Алаш үні

Бейсен Құранбек: Біздің міндетіміз - жастарға жол көрсету, кәсіпке баулу!

  • Бейсен Құранбек: Біздің міндетіміз - жастарға жол көрсету, кәсіпке баулу!

    Бейсен Құранбек: Біздің міндетіміз - жастарға жол көрсету, кәсіпке баулу!

2020 жыл. Мамырдың 31-і. Сағат 23:59. Дәл бүгін кез келген ортада шексіз құрметке бөленген менің курстас-досым Бейсен Құранбектің бұл фәни дүниеден бақилыққа аттанғанына 13 күн өтті. Иа, мен де ел қатарлы қаралы хабар тараған сәттен-ақ қолыма қалам алып, оның азаматтығы, іскерлігі мен жанашырлығы жайында естеліктерді бірінен соң бірін жазып отыруыма болар еді. Бірақ, мен олай жасай алмадым, дәтім бармады. Оған үш себеп бар. Бірінші. Досымның өмірден өткеніне сене алмадым, нақтысын айтқанда сенгім келмеді. Олай дейтінім Бейсекеңді білгелі оның бірде-бір рет еңсесі түсіп, тығырыққа тірелгенін, әл-дәрмені құрып, болдырып, шаршағанын көрмеген ем. Және ол бастаған әрбір ісін соңына дейін жеткізіп қана қоймай, тыңғылықты істейтін, жеңіл-желпі аурулардан өз-өзін йога тәсілімен емдеп алып отыратын. Амал нешік, уақыт ұзаған сайын асыл азаматтың бұл өмірмен расымен де қош айтысқанына көзім толықтай жеткенде барып, есімді жиғандай болдым. Екінші. Соңғы 27 жылда досымның жасаған жақсылықтарын саралап шығуыма маған біршама уақыт қажет болды. Себебі, досымның алдындағы қарыз мен үшін тым көп еді. «Сол қарызымды енді қалай өтеймін, қалай жеңілдеймін» деген ойдың шырмауынан шыға алмадым. Үшінші. Өткен жылы «Жетісу» телеарнасының 20 жылдығында соңғы рет көргендегі бейнесі жатсам да, тұрсам да көз алдымнан кетпей қойды. Және сол бейне маған әлденені айтқысы келетіндей әсерде жүрдім. Күттім. Түсіме кірер, аян берер дедім. Бірақ ештеме демеді. Осыны сезген туғандарым маған қайта-қайта басу айтумен болды.

 


Бейсенді алғаш көргенде


Бейсекеңді алғаш рет 1993 жылы КазГу-ге құжат тапсырып жүргенде көрдім. Үстінен ақ костюм-шалбарын тастамайтын оның жүріс-тұрысы, өз-өзін ұстауы аса сенімді көрінгендіктен болар кейбіріміз оны жас мұғалімдерінің бірі екен деп қалғанымыз рас. Ал сабақ басталғанда арамыздағы жасының үлкендігі бар, әрі сол кездің өзінде «Спорт» газетінде тілші болып жұмыс істейтіні белгілі болғаннан кейін Бейсенді барлығымыз бірауыздан староста етіп сайлап алдық. Мектепті енді ғана бітірген біз үшін әскерде болып қайтқан курстастан басқа кандидатура қарастырылған да жоқ. Содан ол курстағыларды білу, тану, қорғау міндетіне бірден кірісті. Группаластардың әрқайсымен сөйлесе келе кімнің қандай марапатқа ие екеннін, неге әуестенетін біліп алғаннан кейін әр группаласқа жеке-дара құрмет көрсетіп, сәті келген жерде қолпаштай сөйлей жөнелген әдеті бар болатын. Кейін ойлап қарасам, Бейсекең әр қазақ баласына қанат бітіріп, көтермелеп сөйлеуді сол кездің өзінде-ақ өмірлік миссиясы етіп алған екен.
Жалпы біз екеуміз курстастар ішінде өте жақын араластық. Оқу жылы басталғанда Бейсен, тағы бір курстасымыз Ермек Тығынбаев, Бейсеннің философия факультетінде оқитын туған інісі Сарсен Құранбек пен Асан Қадыр деген бес жігіт бір бөлмеде тұрдық. Одан бөлек, Бейсен екеуміз күнара «Дәуір» баспасының ғимаратында өтетін каратерің ең ауыр түрі Киокушинкай каратеге де бірге барып жүрдік. Әлі есімде әр жаттығу соңында аузы-мұрнымыз қанап шығатын. Кейін соның әсері болды ма, жоқ әлде басқа да жайттардың кесірі тиді ме екен, әйтеуір қыстық демалысқа шыққанымда оң жақ миымның тамыры үзіліп кетіп, Қалқамандағы № 7-ші аурухананың инсульт бөлімшесінен бір-ақ шықтым. Сол уақытта жақындарымның кейбірі мені өлдіге санаса, екіншілері аман қалады деп жүріп, университеттегілерге ескерту керектігін естен шығарып алған сыңайлы. Ал екінші семестр басталғанда менің сабаққа келмей жүргеніме алаңдаған Бейсекең бірден 1-ші Алматыдағы үйге іздеп барып, мән-жайды білгеннен кейін, араға 2-3 күн салып, ауруханаға бірнеше курстасты ертіп келгені әлі есімде. Бірінші курс аяқталарда мені курстан қалдырмаймын деп сынақ кітапшама барлық мұғалімнің қолын қойдыртып, жаптырып шыққан. Ал мен болсам өзімнің курсымда қалатынымды ести сала сол бөлімшеде жұмыс істейтін медбикеге қайткенде де үйленуім керек деп шештім. Ол уақытта менің алдымдағы үш бірдей ағам бойдақ болатын. Айтқандай, ішкі түйсігім алдамады. Бір айдан кейін әлгі медбикеге үйленіп тындым. Мен ауруханадан шыққан бойда спортты тастап кетсем, Бейсекең каратеден кейін жан мен тәннің, рух пен сананың қалыптасуына зор ықпалы бар айкидомен шұғылданып, зор нәтижеге қол жеткізеді. Оған Айкидо биранкай федерациясының жетекшісі, Крис Мунидің Бейсекең қайтқанда қазақ еліне арнап көңіл айтқан сөздері дәлел.
Бейсен екеуміз кейін «Хабар» агенттігінде, Алматы облыстық «Жетісу» телеарнасында бірге жұмыс істедік.

 


Серік аға мені тағы да «ұялтты»


Бейсен дос «Жетісу» телеарнасының Бас директорлығы қызметіне сол кездегі Алматы облысының әкімі Серік Үмбетовтың шақыртуымен 2007 жылы қарашада кіріссе, маған бірге жұмыс істеу туралы ұсынысын 2007 жылдың желтоқсанында айтты. Ол уақытта мен «ҚазАқпарат» ҰАА-ның Алматыдағы филиалында тілші болып істейтінмін. Содан Алматыдағы жұмыстарымды реттеп болып, Талдықорғанға 2008 жылы қаңтардың 2-сі күні көшіп бардым. Сонда маған айтқаны: «Дәке! Біз екеуміз келісіп алайық. Бұл жерде не істесек те республикалық деңгейде жасайық. Өзімізді көрсетеміз десек, қолымыздан іс келетінін дәлелдегіміз келсе, тек халыққа пайдасы бар жұмыспен айналысайық», - деген әлі есімде. Бір аптадан кейін «ҚазАқпаратта» бірге істеген Данияр Сейсенбаев деген жас журналисті шақыртып алдым. Сол Данияр отбасымен Талдықорғанға көшіп келгенде бір қызық жайт орын алды. Қаңтардың 9-ы. Кешкі сағат 21.30 шамасы. Сыртта - 25 градус аяз. Ернар деген жүргізушінің жер үйінде Даниярдың жүгін түсіріп жатырмыз. Бір уақытта Даниярдың келіншегі «грузчиктердің» бірі «Жетісу» телекомпаниясының бас директоры Бейсен Құранбек екенін білгенде ұзақ уақыт таңырқай қарап қалғаны ұзақ уақыт есімнен кетпей қойғаны бар.
Осылайша біз жұмысты бастап кеп жібердік. Алдымен әлеуметтік роликтер, кейін Елбасының жолдауы мен жаңа бағдарламаларды бірінен соң бірін іске қостық та, жаңалықтармен қатар кейбір бағдарламаларды да тікелей эфирге шығардық. Телекомпанияның қосымша табыс көзі ретінде коммерциялық жобаларды да рет-ретімен іске қоса бастадық. Бағдарламаның саны мен сапасын арттыру мақсатында жергілікті өнер адамдары мен зиялы қауым өкілдерінің әрқайсысына бір-бір бағдарламадан ашып бердік. Олардың арасында «Тақиялы періште» Әлімғазы Райымбеков, зейнеткер-ұстаз Жұмабалы Балақаранова, айтыскер-ақын Айтақын Бұлғақов пен Балғынбек Имашев та бар. Сол жылдары барлығы 50-ге жуық бағдарлама эфирге жол тартты. Ал көктемде телекомпания базасы заманауи техника түрлері, жаңа декорация, жаңа көліктермен толықты. Одан бөлек, телекомпания қызметкерлерінің айлық жалақысы орташа есеппен 25-30 мыңнан 70-80 мыңға дейін көтерілді. Осының барлығы Бейсекеңнің өзінің басқаруындағы ұжым үшін кез келген адаммен тіл табысуға қарым-қабілетінің жеткілікті екенін көрсетті. Әлі есімде бір күні досым кабинетке күле кіріп былай деді: «Бүгінгі активте Серік Әбікенұлы жұрттың көзінше мені тағы ұялтты. «Жұмыс істеуді міне, мына Бейсеннен үйреніңдер! Жұмысқа кіріскені жаңа ғана өзіне жүктелген жұмысты ұршықша иіріп әкетті. Өздерің де көріп жүрген шығарсыңдар Жетісудағы оң өзгерісті» деп. Ұялғаннан кірерге тесіп таппадым».
Айта кетер тағы бір жайт, Бейсекеңнің ұсынысымен телеарна жанынан аптасына екі мәрте жас тілшілер мен студенттерге семинар-тренинг өткізіп тұрдық. 2008 жылға дейін Талдықорғанда журналистерді дайындайтын білім ордасы, орта болмағандықтан жергілікті мамандар Астана мен Алматыны жағалап кеткен. «Ол үшін не істемек керек. Ол үшін жаңа жобаларға қажетті мамандарды өзіміз дайындауымыз керек. Және біздің міндетіміз - жастарға жол көрсету, кәсіпке баулу», - деген еді бір сөзінде Бейсекең.

Бұл дәстүр 2012 жылға дейін жалғасты.

 

Дәурен Құдайберген
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 589    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 17.06.2020, 09:51

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    22 Қыркүйек, 15:31
    Қалай жазғанымыз дұрыс?..
    21 Қыркүйек, 10:27
    Ол махаббат əні еді!
    11 Қыркүйек, 08:53
    Ташкентте болған той
    7 Қыркүйек, 10:27
    Қазақтың қайсар Қасымы
    24 Тамыз, 15:32
    Атасының баласы...
    25 Шілде, 11:21
    Алтын кілт
    10 Шілде, 15:16
    Әуезов Америкада
    30 Маусым, 10:29
    Ұлы империя мұрагері
    17 Маусым, 16:39
    Абайдың атын қимайды
    15 Маусым, 12:32
    Әлем таныған Абай
    12 Маусым, 16:35
    Абай және Бауыржан
    8 Маусым, 14:21
    Абай және Мұстафин

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30