Еліміздің Білім және ғылым министрлігі төңірегінен дау жиі шығып жатыр.
Аталған министрліктің әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу бойынша департаментінің директоры Анар Қайырбекованың вице-министр Фатима Жақыпованы докторлық еңбегін қорғағанда плагиат, яғни шығармашылық ұрлық жасаған деп айыптауы соның бірі еді.
Сол кезде Жақыпова оның айтқандарын жалғанға шығарған болатын, диссертация үшін ешқандай да плагиатқа барған жоқпын деген еді. Ал кешегі аптада Білім және ғылым вице-министрінің расында да плагиат жасағаны жөнінде хабар таралды. Халықаралық «Plagіat.Pl» компаниясының арнайы «Антиплагиат» жүйесімен тексергенде оның докторлықты қорғауға қатысты диссертациялық еңбегінің тең жартысынан көбі өзге еңбектерден сөзбе-сөз көшіріліп алынған ұрлықы дүние екені анықталыпты. Тексеруді Сәтпаев университетінің ректоры Ринат Искаковтың жүргізгені туралы айтылады.
Ал мұндайға жұрт бүгінде тіпті де таңқалмайтын болған. Себебі бұл қоғамда ұрланбайтын нәрсе қалмады, үлкен де, кіші де ұрлық жасауға еш қымсынбайтындай болып, машықтанып алды. Естеріңізде болса, кезінде Қазақ Ұлттық университетінің ректоры Ғалымқайыр Мұтановтың бір монографиясынан да осындай шу шығып барып басылған. Бірақ плагиатқа жол бергені үшін оған ештеңе де болған жоқ. Сондықтан бүгінде біреу плагиат жасапты десе, жұрт «е-е...» деп қоя салады.
Бұл ұрлық деген жаман сөздің өзіне құлағымыздың үйреніп кеткенін көрсетеді. Ой елегінен өткізіп көріңізші, қазір кім нені ұрламай жатыр? Бюджеттің қаржысын ұрлап қолға түскендер туралы күнде естиміз. Ел ішінде баукеспелер жұрттың малын ұрлап зар қақсатып жүр. Заманауи техниканы меңгерген қулар біреудің есеп-шотындағы ақшаны ұрлайды. Жаңа туған сәбиді ұрлап сатып жібергендер, адамды алдап, құлдыққа сатып жіберетіндер бар.
Біреулер ұрлыққа күнкөріс үшін барды деп жатамыз. Ал министрлер ше, олар да күнін көре алмай, қиналғасын беттің арын белбеуге түйіп ұрлық жасай ма?
Бүгінде кейбір азаматтардың өмірбаянын оқысаң, ғылыми атақтары мен еңбектерінің тізімін оқып болғанша ішегің үзіле жаздайды. Атақты ала берген, ала берген. Олардың сол атақ-абыройға таза өз еңбегімен жеткеніне күмән туындайтыны анық. «Пәлен ғылымның кандидаты», «түген ғылымның докторы» дегендер көп. Ғылымға бір түйір де еңбегі сіңбеген сондайлардың басым бөлігі ол атақтарды құр мақтаныш үшін алатын сияқты. (Ғылыми атаққа өз адал еңбегі сіңгендер туралы әңгіме бөлек, әрине).
Бүгінде кейбіреулерге ғылыми еңбек жазып беретіндердің де «қолы жүріп» тұрған шығар деген ой келеді.
Айтайын дегеніміз, жұрттың бәрі адал еңбек сіңірмей, тек дайын нәрсені пайдаланып, ұрлап жүре берсе, келешегіміз не болады? Ұрлықтың үлкен-кішісі жоқ, ол – абыройсыз іс. Бірақ осыған құмарлар бүгінде бүкіл қоғамда, оның әрбір саласында қаптап жүргендей, ойласаң, жаның түршігеді.
Бізде қазір ұрлықтан басқа да келеңсіздік атаулы толып жатыр. Бетін аулақ қылсын дейік, бірақ мына түрімізбен озық елдердің емес, тозық елдердің қатарына қосылып кететін шығармыз. Сонда бізді жаман нәрсенің бәрін жамап ала беретіндей күйге түсірген қандай құдірет?
Ж. ЕЛІБАЙ.
www.zamana.kz