Алаш үні

Баяу Мұса....

  • Баяу Мұса....

    Баяу Мұса....

Ол ұялшақ... Иә...Иә... Дұрысы оның бойында ішкі тәрбие, яғни әкенің қанымен, ананың сүтімен даритын тәртіп бар. Мұсақожа жалпы асықпай-аптықпай, абыржымай жайбарақат жүретін жан. Көп жағдайда оны еріншек деуге болады. Әсіресе тұрмыс жағдайына байланысты ол әкімдердің алдына барып, үй сұрап немесе орден, медаль, атағы жоғын айтып жылап-сықтап, болмаса «үй салуға жер беріңіз» дейтін адам емес. «Бұйырғанын көрерміз» деп  жүре беретін актер. Орысша айтқанда пофигист. Алайда Мұсаға «осы ауылда пәлен деген өзен бар, онда балық бар» деп айтса болды. Ол таңғы 3-4-те сол жерде болады. Оған балыққа бару деген үлкен бақыт, зор қуаныш. Ол осы қармақ салған сәті үшін бәрінен де бас тартуға дайын. Өйткені ол осы кезде өмірдегі барлық қиындығын ұмытады. Ол осы кезде өзімен-өзі оңаша қалады. Ойға батады.

Мұсақожаны мен сонау абитуриент кезінен бері білем. Ол сатира, әзіл оқығанда болмаса, анекдот айтқанда бірде-бір жан бей-жай қалмайды. Іштерін басып, көздерінен жас аққанша күледі. Және анекдоты бітіп қалса, өз жанынан шығара береді. Тіпті өзіне анекдот құрап алады.

 «Бірде &ndashдейді Мұса балыққа барғанда оны жылан шағып алыпты» дейді. Содан әлгі улы жылан бейшара Мұсаны шағам деп өліп қапты.» дейді. Ол өзіне арнаған анекдоты.

 Мұсақожа сахнаға шыққанда дауысы гүрілдеп, үлкен көздері бақырайып, бажырайып, бойы сорайып кеткендей болады. Қазақ мұндайларды «арқасы бар» дейді. Мұсақожа Әжібеков Б.Римова атындағы Алматы облыстық драма театрының артисі. Оның 45 жылдық сахналық ғұмырында  ойнаған рольдері  100-ден асып кетті. Мұсақожа сондай. Роль таңдамайды. Қазақ театрының да «кәсіби» аурулары баршылық. Мысалы егер актер «Еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа ие болды ма, әлгі «әртіс мырза» тек басты рольді ойнайды. Массовка тұрмақ, эпизодқа трактормен тартып сахнаға шығара алмайсыз. Себебі ол «Қайраткер». Яғни әлгі кісі ескерткішке, мүсінге айнала бастайды. Маңайына ақыл айтып, планерка-лездемеде орынды, орынсыз пікір білдіріп, «қайраткерлік нұрын» маңайына төге бастайды. Ал, Мұсақожа ондай емес. Жанына қатты батпаса сөйлемейді. Ешкімге ешқашан ақыл айтқан емес. Оның бар білетіні берілген кез-келген рольді ойнай береді. Барын салып, жанын салып ойнап шығады. Былтыр аяғы шорт сынып, жүрмек түгіл, түрегеп тұру да мұң болғанда да Мұса екі күн сахнада болды. Иә бұл жанкештілік... Киелі сахнаға деген құрмет, сыйлағандық, сүйгендік. Алайда Әжібековтың  осындай «ерлігін » елеп жатқандар шамалы. Осындайда Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл Ер» деген пьесасы еске түседі. Мұса ол спектакльде ассистентті ойнады. Қазақ өнерінің дара актері, дана актері Нұрмұхан Жантөриннің партнері болды. Мұсаның ол роліне көрермен де, көзі қара театр мамандары да әсіресе Нұраға қатты риза болған. Сол спектакльде «Азда болса айбатты, қорашта болса қайратты» дейтін сөздер бар. Құдды дәл Мұсақожаға арналған сияқты. Әжібековтің қолына тиген қай кейіпкер де әрленіп, ажарланып, айбаттанып, қайраттанып шыға келеді.

 Мұсақожа қазақ режиссурасының ірге тасын қалаған тұңғыш кәсіби режиссер Қазақстаннның Халық артисі, профессор Асқар Тоқпановтың шәкірті. Бүгінде ол курстағы 20 адамнан сахнада қалған Мұсақожа жалғыз ғана.

«Батыр аңғал келеді» деген рас. Мұсаның бойында батылдық, батырлық та, аңғалдық та бар. Сосын ол өте намысшыл. Біз ол кезде бірінші курста оқып жүрген кезіміз. Театр факультетінің Консерваториядан бөлінбеген кезі. Аудиториялар бірде жетсе, бірде жетпейді. Сол себепті біздің «актер шеберлігі » сабағы ТЮЗ-дің екінші қабатындағы үлкен залда өтеді. Ескі ТЮЗ болмаса өртеніп кеткен Жастар театры қазіргі Абылайхан мен Қабанбай көшелеріндегі қиылысында болатын. Көктем кезі. Мамыр айы... Маңайдың бәрі құлпырып, алма-өрік гүлдеп, сиреннің иісі Алматыға мүңкіп тұрған шағы-тын. Жазғы сессияға дайындық кезі. Алатаудың басындағы аппақ қардың әр жер әр жері сөгіліп, күн тез ысып кеткен кез болған соң, терезелердің бәрі ашық тұрады. Ұстазымыз Асекең-Асқар Тоқпанов өте сырбаз кісі. Қашан көрсең де үсті-басы мұнтаздай, қап-қара бұйра шашын артқа тараған, ақ көйлек, галстук, қара костюм шалбар. Бір Асекең-бір Театр. Абайдан бастап бәрін жатқа соғады. Біресе күлсе, бір сәтте жылап қоя береді. Қолында әйгілі трость таяғы бар. Ол жай таяқ емес, ол бай таяқ. Екіге бөлінеді. Жоғары жағын бұрап суырсаңыз-ішінде жарты метрге жуық өткір қанжары бар. Ал, оң қолындағы төртінші саусақта «А.Т» деген алтын, ал көздері &ndashГауһар жүзік бар. Асқар ағамыз өте кіді, кірпияз нағыз сері кісі-тін. Үстінен қашан да хош иісті иіс судың жұпары шығып тұрады. Бірде Асекең сабаққа кешігіп келді. Ұнжырғысы түсіп кеткен. Көңіл-күйі жоқ. Бұл кез Асекеңнің курстасымыз Жаңыл Қонысбаеваға көңілі ауып, сезімге селтіген кезі-тін. Алайда үйдегі Күлән апайда ол кезде көп жайдан хабардар болатын. Шамасы үйдегі ыдыс-аяқ сылдырап, сынуға шақ тұрған сәттер болар. Ұстазымыз есіктен кіре сала апшымызды қуырып, есімізді ала бастады. «Бүгін кім этюд көрсетеді» -деді. &ndashӘжібеков , қане сен шық. - Мұса имене басып этюд көрсетті. Этюд ол &ndashзатсыз қимылмен ғана кез-келген жан-жануар, оқиғаны көрсету. Мұсақожа трамвайдағы жігітті көрсетуге кірісті. Бір кезде «Трамвай» тоқтап, жолаушы жігіт теңселіп барып, тербеліп барып, шойқалақтап, құлап қалуға сәл қалды да, бойын жинап тұрып қалды. Бұрыштан біреу «Билеттеріңізді көрсетіңіздер» деген дауыс саңқ ете қалғанда, Мұса қасындағы жолаушыларды итере-митере жабыла берген есікті әзер ашып далаға зып берді. Этюд бітті. Әншейінде біреу жақсы жұмыс көрсетсе қол шапалақтайтын курсымыз тым-тырыс боп қалдық. Асекең Әжібековтың шаңын шығарды. &ndash Әй халтурщик, сорайған сорлы... Неге жүгірдің? Қайда кеттің? Түсіндір енді есектің миын жеген есек-деп Асекең этюдті талдай бастады. Әр сөзінде, «сверх задача», «сквозное действие», «Константин Сергеевич Станиславский», «надо верить»... «Не верю» деген тіркестер кетіп жатыр. «Айт бізге түсіндір Сверх задачаң не? »

 

-Енді сверх... Задача... контролерден қашу, Билетім жоқ болған соң...- деп Мұсақожа ақтала бастады. Асекең болса қаһарына қайта мінді... Халтурщик, идиот, әджі-мәджі, былжырақ мен сенің қашқаныңа да, қорыққаныңа да сенбеймін. Не верю- дегені &ndashКәне қайта көрсет...

 

Тағы да сол «трамвай». Жоғарыдағы белдеуден ұстап тұрған студент шайқалып тұр. Бір сәт ол бұрышқа қарады да, көзі бақырайып тұрып қалды. Осы кезде трамвай да тоқтаған. Ішке біреулер кірген сияқты. Тағы да дауыс... «Билеттеріңізді көрсетіңіздер... Кәне, кәне» Мұса тағы да шайқалып барып, түзелді де, жабыла берген есікті иығымен итере ашып «трамвайдан» атып шықты да терезеге жүгірген, көзді ашып-жұмғанша  2-ші қабаттан далаға бір-ақ секірді. Бүкіл курстың «ах» деуге де мұршасы қалған жоқ. Жүрегім зу ете қалды. Қыздар жағы енді шуылдап қоя берді. Орыс тілді Мира Әбжақанова дейтін қызымыз «Может он умер» деп, онсыз да үрейленіп отырған біздің есімізді шығарды. Курстағы старостамыз  Жайлаубек Нағашыбаев терезеге барып сыртқа қарады.  Ұстазымыз Асқар Тоқпанов боп-боз боп кеткен. Не істеп, не қоярын білмейтін жандай орындықта үнсіз отырып қалған.

 

-Аман...Аман Мұса... &ndashдеген Жайлаубектің дауысы ғана біздің әлде қайда ұшып кеткен есімізді орнына қайта шақырғандай болды.

 

-Вот ақымақ, Вот идиот! &ndashдеген бір сәт Асекең &ndashбірақ Әжібеков молодец! Есть вера. А это самое главное в актере.

 

Аздан соң бір аяғын сылтып басып Мұса кірді.

 

-Міне, жарадың Әжібеков. Сен Сверх задачаны да, сквозной действиені де дұрыс жасадың. Отыр «5» -деді.

 

Мұсақожа оқу бітірген соң жаңадан ашылған Талдықорған облыстық драма театрына жұмысқа кірді. Ол кезде оқу бітірген жастардың ең үлкен мақсаты Алматыда қалу. Бұл абырой, екінші кино да, теледидар да, дубляж да, радио да, бәрі осында. Алайда мұндай бақыт кез-келгеннің маңдайына жаза бермейтіні хақ. Мұса дипломдық жұмыста К.Гольдонидің «Екі мырзаға бір қызметші» пьесасындағы басты роль Труффальдиноны ойнады. Ұзын бойлы, арықтау келген, цирктегі клоундай биді де билейді, шпагамен де сайысады, секіру, құлауды да өзі жасайды. Ең бастысы &ndash Мұсаның Труффальдиносы нағыз қазақи &ndash аңғал, аңқау, арамдығы жоқ, елгезек. Ғашығы Смеральда үшін бәріне дайын далбаңдаған жас жігіт. Ол ешқашан өтірік айтпайтын, ұрлық жасамайтын, адал да сенімді дос... Біреулер махаббат үшін өлуге дайын, біреулер өлтіруге дайын болса. Ал Труффальдино сәл-пәл ғана өтірік айтады. Амалсыз қожайынын алдайды. Себебі ол &ndash сәбидей пәк, күнәсіз, періштедей бейкүнә. Сондықтан да спектакльдің соңында барлық кейіпкерлері өз махаббаттарына кездесіп, бақытты болады. Олардың осындай бақытты болуы &ndash тек Труффальдино Мұсаның ақ көңіл, адал еңбегінің арқасы.

 

Жер жәннаты Жетісу &ndash Мұсаны өзекке тепкен жоқ. Құшақ жая қарсы алды. Театрдың сол кездегі директоры &ndashҚалмахан Бейсенбинов жас актерге 3&ndashбөлмелі үй берді. Иә, Қалмахан Бейсенбинов таланттарды тани білетін, қазақ театр тарихындағы нағыз кәсіби менеджердің  бірі де бірегейі болатын. Өкінішке орай бүгінде көп бастықтар, сондай-сондай азаматтарды да ұмытып кеткен заман болды.

 

Жас театрдың режиссерлары &ndashМұхтар Қамбаров тәжірибелі, өмірдің де, өнердің де қызығымен шыжығын қатар көрген аға буын болса Әзірбайжан Мәмбетовтің курсын енді бітіріп келген Сәулебек Асылханов еді. Шыны керек екі режиссер да жаңа ашылған өнер ордасының аяқтан тұрып кетуіне орасан зор еңбек сіңірді. Алғашқы қойылымдар актерлардың дипломдық жұмыстары болса, Сәулебек келген соң көптеген замануи, тарихи дүниелер сахнаға жол тартты. Әсіресе Ақсудан шыққан азамат әдебиетші , тарихшы, майдангер Тәңірберген Қалилахановтың «Алтын бесік» пьесасы тың тақырып болатын. Ол кезге дейін «Ақтабан шұбырынды» алқа көл сұлама, яғни Жоңғар шапқыншылығына қарсы қазақ елінің ерлігі тек әдебиетте болатын. Мұхтар Мағауин, Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлімжанов, Қабдеш Жұмаділов, Тахауи Ахтанов, Дүкенбай Досжан секілді жазушылардың кітаптарын оқырман жұрт асыға күтетін де. Ал сахна мен экранда ол образдар жоқтың қасы-тын. Әсіресе Абылайдың Ерлігі, ерекшелігі, Тұлғалығы, Таланты, даралығы мен даналығы көп айтылмайтын. Осы тақырыпты жас режиссер Сәулебек Асылханов қолға алды. Абылайды театрдың геройы Тілек Әбжалиев пен Мұсақожаға сеніп тапсырды. Екі актерде өте нанымды, өте бір жауапкершілікпен ойнады. Тілектің бұл ролі асықпай тоқталатын, ат үстінде амандаспай, арнайы зерттеуді қажет ететін жұмыс. Бұйырса жазылар деген үміттемін. Мұсақожа Тілек Әбжалиевке қарағанда жас жаңадан келген «пацан». Алайда Әжібеков бұл рольді ерекше ыждахаттықпен ойнады. Соңғы сахна Абылайдың Шарыштың басын шауып, Қалдан Сереннің қалың әскерінен Қазақ жерін азат еткендегі Монологы.

 

Сендер Ерікті Ел болсын деп,

Ертіс үшін егістік,

Барлық үшін барыстық.

Жетісу мен Арқаны

Жаудан қорғап қалыстық.

Сендер Ерікті Ел болсын деп,

Қып-қызыл қанға батыстық.

Енді осы атамекен Алтын бесіктеріңе Ешбір жауға аттатпаңдар! Ата-баба қаны сіңген қасиетті топырағын жау табанына таптатпаңдар! Бабаларыңнан қалған мұра осы сендерге!

 

Драматургияда да әдебиет секілді классика деген ұғым бар. Ол қай кез, қай дәуірде де өміршеңдігін жоғалтпайды. Өмірден өтіп кетсе де Тәңірберген Қалилахановтың осы жазған дүниесі әлі күнге актуалдығын жойған жоқ. Керісінше күн өткен сайын жаңарып, жаңғырып, жайнай түскен сияқты.

 

Мұсақожаның Абылайы Елі үшін, Жері үшін, Алтын басын ажалға тіккен ақылды да, арда тұлға. Осы сахнада актер Мұсаның екі жанары қып-қызыл боп қанталап, көзден аққан ыстық жасы бетін жуған. Бұл жас өкініштен гөрң қуаныш жасындай. Бұл жеңіс жасы. Бұл Абылайдың адами болмысы.Таңғы шықтай тап-таза Абылай &ndash Мұсаның көз моншағы. Мұсақожа 2 сағат жүретін спектакльдің соңында дауысы зорайған, алайда қарлыққан, үсті басы малмандай су, алайда бұл еңбектің ащы тері, бойы да өскендей, алайда бұл шаршау мен арыған азаматтың келбеті. Бұл артист Әжібековтың қазақ сахна тарихындағы орны да, жөні де ерекше ролі еді.

 

Мұсақожа көп балалы отбасынан шыққан. Әкесі Ержұма ақсақал гармошка тартып, домбыра шертетін, ән салатын еді. Анасы да нәзік дауысы бар әнші болатын. Мұсаның алғашқы жұбайы Айнагүл хореография училищесін бітірген биші болатын. Әсіресе алғашқы жылдары театрдың спектакльдеріндегі би, пластикалық қозғалыс бәрі осы Айнагүлдің мойнында болды. Айнагүл жақсы биші ғана емес, ерекше әдемі дауысы бар әнші де еді. Бүгінде екеуінен өрген екі қыз, бір ұл бар. Үлкені Эльвира балалы-шағалы Алматыда тұрады. Мөлдір болса Америкада. Ал Мерей әке жолын қуған актер. Ғ.Мүсірепов театрының дарынды актері. Жазғыштығы да бар. Қолы тигенде оны мұны жазып тұрады. Мұсақожаның репертуарында қызығуға, қызғануға да тұрарлық образдар жетерлік. Оның кез-келген рольдері зерттеуге лайық дүниелер. Бүгінгі таңда шүкір, Қазақстанда театрлар жетерлік. Актерларда да баршылық. Алайда шын мәнінде талант деген әңгіме жайлы ұғым болса сөз жоқ Мұсақожа Әжібековтың алдыңғы қатарда тұрары хақ. Ол рас талантты адамдар сияқты Мұса да біраз сілтеді...

«Сазгердің өзінен бұрын құлағы туады» демекші, Мұсаның да таланты ерте ашылған. 2 курстың жазғы сессиясы жақындаған кез болатын. Ол кезде «Саяхат» автовокзалы, қазіргі Пушкин мен Райымбек даңғылының қиылысында болатын. Үйге Ащысайға барып келем деген. Оның үстіне степендия алған. Алдынан ауылдасы Талғат Үмбетбеков кездесе кетті.

-        Жүр, Мұса,біздің ҚазГу-дың жігіттері сыраханада Мұқаңмен бірге тұрмыз.-деді.

-        -Ол кім?

-        -Мұқағали деген ақын... Күшті ақын... Өзіміздің Нарынқолдан... &ndashЕкеуі 3-ші қабаттағы сыраханаға кіргенде адам лық толы екен. Түкпірге таман бұрышта 4-5 жігіт тұр. Ортасында даусы гүрілдеген ұзын бойлы, ашаң жүзді кісі бар. Мұқаң дегені осы ақын екен. Мұса сол кеште ұлы ақынмен бірге болды, танысты. Сырадан бастап ақаңмен аяқтап, қалтасындағы степендияның басына сол күні су құйған. Бірақ сол кездесу Мұсаның жадында мәңгі қалды... Өйткені Мұса Ұлы ақынмен таныс болды. Кейін Мұқаңның бейнесін ойнады. Жалпы Мұсақожа жан-жақты актер.  Ол Кенесары дан .Қоңқайға дейін, Райымбектен Ваня ағайға дейін, Сталиннен Гартензияға дейін кез-келген рольді сомдаған талант. Жүз роль, жүз тағдыр.

 

Мұса көп еркеледі. Сол себепті өмірден де, өнерден де  таяқ жеді. Айнагүлдің өмірден өткені өкінішті. Қазір қасында дарынды драматург Лидия Егембердиевадай жары бар. Ең бастысы Мұса бүгін жаны жаралы, жүрегі сыздайтын сырбаз жігіт. Сол кеудесіндегі аппаратқа қарамай өнер майданында алға кетіп барады. Мен бүгін актер Мұсаның 100-ден астам рольдерін тізбелемей қоя тұрайын. Себебі ол көрерменнің жадында, театрдың тарихында қаттаулы... Баз біреулер 2-3 қана клип түсіріп, епті жердің тойында ән салып  «Еңбек сіңірген қайраткер» деген атақ алғанын естігенде  ызам келеді. «Неге солай?» деймін іштей.

 

Көзге көрінбес өнер майданының бас қолбасшысы іспетті Мұсақожа Әжібековтің не пәтері жоқ, не атақ, тіпті бірде-бір медаль, ордені жоқ. Мұсаны көргенде нағыз «Елеусіз қалған Есіл Ерсің» деймін. Шамасы Мұсалардың тағдыры осылай болар... Біреулер Жаяу Мұса, біреулер Баяу Мұса болған заман-ай... Қайтесің...

 ҚР Халық артисі, профессор Талғат Теменов




Көрілген: 5403    Пікірлер: 0

сенбі, 16.01.2021, 17:48

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    25 Қаңтар, 13:38
    Кремльдегі жайнамаз
    16 Қаңтар, 17:48
    Баяу Мұса....
    13 Қаңтар, 13:03
    Бір суреттің тарихы...
    5 Қаңтар, 00:04
    Асық ату архаизм бе?
    18 Желтоқсан 2020
    Қыздардың көз жасы
    31 Қазан 2020
    Ту туралы түйткіл

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    наурыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31