Алаш үні

Екібастұздағы "Жасырын ғұмыр". Бейсен ауырып жатса да, Нұрланның денсаулығына алаңдаған екен

  • Екібастұздағы

    Екібастұздағы "Жасырын ғұмыр". Бейсен ауырып жатса да, Нұрланның денсаулығына алаңдаған екен

Кеше ұялы телефоныма көпбалалы ана Нұржамал Баймұқашева тәтем хабарласты. Еңіреп жылап тұр. 

- Бейсен Құранбек туралы естідің бе? – дейді өксігін баса алмай.
Жайсыз хабар өзім түгіл отбасымның да еңсесін езіп жіберген еді. Мен Нұржамал апайға көңіл айттым. Нұржамал апайдың мүгедек ұлы Нұрланға екінші өмір сыйлаған «қарекеттіктерді», соның ішінде Екібастұзға арнайы келген журналист Бақтияр Талғатұлын, Нұрланның жағдайын айтып мессенджер арқылы хабарласқанымызда бізбен жылы сөйлескен Әлия Құдайбергенді, тележүргізуші Бейсен Құранбекті еске алдық...
Бұдан біраз жыл бұрын Екібастұздағы «Отарқа» газетінің редакциясына орта бойлы, қара торы әйел келді. Кабинеттегі үстелімнің арғы бетіне жайғасқан ананың әңгімесін тыңдап отырып бойым мұздап сала берді.

«2010 жылдың жазында жеті баламның ішінде ат жалын тартып мінген екі ұлым Ермек пен Нұрлан Екібастұзға таяу Ақсу ауданына қарасты "Пограничник" ауылындағы шаруа қожалықтардың біріне жылқышы болып кірді. Бұл шаруа қожалық біздің сорымызға құрылғанын сол кезде білсемші», - деп еңірегенде, мен орнымнан тұрып қасына жетіп барғанымды байқамай қалдым. – «Бірде түн жамылып жылқының шетіне жау тиеді. Көз ілмей сақ отырған отырған ұлдарым ұрыларға тойтарыс береді. Сайланып келген ұры қойсын ба, балаларыма мылтықтан оқ кезейді. Ермегім сол жерде оққа ұшады, кейінгі оқ екінші ұлым Нұрланның жарты бетін жұлып әкетеді. Қарғыс атсын сол түнді!».
Нұржамал тәте үнсіз қалды. Көкірегіне шемен болып жиналған запыранды ақтарсын деп мен де мазалай қоймадым.
«Ермекті жерлеген уақытта інісі Нұрлан жансақтау бөлімінде жатты. Тірі қала ма, жоқ па – ол туралы ойлауға мұршам болмады. Артынан ұлымды жер қойнына тапсырып, есімді жиған соң, Нұрлан жатқан ауруханаға бардым. Дәрігерлерден жарты бетін оқ жұлып кеткенін естігенде, есеңгіреп қалдым. Алла мұндай жағдайды ешкімнің басына бермесін! Сол күннен бастап Нұрланның қасындамын. Қолға түскен ақшаны ұлымның ем-домына жұмсап келемін".
Көпбалалы ана жалдамалы пәтерде тұратынын, мардымсыз зейнетақысы басына тартса аяғына жетпейтінін айтып, мұңын шақты.
«Нұрланды күндіз далаға шығармаймыз. Себебі көршінің жас келіншектері «Нұрланның ұсқынсыз түрінен балаларымыз қорқады» деген соң, амалсыз үйде ұстап отырмыз. Адамдардың қатыгездігі оның да жанына батады. Екі-үш рет өз-өзіне қол салуға әрекеттенді. Түнімен ұйықтамай, баламды аңдимын. Балконға беттесе, соңынан тұра ұмтыламын. Әйтсе де «Үмітсіз шайтан» демекші, ұлымның беті бұрынғы қалпына түседі деген сенім жүрегімнің түбінде орын алды. Біз бармаған бақсы-балгер, емші-құшнаш қалмады. Көзі қарақты дәрігерлерді де адақтап шықтық. Көңіл жұбатарлығы, ұзақ емделудің нәтижесінде дәрігерлер Нұрланға таңдайын салып берді. Ендігі мәселе – жақта. Жақты салу оңай емес. Оған қыруар қаржы қажет! Біздің қазақстандық дәрігерлер бет-сүйекке жақ сала ма? Ол жағы беймәлім. Егер дәрігерлер ота жасайтын болса, ол қанша тұрады?»
Нұржамал тәтенің сөзін бөлмей тыңдап отырған мен не деп жұбатарымды білмедім. Компьютерге үңіліп, ойымды жинақтауға тырыстым.
«Тәте, Алла Нұрланға жеңілдігін берсін! Журналист ретіндегі көмегім, басыңызға түскен ауыр жағдайды газетке жазайын»,- деп әңгімеге алдарқата отырып, компьютерден «Қаракет» бағдарламасының телефонын, электронды поштасын іздедім. Фейсбукке кіріп, «Қарекет» бағдарламасының редакторы Әлия Құдайбергеннің жеке парақшасын аштым. Мессенджеріне шығып, Нұржамал апайдың жағдайын жеткіздім.
Арада бір аптадай уақыт өтті. Ұялы телефоныма «қарекеттік» Ақжелең хабарласып, бағдарлама қызметкерлері хатпен танысқанын айтып, Нұрланның медициналық тұжырымдамасының скан-көшірмесін эл.поштаға жіберуімді сұрады.
Үш күннен кейін Екібастұзға «Қарекет» бағдарламасының редакторы Бақтияр Талғатұлы оператормен келе жатқандығы туралы хабар алдық. Олар келген күні Нұржамал тәтенің үйінде ас ішіп, бірден жұмысқа кірісті. Оқиға болған ауылға барды. 2010 жылғы қайғылы оқиғадан кейін шаруа қожалығы жабылғанын біз Бақтиярдан естідік. Екі күндей Екібастұзда жұмыс істеген түсірілім тобы Нұрлан мен анасы Нұржамал тәтемен бірге Алматыға аттанып кетті.
Кейінгі оқиғаның қалай өрбігенін біз «Қарекет» бағдарламасында «Жасырынды ғұмырдан» көрдік. Бағдарлама қызметкерлерінің жанкештілігімен Нұрлан Баймұқашевқа Алматыдағы 5-емханада күрделі ота жасалып, бет-сүйегіне титан жақ салынды. Бұл процестің бәрі теледидарда көрсетілді. Тележүргізуші Бейсен Құранбек тағдыр тәлкегіне ұшыраған Нұрланның жасырынды ғұмырын көрерменге шебер жеткізе білді. Сол бағдарламада Бейсен Нұрланның рухын көтеріп, анасына дем берді. Бағдарламаға қатысқан хирург дәрігер, психолог Майра апай, пластикалық ота шебері Нұрлан мен анасына нақты кеңестер берді, кеуделерінде үміт отын жақты. Бейсен Құранбек кейін Майра апай екеуі Нұржамал апайды кафеге шақырып, құрмет көрсетіпті. «Осы отырыстан кейін бойыма қанат біткендей болды, өмірге деген құлшынысым артты. Құдай-ау, жүзінен иманы төгілген Бейсен Құранбек қандай кішіпейіл, бауырмал, мейірімді жан", - деді Нұржамал апай.
Ота жасалғаннан импланта тіс салынып, пластикалық ота шебері Нұрланның бет-жүзін қалпына келтірген соң, Нұрлан жаңа келбетімен «Қарекет» бағдарламасына қатысады деп жоспарланған еді. Импланта тіс салдырту қымбат болғандықтан қысқа жіп күрмеуге келмеді. Соған қарамастан Бейсен Құранбек Нұржамал тәтемен де, Нұрланмен де байланысын үзбеді. Нұрланмен сөйлесіп, ақыл-кеңесін беріп отырды.
Бүгінде Нұрлан «Smoll» сауда үйінде жұмыс істейді. Нұржамал тәтенің де еңсесі көтерілді.
Анда-санда редакцияға келіп, Бейсен Құранбек, психолог Майрамен сөйлескенін, олардың Нұрланды ұмытпағанын ризашылықпен ауызға алатын.
«Дария, Бейсен ауырып жатса да, Нұрланның денсаулығына алаңдаған екен. Майра апай арқылы сәлемін жолдапты», - деп егілді Нұржамал Баймұқашева.
«Күн ортақ, Ай ортақ, Жақсы ортақ», дейді халық даналығы. Қазақ елі Бейсен Құранбектей арда туған азаматынан айырылды. Оның қазасына қайғырмаған қазақ жоқ шығар. Қазақ барда арда азамат әр қазақтың жүрегінде сақталады. Халқы оны ұмытпайды!

Дария Ергазина
Фейсбуктегі парақшасынан




Көрілген: 1733    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 20.05.2020, 13:33

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    19 Мамыр, 16:42
    Өнеге-өмір
    27 Сәуір, 11:11
    Нығымет Нұрмақов
    24 Сәуір, 12:55
    Құнанбайдың мөрі
    23 Сәуір, 10:34
    ТАС ЖҮРЕК
    13 Сәуір, 08:51
    ҚАЗАНТЕПТІ
    4 Сәуір, 23:56
    МҰХАҢНЫҢ МҰҢЫ
    31 Наурыз, 11:36
    Абайдың үш бейнесі

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31