Бүгін – Көрісу күні

14 наурыз 2022, 08:25

Бүгін Қазақстанның бірнеше өңірі Көрісу күнін атап өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Негізінен еліміздің Батыс бөлігінде атап өтілетін Көрісу күні кейінгі жылдары ақпараттық насихаттың әсерінен ауқымын кеңейтіп келеді.

Мәдениеттанушылар мен этнографтардың айтуынша, бұл күн негізі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында және Ақтөбенің кейбір аудандарында, Ресейдің көршілес Астрахан, Саратов, Орынбор өңірлерінде, Қарақалпақстанда аталып өтеді. Ал Маңғыстау өңірінің жұрты оны Амал мерекесі деп те атайды.

Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесінің ауқымын кеңейту үшін төл жаңа жылды күн мен түн теңелерден 10 күн бұрын бастау әдетке айналып келеді. Он күндік думанды мазмұнды ету аясында Көрісу күні ресми шаралардың қатарына қосылып, бүгінде бүкл қазақ білетін айтулы күнге айналып отыр.

Аты айтып тұрғандай, бұл күн көшпелі халықтың қыстан аман шыққанда бір-бірінің амандығын сұрап, жүз көрісетін күні болса керек. Сол ескі әдетпен қазір де көрісу салтының ишараттары жаңғыра бастады. Тіпті кей өңірлерде бұл күнді тойлау ғұрыптары жарапазан атрибуттарын еске салады. Үй-үйді қыдырып жүргенде кішкентай балаларға аналары шағын дорба ұстатып қояды. Бала қай үйге көрісуге кірсе, сол үйдің дастарханынан ауыз тиіп, бауырсақ, тәттілерден салып алады. Бұл жоралғы жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, дастарханымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған деп түсіндіріледі.

Бір ерекшелігі – Көрісу бір күнмен шектелетін мереке емес, ол наурыздың 14-інен басталып, айдың соңына дейін жалғаса береді.