Демографиялық тоқырау келе жатыр?

Демографиялық тоқырау келе жатыр?

Кеше ғана Өзбекстан ақпарат құралдары қазанға дейінгі статистика бойынша ел халқының 33 миллион 724 мыңға жеткенін хабарлады. Мұндай өсіммен алдағы наурызға шейін Өзбекстан халқы 34 миллионға жетуі мүмкін. Өзбекстанның көптеген азаматтарының тәуелсіздік жылдарында Қазақстанға, Ресейге түпкілікті көшіп, сол жақтың азаматтығын алғандарына қарамастан, бұл елде демографияның қарқынды өсімі байқалып жатқаны байқалады. Тіпті, соңғы жылдары Өзбекстанда көп балалы болмас үшін әйелдерге түрлі себеппен ота жасап, жатырларын алып тастайды екен, көп бала тумау жөнінде жасырын бағдарлама бар екен деген сыбыстар көбейіп кеткен. Әсіресе Қарақалпақстан республикасында осындай іс-әрекеттер жиі байқалады дейді кейбіреулер. Бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ. Есесіне халық саны қарқынды өсіп келеді. Өзбекстан- Орталық Азиядағы халқы ең көп елге айналып отыр.
Статистикаға қарасақ, Өзбекстан халқының 17 миллион 34 мың адамы (50,5 пайыз) қалада, ал 16,6 миллионы (49,5 пайыз) ауылды жерлерде тұрып жатыр.
Халық көп шоғырланған аймақтарға Самарқанд облысы (жалпы халық санының 11,4 пайызы тұрады), Ферғана облысы (11,1 пайыз), Қашқадария (9,7 пайыз) және Әндіжан облысы (9,2 пайыз) жатады.
«2019 жылдың 1 қазанына дейінгі есеп бойынша, тұрғындардың 30,5 пайызы еңбек ететін жасқа жетпеген, 59,1 пайызы еңбек ететін жаста және 10,4 пайызы еңбек ететін жастан өтіп кеткен» делінген статистика комитетінің есебінде.
Салыстырмалы түрде айтқанда Өзбекстан халқы жас деп есептелінеді. Яғни, қартаң адамдарға қарағанда жастар, бүлдіршіндер саны көп. Бұл елдегі демографиялық ахуалдың өте жақсы деңгейде дамып отырғанын көрсетеді. Көршісіне қарағанда Қазақстан халқы жылдам қартайып барады.
Өзбекстанда 1991 жылы халық саны 20 миллионнан асқан. Содан бері 13 миллионға артыпты. Ал Қазақстандағы өсім 2 миллион адам шамасында. Оның ішінде билік басындағылар жиі айтатындай, 1 миллион адам шеттен көшіп келген отандастарымыз болса, демек 28 жыл ішінде 1 миллион жанға ғана көбейгеніміз. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметі бойынша бүгінде Қазақстан халқы 18 миллион 581 мың 469 адам. (1989 жылғы халық санағы бойынша елде 16 миллион 200 мың адам болған, содан бергі 30 жылда 2 миллионға ғана көбейгенбіз. Рас, алғашқы он жылда халық саны 2 миллионға дейін төмендеп кеткен. Кейінгі он жылда сол 2 миллионның орны толып, соңғы он жылда 2 миллионға көбейдік. Яғни, әр бес жылда 1 миллионға көбейгенбіз соңғы 20 жылда. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында тарихи отандарына көшіп кетушілердің көптігінен санымыз едәуір азайды дегенмен, елге көшіп келуші отандастарымыз да аз болған жоқ қой. Осы жағынан алғанда бәрібір өсімнің төмен екенін байқаймыз. Дәл бүгінгі таңдағы табиғи өсім 1 пайыз шамасында сияқты. Яғни жылына 185 мың адам шамасында көбейеміз). Демографиялық өсімнің жылдан-жылға төмендеп келе жатқанын ескерсек, бұл алаңдайтын мәселе. Соңғы жылдары Қазақстанға көшіп келушілерге қарағанда, елді тастап кетіп жатқандар қатары артуда. Бұл да толғандыратын жәйт. «Арқа жылы болса арқар ауып несі бар?» демекші, Қазақстанда жағдай дұрыс болса, жұрттың елден ағыла көшіп кетулеріне не себеп? Бұл терең зерттеуді қажет ететін мәселе болып тұр.
Әсіресе солтүстік облыстар, атап айтқанда Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай, Қарағанды, Ақмола облыстарындағы ахуал қуантпайды. Ондағы халы саны көбеюдің орнына кеміп барады. Оның үстіне ондағы халық қатты қартаюда. Осы қарқын өзгермесе, біраз жылдан соң солтүстік облыстардағы халық саны мүлде азайып кетуі ықтимал. Ол жақта жұмысқа қабілетті жастарды табудың өзі қиынға соғайын деп тұр.
Қазір көрші Ресей халқы да қартайып, жылдан жылға саны кеміп келеді. Сондықтан олар шеттен көшіп келетін адамдарға да үміт артып отыр. Оның ішінде Қазақстан да бар. Солтүстік облыстардағы көп жастар көрші Ресейде жоғары білім алғанды жөн көреді, соның біразы болашағын Ресеймен байланыстырып, сонда қалып қояды. Өйткені онда еңбекақы біздегіге қарағанда жоғары. Әрі балалы отбасыларға жоғары әлеуметтік көмектер қарастырылған. Қазірдің өзінде Ресейде 100 мыңға тарта қазақстандық оқып жатыр. Бұл сан жыл сайын артпаса кеміп жатқан жоқ. Ал халқы тығыз орналасқан оңтүстік облыстардың тұрғындарын солтүстік өңірлерге тарту «Серпін», «Еңбек» бағдарламалары дұрыс нәтиже бермей отыр. Шамасы, аталмыш бағдарламаларға өзгерістер енгізіп, халықты ынталандырудың тетіктерін көбейту керек сияқты.
Демографиялық мәселе мұнымен ғана аяқталмайды. Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсең тіпті шошисың. Жуырда бұрынғы омбудсмен, Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева сұмдық деректерді келтірді. Оның айтуына қарағанда, Қазақстандағы 25 жасқа дейінгі жас жігіттердің 16 пайызы белсіз екен. Ал қыздардың 30 пайызы бедеу болып шықты. Жас ұлғайған сайын бұл көрсеткіштің арта түсетіні айтпаса да түсінікті. Соңғы жылдары үйлену жасының ұлғайып бара жатқанын, яғни ұл-қыздар 30-ға дейін шаңырақ көтеруге асықпайтынын есепке алатын болсақ, онда үйленгендердің жартысына жуығында балалы болуда проблема туындайды деген сөз. Ол аздай, Қазақстан ажырасу жағынан да әлемде алдыңғы қатарлардан көрінеді. Біздегі әрбір үшінші некенің ажырап кететінін ескерсек, бұл да демографияның өсуіне үлкен соққы болып тұр.
Кері көрсеткіштерді айтсақ жаннан түңілгендей боласың. Қазақстан жол апатынан қайтыс болатындар саны жөнінен де, өз-өзіне қол жұмсаушылар көрсеткіші бойынша да әлемде алдыңғы орындардан көрінеді. Алкогольді сусындар ішуден де алдымызға жан салмай отырмыз. Алкогольді сусынның адам денсаулығына орасан зиян тигізетіні айтпаса да белгілі, оның ішінде еркектің белсіздігіне, әйелдің бедеулігіне соқтыратын зардаптары тағы бар. Оның үстіне отбасындағы берекені қашырады. Айналып келгенде демографияның тоқырауына жанама әсер етеді.
Жанама әсерлерге тағы тоқталсақ.
Зағипа Балиеваның айтуынша, біздегі мектеп бітірген оқушылардың басым көпшілігі білім ордасынан «мүгедек» болып шығады. «Мүгедек» дегеніміз асырып айтқандық шығар, бірақ, төмендегі мәліметке көз жүгіртіп көріңізші.
«1-сыныпқа дені сау келген балалардың 34 пайызы 11-сыныпта емі жоқ сколиоздан зардап шексе, 72 пайыз баланың көруі нашарлайды. Бізге бұл жайында ойлану қажет» дейді ол.
Яғни, мектеп бітірген түлектердің 72 пайызының көруі нашарласа, ал 34 пайызы емі жоқ сыртқатқа шалдықса, бұл мүгедектік емей немене? Бізде мүгедектік 3 саты бойынша анықталса (1-топ, 2-топ, 3-топ), мұны мүгедектік 4-сатысы деуге болатын шығар. Ал, денсаулығында кінәрат бар жанның шаңырақ көтеруде де, кейін балалы болуда да қиындықтарға тап болатыны белгілі. Мәселен, денсаулығы дімкәс жан тұрақты жұмыс табуда түрлі кедергілерге тап болуы мүмкін немесе жалақысы жоғары қызметтерге орналаса алмайды. Салдарынан отбасыны асырауы қиындайды. Соның кесірінен өз баспанасы болмауы мүмкін. Табысы аз болғандықтан көп балалы болуға қорқады, оларды тиісінше асырай алмаймын ба деп.
Алдағы жылдан бастап жағдай мүлде ушығуы ықтимал. Өйткені, келер жылдан бастап медициналық сақтандыру қорына ақша аудармағандар үшін медициналық көмек алуы қиындамақ. Бұл халық денсаулығына кері әсер етуі мүмкін. Денсаулығы нашар жанның балалы болудан қашқақтауы мүмкін екенін жоғарыда айттық.
Көріп отырғанымыздай, халық денсаулығы демографиялық ахуалға әсер етеді. Бұнымен қатар әлеуметтік мәселелер де көпбалалы отбасылар санының азаюына әсер етіп отыр. Ендеше не істеу керек?
Негізі биыл Ұлттық халық санағы өтуі тиіс болатын. Әр он жылда өтетін Халық санағы 2009 жылы өткен болатын... үлкен дау-дамаймен. Сол кезде Статистика агенттігін басқарған Анар Мешімбаеваның санаққа бөлінген қаржыны талан-таражға салып, ақыр соңында елден бас сауғалап қашып кеткенін білеміз. Кейіннен Ресейде қолға түсіп, Қазастанға экстрадицияланған. Бес жыл абақтыда жазасын өтеген соң бостандыққа шықты. Санаққа жұмсалуға тиіс қаржының бір бөлігі ұрланып, талан-таражға түскендіктен, санақтың нәтижесіне де күмәнданатын сияқтысың...
Міне, сол санаққа да биыл он жыл толды. Әу баста санақ биыл күзде өтеді деп хабарланған. Кейін санақтың келер жылға қалдырылғаны белгілі болды. Сайлау болса аяқ астынан өткізе салатын, кез келген кезектен тыс сайлауға дайын Қазақстанның 10 жылда бір болатын санаққа неге дайын болмай шыққаны түсініксіз. Шамасы, санақ қорытындысынан қорқып отырса керек... Бірақ, жыл санап қорытынды нашарламаса, жақсармайтын сияқты. Әрине, табиғи өсім бар. Бірақ, пайыздық өлшеммен алғанда жыл санап өсім азайып барады. Сонымен қатар, санақта тек жан басын санап қоймайды, санақ парақшасында көптеген сұрақтар болады. Соның нәтижесінде біз елдегі қазақтілділер санын, үйсіздердің қанша екенін, неше адамның жұмыссыз сандалып жүргенін, қанша адамның кедейлік шегінде өмір сүріп жатқанын біле алар едік. Бірақ ол мүмкіндік биыл тумады, өкінішке қарай.
Биыл үкімет әлеуметтік мәселелерге назар аударған болып тұрмысы төмен отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек көлемін көбейтті. Халық арасында «21 мың» аталып кеткен бұл жәрдемнің мәселені оңтайлы шешуге қауқарсыз екені бірден байқалды. Дау-дамай көбейіп, кейбір отбасылардан алған ақшаларын кері қайтару талап етілді. Баспанасыз, соның кесірінен бір орынға тұрақты тіркеуге тұруға мүмкіндігі жоқ көптеген тұрмысы төмен отбасылар АӘК ала алмай отыр. Баспанасыз отбасылардың мәселелері шарықтау шегіне жеткендей. Ал оларды баспанамен қамтуға арналған түрлі бағдарламалардың шикілігі туралы өткен нөмірімізде де айтқанбыз. Өйткені, бағдарламалар қайшылыққа толы. Мәселен, тиімді деген бағдарламамен баспаналы болу үшін айлығыңыз өте төмен болуға тиіс. Бірақ, баспананың алғашқы жарнасы, ай сайын төлейтін несиеңіз тағы бар. Төмен жалақымен ешкімнің алғашқы жарнаны жинай алмайтыны, ай сайынғы төлемін төлей алмайтыны айтпаса да түсінікті. Онсыз да күнін әзер көріп отырған отбасы 1 миллион теңгеден асатын алғашқы жарнаны қайдан жинамақ?
Атаулы әлеуметтік көмек алуда да шикілік көп. Комиссия табысты дұрыс есептемейді. Күнін көре алмай, қайыр сұрауға мәжбүр болған отбасының садақамен жинаған аз ғана ақшасын да табыс деп есептеуі мүмкін. Сорақысы сол, бір реттік табысыңды тұрақты табыс деп есептеуден тайсалмайды. Тіпті, банктен алған несиеңді де табыс етіп көрсетулері ықтимал. Ал, шығындарың есепке алынбайды. Есесіне жемқорлықтың кесірінен қос қабатты коттеджі бар, қос-қостан көлік тізгіндегендер АӘК алып отыр. «Бірдің кесірі мыңға тиеді» дегендей, сондайлардың кесірінен тұрмысы төмен отбасылар мемлекеттік жәрдемді алуда түрлі қиындықтарға тап болуда.
Оңай нәрсені қолдан қиындататын әдетіміз ғой. Әйтпесе елде жұмыс істейтіндер зейнетақы қорына міндетті түрде ақша аударады. Сол арқылы кімдердің жұмыс істейтінін, кімдердің қанша айлық алатынын сұрамай-ақ білуге болады. Зейнетақы қорында бәрінің есебі бар. Кімдердің зейнетақы алатыны да белгілі. Қай отбасыда қанша бала бары да анық жәйт. Цифрлық жүйеге көшіп жатқан елде бұл мәліметтердің барлығы компьютерде тіркеліп отырады ғой. Тек, сол мәліметтің бәрін орталықтандырып, бір жерге жинақтаса, кімнің отбасында қанша бала бары, олардың нешеуі жұмыс істейтіні, айлық табыстары қанша екені бірден белгілі болып шыға келеді. Ендеше АӘК алуды министрліктің өзінен орталықтандырып, тұрғылықты тіркеуін, табыс туралы деректерін талап етпестен ЖСН нөмірі арқылы әр адамның жеке есепшотына ай сайын аударып отыру қажет.
Бірді айтып екіге кетті деп сөкпеңіздер. Әлеуметтік мәселенің демографияға тікелей қатысы барын түсінетін боларсыздар. Әр отбасының өз баспанасы, күнкөріске жететін тұрақты табысы болса бала туу көрсеткіші де артар еді. Әлеуметтік мәселелерді шешпей демографияны көтереміз деу әурешілік. Үйсіз-күйсіз, болашағына сенімсіз жанның балалы болуға асықпайтыны белгілі жәйт қой.
Әлбетте, «дамыған Батыста да, Жапонияда да демографиялық ахуал нашарлап, халқы қартайып барады» деп дау айтуыңыз ықтимал. Бірақ қазақ менталитеті бөлек қой. Өмір сүру мәнін ұрпақ қалдыру деп түсінетін қазақ жағдайы келіп тұрса көп балалы болудан қаша қоймайды. Бізге мейлінше демографияны көтерудің барлық мүмкіндіктерін қарастыру қажет. Әйтпесе аз жылдардан кейін-ақ демографиялық тоқырауға ұшыраймыз. Шегеленген шекарамыз болғанымен, көші-қонды ешкім тоқтата алмайды. Жеріміз кең. Дәл жанымызда жеріне сыймай Қытай тұр. Біраз жылдан соң 50 миллионды еңсеретін Өзбекстан тұр. Бос тұрған қазақ жеріне солардың лықсып келіп қоныстануы мүмкін емес деп кім айта алады? Бос ваакумге лықси жылжу табиғат заңдылығы. Туу көрсеткіші азайып, сәйкесінше қартаң адамдар саны көбейе берсе, алдағы елу жылдан кейін бізде де жастар істейтін жұмыс күшіне деген тапшылық пайда болып, шеттен келетін жастарға өзіміз зәру болуымыз ықтимал. Ондай жастар қайдан келеді? Әрине, халқы жеріне сыймай жатқан Қытайдан, Өзбекстаннан, тіпті әрідегі Үндістаннан, тіпті Африкадан. Әлі күнге толыққанды қазақ бола алмай жатқан кезде бұл ұлтты сақтап қалуда қосымша қиындықтар тудыратыны айтпаса да түсінікті шығар.
Енді өзге елдердегі демографиялық ахуалмен салыстырулар жүргізіп көрейік. stattur.ru сайтының мәліметтеріне жүгіндік. Таң қаласың. Мың адамға шаққандағы туу және өлім көрсеткішіне тоқталайық.
Ұзақ жылдардан бері соғыстан көз ашпай отырған Ауғанстан елін алайық. 38,84 адам өмірге келсе (1000 адамға шаққанда), 14,12 жан қаза табады екен. Сәйкесінше табиғи өсім 24,72 адам.
Соған ұқсас Иракта: туу – 26,85; өлім көрсеткіші – 4,57; табиғи өсім – 22,28.
Сирия: туу – 22,76; өлім көрсеткіші - 6,51; табиғи өсім – 16,25 адам.
Өзбекстан: туу – 17,02; өлім көрсеткіші – 5,29; табиғи өсім – 11,73 адам.
Түркіменстан: туу – 19,46; өлім көрсеткіші - 6,16; табиғи өсім – 13,3 адам.
Тәжікстан: туу – 24,99; өлім көрсеткіші - 6,28; табиғи өсім – 18,71 адам.
АҚШ: туу – 13,42; өлім көрсеткіші – 8,15; табиғи өсім – 5,27 адам.
Моңғолия: туу – 20,88; өлім көрсеткіші - 6,38; табиғи өсім – 14,5 адам.
Қырғызстан: туу – 23,33; өлім көрсеткіші - 6,74; табиғи өсім – 16,59 адам.
Әзербайжан: туу – 16,96; өлім көрсеткіші – 7,09; табиғи өсім – 9,87 адам.
Қытай: туу – 12,17; өлім көрсеткіші – 7,44; табиғи өсім – 4,73 адам.
Ал Қазақстанда: туу – 19,61; өлім көрсеткіші – 8,31; табиғи өсім – 11,3 адам (1 пайыздан сәл-ақ жоғары).
Әлем бойынша табиғи өсім негізінен Африка, Азия және Оңтүстік Америка құрлықтарына тән. Мың адамға шаққандағы ең жоғарғы туу көрсеткіші мына елдерге тән:
Нигер – 46,12;
Мали – 45,53 адам;
Уганда – 44,17;
Замбия – 42,46 адам;
Буркина-Фасо – 42,42 адам;
Бурунди – 42,33 адам;
Сомали – 40,87 адам;
Малави – 41,8 адам.
Табиғи өсімі ең жоғарғы елдер (1000 адамға шаққанда):
Нигер – 33,39 адам;
Малави – 33,06 адам;
Уганда – 33,2 адам;
Бурунди – 32,79 адам;
Мали – 32,31 адам;
Буркина-Фасо – 30,46 адам;
Замбия – 29,54 адам.
Өлім көрсеткіші ең жоғары елдер (1000 адамға шаққанда):
Оңтүстік Африка Республикасы – 17,49 адам;
Украина – 15,72 адам;
Лесото – 14,91 адам;
Чад – 14,56 адам;
Гвинея-Бисау – 14,54 адам;
Болгария – 14,3 адам;
Ауғанстан – 14,12 адам.
Өлім көрсеткіші ең төменгі елдер (1000 адамға шаққанда);
Катар – 1,53 адам;
Біріккен Араб Әмірліктері – 1,99 адам;
Кувейт – 2,16 адам;
Бахрейн – 2,67 адам;
Палестина – 3,3 адам;
Сауд Арабиясы – 3,32 адам;
Оман – 3,38 адам;
Сингапур – 3,42 адам;
Бруней – 3,47 адам;
Ливия – 3,57 адам;
Иордания – 3,8 адам;
Мальдивы – 3,84 адам;
Соломон аралдары – 3,86 адам.
Адам өлімі көрсеткішінің жоғары болуы тек ондағы денсаулық, әлеуметтік мәселеге немесе соғыс пен қылмыстың көптігіне, автомобиль жолдарындағы апаттардың көптігіне ғана байланысты емес. Тіпті, табиғи апаттардың жиі орын алуы да статистикаға көп өзгерістер енгізе қоймайды. Өлім көрсеткішінің жоғары болуы ол елдерде қартайған адамдардың көптігінен болуы да мүмкін. Ал өлім аз кездесетін мемлекеттер жастар мен балалалардың көптігінен хабар береді. Ондай елдердің болашағы зор деуге болады. Демографияға алаңдамаса да болады.
Әлемдегі демографиясы кері кеткен елдер туралы да мәлімет бере кетейік (1000 адамға шаққанда, - (минус) көрсеткіште):
Украина - -6,31 адам (кеміп барады, минус көрсеткіште);
Болгария - -5,38 адам;
Сербия - -4,58 адам;
Латвия - -3,81 адам;
Венгрия - -3,46 адам;
Эстония - -3,4 адам;
Германия - -2,87 адам;
Словения - -2,71 адам;
Беларусь - -2,65 адам;
Хорватия - -2,64 адам;
Румыния - -2,61 адам;
Монако - -2,29 адам;
Литва - -2,19 адам;
Австрия - -1,62 адам;
Италия - -1,6 адам;
Португалия - -1,55 адам;
Жапония - -1,31 адам;
Бельгия – -0,77 адам;
Босния және Герцеговина - -0,75 адам;
Польша - -0,6 адам;
Чехия - -0,5 адам;
Молдавия - -0,39 адам;
Финляндия - -0,16 адам;
Дания - -0,01 адам.
Көріп отырғандарыңыздай, бұл елдердің болашағы бұлыңғыр, демографиялық апатқа ұшырау алдында тұр. Әсіресе Украинаның жағдайы қиын. Әйткенмен, алдымен өз еліміздің болашағын ойлайық.
Статистикадан көріп отырғандарыңыздай, Қазақстанның да жағдайы да мәз емес. Біздегі адам өлімі Катарға қарағанда 5,5 еседей, БАӘ-ге қарағанда 4 есе жоғары. Туу көрсеткіші кейбір мемлекеттерден екі еседен де жоғары көрсеткішке кем, тіпті ол елдердің табиғи өсіміне де жуықтамайды.
Ұзақ жылдардан бері соғыстан көз ашпай отырған Ауғанстан елін алайық. 38,84 адам өмірге келсе (1000 адамға шаққанда), 14,12 жан қаза табады екен. Сәйкесінше табиғи өсім 24,72 адам. Көрші мемлекеттермен салыстырғанның өзінде Қазақстан өлім көрсеткіші бойынша жоғары деңгейде болып тұр. Орталық Азияның бес мемлекетінің ішіндегі адам санына шаққанда өлім ең көп тіркелетін елміз. Туу көрсеткіші бойынша керісінше, ең төменгі көрсеткішке ие. Тіпті, ұзақ жылдар бойы туу санын шектеп, халқы мейлінше қартайған Қытайдың өзінде өлім көрсеткіші бізден төмен. Орталық Азия бойынша табиғи өсім Тәжікстанда жоғары.
Халық тығыздығына да тоқтала кетейік. Қазақстан әлемдегі халқы сирек орналасқан елдер қатарына жатады. Әлемде жер көлемі бойынша 9-орынды алатын Қазақстанда 19 миллионға да жетпейтін халықтың тұруы жеріне сыймай жатқан талай елдің қызғанышын тудыратыны белгілі жәйт. Сонымен, 1 шаршы шақырымға шаққандағы халықтың қоныстану тығыздығы жөнінен әлемдегі ең төменгі көрсеткішке ие елдер:
Моңғолия – 1,896 адам;
Намибия – 3,046 адам;
Исландия – 3,228 адам;
Австралия – 3,273 адам;
Суринам – 3,354 адам;
Канада – 3,517 адам;
Мавритания – 3,524 адам;
Ливия – 3,598 адам;
Гайана – 3,729 адам;
Ботсвана – 3,837 адам;
Габон – 6,587 адам;
Қазақстан – 6,757 адам;
Орталық Африка Республикасы – 8,023 адам;
Ресей – 8,595 адам.
Мұндағы көптеген елдердің жері шөл, яғни өмір сүруге қолайсыз болғандықтан халық санының тығыздығы төмен болып отыр. Оның ішінде Австралия да бар. Канаданың көп жері суық, онда да адам өмір сүре алмайды. Ресейдің қиыр шығысындағы жағдай да белгілі. Ол елдермен салыстырғанда Қазақстан жері жұмақтай.
Енді көрші Орталық Азия елдерімен салыстырып көрейік:
Өзбекстан – 71,093 адам;
Тәжікстан – 60,053 адам;
Қырғызстан – 30,27 адам;
Түркіменстан – 11,143 адам.
Көріп отырғанымыздай, Тәжікстанда халық тығыздығы бізден 10 еседей жоғары болса, Өзбекстанда 11 еседей жоғары. Ал Қытайда халық тығыздығы әр шаршы шақырымға 143,923 адамнан келеді.
Әлемдегі халқы ең тығыз орналасқан елдер мыналар:
Монако – 18931,5 адам;
Сингапур – 7892,82 адам;
Бахрейн – 1979,699 адам;
Ватикан – 1913,636 адам;
Мальта – 1374,693 адам;
Мальдивы – 1137,52 адам;
Бангладеш – 1117,997 адам;
Палестина – 800,084 адам;
Барбадос – 661,267 адам;
Маврикий – 618,239 адам;
Ливан – 575,784 адам;
Сан-Марино – 523,77 адам;
Оңтүстік Корея – 522,249 адам.
Таң қаласыз ба, Монакодағы халық тығыздығы бізден 2874 есеге жоғары! Яғни, бізде 1 адам тұрып жатқан жерге оларда 2874 адам тұруда. Сондай ел тұрғындарының бізге қызыға да қызғана қарайтыны сөзсіз ғой. Жарайды, аталмыш елдердің көпшілігі бізден алыс жатыр дейік. Бірақ, көрші елдердегі жағдайдың өзі алаңдатарлық. Өзбекстан халқы үшін жақын жердегі ең бос жатқан әрі қолайлы аймақ – Қазақстан мен Түркіменстан. Бірақ Түркіменстанның көп жерін шөлді дала алып жатыр. Жер емгенді жөн көретін өзбек үшін қазақ жері таптырмас орын. Қытай үшін – Қазақстан, Ресей мен Моңғолия. Ресейдің бос жатқан аймақтарының көпшілігі ауа райы қатаң, суық әрі орманды-батпақты жерлер. Моңғолия табиғаты да қатаң, біраз жерін Гоби шөлі алып жатыр. Ең қолайлы аймақ Қазақстан әрине. Сондықтан ебін тауып Қазақстанның азаматтығын алатын қытай мен өзбек, тіпті қырғыз азаматтарының саны қазірдің өзінде аз болмай тұр. Алдағы 50 жылда біздің елге анталайтын көршілер саны мүлде артатыны айтпай-ақ түсінікті болып тұр. Мұның алдын алу үшін әрине, өз халымыздың санын арттыруымыз керек. Бұл үшін мемлекет демографиялық саясатқа шындап ден қоюға тиіс. Болашағымызды қазірден ойламасақ, кейін кеш болатыны анық.
Құрметті оқырман, демографияны көтеру үшін Сіздер қандай тың ұсыныстар айтар едіңіздер?

Ескерту: stattur.ru сайтынан алынған жоғарыдағы статистикалық көрсеткіштер 2-3 жыл бұрынғы мәліметтер бойынша дайындалған болуы мүмкін. Бірақ 2-3 жылда көп көрсеткіш өзгере қойған жоқ. Сондықтан ол көрсеткіштерді бүгінгінің дәл анықтамасы ретінде қабылдауға әбден болады.

Кенже ШЫҢҒЫСБЕК,

"Адырна" ұлттық порталы

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста