Алаш үні

«Да, вы что, Қадыр Мырзалиев тірі ме?..»

  • «Да, вы что, Қадыр Мырзалиев тірі ме?..»

    «Да, вы что, Қадыр Мырзалиев тірі ме?..»

Музыканттар арасында «Бір өзі – бір оркестр» дейтін тәмсіл бар. Соны сәл өңдеп айтсақ: «Бір өзі – бір институт» деуге тұрарлық Байбота Қошым-Ноғай. Түркі дүниесінде қанша ел болса, соншама елдің тілін білетін, өзбек, татар, башқұрт, түрік шайырларының өлеңдерін түпнұсқадан оқи беретін Байбота Қошым-Ноғай қазақ поэзиясының жауһарларын да елге танытуда, көзден кетсе де, көңілден кетпеген авторлардың есімдерін насихаттауда алдына жан салмай келе жатқан арқалы ақын. Онысы таза еңбек енді. Өз жазғандарыңды компьютерге қайта басуға мойының ырық бермейтін, уақыт жетпейтін мына заманда, өзгенің жоғын жоқтап, барын түгендеу – екінің бірінің қолынан келмейтін ерлік іс.

Байбота ағамыз бүгін де ФБ-дағы парақшасына біртуар ақын Қадыр Мырзалиев туралы інілік жылы естелігін ұсыныпты.
Осындағы «...Кабинеттің үш қабырғасы түгел кітап екен. Мен ешкімнің үйінен мұнша көп кітапты көрген емеспін. Таңырқап тұрмын» деген жолдарды оқығаннан кейін ойыма өткен бір оқиға оралды. Ойласу үшін ұсынып отырмын.

2004 жылдың желтоқсан айының басында Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының әкімі болып келді. Оған бұрынғы рухани астана саналатын мәдени шаһардағы қаламгерлер қауымы, өнер адамдары ерекше қуанып қалды. Расында да, Имекең алғашқы кездесуін Жаңа жылдың қарсаңында, «Интерконтиненталь» қонақ үйінің мың адамдық үлкен залында зиялы қауым өкілдерімен жүздесуден бастады. Астанамыз Сарыарқа төсіне көшіп кетіп, далада қалғандай күй кешіп жүрген ақын-жазушысы бар, әнші-жыршысы бар қамкөңіл шығармашылық өкілдері бір жасап қалғаны анық. Осы кездесуден кейін өздерінің қоғамға қажет екенін, ешкімнің ұмытпағанын іштей сезінген ұлт қайраткерлері арасында рухани серпіліс пайда болды, қалалық әкімдікке емін-еркін кіріп-шығатын болды.

Оны жақсы білетінім – әкімдікке қарасты Ішкі саясат басқармасының Баспасөз және ақпараттық саясат бөлімінде қызмет атқарушы едім. Жаңа жылдың 4 қаңтары күні әкімнің орынбасары Алмат Мурзин шұғыл шақырып жатыр деген соң, бесінші қабатқа көтерілдім.

- Осы Қадыр Мырзалиев қайда екен, білесің бе? – деді ол салған жерден. Шынымды айтсам, білмейді екем. Әртүрлі жиындарда көргенім, қарсы жолыққанда амандасқаным болмаса, жақын отырып, Байбота секілді стақан соғыстырып, «шүйіркелесіп» көрмеппін.

- Өткенде бір газеттер ақынға Орал қаласынан коттедж берілді, ерекше құрмет көрсетілді деп, жазып жатыр еді. Анық-қанығын білмедім.

- Анықтаңдар. Егер, Алматыда болса, таңертеңгі сағат 9-да Иманғали Нұрғалиевичке алып кел. Машина береміз. Жарты сағаттан кейін хабарын бер.

Кабинетке келген соң, бөлім қызметкерлерін жинап, шұғыл тапсырма түскенін, Жазушылар Одағымен сөйлесу керек екенін айтып бола бергенімде, «Болашақпен» бітіріп келген бір қызымыз «Да, вы что, Қадыр Мырзалиев тірі ме?» деп, қойып қалды. Амал жоқ, бұлардан қайран болмайтынын білгеннен соң, Одақпен өзім сөйлестім.

Қадекеңнің Оралға көшіп кеткені рас екен. Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев бір жыл бұрын бес-алты ақын-жазушыға пәтер беріп, шақыртып алыпты, оның ішінде Қадыр Мырзалиевке екі қабатты бөлек коттедж салып беріпті.
«Енді қайттік?». «Алматыдағы үйінің телефоны мынау. Звондап көріңіз» деген соң, әлгі нөмірге қоңырау шалмаймын ба?

О, құдірет! Телефонның аржағынан «Әлө-өу, бұл кім?» деген қоңыр дауыс естілді. Қуанғаннан «Қадыр аға, ассалаумағалейкүм!» деп асығыс бастап, өзімді таныстырып, ағамыз Оралға қайта кетіп қалатындай, жөпелдете бұйымтайымды жеткіздім.

«Ә, ә! Солай ма? Иманғали інім шақырса, барайын. Өзім де кіріп шығудың ретін таба алмай отыр едім. Әдірісті жазып ал» деп, таңғы сегізжарымда келуімді сұрады.

Үйге келген соң, Қадыр ағаның кітаптарын іздестірдім. «Домбыра», «Күміс қоңырау», «Иірім» деген үш кітабы ғана бар екен. Екі томдық таңдамалысы болушы еді, келіп-кетіп жүрген студенттер әкеткен бе, таба алмадым. «Қой, бірдеңе сұрап қалса, білмей отырғаным ұят болар» деген оймен, қолдағы бар дүниелерді парақтап шықтым.

Жалпы, Қадыр Мырзалиевтің өлеңдері тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін, тез жатталатын, ойлы, мағыналы, сырлы дүниелер ғой. Жастау кезімізде «Мың жұлдызы болса да» дейтін өлеңін талай бойжеткенге оқып беріп, бермейтін шәйін ішіп кететінбіз.

Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бір жұлдыздан тұрады, махаббаттың аспаны.
Сол бір жұлдыз жанады, сол аспанды жарық қып,
Жарықта да түк көрмес ғашық болған жарықтық!
Сол жұлдызсыз белгілі, оның естен танары,
Маңдайда емес, жүректе –
Ғашықтардың жанары...
деп, мөлдіретіп жыр төгіп тұрғаннан кейін, саған қарсыласуға шамасы келетін сұлулар аз еді. Қазіргі емес, біздің дәуірде.

Хош, сонымен, таңертең айтылған уақытта Каменка жақтағы ағамыздың үйінің қасында тұрдым. Екі қабатты шағын коттедж. Ұядай. Үйден ілесе шыққан Салтанат апамыз Қадекеңді балаша мәпелеп, пальтосының түймесін салып, машинаға отырғанша, қарап тұрды. Ақынның «Салтанат» атты поэмасындағы басты кейіпкерді бірінші көруім, алыстан «Сәлеметсіз бе?» деп, дауыстай амандасып, ізет білдірдім. Ол кісі оң қолын көтеріп, басын изеп, сәл күлімсірегендей болды.

- Апаларың неге шайға кірмеді деп, сұрап жатыр, - деді Қадекең.

- Кешігіп қалармыз, аға. Бұйырса, әлі дәм татармыз.

- Өй, сен баланы танимын ғой, - деді маған қол беріп жатып. -Өзіміздің қаламгерлер ауылынан екенсің. Баяғыда Желтоқсанды зерттеген комиссияда жұмыс істедің емес пе?

- Иә, дәл таптыңыз. Өзіңізбен біраз уақыт бірге болғанбыз.
Жолда келе жатып, менің Аягөзден екенімді, Ғабиден Құлахметовтің жерлес інісі екенімді естіп, қуанып қалды. «Өте талантты ақын ғой» деп, оның поэзиясын білетінін, әрі жоғары бағалайтынын аңғартты. Мен де сөз арасында Қадыр ағаның туған жері Жымпитыда болғанымды, анасы Мағираш апамен жүздескенімді айтып бердім.

- Солай ма? Қай жылдары?

- 1990 жылы күзде. Тайпақ ауданындағы «Өлеңті» ауылында Жұбан Молдағалиевтің 70 жылдық мерейтойы болып, салтанатты жиындар бірнеше ауданда кезекпен өтті. Соның бірі Жымпитының аудандық Мәдениет үйінде болды. Алматыдан екінші хатшы Әкім Тарази бастап, Сағынғали Сейітов, Тұманбай Молдағалиев қостап, бір топ ақын-жазушылар барды. Өзіңіз болмадыңыз ғой? Сонда Мағираш апа арнайы қатысқаны, үлкендерден өзіңізді сұрағаны есімде. Сіз анаңызға қатты ұқсайды екенсіз.

Қадекең үнсіз қалды. Онсыз да қара торы өңі тым қарауытып кеткендей көрінді. Әлдебір жүрек жарасына тиіп кеттім бе екен? Жоқ әлде, туып, өскен жерінен ұзап шыға алмай, ұлымен емен-жарқын араласа алмай арманда өткен жалғыз-ілікті анасының ауыр тағдыры есіне түсті ме екен? Соның алдында ғана газеттерден Қадыр Мырзалиев ағамыздың анасы дүниеден өткенде:

«Бала боп қызық көре алмай,
Баладан қызық көре алмай,
Байдан да қызық көре алмай,
Қайдан да қызық көр¬е алмай,
Дүниеден өтті бір пенде...» деп, құлыптасқа бір шумақ көңіл тамшысын түсіргенін оқып едім. “Неге ауыр жаздыңыз?” деп сұрағандарға ағамыз: “Шындық қалсын дегенім ғой” деп, қысқа жауап берген екен.

Ақын ағамыз әлі үнсіз. «Бекер қозғадым-ау» деп, іштей қысылып қалдым. Енді бұл тығырықтан қалай шығудың жолын таппай, шопырға тіл қаттым. «Кешігіп қалмайық. Басқа көшемен баруға болмай ма?» Машинамыз таңертеңгілік көше кептелісінен ауыр жылжып келеді. «Қазір Әл-Фарабиге түссек болды, ары қарай зымыраймыз». Осы сәт Қадекең серпілгендей қайта тіл қатты:

- Иманғали бүгін менің туған күнім деп шақырып отыр-ау, ә!

- Иә, солай деп отыр.

- Олай емес. Менің туған күнім күзде. Қазанның 5-сі.

Мен таңырқаған күйі жүзіне қарап едім, сәл күлімсіреген Қадекең жазушылар анықтамалығында ертеректе қате кеткенін, сол қатенің жылдар бойы кітаптан кітапқа ауысып жүргенін жайлап айтып берді.

- Осыдан шыққаннан соң, Одаққа телефон соғайын. Тағы да естеріне салып қояйын...

Қадекең әкімнен көңілді шықты. Қолында бір құшақ гүл, үлкен қорап сувенир. Біздің кабинетке келіп, шай ішіп отырып, риясыз күлді дейсің бір.

- Әй бала, өтірік туған күнім болса да, ойда жүрген бір шаруамның оң біткеніне септігі тигенін қарамайсың ба?!

- Сөзіңізге қарағанда, олжалы сияқтысыз ғой?

- Айтпа! Сен мынаны тыңда. Орта ғасырда Нидерландияның Эразм Роттердамский дейтін әзілкеші болған. Өзі бесаспап, ағылшын, француз, грек тілдерінде емін-еркін жаза беретін полиглот. Кембридж университетінде дәріс берген танымал оқымысты. Өмір бойы саяхаттап, Лондон, Париж, Рим қалаларында тұрған. Сол кісіден «Отаның қайда?» деген сұрағанда, «Моя родина там, где моя библиотека» деп жауап береді екен.

- «Қадеке, енді қайда тұратын болдыңыз? Оралда ма, Алматыда ма?» деп сұрағанда, Иманғалиға мен де дәл солай деп айттым. «Түсіндім. Кітаптарыңызды қоюға төрт бөлмелі пәтер жете ме?» деді ол.

- Былай ғой, Имаш, - дедім мен оның мәрттігіне риза боп. – Маған тұратын пәтер керек емес. Баспанам бар. Ал, менің кітап қорым өте үлкен, 7 мыңдай. Арасында өте сирек кездесетін, ешкімде жоқ сөз жауһарлары бар. Егер, қолыңнан келсе, оқырмандар соның игілігін көретіндей, емін-еркін кіріп-шығатындай ғимарат болса.

- О-о, Қадеке, мынау өтінішіңіздің салмағы тым ауырлау екен. Ойластырайық.., - депті қала басшысы.

Бұл әңгіменің басы тым тәуір басталғанымен, соңы Иманғали Астанаға кеткен соң, сұйылып кетті. Бір көргенімде, Қадекең көп мекеменің арасында келісім алу үшін жүгіре-жүгіре шаршағанын, жеке кітапханадан күдер үзе бастағанын айтты. Оның үстіне, қалалық құрылыс басқармасының бір тоңмойын бастығы, кейінірек жемқорлықпен ұсталған шенеунік «Перепланировканың қаржысын өзіңіз құясыз» деп, шаш жетпейтін соманы сұрапты. Сонымен, алаштың ардақты ақыны, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қадыр Ғинаятұлы Мырзалиев әлдебір иісалмастың кесірінен әкімдіктің есігін тарс жауып кетті.

Абырой болғанда, Қадекеңнің арманы кештеу болса да, өзінің туған жерінде жүзеге асты. Орал қаласында 2015 жылы «Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығы» бой көтеріп, бүкіл Қазақстан бойынша мақтанарлықтай руханият Сарайына айналғанына куә болдық. Соңында қалған бар байлығы – баға жетпес кітаптары сонда жеткізілді.
Бұл арада, айтайын дегенім, екі нәрсе.

Біріншісі, шығармашылық қызметтің көзге көрінбейтін ауырлығын жай адамдар түсіне бермейді. Олар түпкі нәтижесін (кітабын, атақ, даңққа жеткенін) ғана көреді. «Мені еңбекқор еткен – кедейлік» деп Қадыр ақын жазғандай, біздің елімізде жазу-сызудан байып кеткен ешкім жоқ, сондықтан, шығармашылық адамының еңбегін тірі кезінде бағалай білген абзал.

Екіншіден, айдың-күннің аманында кеше ғана ортамыздан өткен арыстай ағамыздың туған күнінен жаңылысып отырғанымыз, бәрімізге сын. Әсіресе, осыны реттейтін Жазушылар Одағына! Бұл арада Байбота Қошым-Ноғайдың еш кінәсі жоқ. Мен Қадекеңнің өз аузынан естігенімді жазып отырмын. (Осындай түсінбестік жуырда Фариза Оңғарсынованың туған күніне де қатысты болды. Біреулер апамыздың туған күні 5-желтоқсан, енді біреулер 25-желтоқсан десіп, арты едәуір пікірталасқа ұласты). Кейінгі шыққан анықтамаларды, «Уикипедия» ашық энциклопедиясын ашып қарасаңыз, бұл айтылғандарға оп-оңай көзіңізді жеткізесіз. Ешкім ешкімге өкпе артпасын.
Сөзімнің соңында: «Өте көп оқығанның пайдасын, өте көп оқығаннан кейін барып түсінесің» деп, әзіл-шыны аралас Қадыр Мырза-Әли айтқандай, Жаңа жылда көп оқитын оқырмандарымыз көп болсын деп тілеймін!

Қайым-Мұнар Табеев

Abai.kz




Көрілген: 472    Пікірлер: 0

бейсенбі, 09.01.2020, 12:31

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    31 Қаңтар, 12:43
    Бір видеоның «сыры»...
    28 Қаңтар, 11:06
    Мағауин мифі
    6 Қаңтар, 14:50
    28 жыл бойғы құпия
    26 Желтоқсан 2019
    Абай бай болған ба?
    23 Желтоқсан 2019
    Қажымұқанды жеңген қазақ
    23 Желтоқсан 2019
    Абайдың саяси қызметі
    12 Желтоқсан 2019
    Желтоқсанның батырлары

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    ақпан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29