Алаш үні

Арыстанбек Мұхамедиұлы:  Қазақтың ұлттық намысы – ұлы жетістіктерінің негізі!

  • Арыстанбек Мұхамедиұлы:  Қазақтың ұлттық намысы – ұлы жетістіктерінің негізі!

    Арыстанбек Мұхамедиұлы:  Қазақтың ұлттық намысы – ұлы жетістіктерінің негізі!

Өнертану ғылымдарының докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлының Қазақ радиосына берген сұхбаты.

- Арыстанбек Мұхамедиұлы, өзіңізді ұлтымыздың, өнеріміздің жанашыры ретінде бағалаймыз. Жалпы, ҚР Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың өнер саласына жасаған ең маңызды еңбектеріне тоқталып өтсеңіз.

- Мемлекеттің даму деңгейін экономикасы мен елдің рухани байлығы көрсетеді деп есептеймін. ӘРБІР МЕМЛЕКЕТТІҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫ &ndash БИІК ҰСТАНЫМЫМЕН БАҒАЛАНСА КЕРЕК. Мысалы, Ежелгі Рим өркениеті, басқа да өркениетті мемлекеттер биік шыңға жетіп кейін құлдырап кеткенін білеміз. Ал, кейбір мемлекеттер қандай кезеңді басынан өткерсе де, өз мәдениетін, рухани байлығын биік деңгейде ұстап қалды. Мысалы, екінші дүниежүзілік соғыста неміс халқы жойылу алдында болды. Тіпті, алып мемлекет екіге бөлініп те кетті. Рухани мықтылығының арқасында Германия қайта бірігіп, бүкіл дүниежүзіне ықпалды мемлекетке айналды. Жапония екі рет атом бомбасы тасталса да, қайта өркендеп, әлемдегі жетекші мемлекетке айналып отыр. Өзімізге келсек, Қазақстанды да әлем мойындап, құрметтейді. Себебі, біз өткеніміз кемел, болашағымыз айқын мемлекетпіз.

Мен үнемі «БІЗ ҰЛЫ  МЕМЛЕКЕТПІЗ» деп айтумен келемін. Өкінішке орай, бұл сөзіме кейбір азаматтарымыз қарсылық білдіріп жатады. Тіпті, «жоқ, біз Кеңес Одағында болғанымызда мықты едік» деп уәж айтатындар да бар.

Алайда, өткен ғасырдың 21-ші және 30-33 жылдардағы алапат ашаршылықтан елімізде қазақтардың үштен бірі ғана қалды. Ал, 1937-1938 жылдардағы сталиндік жүйенің «Үлкен террор» атты саяси қуғын-сүргіні салдарынан қаншама жазықсыз зиялыларымыздан айырылдық.

«Артың жалын, алдың мұз, барар едің қай жаққа», деп ұлы Абай айтқандай жағдайды бастан өткердік. Неге осындай жайттар ескерілмейді? Бірақ, өз сөзімнің дәлелі ретінде біздің ең мықты тарихымыз сақ кезеңінде, «АЛТЫН АДАМ» дәуірінде басталғанын айтудан шаршамаймын. Б.з.д. V ғасырда көптеген халықтар теріден киінген заманда ата-бабаларымыз металды қорытып қана қоймай, технологиялық жетістіктерге қол жеткізген. Алтынмен әшекейленген, сәні мен салтанаты жарасқан қоғамда өмір сүрген. Бұл сөзімді басқасын айтпағанда, тарихи тамырымызға жаңаша көзқараспен қарауға негіз болған «Есік», «Берел», «Шілікті» және т.б. ескерткіштерден табылған алтын жәдігерлер айғақтайды. Біз алтын жәдігерлерге тек бұйым ретінде қарамауымыз керек. Мұнда жоғары философия мен биік өркениеттің белгісі бар. Ал, Азияны дүр сілкіндіріп, Ежелгі Рим, Византия империяларын бағындырған, тіпті Ұлы қытай қорғанын салуға мәжбүр еткен Ғұндарды, олардың аты аңызға айналған әйгілі көсемі Аттиланы білесіз. Аттила есімі адамзат тарихындағы ұлы тұлғалар &ndash Александр Македонский және Юлий Цезарьмен қатар аталады.

Оның бер жағындағы Түрік қағанаты өз алдына. Түркі жазба өркениетін дүниежүзіне паш еткен, әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолының негізін салып, берік қорғаны болған КҮЛТЕГІН, БІЛГЕ, ТОНЫКӨКТЕЙ қағандар Ұлы далада айбынын асырып, күш-қуатын танытқан. Түркі қағандары үш ғасыр бойы билік жүргізіп, ел басқару жүйесін, даналығы мен ата дәстүрін өшпестей етіп құлпытастарға көне түркі алфавиті &ndash «сына» немесе «руна» жазуымен қашап кеткен. Демек, бабаларымыздың төл жазуы және алфавиті болған.

Сондай-ақ, өз заманының ұлы стратегі ретінде мойындалған, айбынды қолбасшы ретінде даңққа бөленген Шыңғыс хан, оның үлкен ұлы Жошы хан мен немересі Батудың тарихтағы орны бөлек. Жошы хан негізін қалаған Алтын Орда мемлекетінің өркендеуі Бату хан билік құрған уақытпен тұспа-тұс келеді. Халық «Сайын хан», яғни «қайырымды», «әділетті» деп атаған Бату Алтын Орда мемлекетінің астанасы &ndash «Сарай-Бату» қаласымен қатар, ірі-ірі шаһарларды салдырған. Жалпы, Алтын Орда кезеңінде ғылым-білім кеңінен қанат жайып, әдебиет пен мәдениет дамып, өркениетті қоғамның негізі қаланған. Кыпшақ тіліндегі біздің ғажайып «Кодекс­Куманикус» атты шығармамыз осы кезеңде жарық көрген. Оның төл нұсқасы Армениядағы Матенадаран мұрағатында сақтаулы. Ал Венецияның мұрағатында саудагерлерге арналған жол көрсетуші көне кітап бар. Ол бес тілде жазылған. Бес тілдің бірі көне түркі тілі. Бұл кітапта Ұлы даладағы әдеп жүйесі мен түркі елдерінің ерекшелігі туралы тың мәліметтер берілген. Қалай таң қалмайсыз?! Ұлан-ғайыр даланы сақтап қалған ата-бабаларымызға қалайша бас имеске?

«АЛАШОРДА» мемлекетін құрған А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейхан, М. Дулатов сынды арыстарымыздың еңбегін ерекше атап өтуіміз керек. Жазба әдебиетке келсек, ұлы Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім сынды көптеген ойшылдарымыздың орны бөлек. М. Жұмабаев түркі әлемінде поэзия, лириканы жоғары деңгейге жеткізген тұлға. Осындай рухани байлығымыз бола тұра біз неге ұялуға тиіспіз?

Тоталитарлық жүйенің құрсауы бізді толықтай жойып жібере алмады. Ұлттық болмысымыз жүйенің езгісінен жоғалып кетпей, осы күнге жетіп отырмыз. Совет құрамындағы көптеген ұлттарға «ов», «ев» секілді тектеуді күштеп таңды. Біз де сол үрдістен шет қалмадық. Қазіргі Ресейдегі аз ұлттар өз болмысын жолғалтып Иванов, Сидоров болып кетті. Мен де сол «ев» деген жалғаудан арылмақ ниетпен 2007 жылы өтініш жазып, бір жылдан асқанда әзер дегенде өзгерттім. Осы қадамды бір-екі әккі журналисттер Р. Алиевпен байланыстырып, одан саяси астар да іздегені рас. Шындығына келгенде жас кезімнен арманым &ndash тегімді «Мұхамедиұлы» деп әкемнің есіміне өзгерту еді. Бұл біріншіден, менің тегіме деген құрметім. Екіншіден, әр халықтың тегі өз ұлтының ерекшелігін сақтауы тиіс деген азаматтық ұстанымым. Біз де өз дәстүрімізге сәйкес құжат жинаудың қиындығына қарамастан тез арада тегімізді қазақшалауға міндеттіміз.

Тәуелсіздік алған 30 жылдың ішінде күллі әлемге танылдық. Әлемнің қай мемлекетіне барсаң да, тіпті «Силикон аңғарында» (Silicon Valley), одан бөлек АҚШ-тың мықты ғылыми орталықтарында, ұлттық компанияларында, дүниежүзіне танымал театрларда қаракөз қандастарымызды кездестіресің. Әсіресе, жастардан дирижер Алан Бөрібаев, опера әншілері Сүндет Байғожин, Медет Шотабаев, Мария Мудряк, балет бишілері Бахтияр Адамжан, Әйгерім Бекетаева, Мадина Басбаева және тағы да басқа жұлдыздарымыздың есімдерін кез-келген мемлекеттің афишаларынан көресің. Ал, Димаш Құдайберген баламыздың абыройын айтпаса да түсінікті. Димаштан кейін конкурстарға барып жатқан жастарымызға жюри мүшелері «шеттерінен сауатты, сымбатты, мәдениеті ерекше азаматтар» деп, тамсанады. Жерге түскен құнарлы дәннің міндетті түрде жайқалып өсіп шығатындығы айқын емес пе? Демек, БІЗДІҢ РУХАНИ БАЙЛЫҒЫМЫЗ КЕМЕЛ БОЛҒАННАН КЕЙІН ЖАСТАРЫМЫЗ БИІККЕ ҰМТЫЛЫП ЖАТЫР.

1997 жылы Президент оркестріне басшы болып келдім. Басында аз ғана үрлемелі оркестр болған. Оркестрді үлкен ұжым ретінде қалыптастыруға жағдай жасаған генерал Сәт Тоқпақбаев ағамызға көп рахмет. Ол кезде жаспыз. Шабытымыз тасып тұр. Н. Өнербаев, С. Татубаев, Б. Тілеухан, М. Шалабаев, Қ. Жолдыбаев, Ш. Сапарғалиқызы, Е. Жаңабергенова, А. Қосанова, А. Балажанова, К. Төленбаева сынды көптеген жап-жас таланттар жұмыс істейтін. М. Садуақасова мектепті жаңадан бітіріп келген болатын. Қазір бәрі де өнерден өз жолдарын тапқан кәсіби мамандар. Қайыржан Жолдыбаев бүгінде Мюнхен театрында қызмет етеді. Елбасымыз әрдайым «Бар жағдайларыңды жасаймын. Еңбек етіңдер. Қазақтың атын шығарыңдар» деп, қанаттандыратын.  

- Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін өнеріміз қалай дамыды?

- Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жеткен жетістіктеріміз ұшан-теңіз. Оған Халықаралық ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде көзіміз жетті. Дүниежүзіне танымал  Пласидо Доминго, әлем дирижері Зубин Мета сынды мэтрлер алғаш келгенде, біздің жастарымыздың білімділігіне мән беріп, таң қалды. Шетелден келген қонақтар «Сіздердің жастарыңыз өте білімді, талантты, сымбатты, шет тілін игерген өте сауатты екен. Қазақстанға келгенге дейін біздің жалпы Орта Азия туралы пікіріміз өзгеше еді.  Жоқ, керісінше екен!» деп, риза болысты. Осының барлығы 30 жылдың ішінде еліміздің қарқынды дамып, жеткен жеңістерінің арқасы.

- Арыстанбек Мұхамедиұлы, қазір де Қазақстанның материалдық, рухани және мәдени мұрасын насихаттау жолында еңбек етіп келесіз. Музейлердің даму деңгейі қандай? Қалай ойлайсыз,  шетел азаматтары Қазақстанды тұтастай көне тарихы мен бай мәдениеті бар, қарқынды дамып келе жатқан заманауи мемлекет ретінде танып үлгерді ме? Тарихымызды айтқанда делебеміз қозатын халықпыз ғой. Әлде «тарихымыз сан ғасырдан тамыр алған» деген құр дақпыртпен жүрміз бе?

- Музей дегенде алдымен археологияны айтуымыз керек. Тарихымыз қандай бай болғанына қарамастан археология саласының дамуы кенжелеп қалды. Біздің қазіргі археология негізінен  асыл  дүниені табуға бағытталған. Тапқан артефактілерді мақтанып көрсетіп жатамыз. Әрине, ол да керек шығар. Бірақ, ҚАЗІРГІ МЕНІҢ МАҚСАТЫМ - САҚ ДӘУІРІНДЕ АТА-БАБАЛАРЫМЫЗ ҚАНДАЙ ҒИМАРАТТА ӨМІР СҮРДІ? деген сұраққа жауап табу. Бүгінде барлығы бір ауыздан «киіз үйде тұрды» деген пікір түйген. Жаз мезгілінде тұрған шығар. Бірақ, киіз үйде зергерлік орталық аша алмайсың ғой. Неге? Алтынды рудадан бөліп шығару үшін оны кемінде 1000 градуста қыздыру керек. Одан кейін химиялық қоспалардан катализатор жасап, алтынды ажыратып алу қажет. Демек, үлкен ғылыми орталық болғаны анық. Яғни, жоғары дәрежедегі «ӨНДІРІС ОРНЫНЫҢ» болуы қисынды. Алтынды өндіргеннен кейін зергерлік бұйым жасау үшін микроскоп секілді құрал керек. Адам көзінің ондай тым ұсақ дүниеге жетуі қиын. Ол мықты білім мен философияны қажет етеді. Мысалы, Алтын адамның бас киімінде неге арқар бейнеленген? Ол - тәңірліктің белгісі. Төрт жебенің ұшы ше? Ол дүниенің төрт бөлігі немесе төрт бұрышы дегенді меңзейді. Ал, ондай өндірісі күрделі дүниелерді киіз үйде отырып жасау қиын. Менің мақсатым &ndash сол кездегі ата-бабаларымыздың тұрған үйін, қолөнер өндірісі орнын іздеп табу...

НЕГЕ КЕҢЕС ДӘУІРІНДЕ БІЗДІҢ МАЛ БАҒЫП, КИІЗ ҮЙДЕ ТҰРҒАНЫМЫЗДЫ ҒАНА КӨРСЕТТІ? Осы көзқарасты түбегейлі өзгертуіміз керек! Егер, біз тек малдың соңында жүрген болсақ, мұндай биік дәрежеге жетпес едік. «Таңбалы тас» тарихи-мәдени  ескерткішіндегі және т.б. киелі орындардағы петроглифтер де, тасқа қашалып жазылған көне түркі жазулары да тарихта қалмас еді. «Алтын адам» тостағанындағы жазуды білесіздер. Әзір оған әртүрлі расшифровка жасалды. Көне шаһар «Күлтөбедегі» жүргізіліп жатқан қазба жұмыстары нәтижесінде де қышқа жазылған құнды жәдігерлер табылуда. Тағы да қайталап айтамын, егер жоғары деңгейдегі ғылым мен өнер болмаса, дүниежүзін таңқалдырған мұндай құнды жәдігерлеріміз болмас еді.

Біздің шығармаларда мал бағатын адамдарды төмендетіп көрсетеді. Малшы болса жігерсіз, сауатсыз, өмірде жолы болмаған, киімі жұпыны адам елестейді. Солай көрсетті, санамызға сіңірді. Ал америкалықтар ше? Тарихи тұрғыдан алғанда ковбойлар американдық рухани мәдениеттің бөлігі саналады. Олар үшін «Ковбой» деген керемет адам. Мысалы, Американың президенті болған Дж. Буштың үлкені зейнетке шыққанда өзінің Техастағы ранчосына барып тұрды.

Ковбойлар дәстүрлі киімі - кең шляпасы мен қайыс шалбарын тастамады. Тіпті, олардың «Мальборо» деген темекісіне арналған видеоклипі де бар. Ал, көркем фильмдерінде ковбойлар екі қолындағы тапаншаларды айналдырып нысананы көздемей атып жатады. Асау аттарды үйретеді. Яғни, ковбой деген үлкен ерліктің белгісі ретінде қалыптасқан.

«Ковбой» деген сөздің өзі ағылшынша cow - «сиыр»  және boy - «жігіт» деген екі сөзден тұрады. Аудармасы сиырды бағатын малшы. Яғни, «сиыршы». Неге олар өз тарихында малшыларын керемет етіп көрсетеді? Неге? Біздің де малшыларымыз асауды үйреткен, көкпар тарқан, қыстыгүнгі аяз бен боранға дес бермеген, қасқырларды бір қолымен ұрып құлатқан. Алайда, осындай жігіттерімізді біз «бейшара» бейнесінде көрсетеміз. Кеңестік психологияға сүйеніп, сондай қадамға барамыз. Себебі, санамызға әбден сіңірген. Өкінішке орай, қазіргі уақытта да фильмдерімізде мұндай сюжеттер кездеседі. Неге асау атты үйретіп жатқан сәттерді түсірмеске? Неге қасқырлармен арпалысқан малшылардың қайсарлығын көрсетпейді? Мен «Балуан Шолақ» фильмін түсіру процесі басталғанда еліміздің тарихын басқа қырынан көрсетуге көңіл аударуды сұрадым. Өзіңіз білесіз, «Балуан Шолақ» фильмінің басында екі балаға қасқыр шабады. Сонда жас та болса, олар жігерлілігінің арқасында қасқырды жеңіп шығады. Неге басқа да фильмдерімізде солай көрсетпеске? Сол фильмде Балуан Шолақты мейілінше батыр, шыншыл, ұлтжанды, намысқой образда бейнеледік. Осылайша, бұған дейінгі фильмдердегі қазақ тұрмысын бейшара етіп көрсететін стереотипті бұздық.

БІЗГЕ ӨЗ ИМИДЖІМІЗДІ КӨТЕРУІМІЗ КЕРЕК! Сол үшін халқымыздың рухани мәртебесін арттыруға күш салуымыз қажет! Елімізде зерттелмеген «Сауран», «Сарайшық», «Сығанақ» секілді керемет ежелгі қалалардың орындары бар. Өкінішке қарай, қазба жұмыстары көп қиындықпен баяу жүруде. Мұндай жұмыстарды тек қана министрлік жүргізеді деген дұрыс емес. Оған жергілікті биліктің де ықпал еткені жөн. Ел болып, халық болып жұмылып атсалысуы тиіс. Мұны өз тәжірибемнен білемін. Себебі, министрлердің ішінде ең ұзақ бес жарым жыл қызмет атқарған мен. Өткен жылдың 1 желтоқсанында «Отырар» қалашығында визит-орталығы ашылды. Ондағы мақсатымыз &ndash қорық-музейдің функцияларын, мәдени-ағарту және имидждік бағыттарын жүйелеу. Тарих ғылымын археология, реставрация, өнертану, этнографиямен ұштастыруға жағдай жасау. Ол не үшін керек? «Отырар», «Күлтөбе», «Тамғалы тас», «Ұлытау» десе шаң жуытпай, тамсанып, таңдайымызды қағып айтамыз. Бара қалсаң, басқасын айтпағанда су ішетін орын жоқ. Жошының мавзолейі мен Алаша хан мазарының арасы да ұзақ шақырым. Әдейі барған соң бір орталықтың аясында, табылған дүниелерді ғылыми тұрғыда көретін де мүмкіндік жоқ. НЕГЕ ОНДАЙ ОРТАЛЫҚТАР ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН САЛЫНБАДЫ? Өткен жылы «Отырарда» орталық салынса, енді «Ұлытауда», «Тамғалы таста» ашылады.

БІЗГЕ ҒАЛЫМДАРҒА ЖАҒДАЙ ЖАСАУ КЕРЕК! Олар қашанғы палаткада тұра береді? Өзіміздің немесе шетелден келген ғалымдар болсын, жұмыстарына ықпал етуіміз керек. З. Самашев, К. Байпақов, Қ. Алтынбеков сынды ғалымдарымызға көп рахмет. «Берелге» барып палаткасын құрып, еш қиындыққа қарамай талай құнды жәдігерлерімізді жарыққа шығарып жатыр. Сондай ғалымдарға дұрыс жағдай жасасақ, нәтижесі мүлде басқаша болатыны сөзсіз. Одан бөлек «Сарайшықта», «Сығанақ» пен «Сауранда» орталық ашуымыз керек. Шығыс Қазақстан облысының әкімі, халқымыздың біртуар азаматы Д. Ахметов осы өңірге келгеннен бастап, Алтай даласындағы тарихи жұмыстар қолға алынып, керемет жандандырылып жатыр. Сол сияқты мәдениет пен тарих жанашырлары, елімізге белгілі Б. Ізмұхамедов, Н. Ноғаев, И. Тасмағанбетов сынды азаматтардың қолдауымен «Сарайшықта» да жұмыстар басталды. Біз әлі бірінші қадамды ғана жасап жатырмыз. Осы ғылыми орталықтарды тездетіп, қарқынды түрде ашсақ қазақтың тарихын түгендеп, жоғалғанымызды табар едік. БАЙТАҚ ЖЕРІМІЗДЕГІ ӘЛІ ДЕ АЯҚ БАСПАҒАН ТАРИХИ МЕКЕНДЕРІМІЗДІ ЗЕРТТЕП, РУХАНИ ҚАЗЫНАМЫЗДЫ ТОЛТЫРУҒА ТИІСПІЗ!

Шетел музейлері мен мұрағаттарында бізге тиесілі құнды жәдігерлеріміз жетіп артылады. Оны алдыру оңай шаруа емес. Бірақ, алдағы уақытта сол құндылықтарымызды зерттеп, «ЦИФРЛЫҚ ФОРМАТТА» алып келіп «Шетелдегі қазақ жауhарлары» деген көрме ұйымдастырсақ керемет дүние жасаған болар едік. Сонда Луврға, Эрмитажға баратын туристермен қатар, еліміздің қонақтары, отандастарымыз да шетелдегі жәдігерлерімізбен, олар арқылы тарихымызбен, мәдениетімізбен танысуға үлкен мүмкіндік алады. Осы бастаманы Ұлттық музейдің алдағы бес жылдық жоспарына енгізіп, қолға алып жатырмыз. Қорыта айтқанда, археология және музей саласын қарқынды дамыту кезек күттірмейтін мәселе.

- Біздің елде мәдениет министрлігіне спорт та, тіл комитеті де тағы да басқа салалар біріктірілген. Жалпы осы жүйені дұрыс деп санайсыз ба?

- Менің ойымша мәдениет пен туризм үнемі бірге болуы керек. Туристер болмаса музейлер мен археологиялық жаңалықтарымызды кімге көрсетеміз? Әрине, отандастарымызға және шетелден келген туристерге насихаттап, дәріптеу басты міндет. Туристер біздің ғажайып тарихымыз бен табиғатымызды жүрген жерлеріне паш етеді.

Дүниежүзіндегі дамыған мемлекеттерде министрліктің саны аз болып келеді. Экономикалық жағдай неғұрлым төмен болса, соғұрлым министрліктер көп болады. Жалпы көп министрліктерді аша берудің қажеті жоқ. Келешекте министрліктің халыққа ықпалы жоғары болмауы тиіс. Неге десеңіз, бизнес болсын, жалпы халықтың өзін-өзі қаржыландыруы мен дамуы жоғары болса, мемлекеттің ықпалы аз болады.

Біздің мемлекетіміздің 70%-ы мемлекеттік ұйымдар. Бұл халықтың алға дамуына үлкен кедергі. Неғұрлым мемлекеттік құрылымдар аз болса, соғұрлым орта бизнес дамып, халық өзін-өзі емін-еркін сезінеді. Мысалы, білім саласын айтайық. Жоғарғы оқу орнын бітіруші түлектерімізге университетті бітірген соң міндетті түрде бір ұйымға жұмысқа орналасу керек дегенді оқу орнының басшылығы да, ұстаздары да, ата-аналары да санасына құяды. Бұл оқу орны үшін көрсеткіш, ал ата-ана үшін міндет болар. Алайда, мұндай сөздерден кейін бала психологиялық тұрғыдан мүгедек болып шығуы әбден мүмкін. Оқуда ұстаздары, үйде ата-аналары «қандайда болмасын бір мекемеге жұмысқа орналас, жұмысқа тұр» деп міндеттеген балада «жақсы қызметке тұра алмасам, оқу орны мен үйдегілердің сенімін ақтамағаным» деген комплекс пайда болады. Баланы солай ойлауға мәжбүр етеміз. Осындай ойдан баланы арылтуымыз керек. Жеке немесе заңды тұлғаға барып жұмыс істе деп, итермелеуді доғаруымыз қажет. ӘРБІР БАЛАНЫ «ТҰЛҒА» РЕТІНДЕ ТӘРБИЕЛЕУГЕ ТИІСПІЗ!

Планетамыздың ең танымал, әрі ықпалды адамдары саналатын атақты Билл Гейтс, Стив Джобс, Илон Марк осы дәрежеге қалай жетті? Олар өздеріне ұнайтын еңбекпен шығылданып, жастайынан жеке кәсіп ашқан. Біз де ұрпағымызды еңбексүйгіштікке тәрбиелеп, өз кәсібін ашуға баулығанымыз жөн. Сонда қоғам мүлде басқаша болар еді. Нақтырақ айтқанда, әр қазақтың отбасында өзінің кішігірім фабрикасы болуы керек. Сол үшін қазіргі жүйе түбегейлі өзгертуді қажет етеді.

- Мен қазақ радиосында қызмет еткендіктен «алтын қордағы» қазыналармен көп жұмыс жасаймын. Сонда байқағаным, соңғы 10-20 жылда біздің опера әншілеріміздің әндері, ариялары мен романстары, оркестрлердің орындауындағы шығармалар жоқтың қасы. Кей әншілер эстрадалық сүйемелдеумен айтқан. Бірақ ол таспаларды кәсіби оркестрмен жазылған шығармалармен салыстыруға келмейді. Осы мәселені шешуге кәсіби музыкант ретінде қандай ақыл кеңес бере едіңіз?

- Иә. Дұрыс айтасыз. Бұрынғы кезде қазақ радиосының мықты студиясы болған. Еркін саудаға көшкен кезде біз көп дүниемізді жоғалтып алдық. Бірақ, ол тек сұраныс болған кезде орнына келеді. Мен бір мысал келтірейін. Белгілі шетелдік білім орталықтарымен бірлесіп қазақ жастары арасында «қазақ ұлтының патриоты болу үшін не істеу керек?» деген сауалнама жүргіздік. Сонда біздің жастардың 99%-ы «қазақ тілін жетік білуім керек, салт-дәстүрімді сақтауым қажет» деп жауап берген. Мұндай жауапқа шетелдік мамандар: «Қалайша өз ана тілін білуді жетістік санайды?» деп, түсінбестік танытқаны бар. Жапон жапонша, ағылшын ағылшынша, неміс немісше білуі аксиома. Өз тіліңді туғаныңнан білуің керек. Ол сенің өмірің. Ол сенің ұлттық болмысың. Салт-дәстүрді ұстау &ndash сенің парызың. «МЕН ҚОҒАМҒА ҚАЛАЙДА ПАЙДА ӘКЕЛЕМ, ОНЫҢ ДАМУЫНА ӨЗ ҮЛЕСІМДІ ҚОСАМ» ДЕГЕН АДАМ ҒАНА НАҒЫЗ ПАТРИОТ!

 

Қазір классикалық композитор болған ұтымды емес!

 

- Өзіңіз еліміздің мәдениет саласын басқардыңыз. «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында қазақ балеті жоқ. Кейінгі жылдары жазылған ұлттық опералар кемде кем. Осындай кәсіби мамандарымыз тұрғанда неге ұлттық операмызды, балетімізді сахналамасқа? Өзге елдің шығармалары қашанғы бізге азық болмақ?

- Елімізде ең үлкен үш опера бар. Ол А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай», Е. Брусиловскийдің «Қыз Жібек», М. Төлебаевтың «Біржан-Сарасы». Әрине, басқа да опералар бар. Бірақ негізгі алдыңғы қатарлы опералар осылар. Ұлттық балеттер де жазылды. Оларды жоғары деңгейге жеткізе алмадық. Бұл біздің кемшілігіміз.

Т. Қажығалиевтің «Степная легенда» деген музыкасына балетті бірнеше жылдан бері қоя алмай келеміз.  Кішігірім балеттер репертуардан түсіп қала береді. Ұлттық өнерді дамыту мемлекеттің тікелей міндеті. Сұрақтарыңыз өте орынды. Тағы бір айтарым, БІЗДЕ ҮЛКЕН «СИМФОНИЯЛЫҚ ОДА» ЖОҚ. Бұрын А. Жұбановтың, М. Төлебаевтың және тағы басқа композиторларымыздың осы бағыттағы кішігірім шығармалары болған.

ЭКСПО-2017 көрмесіне бөлінген қаржыны тиімді пайдалану мақсатында  қазіргі заманғы ең танымал британдық композитор Карл Дженкинсті шақырып, «Жайна, Астана»  (Shine Astana) деген қазақтың музыкаларынан жинақталған оратория қойдық. Оны әлемдегі ең мықты музыканттардан құралған Халықаралық симфониялық оркестр орындады. Аталған композитор бұған дейін «Абай» және «Шәкәрім» симфонияларын жазған. Мұндай үлкен дүниелерді мемлекеттің қолдауымен жасағанымыз жөн. Қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібекті» Е. Брусиловский жазды. Шығарма ұлттық мәдениетімізді дүниежүзіне танытып жатыр. Бұдан кім ұтты? Әрине, ұлттық өнеріміз ұтты!

- Басшылық саладағы ең басты ұстанымыңыз қандай?

- Ұлтымның мәртебесін көтеру.

- Неге олар фильмдерінде қазақты бейшара қылып көрсетеді?  Қазақ киносына көрерменнің қашан көңілі толады?

- Өте өзекті сұрақ. Біздің жақсы қасиетіміз бар. Кино шықса, керемет екен, ұнады, жетістікке жеттік дейміз де, сонымен қатар сыни көзқараспен қараймыз. Спортта бізге тек алтын медалін алу керекпіз деген сияқты қазақ үшін үлттық көркем фильм &ndash дүниежүзіндегі үздік туынды болуы тиіс. Бұл тағы да халқымыздың ерекшелігін, талапшыл екенін көрсетеді. Көрермендер жақсы болғанның үстіне жақсы болса екен деп тілейді. Ол өнер адамдарын қамшылайды. Ал көңіл толып, марқайып қалғаннан кейін, жалған мақтау мен мадақтау сөзсіз орын алады.

Біздегі үлкен кемшілік &ndash киноны өзіміз үшін түсіреміз. Ол да керек әрине. КИНО &ndash ҚАЗІР ӨНЕР САЛАСЫ ЕМЕС, ИДЕОЛОГИЯ ЕМЕС,  БИЗНЕС ТЕ ЕМЕС, ОДАН ДА АСЫП КЕТКЕН ЕРЕКШЕ БАҒЫТ БОЛЫП ТҰР. Бүгінде кино елдің тарихына, дамуына ерекше әсер етеді. Бір орында тұрып қалуға болмайды. Бақытымызға орай Р. Әбдірашев, С. Нарымбетов, Т. Теменов, Е. Тұрсынов, А. Сатаев, С. Құрманбеков, Н. Садығұлов сияқты кәсіби режисерларымыз бар. 

Біз алғаш рет мемлекетіміздің атынан «Әміре» фильмін шетелге прокатқа шығардық. Осыған дейін фестивальдерге де барып жүрдік, алайда  қазақ фильмі үлкен прокатқа шыққан емес. 2018 жылы «Әміре» фильмі АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен халықаралық «Hollywood Film Festival» кинофестивалінің ақтық сайысында «Best Global Hollywood Film» жүлдесін жеңіп алды. «Әміре» фильмін түсіргеннен кейін: «Әміре Қашаубаев дүниежүзіне танымал композитор Джордж Гершвинмен дос болған жоқ», «шет тілін білген жоқ» - деген сияқты пікірлер естідік. Сонда не, Әміре шапанын сүйретіп, домбырасын арқалап жүре берген бе? Онда әншіні не үшін Парижге алып барды? Керісінше, ол өте талантты, білімді, көрікті азамат болған. Өнер туындысы деген &ndash ертегі. Керек жерінде асыра көркемдеп, әсерлі етіп көрсетуіміз қажет. Ал, біз керісінше үнемі өзімізді төмендетіп көрсетеміз. Ол туралы жоғарыда айтып өттім.

Әңгіменің ашығын айтайын кейбір режиссерларымыз бар. НЕГЕ ОЛАР ФИЛЬМДЕРІНДЕ ҚАЗАҚТЫ ТӨМЕНДЕТІП КӨРСЕТЕДІ? Ауылды түсірсе жұпыны, есіктері жабылмайды. Ал, етті көрсе жабайы адамша жейді, бір-біріне деген құрмет жоқ, адамгершіліктен жұрдай. Кино деген &ndash адамды өмірге құлшындыруы тиіс! Үміт сыйлауы керек! Халық ішінде идеология саласында да қоғамның дамуын қаламайтындар бар. Елбасы оларды «бесінші элемент» дейді. Олар шетелден ауқымды гранттар алады. Сондай пиғылы теріс адамдарды тоқтатуымыз керек! Бізге елімізді жақсы жағынан көрсететін көркем фильмдер түсіру қажет.

Американдық танымал актёр, әрі продюсер көрерменге «Пианист» фильмі арқылы танымал Эдриан Броудиді әуежайдан қарсы алуға бардым. Сонда кейбір азаматтар «министр бола тұрып бір актерді қарсы алуға барды» деген әңгіме айтты. Мен таңғы 5-те тұрып, әуежайдан Э. Броудиді күтіп алдым. Мақсатым &ndash сол күні кешке «Астана Опера» театрында өтетін Густав Малердің №8 симфониясын тыңдауға шақыру болатын. Ұсынысымды естіген актер: «Қалай?! Густав Малер?! №8 симфония?!» - деп, таң қалды. «Орындаушы 1200 адам. Келіп көріңіз» - дедім. Броуди: «Мүмкін емес!» - дейді. Қасындағы импресарио: «Біз 24 сағат ұшып келдік, шаршадық» - деп жатыр. Мен: «Өздеріңіз білесіздер. Менің міндетім сіздерді шақыру» - деген едім. 3-4 сағаттан кейін Эдриан Броуди телефон шалып, театрға келетінін жеткізді.

Густав Малердің бұл шығармасы өте күрделі туынды. Оны орындаған мемлекет музыкалық деңгейі жоғары сатыда деп есептелінеді. Ол келе салып, симфонияны видеоға түсіріп әлеуметтік желі арқылы дүниежүзіне жіберіп жатты. Сонда кім ұтты? Мен министр басыммен әуежайдан қарсы алғаным үшін ұтылдым ба? Әлде, актердің қазақтың жетістігін бүкіл әлемге паш еткенінен ұттық па? Ойланып қараңызшы. Менің мақсатым орындалды. МЕНІҢ ҰСТАНЫМЫМ &ndash ӘРКІМ ӨЗ САЛАСЫНДА МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ МӘРТЕБЕСІН КӨТЕРУ ҮШІН АЯНБАЙ ЕҢБЕК ЕТУІ ТИІС!

- Басшылық кезеңде өз шығармашылығыңыз тоқтап қалған жоқ па?

- Иә. Ол шындық. Композитор, орындаушы ретінде ұтылдым әрине. Ұтқан жерім &ndash продюсер ретінде көптеген ойларымды іске асырдым.

- Сүйіп тыңдайтын композиторларыңыз? 

- Классикалық өнерде кәсіби тұрғыда білім алғаннан кейін шетел композиторларының және өзіміздің А. Жұбанов, М. Төлебаев,    Т. Қажығалиевтің шығармалары жүрегіме жақын. Сондай-ақ, қазіргі кездегі эстрада жанрында жазып жүрген композиторлар Ұ. Жолдасов, А. Дүйсенов, әншілер «Музарт» тобы, «Жігіттер» квартеті және басқа да өнерпаздардың орындауындағы халық әндерін ықыласпен тыңдаймын. Димаштың артынан еріп келе жатқан бірқатар жас таланттар бар. Соларды сәл демеп жүрсек, әлемдік деңгейге шығатын әншілеріміз көбейе бермек.

-  Қазақ өнеріне шын жанашыр Ө. Жәнібековтің ізбасары деп айтатын тұлғалар ретінде кімдерді айтар едіңіз?

-  Ерекше бөліп &ndash Еркеғали Рахмадиев ағамызды айтар едім. 1991 жылы еліміз егемендік алғаннан кейінгі бірінші коллегияда ағамыз облыстың мәдениет басшыларын шақырып алды да: «Құрметті әріптестер! Сіздерге ұнаса да, ұнамаса да айтайын. Енді барлық іс-қағаздары қазақ тілінде жүргізілетін болады» деді. Ол кезде облыстық мәдениет басқармалары министрлікке бағынатын. Осылайша, мемлекеттің тапсырмасынсыз, ешқандай бағдарлама шығармай-ақ, бір министрлік қазақ тіліне өткен болатын. Тек, Шығыс Қазақстан облысынан В. Лапухин деген азамат тыңдағысы келмеген еді, «ұнамаса орныңды босат» деп, кесіп айтқаны бар. Рухы биік, халқына адал Еркеғали Рахмадиевті әрдайым бөліп-жарып айта аламын.

Халықаралық дәрежеге  бір шығатын болса қазақтың актерлары шығуы керек!

 

- Қазақ өнерінде кімдер өз бағасын ала алмай жүр?

- Ондай азаматтар көп. Менің ойымша, халықаралық дәрежеге бір шығатын болса қазақтың актерлары шығуы керек. Мысалы, Досхан Жолжақсынов ағамыз бастаған Санжар Мадиев, Аружан Жазылбекова, Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов сынды актерларымыз халықаралық дәрежеге бір көтерілсе, Голливудтың актерларынан еш кем түспей, солармен тең дәрежеде иық тірестіріп жүретініне сенімдімін.

 


Толқын Сұлтан

Қазақ радиосының редактор-жүргізушісі




Көрілген: 1022    Пікірлер: 0

бейсенбі, 08.10.2020, 20:04

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    31 Қазан, 10:38
    Ту туралы түйткіл
    8 Қазан, 10:30
    Ақылдың кені
    6 Қазан, 10:30
    АЛТЫН ОРДА АҚИҚАТЫ
    1 Қазан, 10:39
    ЖҰМАТАЙДЫҢ ЛӘЙЛАСЫ
    22 Қыркүйек, 15:31
    Қалай жазғанымыз дұрыс?..
    21 Қыркүйек, 10:27
    Ол махаббат əні еді!
    11 Қыркүйек, 08:53
    Ташкентте болған той
    7 Қыркүйек, 10:27
    Қазақтың қайсар Қасымы
    24 Тамыз, 15:32
    Атасының баласы...
    25 Шілде, 11:21
    Алтын кілт

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31