"Бет-аузымнан түк жоқ. Мұрным сынған...". Желтоқсаншы естелігі (видео)

16 желтоқсан 2022, 22:35

Желтоқсан оқиғасына қатысқан батырларымыздың айтар естеліктері аз емес. Желтоқсаншы Қалелхан Әділханұлының сол азапты уақытта басынан кешкені жайлы әңгімесін жариялап отырмыз.

1986 жылы 17 желтоқсанда бейбіт шеру болды. «Әр қазаққа қазақ басшы керек», «Колбин басшы болмасын!», «Қонаев атамыз сайлансын!» деген ұран сөздермен шықтық. Бірақ оның арты біреулердің арандатуымен төбелеске ұласып кетті. Желтоқсан оқиғасын зерттеушілер айтып жүргендей, әдейі «Метель» операциясы құрылған екен. Мына мұрынның сынғаны, ауыздың жырылғаны содан қалған.

Қойшы қойды бөлгендей, жендеттер адамдар арасына кіріп кетеді де, бөліп алып машинаға тиеді. Дубинкамен соққылаған күйі мені де машинаға апарып кіргізді. Сол кезде біреу қалпағымды жұлып алып, бетімнен бір ұрды. Мұрнымнан қан ағып кетті. Сонда көзәйнегі сынып, көзіне кіріп кеткен бір жігітті көрдім. Ол маған: «Сенің қалпағыңа бірдеңе салып жіберді», - деді. Ақ түсті құлақшын бас киімім бар еді (Желтоқсан оқиғасы жайлы кадрда сол ақ малақаймен мені де көрсетеді). Сөйтсем, мені ұрған жігіт малақайыма есірткі секілді шөпті салып жіберіпті. Дереу автобустың ішіне шашып жібердім де, аяғыммен таптадым.

Бізді Әуезов аудандық ішкі істер басқармасына апарып, ұрып-соқты. Мені оңаша алып кетіп, «Мынау нашақор сияқты» деп, сылтауратты да, тепкілеп тастады. Бір уақытта: «Сенің бас киіміңе тығып қойған шөп қайда?» - деп ашықтан-ашық сұрады. Сонда расымен де есірткімен ұстадық деп, маған жала жапқысы келген екен.

Бізді азаптап болған соң, қазіргі Райымбек даңғылы мен Сейфуллин көшесі қиылысындағы түрмеге апарды. Алайда ол жерде бос орын болмады. Ауладағы қардың үстіне тізерлетіп отырғызды. Жарты сағаттан кейін-ақ астыңнан өткен сыздан денеміз дым сезбей қалды. Бір кезде арамыздағы үлкен кісі: «Бүйтіп өлгенше, алысып өлейік», - деді. Оны естіген әскерилер бізді мылтықпен ұрып-соғып, есімізден тандырып тастады.

Есімді жисам, қалың қамыстың арасында жатыр екенбіз. Сайдың артында мола бар еді: соған апарғысы келді ме екен, әлде жардан құлата салғысы келді ме екен, білмедім. Оянып жатқанымда, бір қазақтың жігіті қардан суырып жатыр екен. Өзі де жаралы. Ал менің бет-аузымнан түк жоқ, қолым мен мұрным сынған, саным жараланған. Шалбарымыздың ышқырын пышақпен кесіп тастаған. Сол күйі екеуміз сүйретіліп, Бұрындайдың жолына қарай шықтық. Жүрегінде мейірімі бар бір қазақ жолдан тоқтап, көлігімен үйіне алып барды. Жараларымызды таңып, моншасына апарып, үйінде түнетті.

Ертеңіне қайтпай қайтадан алаңға бардық...

Менің жанымда жүрген Сәдуақас есімді жігітпен кейін жақсы араласып кеттік. Бірақ Құдайдың бұйрығы шығар, миынан ісік табылып, қайтыс болды да, сол екеумізді азаптап апарып тастаған зиратқа жерленді. Ал менің бүгінде тұрып жатқан үйім де – осында. Жер учаскесінің осы жерден бұйыруының өзі бекерден-бекер емес деп ойлаймын...

qamshy.kz

bugin.kz