Алаш үні

Бір концерттен кейінгі ой...

  • Бір концерттен кейінгі ой...

    Бір концерттен кейінгі ой...

(немесе қазаққа бәрі де той...)

Бұл әңгімені бастамауға да болушы еді. Алайда, «Сен тимесең мен тимен бадыраң көз...» – деп үндемей қалуға дәтім жетпеді. «Айтпаса сөздің атасы өледі!» – дегендей, көңілімді күпті еткен жайларды өздеріңізбен бөлісіп, талқыға салуды жөн деп санадым.

Сонымен, әйелдер мерекесіне орай жарыма құрмет көрсетейін деп 8 наурыз күні өзім ұнататын әнші әрі композитор Роза Әлқожаның концертіне аттанған едік. Бірден айта кетейін, концерт көңілімізден шықты. Бір әулеттің мүшелері өнер көрсеткенімен, үш сағатқа созылған коцерт мазмұндылығымен, әсемдігімен көркемдік деңгейімен есімізде қалды. Мені осы өнер мерекесіне келген жұртшылықтың, дәлірек айтқанда кейбір көрермендердің қылығы қапаландырған. Неге дейсіздер ғой?! Айтайын...

Алматының көшелеріндегі кептелістер мен көлік қоятын тұрақ мәселесін білетіндіктен біржарым сағат бұрын үйден шығуға тура келді. Обалы не керек, Республика сарайына тез-ақ жеттік. Сарай ғимаратының айналасындағы қаптаған көліктерді көргенде көңілімізге алаң кіргені рас. Алайда, жер асты автотұрағына түскенімізде екі деңгейлі тұрақтың төменгі қабаты мүлдем бос тұрғанын көрдік. Көлікпен келген көрермендер көшелерде кептеліс жасағанша, неге тұраққа қоймайды екен деген сауал алдымен ойға келген. Су тегін. Өзіңе ыңғайлы әрі көлігің үшін алаңдамайсың. Осыны білмейді ме, жоқ әлде жер асты тұрағына тусуге еріне ме екен, әйтеуір иін тірескен автомобильдер аттап қадам жасауға мүмкіндік берер емес. Осы жерде тұрған үш бірдей патрульдік полиция бригадасы бұл жайға назар аударған да жоқ. Сірә, тәртіп пен реттілікті қадағалау үшін емес, біреулер бірдеңе дей қалса бас салып әкетуге тапсырма алған болуы керек... Ал, концерт біткеннен кейінгі көрініс мүлдем тұрпайы. Шыққан адамдарды алып кетуге келген көліктер Республика сарайы мен Достық көшесін жауып тастағандай әсерде қаласың. Әркім өз жағдайын ғана ойлап, білгендерін жасауда. Мәдениет деген ұғым мүлдем ұмыт қалғандай, жанымыз жабырқап қайтқаны рас.

Қазақтың тойына ортақ тағы бір кемшілік не деп ойлайсыздар? Дұрыс айтасыз, шақырған ауқытында келмеу! Тойға ғой, мейлі, кешіксе өздері білсін. Алайда біздің қазекең концертке де тойға барғандай баратынын байқадым. Концерт уақытымен басталғанымен, ұзақ уақыт бойы кешігіп келгендер сабылысып, көңілімізді алаңдатумен болды. Қызметкер қыздар оларды жетелеп әкеліп, орындарын көрсетіп, өнерді тамашалап отырғандарды орындықтарынан тұрғызып, әбден әбігерге салған. Концерт көргендей болмайды екенсің. Сонда жауапсыз кейбір адамдардың кесірі көпшілікке неге тиюі керек деген заңды сұрақ туындайды. Бұрындары, қоңырау соғылғаннан кейін келгендерді көрермендер залына жібермеу тәртібі болушы еді ғой. Сол дәстүрді алдағы уақытта да қатаң сақтау керек сияқты.

Әйелдер мерекесі болғандықтан қалада тұратын жамағат аналарына құрмет көрсетіп, концертке апарып жатқаны аса құптарлық жағдай. Құшақ-құшақ гүл әкеліп, сүйікті әншілеріне ұсынғаны қандай жарасымды. Роза Әлқожаның жанкүйерлері көп екенін де осы жолы анық аңғардық. Дегенмен, гүл тапсырамын деп сахнаға шығып, әңгіме айтып тұрып алатындар жайлы не деуге болады. Бір-екі кейуана баталарын беріп жатты, оған да хош делік. Алайда, ән салып жүрген әртістің жанына жақындап, селфи жасауға ұмтылғандар діңкелетіп жібергенін несіне жасырамыз. Тіпті, сарай қызметкерінің «қой» дегеніне ешкім құлақ асқан да жоқ. Көрерменнің көңілін аулаған әнші амалсыздан солардың ығына жығылып, суретке түсіп жатты. Зал толы жұртшылық солардың қылығын қызықтап отырды да қойды. Тағы да мәдениет жайлы ойланып, жанымыз жабырқап қалған!

Немересін қазақтай жақсы көретін ұлт әлемде жоқ шығар, сірә. Жылы-жұмсақтың бәрін солардың аузына тосып, қонаққа барсақ тастамай ертіп жүретініміз сондықтан. Осы тұрғыдан келгенде немерені концертке неге апармасқа?! Бірақ, кішкене сәбилердің 10 –15 минуттан артық бір жерде тыныш отырғанын көргендеріңіз бар ма?! Аздан кейін: «Шөлдедім!», «Дәрет аламын!» деп шықпай ма олар. Осыдан кейін-ақ залда қайшыласқан жүріс басталып жүре береді. Концерт жайына қалып, солардың қылығын тамашалап отырғаныңды байқамай қаласың. Бір жағынан оларға кінә артқым да келмейді. Алайда, мәдени шараға келген, сүйікті әншілерін «тірі дауыста» тыңдағысы келген көпшіліктің қандай жазығы бар?!

Той дегеннен шығады ғой. Бізде той ортая бере: «Тілегімізді айттық, сыйлығымызды бердік. Енді қайта берсек те болады...» – деген түсініктің бар екені жасырын емес. Сол әдетімізді мұнда да жасайтын болыппыз. Себебі, әлгінде айтқандай, үш сағатқа созылған концерттің екінші сағаты ауа бере қайтатындардың қарасы молая бастады. Орындықтардың тасыры, аяқтардың дүрсілі, көз алдыңда көлбеңдеген адамдар көңілімізді алаңдата берген. Ал, соңына қарай көрермендер шараның аяқталуын күтпестен есікке лап қойған. Жұртшылық орындарынан тұрып кеткеннен кейін біз де амалсыз көтерілдік.

Осының бәрін ақылым асқандықтан емес, ашынғанымнан айтуға тура келді. Жасы үлкен жамағат, замандастарым мен кейінгі толқын іні-қарындастарымның іс-әрекеті көңілімді жүдетіп тастағанын несіне жасырайын. Концерт деген той емес, Республика сарайы тойхана емес, өнердің қасиетті ордасы емес пе еді?! Адамды мәдениетке, ізгілікке шақыратын алтынмен аптап, күміспен күптеген салтанатты сарайда жасайтынымыз әлгі болса, жайшылықта қандаймыз деген сұрақ мазалай береді. Осы туралы сіз не ойлайсыз, ағайын?!

Қуат Қайранбаев

Abai.kz




Көрілген: 323    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 16.03.2020, 12:37

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    4 Сәуір, 23:56
    МҰХАҢНЫҢ МҰҢЫ
    31 Наурыз, 11:36
    Абайдың үш бейнесі
    4 Наурыз, 17:28
    Алаш-арман
    31 Қаңтар, 12:43
    Бір видеоның «сыры»...
    28 Қаңтар, 11:06
    Мағауин мифі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    сәуір
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30