Алаш үні

Ежелгі үйсіндер кімдер, олар қайда кетті?

  • https://abai.kz/

    https://abai.kz/

Үйсіндер жыл санауымыздан бұрынғы II ғасырдан, жыл санауымыздың V ғасырына дейін Жетісу мен Қырғызстан аумағында және Шынжаң өңірінде 600 жылдан астам уақыт мемлекет құрып, мемлекетті басқарудың саяси құрылымын толық қалыптастырған ежелгі халық.

 

Үйсін – қазақтың этникалық түп негізі әрі ұлт болып қалыптасуының ұйытқысы болған үлкен ұлыс. Шежіре бойынша үйсіндер – Абақ, Тарақ болып екіге бөлінеді. Абақ үйсіннен – Албан, Суан, Дулат, Ысты, Ошақты, Шапырашты, Сарыүйсін болып тармақталады. Ал, Тарақ үйсіннен – Жалайыр.

 

Қытай деректерінде Үйсін мемлекетінің жан саны 120 мың түтін, 630 мың адам, 188 мың 300 әскер бары жазылған. Батыс өңірдегі 40 мемлекеттің жан саны мен әскер санының жалпы жиынтығынан әлдеқайда көп болған. Сол замандағы санақ бойынша, Батыс өңірдегі 40 мемлекетте 39 мың 895 түтін, 309 мың 557 адам, 70 мың 499 әскері болған, – дейді.

 

Үйсіндердің тілі туралы бізге жеткен дерек аз. Қытай деректерінде Үйсін қоғамында «Ябулар, Ябғұ» деген атаудың болғаны туралы айтылады. Сонымен бірге, Үйсін – көшпелі ел. Олар мал соңында көшіп-қонып жүреді. Ғұндармен тұрмыс-салты ұқсас. Ондаған мың садақшысы бар, ержүрек, жауынгер келеді, – деген мәлімет бар. Ябғұ сөзі Білге қаған бітіктасыныдағы жазуларда кезігеді. Онда былай берілген: екі ұлыма ябғұ, чад атағын бердім дейді. Ябғұ сөзі Түркі қағанаттарында қолданылған лауазымдық атау. Үйсіндердің тілі жөнінде Жапон ғалымы Ширатори Куракичидың зерттеу қорытындысы былай: «Ежелгі Үйсін хандарының, басшыларының есімдерінде «ми» (靡) деген сөз көп қолданылады», – дейді. Ежелгі қытайшадағы «ми» (靡) деген әріп Хан патшалығы заманында «би» деп дыбысталғанын анықтаған. Біздің қазақ қоғамында ерте, ортағасырлық тұлғалардың есімдерінің соңында да «би» сөзі қатар қолданылғанын көріп отырмыз.

 

Ғұндар – түркілердің түп тамырының бірі. Үйсін мен ғұн бір дәуірде тай-құлындай тебісіп бірге өскен, салт-дәстүр мәдениеті бір, туыстас елдер болғанын ескі тарихтың беттері айғақтайды. Ал, Батыс өңірдегі өзге халықтар жайлы қытай жазбаларында былай делінген: «Дад-Уаннан Парфияға дейінгі елдердің тілдері түрліше болғанымен, әдет-ғұрыптары бір-біріне өте жуық. Бірінің сөзін бірі түсіне береді. Адамдары шүңірек көз, қаба сақалды келеді. Саудаға шетінен жүйрік, бір тиынды да ары-бері жібермейді. Олар жалпы әйел затын құрметтеуді әдетке айналдырған. Еркектер әйелінің сөзінен шықпайды». Батыс өңірдегі мемлекеттердің халқы, жалпы алғанда, қала қорғаны, егістік жері, бағымдық малы бар отырықшы жұрт. Тұрмыс-салты ғұндар мен үйсіндерден өзгеше болғандықтан, олар ғұндарға бодан, тәуелді күйге түсе берген, – деп баяндайды. Бұл арада Дад-Уан дегені қазіргі Ферғана. Демек, Батыс өңірдегі мемлекеттердің халқы деп қазіргі Өзбекстан, Түркіменстан, Иран, Тәжікстан, Ауғанстан, Оңтүстік Шынжаң аумақтарындағы ежелгі отырықшы халықтарды көрсетіп отыр. Отырықшы халықтардың арасына үйсіндер мен ғұндарды қоспаған. «Ханнама Ғұн баянында» үйсіндер туралы былай дейді: «Үйсіндер салт бойынша жайшылықта мал бағып, аң аулап күнелтеді. Жаугершілік бола қалса, барлық адам соғысқа аттанып, жортуылға шығады. Бұл олардың сүйегіне біткен табиғаты», – делінген. Қытайлар сонымен бірге үйсіндер жылқыны көп ұстайтындығын, байларында 4-5 мыңнан жылқы бар екенін жазып кеткен. Қытай деректерінде ежелгі үйсіндердің салт-дәстүр мәдениетін Батыс өңірдегі отырықшы халықтардың ешбіріне ұқсатпай, ғұндарға ұқсатуына қарағанда, үйсіндер нағыз көшпелі түркілер болғанын білдіреді. Үйсіндерге ұзатылған Шижүн ханшаның:

 

Көмкерілген киізбен,

Дөңгелек үй – тұрағы.

Ішкен асы қымызбен,

Еттен ғана тұрады, – деп жырланатын мына өлеңі көшпелі қазақ өмірін еске түсіреді. Ал, үйсіндер қоғамынан бізге жеткен «ябғұ», «би, ми» деген сөздер оларды түркі тілінде сөйлегенін аңғартады.

 

Жетісу, Іле және Ыстықкөл маңайындағы ежелгі үйсін қорымдарына археолог ғалымдар зерттеу жүргізгенде, құнды жәдігерлік бұйымдар табылған. Үйсіндер өз дәуіріндегі өркениеттің озық өресіне жеткендігін көрсетіп тұр. Олар металл қорытып, қару-жарақ, өндіріс саймандарын және алтын-күмістен әртүрлі әшекей бұйымдар жасағаны, ағаш өңдеп, тас қашағаны анықталып отыр. Үйсіндер қала салып, сауданы жандандырғаны байқалады. Үйсіндердің жазғы, қысқы ордалары Кегенде, Ыстықкөлдің жиегінде, Өр Текестегі Шаты аңғарында және Төменгі Текесте болғанын осы өңірлердегі ескі қала мен үлкен елді-мекендердің қалдықтары, оба-қорымдар, ескерткіштер көрсетіп тұр. .

 

Алайда, ежелгі үйсіндердің кейінгі тағдыры жөнінде тарихшылар арасында таласты түйіндер көп. Тіпті ежелгі үйсіндермен қазіргі үйсіндерді екі басқа халық, ежелгі үйсіндер Памир тауларына қарай асып кеткен, болмаса V ғасырда-ақ жер бетінен құрып жоғалаған, қазіргі үйсіндер Шыңғыс хан заманыныда ғана пайда болған халық деп есептейтіндер де бар. Анық-қанығын жазбаша деректерден білейік. Қытай деректерінде үйсіндер туралы соңғы мәлімет біздің заманымыздың 437 жылы хатқа түскен. Араға 476 жыл салып, яғни 913 жылы тағы да қытай деректерінде Қиыр Шығыстағы Лияу (Қидан) патшалығының ордасына үйсіндердің барғаны туралы мәлімет бар. Онда былай делінген: «913 жылы 14 тамызда Шүршіттен, 24 тамыз күні Тұйғын, Үйсін, Меркіттерден де кәдесімен елшілер келді», – дейді. Бұл қалай болғаны? Жетісудағы үйсіндердің X ғасырда 4-5 мың шақырым шалғайдағы Қиыр Шығысқа елші жібергені несі? Жоқ әлде Қиыр Шығысқа таяу маңда үйсіндер болды ма? Зерделей қарасақ, оның да өзіндік себебі бар көрінеді. Үйсіндер Ташкенттен Ордосқа дейінгі бір белдеулік, 5-6 мың шақырымдық алапта мекендеген ел. Ол үшін үйсіндерді аумақтық жақтан екіге бөліп қарастыруға болады. Жетісудағы үйсіндерді «Батыс Үйсіндер», Қиыр Шығыстағы үйсіндерді «Шығыс Үйсіндер» деп атауға тура келеді. 913 жылы Лияу (Қидан) патшалығының ордасына елші жібергендер Шығыс Үйсіндер. Осы мезгілде Батыс Үйсіндер Қарахан мемлекетінің құрамында Шыбыл деген атпен мемлекетті құраушы негізгі ұлыстардың бірі ретінде өмір сүріп жатты. Ал, Шығыс Үйсіндердің кейінгі ұрпақтары қазіргі күні Қытайға қарасты Ішкі Моңғол автономиялы районының (өлке дәрежелі) Ордос өңірін мекендейді. Олар моңғол ұлтының құрамында үйсін есімімен ру ретінде жасап келеді. Тарихшы, ғалым Қаржаубай Сартқожаұлының анықтауынша, Ордостағы үйсіндердің қасында қаңлылар да бар екен. Шығыстанушы ғалым С.Малов Моңғол даласынан табылған ертедегі түркілерден қалған тасқа қашалған жазуларда, Тонкөк жыр ескерткішінде үйсіндер туралы жазылғанын сипаттайды.

 

Ежелгі Үйсін мемлекеті негізінен бір текті тайпалардан құрам тапқан. Мемлекетті әр дәуірде өз ішінен шыққан үстем тайпалар биледі. Солардың бірі Юабандар (Албан) билігі арыдан басталады. Біздің заманымыздың 53 жылы Үйсін ордасында қытай қыздардан туған балалар мен ғұн қыздардан туған балалар арасында таққа талас орын алып, Фың Лияу ханымның жарастыруымен Янгүй би Ұлы Күнби, Өжет би Кіші Күнби болып бөлінеді. Ұлы Күнбилік оңтүстік иелік атанып, 60 мың түтінге қол жеткізіп, Ыстықкөл, Іле алқабын орталық еткен. Кіші Күнбилік Терістік Күнбилік атанып, 40 мың отбасына ие болған. Тарихшы ғалым Сәден Ескендірұлы «40 мың отбасының басын құраған Кіші Күнбилік түріктерден ілгері Йұрпан (Юебань) бектігі аталған Албандар одағын құрған», – деп тұжырымдайды. Біз де Қытайдың тарихи деректеріне сүйене отырып, Сәден Ескендірұлының осы тұжырымының шындыққа үйлесетініне көзіміз жетті. Йұрпандар (Юебань, Албан) жайлы қытай деректерінде «Уйнама» мен «Солтүстік әулеттер тарихы» атты еңбектерінде біраз мәліметтер бар. Ежелгі қытай деректерінде Үйсін мен Йұрпанның (Юебань, Албан) аттары бірдей аталып, мекендеген жерлерін бір өңірден көрсетуіне қарағанда, үйсіндер Ұлы және Кіші Күнбилікке бөлінген соң, Кіші Күнбиліктің халқы Йұрпандар (Юебань, Албан) билігінде болғаны анық. Үйсін елінде Кіші Күнбидің ықпалды болғаны туралы қытай деректері 99-бума 69-ғұмырнама Уаң Маң 4133-бетінде айтылады.

 

Ежелгі Йұрпандардың (Юебань) Албандар екенін XIX ғасырда Н.Аристов жазып кеткен. Оның пайымынша, Юебань дегеніміз дулаттарға жақын албан мен суан тайпалары болған дейді. Йұрпандар (悦般) есімі әр елдегі ғалымдар жағынан тарихта әртүрлі транскрипцияланған. Мысалы, Н.Аристов Юебань, Томашек Ябан, Бақыт Еженқанұлы Албан, Шюе Зунжың Яғма, Го Шиляң Йұрпан деп жазды.

 

Осыдан 2 мың жыл бұрын үйсіндер Абыл, Азық, Албан, Санжар елі, Дулы елі деп бөлінген. Кейін Азық елін Моғол деп атау қалыптасқан. Тоныкөк, Күлтегін жазуларындағы Аз рулары, Есік жазуындағы Із елі, Л.Гумилевтің «Қиял патшалығын іздеу» кітабының 390-шы бетінде келтіретін аздар – осы Азық елі мен рулары.

 

«Солтүстік әулеттер тарихында» Йұрпандар (Юебан, Албан) «Тәйпмың Жынчүннің 9-жылы (б.з. 448 жылы) Солтүстік Уй патшалығына елші жібергені жайлы деректер бар. Демек, бұл дәуірде Йұрпандар (Юебан, Албан) Үйсін ордасының билігін тұтастай өз қолына алғанын білдіреді.

 

V ғасырдың ортасына таяу Юебан (Албан) бірлестігіндегі үйсіндер мен қытайлардың территориясының арасында Жужан, Санби қатарлы жаңа күштер пайда болып, екі елдің арасындағы қарым-қатынасты үзіп тастаған. Салдарынан осы мезгілден бастап қытайлар үйсіндер жайлы мәліметтер қалдыра алмаған. Жемсары, Тарбағатай өңіріндегі үйсіндер шығысқа қарай ауып, қазіргі Моңғолия даласына қоныс аударып, Ордос өңіріндегі шығыс үйсіндерді қалыптастырды. Ал, Жетісудағы үйсіндер Йұрпандар (Юебань, Албан) бірлестігінде V ғасырдан VII ғасырға дейін болды. Йұрпандардан (Юебань, Албан) соң VII ғасырдың басында Үйсін жерінде Батыс Түрік қағанаты құрылып, VIII ғасырдың басына дейін өмір сүрді. Билікте Дулулар (Дулаттар) мен Ашиналар үстем орынға шықты. Батыс Түрік қағанатынан соң VIII ғасырдың басында Жетісуда Түркештер (Сарыүйсін) қағанат құрып, билікте болды. Осылайша Үйсін тайпалары бірінен кейін бірі кезегімен мемлекеттік билікті жалғастыра берді. Қытай деректерінде 542 жылдан бастап Түрік есімі кезігеді.

 

Батыс Түрік қағанатын құрушы тайпалардың бірі – дулулардың дулат екені талас тудырмаса керек. Ал, Ашина сөзі қытай тілінде Асина (асана~асна) деп айтылатынын тарихи деректер растайды. Бізше, Ашина мен Усун (үйсін) этнонимі бір атау. Қазірде кей ғалымдар ежелгі қытай деректерінде қытай иероглифімен жазылған Усун (乌孙) иероглифінің ежелгі тағы бір оқылуы асуан, ашиан (乌孙 Assiani, A swan) екенін дәлелдеп отыр.

 

Бізше, ежелгі қытай иероглифімен УСУН 乌孙 (тағы бір оқылуы ашиан, ашино, ассиан, а суан) деп жазылған үлкен ұлыстың аты Батыс Түрік қағанаты тұсында АШИНА деп хатқа түскен. Яғни Усун (Үйсін) мен Ашина екеуі бір тайпа, бір халық. Біздің заманымыздың 545 жылы ең алғаш рет Түрік қағанатын құрғандардың бірі Ашиналар еді. Ашиналарды қытайлар кейін «Ту-кю» (түрік) деп атады. Яғни, үйсіндер VI ғасырдан бастап Жетісуда Ашина (Үйсін), Дулу (Дулат), Түрік, Түркеш деген аттармен қайтадан тарих сахнасына көтеріліп, қағандық құрды.

 

Ежелгі үйсіндер туралы хатқа түскен көк бөрі аңызы ашиналарда да кезігеді. Қытай деректеріндегі Асиан, Ашиан дегеніміз қазақша «Аспан» (ежелгі түрікше асман) деген атау болуы әбден мүмкін. Яғни «Аспан елі» деген мағына береді. Ал, Ашина, Ашиан, Асиан деген атаулардың түп тамыры үйсіндерге барып тіреледі. Қытайлар үйсіндерді «Усун го» «Аспан елі» деп атаған. Үйсіндерге ұзатылған Ши Жүн ханша да өз өлеңінде үйсіндерді «Аспан елі» деп айтатыны бар. Ежелгі үйсіндер мекендеген Алматы облысының Шонжы өңірінде «Аспан тау», Райымбек ауданында «Хан Тәңірі» шыңы бар. «Тәңірі» сөзі «таң» мен «іңір» сөзінің қосындысынан жасалғанымен, Түркілер танымында «Тәңірі» дегеніміз жерден биік Ұлы күш «Көк», «Көк Аспан», «Көк Құдайы» деген ұғымды білдіреді. Шыңдардың шыңын Көк (Аспан) Тәңірге жақын, аспанмен тілдескен деген түсінікпен Хандай биік «Хан Тәңірі» деп қойған болуы керек. Шонжыдан ары қарай Іленің қақ ортасын жарып тұрған «Үйсін тау» деген жер аты кезігеді. Түркілер көк аспанды қасиетті санаған. Көкке қарап, Көк Тәңірі деп сыйынған. Аяғын көкке көтермеген. Қасқыр да көкке қарап ұлиды. Оны қазақтар көкбөрі дейді. Қытай деректерінде үйсіндердің Күнбиін нәресте кезінде көкбөрі (шино) емізіп, ет тістеген қарғалардың айналып ұшып жүргені туралы жазған. Қазақ халқы көк бөріні тотем еткенімен, қарғаны онша қастерлеп кетпейді. Алайда тілімізде қарғаға қатысты «қарғам», «қарағым» деген сияқты мейірбандық сөздер бар. Демек, үйсіндер заманында қарғада қастерлі құстардың бірі болғаны ақиқат. XIX ғасырда қазақтың әйгілі ақыны Сүйінбай Аронұлы Бөрілі байрақ астында деп жырға қосқан.

 

Үйсіндерден кейін Түрік қағанаты дәуірінде қытайдың Таң патшалығының заманында Лин Ху мен Ди Фин жазған «Жу патшалығының тарихы» деп аталатын жазбаның 50-ші тарауында жазылған аңызда: «Түріктердің ата-бабасы Ашина тайпасынан, олар көрші елдер жағынан шабуылға ұшырағанда, аяғы кесілген бір ұл бала аман қалады. Ол бір өлекшін бөрінің азықтандыруымен есейді», – дейді.

 

Ал, XII–XIII ғасырларда жасаған Шыңғыс хан туралы бізге жеткен жазбаша деректе, Шыңғыс ханның түп атасы Көкбөрі, Бөртешене Құлан әулетінен. Бөртешененің қыздай алған бәйбішесінің аты Құба-Марал. Шыңғыс ханның 10-шы атасы Боданшар. Шыңғыс хан шыққан әулеттің аты – Бөрі-жігін делінген. Рашид ад-Дин Шыңғыс ханға жақын тайпаларды Дарлекин және Нирун деп екі топқа бөлген. Осы топқа Үйсін-Дулаттарды да жатқызған.

 

Таң патшалығының ескі тарихы, түрік шежіресінде былай дейді: «Батыс Түрік қағанатының халқы Дулы (Дулат), Нұшбе, Қарлұқ, Чоре, Чымыр, Үбір, тағы басқалар».

 

Көптеген тарихшы ғалымдарымыз Қытайдың V–VIII ғасырлар деректерінде Дулат деген аттың Дулу, Дулы болып жазылғанын, Дулуларды парсы тарихшылары «Дұғлат, Дуклат» деп жазғанын айтады. Кей ғалымдарымыз ежелгі Үйсін мемлекетінің құрамында да Дулы тайпасының болғанын айғақтайды.

 

VI–VIII ғасырларда іргелі ел болған Дулаттар Батыс Түрік қағанатының тең жартысын ұстаған. Жетісу мен Солтүстік Шынжаңды мекендеген. Тарихи деректерге негізделгенде, Батыс Түрік қағанаты кезінде үйсіндер толықтай Дулу мен Ашина атанған.

 

Қытайдың ескі тарихи кітаптарында бес тайпалы Дулаттар мыналар:

 

1, Түркеш – Алаш – Чор ұлысы;

2, Қойлау – Күлүг – Чор ұлысы;

3, Чимойын (Чимугын) – Лүй – Чор ұлысы;

4, Ысты – Тон – Чор ұлысы;

5, Жаныс – Шопан – Чор ұлысы.

 

Мұндағы Түркеш, Қойлау, Чимойын, Ысты, Жаныс тайпа аттары. Алаш, Күлүг, Лүй, Тон, Шопан тайпа бастықтарының аты. Чор олардың лауазымы. Қытай деректерінде Дулат тайпасының бір руы болған Шымыр (Чуми) қазіргі Солтүстік Шынжаңның Құтыби, Манас өңірін мекендеген екен. Олардың шығысында Чую (Чиғыл, Чибыл) тайпасы тұрған. Бұл кезеңде чығылдар (шыбыл) ырықты орынға шықпай, қатардағы тайпалардың бірі ретінде ғана айтылады. 704 жылы Суябты орталық етіп Түркеш (Сарыүйсін) қағанаты құрылды. 756 жылы Түркеш қағанатын қарлұқтар құлатып, Қарлұқ қағанаты құрылады. 756–940 жылдары аралығында Қарлұқ қағанаты өмір сүрді.

 

Қытай деректерінде, Шыбылдар Батыс Түрік қағанаты кезінде бес тайпалы Дулаттың Жаныс тайпасымен қанаттас болып, қазіргі Жемсарының (ҚХР Шынжаң, Санжы облысына қарасты аудан) солтүстігіндегі ежелгі Саме, Йұрпан бектіктерінің өріс-қоныстарында тіршілік еткені белгілі.

 

Қарлұқтар қытайдың «Таң патшалығы жаңа тарихы» түрік шежіресінде: «Қарлұқтар Бесбалықтың солтүстігін мекендейді» дейді. Онда Қарлұқтар қазіргі Солтүстік Шынжаңның Алтай, Тарбағатай өңірін мекендегені анық. Қытайдың батыс өңір картасының 3-ші бөлімінде қарлұқтар – Болат, Ташылы, Жүз (Сәбек) сияқты үш тайпасының орны көрсетілген. Әсілі, бұл дерек қарлұқтар Жетісудағы Түркеш қағандығының құрамындағы тайпаларды өз қарамағына қоспай тұрған кезі болса керек. Тарихшы ғалымдар қарлұқтар 9 арысқа бөлінгенін нақтылай түседі. Олар: Чығыл (үш арыс), Бескіл (үш арыс), Бұлақ (бір арыс), Көкіргін (бір арыс), Тұхси (бір арыс). Бұл қатардағы Чығылдар (Шыбыл) Жетісудағы үйсіндер еді. Сонымен қатар Қарлұқ қағанатының құрамында Чығылдардан басқа Жарұқ, Арғұ (Арғын), Басырқан қатарлы тайпалар да болған. Арғұлар (Арғынд ар) қазақтың құрамындағы қазіргі арғындар болуы әбден мүмкін. Халаждар қазір Иранда жасайтын түркі тілдес ұлт.

 

Қарлұқ қағанаты тұсында Чығылдар (Шыбыл) күшейіп, тұтас үйсін жұрты Шыбыл деген атпен үш арыс ел ретінде белгілі болды. 940 жылы Чығылдар (Шыбылдар, Үйсіндер) мен Яғмалар (Тама) қарлұқ билеушілеріне қарсы көтеріліс жасап, Баласағұн қаласын басып алды. Көп кешікпей Қарлұқ қағандығы құлап, оның орнына Қарахан әулеті билікке шықты. Қарахан мемлекетінің жоғары билігінде үйсіндер (чығыл) мен тамалалар (яғма) отырды. Қарахан мемлекеті (942–1212 ж.ж.) тұсында үйсіндер толықтай Шыбыл (Чығыл) аталды. Шыбыл атауы VII ғасырдан XIII ғасырға дейінгі аралықта 700 жылдай уақыт тарихи деректердің ешбірінен шет қалған емес. Мақмұд Қашқаридың деректерінде де үйсіндердің орнына Шыбылдардың аты аталады.

 

942 жылы Сатұқ Боғыра ханның негіз болуымен Қарахан мемлекеті құрылды. Мемлекет аумағы Жетісу, Сыр мен Амудария, Шынжаң өлкесі болды. Астанасы Шу өзені бойындағы Баласағұн қаласы, яғни Құз-Орда (1465 жылы Қазақ хандығы да алғаш рет Құз-Орда қаласында құрылды). Тағы бір астанасы Қашқар қаласы болды.

 

XI–XII ғасырларда шығыстағы шүршіттердің қысымынан батысқа қарай ауып, Тарбағатайға көшіп келіп, сонда мекендеп отырған қидандарды (қарақытай) Қарахан мемлекетінің Баласағұн қаласының билеушісі Арсылан хан Жетісуға шақырады. Шақырудағы себебі, мемлекет ішінде бүлік шығарып отырған қарлұқтар мен қаңлыларға қарсы қою еді. Бірақ, керісінше, қарлұқтар мен қаңлылар қидандардан көмек сұрайды. 12 мың түтіні бар қарлұқтар қидандармен бірге Қарахан мемлекетін іштен ыдыратуға ұрынып, Баласағұн қаласына шабуыл жасайды. Бұл кезең XII ғасырдың 30-шы жылдары болса керек.

 

Қарахан мемлекетінің жері кең, елі көп болды. Қарахан мемлекеті дәуірінде Мақмұд Қашқари өмір сүрген. Ғұлама ғалым 1029 жылы Шу өзені бойында дүниеге келіп, 1101 жылы қайтыс болған. Мақмұд Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрк» («Түркі сөздерінің жиынтығы») атты еңбегі бар. Мақмұд Қашқари өз еңбегінде сол замандағы 23 тайпаның атын жазған. Олар: Печенек, Қыпшақ, Оғыз, Иемак, Башқұрт, Басмыл, Қай, Япғұ, Татар, Қырғыз, Чығыл, Тохси, Яғма, Ығырақ, Чарұқ, Чұмұл, Ұйғыр, Танғұт, Қытай, Табғаш, Арғұ, Болғар, Суар. Мақмұд Қашқари осы тайпалардың тілдері туралы да тамаша деректер келтірген. XI ғасырда Іле өңірінде Құяш (ескі түрікше күн) деген қала, аймақ, Сабылқұяш, Қарақұяш, Орұңқұяш деген үш қала болған. Бұл өңірлерде Тұха, Шығыл (Чыбыл) тайпалары мекендейді. Шыбыл, Қыпшақ, Оғыз, Тұқси, Яғма, Оғырақ, Шарұқ қатарлы тайпалар таза түрік тілінде сөйлейді дейді.

 

Қарахан мемлекетінің Жетісулық бөлегінің халқын негізінен Үйсіндер (Шығылдар), батыс бөлегін Тамалар (Яғма) құрады. Одан басқа Қаңлы, Қарлұқ, Қыпшақ қатарлы тайпаларда болды. Ферғана мен Қашқар бетінде отырықшы халықтар өмір сүрді. Оларды да чығыл мен яғмадан шыққан көсемдер биледі. Қарахан мемлекетінің жоғары билеушісінің құрметті атағы «Арсылан» (Арыстан) және Боғра (Бура) болған. Арсылан ханның атағын Чығылдар (Үйсіндер) билеушісі, Боғра (Бура) хан атағын Яғмалар (Тама) билеушісі алған. Арсылан хан – Ұлы хан дегенді, Боғра хан – Кіші хан дегенді білдірген. Бүгінде қазақ құрамындағы тамалар (Кіші жүз) Қарахан дәуірінде жасаған Қарабура әулиені өздерінің ұраны етіп, пір тұтады. Қарабура әулие – Қарахан мемлекетінің билеушісі Хасан Боғра болуы әбден мүмкін. Қарахан мемлекеті тұсында Шыбыл атанған үйсіндер мен Яғыма атанған тамалар бірге өмір сүрген. Тамалардың бір бөлігі Түркістан, Жамбыл облыстарының солтүстігін ертеден бері мекендеп келеді. Үйсіннің Албан тайпасы, Шыбыл тармағының Қоңырбөрік аталығында Тама деген ру бар. Ал, Башқұрттардың құрамындағы Табын, Тамалар өздерін Тамиян-Үйсінбіз дейді.

 

Қарахан мемлекетінің дәуірінде ғылым-білім, мәдениет дамыды. Егіншілік, малшаруашылық, қолөнеркәсібі өркендеп, сәулет өнері гүлденді. Көптеген қалалар жарыққа шықты. Жетісу мен Сырдария алабындағы Айша бибі күмбезі, Алаша хан күмбезі, Аяққамыр, Әулие ата Қарахан мазары, Бабаша хатұн күмбезі, Сырлы там, Талас өзеніндегі тас көпір және Тараз моншаханасындағы су құбырлары сол дәуірдегі ең дамыған өркениеттің белгісі болып бізге жетті.

 

Қарахан мемлекетінің әлсіреуіне билікке қарсы ішкі күштер мен сыртқы күш қарақытайлар (қидан) себепкер болды.

 

XIII ғасырдың басында Шыңғыс хан Қарахан, Қарақытай, Хорезм мемлекеттерін толықтай талқандады. Тарихи мәліметтерге қарағанда, Шыңғыс хан 1206 жылы Моңғол үстіртінде түркі-моңғол тайпаларының басын қосып, Моңғол империясын құрады. Сол заман туралы жазылған «Моңғолдың құпия шежіресі», Рашид ад-Диннің «Жами-ат Тауарих» еңбегінде Үйсін, Дулаттардың аты аталады. Міне дәл осы кезеңнен бастап Шыбыл есімі тарихи жазбаша деректерде айтылмай, оның орнына жетісудан Үйсін мен Дулаттың есімдері аталады. Алайда Шыбыл есімі Албан мен Шапыраштының арасында әлі де сақталып келеді. Шыңғыс ханға ең жақын тайпалар Дарлекин мен Нирун тобында болды. Бұлай басқару әсілі әкімшілік топтарға бөлген түрі болса керек деп ойлаймыз. Шыңғыс хан өзіне бағынған халықтарды төрт үлкен жікке бөлген екен. Ол туралы мынандай дерек бар:

 

Бірінші дәрежедегілер – Өздері (Шыңғыс ханның руластары – авт.).

Екінші дәрежедегілер – Батыс өңірдегілер (Түркі тайпалары).

Үшінші дәрежедегілер – Терістіктегі көшпелі халықтар.

Төртінші дәрежедегілер – Қытайлар мен Түстік халықтары.

 

Мұнда бірінші дәрежедегілерге Қияттар, Үйсін-Дулат, Қоңыраттар т.б. тайпалар енген.

 

Шыңғыс хан билік еткен тұста үйсіннен Борохол (Бөріқұл) деген батыр шығыпты. Дулаттан мемлекеттің ірі қайраткері Өртөбе шыққан екен. Шыңғыс хан Жошыға ең мықты жауынгер халықтардан әскер үлестірген. Бұл туралы деректерде, Шыңғыс ханның Жошыға берген 4 мыңдық Моңғол әскері мынандай:

 

Мингур мыңдығы – Сиджют руынан.

Кингитай мыңдығы – Кингит руынан.

Хушитай мыңдығы мен Байқу мыңдығы – Хушин (Үйсін – авт.) руынан.

 

Жошы Орталық Қазақстанда мемлекет құрған соң, өзіне қарасты елді екі қанатқа бөліп, сол қанатын үлкен ұлы Орда Еженге, оң қанатын Батуға беріп, Орда Еженге Кингит пен Үйсін мыңдықтарын, Батуға Сиджұн мен Үйсін мыңдықтарын үлестіріп берген. Үйсіндер Жошы ұлысының, Алтын Орданың, Ақ Орданың, Шағатай мемлекетінің, Ноғай ордасының, Моғолстанның белді тайпаларының бірі болды. Жошы ұрпақтарының жорықтарында болған үйсіндер Батысқа да, Оңтүстікке де барып қайтты. Ауғанстандағы Хазара ұлтының құрамында бір рулы ел үйсіндер бар. Түркімен, Қарақалпақ, Өзбектердің арасындағы үйсіндер құмға сіңген судай болып жоқ болды. Ташкент өңірінен үйсін қышылақтардың ғана аты қалған. Кавказға барған үйсіндердің бір бөлігі ноғайлардың құрамына қосылып, жасап келеді. Ал, Шағатай мен Моғолстандағы жетісулық Үйсіндер ықпалды күшке ие болып, мемлекетті басқаруда лауазымды орнында тұрды. Үйсін-дулаттар Шағатай хандарынан маңлай сүбе жерді алды. Моғолстан дулаттардың күшімен Шағатай мемлекетінен бөлініп шықты. Бірақ мемлекетті басқаруда Дулат тайпасының мұрагерлік жоғары «ұлысбегі» деген атағы сол қалпында сақталды.

 

1428 жылы 17 жасар Әбілхайырды Түркі тайпаларының таққа отырғызған жері – Батыс Сібірдегі Тура (Түмен) қаласы болатын. Біраз ғалымдар Масуд ибн Кухистанидың мәліметтеріне сүйеніп, шайбанилық сұлтан Әбілхайырды хан тағына отырғызды және одан кейінгі жылдары оны қолдаған тайпаларды «Шайбанилық тайпалар» деп атайды. Оған мына тайпаларды атап көрсетеді: Қият, Маңғыт, Қаанбайлы (Байлы), Чинбай, Қоңырат, Таңғұт, Иджан, Дұрман, Күшч, Утарчи, Найман, Украш-Найман, Тубай, Таймас, Джан, Қытай, Барақ, Ұйғыр, Қарлұқ, Кенегес, Үйсін, Күрлеут, Ихчи (Ички), Туман, Минг, Бүркұт, Нүкұз, Шадбақлы, Шұнқарлы, Ойрат, Мажар, Қыпшақ.

 

В.В.Трепавлов құрастырған «Ноғай тайпалары» атты еңбектегі 70 рулы-тайпасындағы негізгілері мыналар: Аксюрют, Алшын, Байұлы, Қаңлы, Қыпшақ, Қырғыз, Құлааян, Тама, Туғай, Түркімен, Үйсін, Шөмішті, Телеу қатарлылар екен.

 

Жошы ұлысының, Алтын Орданың, Ақ Орданың, Әбілхайыр хандығының құрамында болған үйсіндер Жетісуға 1457–1458 жылдары Керей сұлтан мен Жәнібек сұлтан бастаған туыстас елмен бірге келіп, Жетісулық үйсіндермен тоғысып, 1465 жылы Құз-Орданы орталық еткен Қазақ хандығының ірге тасын қаласты.

 

Ертай Жомарт
Аbai.kz




Көрілген: 390    Пікірлер: 0

жұма, 07.02.2020, 15:26

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    31 Қаңтар, 12:43
    Бір видеоның «сыры»...
    28 Қаңтар, 11:06
    Мағауин мифі
    6 Қаңтар, 14:50
    28 жыл бойғы құпия
    26 Желтоқсан 2019
    Абай бай болған ба?
    23 Желтоқсан 2019
    Қажымұқанды жеңген қазақ
    23 Желтоқсан 2019
    Абайдың саяси қызметі
    12 Желтоқсан 2019
    Желтоқсанның батырлары

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    ақпан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2
    3 4 5 6 7 8 9
    10 11 12 13 14 15 16
    17 18 19 20 21 22 23
    24 25 26 27 28 29