевкелевке Шетелдік істер Мемлекеттік Алқасынан Нұсқау» деген атпен рәсімделген-ді. Президент-канцлердің өз қолынан өте тәтпіштеле қаралып дүниеге келген бұл құжат бойынша, Ұлы далаға арнайы жасақталып жұмсалмақ елшілік мәртебесіндегі керуеннің басшысы ретінде Мәмед Тевкелев өзіне міндет етіп жүктелген он екі бабтан тұратын тапсырманы мұқият орындауға тиіс еді. Оның басты мақсаты Қазақ Ордасын Ресейдің протектораты етуге, қазақтарды Ресей боданы башқұрттармен тату болуына, сол мақсатта Россияның қамқорлығына алынуы керектігіне иліктіру үшін дипломат Тевкелевке бағыт-бағдар беру болатын. Нұсқаудың 1-ші тармағында оның Қазақ Ордасына, онда олардың басты және бірінші ханы Әбілқайырға, оның осында келген және Тевкелевпен бірге кері қайтарылған Құтлұмбет би мен Сейітқұл батыр бастаған елшілерге қосылып бірге баруын міндеттеген сөздер жазылған-ды. 2-ші тармақ бойынша Тевкелевке «Эбулхаир Ханда болып», оған мына сөздерді айту міндеттеледі: «сен, Әбілқайыр хан, елшілерің Құтлымбет Қоштаевты және Сейтқұл Қойдағұловты өзіңнің жазған парағыңмен («с листом своим») және ауызша жолдаған өтінішіңмен ...Бүкілресей Самодержицасы және Императрицасы Анна Иоанновнаға жіберіп, сен, Хан, барлық иелігіңмен қоса россиялық бодандыққа қабылдансақ, сөйтіп россиялық бодандармен бейбітшілік жағдайда болсақ дедің. Содан ...Государыня Императрица сендерді – қазақтың аға ханы Әбілқайырды және барлық қазақ әскерін («Киргисъ-Кайсацкого Хана Эбулхаира, старшину и все Киргисъ-Кайсацкое войско») сендердің сұрануларың бойынша Россия бодандығына қабылдауды қош көрдік және әмір еттік. Осы жөнінде саған – Әбілқайыр ханға – және барлық Қазақ әскеріне («войску Кайсацкому») Оның Императорлық Ұлылығының хаты («грамота») сенің жіберген елшілеріңмен жолданды, татар тіліндегі көшірмесі тіркелді». Татар тілінде қалай жазылғаны және 1931 жылғы 10 қазанда Әбілқайыр ордасындағы бас адамдар құрылтайында қайтіп жария болғаны беймәлім, дегенмен орысшасындағы «бодандыққа қабылдау» деген тіркес көшпенділердің түсінігінде «қорғанымызға, қамқорлығымызға алу» ұғымын беретіні анық болатын.

 

Осыларды «Грамотасында» айта келе, патшайым «соны растау үшін және Өзінің Императорлық мейірінің белгісі ретінде» Тевкелевтің оларға не деуі керектігін нақтылап көрсеткен. Елшіні қазақтарға Анна Иоанновна «Өзінің Императорлық Ұлылығының хатымен («грамотасымен») жұмсағанын айтуға тиіс». Нұсқаулық бойынша одан әрі елші былай деу керек: «Және маған сендерді үміттендір деп нұсқау берді, Оның Ұлылығы сендерді – Әбілқайыр хан мен күллі Қазақ әскерін («Киргисъ-Кайсацкое войско») Өзінің риясыз мейіріне бөлейтін болады. Және өзара сеніммен, сендер де – Хан және барлық әскер – өздерің уәде бергендей, өздеріңді Оның Императорлық Ұлылығына адал бодандарға лайық ұстайды деп үміттенеді». Осы сөздерді айтып болғаннан соң Тевкелев нұсқау бойынша патшайым беріп жіберген (қылыш, тон, бөрік, мата, т.б.) сыйлықтарды ханға тапсырады. 3-ші бабта Әбілқайыр мен өзге де хандардың бодандыққа кіруге Құран ұстап ант етуін және қолдарын қойдырып алуын Тевкелевтің ұйымдастыруы керектігі айтылған. 4-ші бабта елшілердің патшайымға ауызша айтып келгендері еске алынып, ханның өзінен немесе әйгілі адамдардан, башқұрттар секілді, Уфаға аманатқа балаларын жібере ме, ясак төлеп тұра ма, соларды анықтау тапсырылды. Егер келіспесе, мейлі, қол қойғызып, адалдықта тұрамыз деген уәдеге қанағаттану жөн екені 5-ші бабта айтылды. 6–8-ші бабтарда ханның патшайымға жауап-хатының қандай мазмұнда болуы керектігі, ханнан келген елшілерді қабылдауда жасалатын жағдайлар, қазақ еліндегі ресейлік тұтқындарды қайтаруға қол жеткізу мәселелері, ал 9-шы бабта Тевкелевтің тұрақты түрде күнделік жүргізуі және онда не жазылуға тиістігі тәтпіштеп көрсетілген. 10-шы бабта оның анықтауға тырысқан мәселелері мен қазақтар жайындағы жазбалары мейлінше құпия болуы, жазғандарын ешкімге көрсетпеу қажет екендігі, оны қазақтар түгіл, қасындағы елшілік адамдары да білмеуі тиістігі шегелеп көрсетілді. 11-ші бабта Әбілқайыр хан аманатқа бала берген жағдайда және алған тұтқындарын қайтарғандай болса, оларды Уфа воеводасына қандай шартпен тапсыруы керектігі жазылған. 12-ші бабта барлық тапсырманы орындап, Мәскеуге оралғаннан кейін, Тевкелевтің Шетелдік істер алқасына толық есеп беретіні ескертілген.

 

Анна Иоанновна нұсқаулықты да, Головкиннің түсіндірмелерін де мақұлдады. Ең бастысы, Ұлы Петрдің өзі айтқандай, – қазақтардың Россияның протекциясын қабыл алатындықтары жайындағы бір жапырақ қағазды қолға түсіру... Қалмақтар да ішкі істерімізді өзіміз шешетін протекторат болдық деп ойлаған, бірақ империя мүддесі олардың дербестенуін көтермейтінін танытып келеді емес пе... Қазақ та сондай мәртебеде болады, міне, Анна Иоанновна өз атынан жіберілетін хаттың мазмұнына көз салсын... Головкин паишайымға «Киргиз-кайсак Ордасының Старшинасы Эбулхаир Ханға және барша әскерге сыйланған Грамота» деп аталған құжатты, бүгінгі тілге аударғанда «Қазақ Ордасының аға ханы Әбілқайыр ханға және оның әскеріне» жоғарыдан берілген сый есепті жолданатын хат жобасын таныстыруға көшті. 1731 жылғы 19 ақпанда рәсімделген бұл құжатта күллі мадақ мәртебелері («Құдайдың мейіріміне бөленген», «Асқан жарқын», «Құдіреті айрықша үстем», «Бүкілресейлік Императрица және Самодержица», т.т.) «Біз» деген жалқы да өр атауға тіркеліп тізілген «Ұлы Государыня Анна Иоанновна» Әбілқайыр ханға және «барлық Қайсақ Әскеріне» өзінің «Біздің Императорлық Ұлылығымыздың мейірбандығы» деп атаған Хаты («Грамотасы») жазылған. Хатта оның Әбілқайыр ханның өзіне «жазған парағынан», ханның елшілері Құтлымбет Құштаев (Кутлумбет Куштаев) және Сейтқұл Құдайқұлов (Сейткул Куйдантулов) арқылы естігендерінен: «Біз, Ұлы Государыня, Біздің Императорлық Ұлылығымыз... сенің барлық иелігіңмен Біздің бодандығымызда және Россия бодандары Башқұрттармен бейбітшілікте болғың келетін тілегіңді білдік» дейді. Одан әрі: «Эбулхаир Хан, біздің қоластымызда мынандай шарттармен болғың келетінін сенің елшілерің осында ауызша жеткізді» деп, оларды мынандай төрт тармақпен жүйелейді: «1) сендер патшайымға адал болуға және башқұрттар тәрізді ясак (натуральды салық) төлеп тұруға уәде етесіңдер; 2) Россия бодандары тарапынан ешқандай кикілжің, шапқыншылық болдырмауын сұрайсыңдар; 3) егер барша Қайсақтарға әлдебір дұшпан шабуыл жасай қалса, онда сендер Россия бодандарымен қатар саналып, одан «Біздің императорлық Ұлылығымыздың қорғауында» күзетілулерің үшін, «сендерді Россия бодандарымен бір» санауымызды қалайсыңдар; 4) сендерден башқұрттар және басқа Россия бодандары алған ясырларды (тұтқындарды) қайтарсақ, сендер өздерің алған россиялықтарды қайтарып беруге әрі башқұрттармен және қалмақтармен тату тұруға уәде қыласыңдар».

 

Одан әрі патшалықтың Әбілқайыр ханның хаты мен оның елшілерінің ауызша жеткізген шарттарын қабылдай келе, Қазақ Ордасына протектор болуға келісетіндігі патшайым атынан былай тұжырымдалды: «Сонда Біз, Ұлы Государыня, Біздің Императорлық Ұлылығымыз, сені, Киргиз-Қайсақтың аға ханы Эбулхаирды және бүткіл Киргиз-Қайсақ әскерін» қамқорлығымызға қабылдап, «сендердің өтініштеріңе сәйкес, сендерді жоғарыда айтылған, өздерің шарт етіп қойған бабтардағы талаптарыңмен бодандыққа алуға әмір еттік». Қабылданған шарттар өз түсініктерімен былай тұжырымдалды: «Сондықтан да сендер – Хан және барша Киргиз-Қайсақ әскері – өздеріңді Біздің Императорлық Ұлылығымызға және Біздің Мұрагерлерімізге тұрақты адалдықта ұстауға тиіссіңдер, Біздің Императорлық Ұлылығымыздың пәрменімен сендерге басқа Россия бодандарымен, башқұрттармен, қалмақтармен бірге Біздің қызметімізге баруға жарлық берілгенде, сендер олармен бірге ықыластарыңмен баруға тиіссіңдер. Башқұрттарға және Жайық казактарына және қалмақтарға және басқа да орыс бодандарына ешқандай шабуыл, жорық жасамайсыңдар, олармен бейбіт және ұрыспай өмір сүресіңдер. Астраханнан, басқа жерлерден және сендерге және сендердің тұрғын жайларың мен басқа жерлерге көшу орындарың арқылы келе жатқан Россияның бодан көпестері керуендеріне де ешқандай кедергі келтірмей және реніш тудырмай, оларды жолдағы барша қауіптен қорғап, өтіп бара жатқандарында барынша көмектесулерің керек». Хаттың соңында: «Сенің елшілерің, Эбулхаир хан, бізге келгенге дейін, Мәскеуде болғандарында азық-түлікпен қамтамасыз етілген, оларға қайтарында да біздің сыйымыз берілген, және саған – Эбулхаир ханға – қайтарылғанда, жолға қажет көлікпен, азық-түлікпен қамтамасыз етілген. Біздің Императорлық Ұлылығымыздың мейіріне сен, Эбулхаир хан, сенімді бол», – делінді. Императрица мәтінге ризашылықпен көз салды да, қолына қауырсын қаламсабын алып, сияға малды. Мәтіннің соңына мәнерлеп «Анна» деп жазды. Аса Жоғары мәртебелі хат «Москвада, 1731 жылғы ақпанның 19-шы күнінде», патшайым Анна Иоанновнаның атынан: «Біздің Мемлекеттік билік құруымыздың екінші жылында берілді», – деп рәсімделді...

 

...Бір аптадан кейін жолға шығып, жарты жылдай сапар шеккен елшіліктер керуенін, қазақ шегіне іліккенінде, Әбілқайыр ханның сәнді киінген екі жүз сарбаздан тұратын құрметті қарауылы күтіп алды да, үлкен салтанатпен ханның жазғы ордасына бастап апарды. Алда өзара қиғаш түсініктер мен мүдделер тайталасы тосып тұрған еді...

 

Бейбіт Қойшыбаев
abai.kz




Көрілген: 810    Пікірлер: 0

сенбі, 25.07.2020, 11:21

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    25 Шілде, 11:21
    Алтын кілт
    10 Шілде, 15:16
    Әуезов Америкада
    30 Маусым, 10:29
    Ұлы империя мұрагері
    17 Маусым, 16:39
    Абайдың атын қимайды
    15 Маусым, 12:32
    Әлем таныған Абай
    12 Маусым, 16:35
    Абай және Бауыржан
    8 Маусым, 14:21
    Абай және Мұстафин
    26 Мамыр, 16:22
    Бозбала Бейсен
    19 Мамыр, 16:42
    Өнеге-өмір

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29 30
    31