Алаш үні

Ел зарыға күткен тарихи іс басталады

  • Ел зарыға күткен тарихи іс басталады

    Ел зарыға күткен тарихи іс басталады

Қазақ елінде Ресей патшасы және большевиктер билік құрған дәуірдің ұлт тарихында қалдырған қанжоса іздері сайрап жатыр. Іріңді жарасы да әлі күнге жазылмаған. Озбыр империяның отаршыл саясатының салдарын жоюда Қазақстан жаңа қадам жасады: Білім және ғылым министрлігі Президент Жарлығының және Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия туралы ереженің жобасын жариялады. Құжат 5 қазанға дейін қоғам талқысына салынады.

Бұл қадам 2020 жылғы 30 ма­мырда бастау алды: «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбан­дарын еске алу күніне» орай халыққа үндеумен қайырылған Қ.Тоқаев өткен ғасыр зоба­лаңының құрбандарын мәңгі есте қалдыру үшін мемлекеттік дең­гейде шаралар қабылданатынын білдірді. Тарихи әділдікті қалпына келтіру жұ­мыстарын аяқтап, құрбандарды ақтау үшін ол Үкі­метке арнайы комиссия құруды тапсырды.

Бұл комиссияның жұмыс те­тіктері, құзыры, құрамы және бас­қа да нобайы енді ғана айқын­далуда. Оның өкілеттігі зор бол­мақ: құлыптаулы жатқан құпиясы көп, замананы құйындай үйiрген құйтырқы істердің шындығы жа­сырылған талай архив осы мемкомиссия үшін айқара ашы­лады.

Дегенмен бұл бағытта абайлап әрекет ету, ақырын жүріп, анық басу керектей. Мысалы, Кеңес тұсында құрылған ұқсас комиссия 1941 жылғы 28 қазанда атып тас­тал­ған қандықол жендет Ф. Голо­щекинді 1961 жылы ақтады. Осы негізде Ресей Самара қаласының маңында, яғни Голощекин атыл­ған жерге ескерткіш белгі орнатты, онда: «Установлен на месте захо­ронения жертв репрес­сий 30-40-х гг. Поклонимся памя­ти невинно погибших» деген сөздер қашал­ған&hellip

Сарапшылар: «мемкомиссия барлығын ақтау ұранымен елігіп, кезінде тұтас ауылдарды қырған, қазақтың бай-бағыланын, ұлт зиялыларын тергеусіз-сотсыз атып кеткен шолақ белсенділерді де сүттен ақ, судан таза деп таны­май ма?» деп қауіптенеді. Егер оған барса, бұл қоғамды қаққа жаруы ғажап емес. Мұнда да байып­тылық қажет.
 

Комиссияға кім кірмек?

Президент Жарлығының жоба­сында аса құзырлы әрі маңыз­ды мемкомиссия құрамына кімдердің кіретіні көрсетілген. Бірақ БҒМ ол адамдардың аты-жөнін жазбай, тек лауазымы мен ғылыми атақтарын ғана бере са­лыпты. Мұның бірнеше себебі бар: біріншіден, комиссия құра­мын жасақтау жұмысы жал­ғасуда. Мысалы, ереже жобасы жа­рия­ланған күні жедел хабар­лас­қанымызда, министрлік «құра­мына енді» деген кейбір тұл­ға­лардың өзі содан бейхабар еке­нін анықтадық. Жоғары жақ оларды сәл кешірек құлағдар етіпті.

Екіншіден, сырт көзден жа­бық, тіпті бұрын көзі тірілердің еш­қайсысы көз жүгіртпеген мем­ле­кеттік құпиялармен жұмыс істей­тіндіктен, әрине комиссияға кіретін әрбір адамның пейілінің кіршіксіз тазалығын, сыр сақтай білетін қасиетін, сыртқы күш­термен, өзге ел бар­лау­шыларымен байланысы жоғын құзырлы ор­ган­дар мұқият тексергені жөн.

Үшіншіден, мемкомиссияны қалыптастыру барысында билікте ауыс-түйіс болуы мүмкін. Бұл да оның құрамын өзгертеді. Мысалы, алдын ала тізімге 6 министр кіріп отыр.

Сонымен, Саяси қуғын-сүр­гін құр­бандарын толық ақтау жө­ніндегі мемлекеттік комис­сияның құра­мына кірген аза­маттар тізімін Мем­лекеттік хатшы Қырымбек Кө­шербаев бастап тұр.

Ол мем­комиссия төрағасы қызметін ат­қармақ. Соны­мен қатар комис­сияға төрағаның орынбасары ре­тінде вице-премьер Ералы Тоғ­жанов, келісім бойынша төраға орынбасары ретінде «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бі­рінші орынбасары Бауыржан Байбек, төрағаның тағы бір орын­басары ретінде Президент Әкім­шілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев, Пре­зидент көмек­шісі &ndash Президенті Әкімшілігінің Өтініштерді қа­рауды бақылау бөлімінің мең­герушісі Тамара Дүйсенова, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов бар.

Қорғаныс ми­нистрі Нұрлан Ер­мекбаев, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев, Ақпарат және қоғам­дық даму министрі Аида Балаева, Әділет министрі Марат Бекетаев, Мә­дениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орын­басары Жансейіт Түймебаев, ПӘ Ішкі саясат бөлімінің мең­герушісі Нұргүл Мауберлинова, Жоғарғы соттың Қылмыстық істер жө­ніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашид Жүкенов, Бас проку­рордың бірінші орынбасары Берік Асылов, Қы­зылорда облысы әкі­мінің орын­басары, т.ғ.к. Нау­рызбай Бай­қадамов, Ш.Уәли­ханов атындағы Тарих және этнология институтының ди­ректоры Зиябек Қабылдинов, Қазақ ұлттық аг­рарлық уни­верситеті «Рухани жаң­ғыру» орталығының жетекшісі Хангелді Әбжанов, Абай атындағы ҚҰУ «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығының ди­ректоры, т.ғ.д. Мәмбет Қой­гелдиев, «Ұлт тағдыры» қоғамдық бір­лестігінің төрағасы Дос Көшім, Қарағанды облысы Ұлытау ауданының әкімі Берік Әбдіғали, Еуразиялық интег­рация инсти­тутының дирек­торы Ерлан Сайыров, Л.Гумилев атын­дағы ЕҰУ про­ректоры, ака­демик Дихан Қамза­бекұлы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ҚХА кафед­расының меңгерушісі Люд­мила Гривенная, Орталық Азия­ның дәстүрлі өрке­ниеттерін зерттеу жөніндегі ор­талықтың директоры, т.ғ.д. Талас Омарбеков және бас­қа тұлғалар ұсынылды.

Мұның сыртында комиссияға келісім бойынша Президент Әкім­шілігі Басшысының бір орын­басары, Сенат және Мәжіліс депу­таттары, бірнеше вице-министр, Ұлттық қауіпсіздік ко­митеті төраға­сының орынбасары, Ұлттық кеңес­тің кейбір мүшелері, Қазақ­станның жаппай саяси қу­ғын-сүргін құр­бандары қауым­дастығының және басқа да қоғам­дық ұйым­дардың басшылары, ЖОО профес­сорлары кіреді. Төра­ғаның шешімі бойынша комис­сияға белді сарап­шылар дербес енгізілуі мүмкін.

 

Қуаты құзырынан танылады

Бұл комиссия Президент жа­­нын­дағы консультативтік-кеңесші орган болады. Негізгі міндеті &ndash «саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық құқықтық және саяси ақтау». Оның мүшелері отырысқа жарты жылда кем деген­де 1 рет жиналып тұрады. Шешім жи­налған мүше­лердің басым көп­шілігінің қолдап дауыс беруімен қабылданады. Егер дауыстар тең түссе, төрағаның дауы­сы шешуші болатыны ай­тылған.

Комиссияның жұмысшы ор­ганы &ndash Білім және ғылым ми­нистрлігі.

Мемкомиссияның өкілеттігі мен функциялары зор. Біріншіден, ол саяси қуғын-сүргін және заңсыз қудалау құрбандарына қатысты тарихи әділдікті қалпына келтіру жұмысын аяқтауы тиіс.

Екіншіден, ол саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық заңдық және саяси ақтау үшін арнайы заң жобаларын және өзге де актілерді әзірлеу жөнінде Үкіметке ұсы­ныстар енгізеді.

Үшіншіден, жазықсыз сот­талған, өмірі мен бас бос­тан­дығынан айы­рылған, пси­хиат­риялық ме­кемелерде мәж­бүрлеп емде­тілген, елден алас­талған, сон­дай-ақ саяси наны­мдар, тап­тық, әлеу­меттік, ұлттық, діни неме­се өзге де қа­тыстылығы бойын­­­ша құқығы мен бостандығы шек­телген тұлғаларды ақтау про­цестерін ғылыми зерделеу және жүргізу әдіснамасын да сол анықтайды.

Төртіншіден, іс жүзінде ақ­талмаған саяси қуғын-сүргін құр­бандары санаттарының толық тізбесін айқындайды. Өйткені қол­­­даныстағы заңнамада қамтыл­маған құрбандар санаттары да, сондай-ақ заңнамада аталған, бірақ іс жүзінде ақталмаған құр­бандар санаттары да бар. Бұдан бөлек, «Қазақстанның бос­тандығы, тәуел­сіздігі және аумақ­тық тұтастығы үшін күресу­ші­лер», «өзінің идео­логиялық, ғылыми, шығар­машы­лық, рухани-мәдени құнды­лық­тары мен сенім­дері үшін қуғын-сүргінге ұшыра­ғандар» са­наттары белгіленеді.

Бесіншіден, комиссия мү­шелері Қазақстан Президентінің, ІІМ-нің, Ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің, прокуратура ор­гандарының және өзге де мем­лекеттік меке­мелердің архив­теріндегі жабық қорларды ашады. Ондағы саяси қуғын-сүргін жө­ніндегі мате­риалдарды зерт­теушілер мен ұр­пақтар үшін қол­жетімді етеді.

Алтыншыдан, барлық мемор­гандардың ақтау мәселелері жө­нін­дегі қызметін де осы мем­комиссия үйлестіретін болады. Жетіншіден, ақтал­ғандардың құқықтарын қал­пына келтіруде азаматтарға әдіс­темелік және құ­қықтық көмек көр­­сетеді. Се­гізіншіден, комиссия қол­дауымен репрессия құр­бан­дарын, Қазақ­станның бос­тандығы, тәуел­сіздігі және аумақ­тық тұ­тастығы үшін күресте ерлік көр­сеткен адам­дарды мәңгі есте қалдыру жөнінде жеке мемлекеттік бағдарлама қа­былданады. То­ғызыншыдан, комиссия ақтал­ғандардың құқық­тарын қалпына келтіру мәселелері бойынша өті­ніштер мен шағым­дарды қа­райды.

 

Комиссия мүшелері Қазақстан Прези­дентінің, ІІМ-нің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратура органдарының және өзге де мемлекеттік мекемелердің архив­теріндегі жабық қорларды ашады. Ондағы саяси қуғын-сүргін жөніндегі материалдарды зерт­теушілер мен ұрпақтар үшін қол­жетімді етеді.

 

Мемкомиссия ішінен тота­литаризм құрбандарының әртүрлі санаттарын оңалту жөніндегі әдіс­наманы әзірлеу үшін кіші комис­сиялар құрылады. Сонымен қатар өз қызмет бағыттары бойынша ұсы­ныстар енгізу және мате­риал­дарды жинақтау үшін жұмыс топтары түзіледі. Негізгі жұмыс та осы топтарда жүрмек.

Жұмыс барысында комиссия жабық қорларды ашу және өз міндетін іске асыруға қажетті ар­хивтік материалдардан «аса құпия» грифін алып тастау (құ­пия­сыз­дандыру) туралы шешім қа­был­дайды.

Қалай болғанда, бұл &ndash мектеп пен ЖОО оқулықтарына кіретін нағыз тарихи шараға айналатынға ұқсайды.

 

Әділет орнамай қасірет тарқамайды

Мемкомиссия мүшелерін алапат жұмыс ауқымы күтіп тұр. 1916 жылғы көтеріліс, Ресейдегі қазан төң­керісінен кейінгі ала­сапыран, азамат соғысы, ұжым­дастыру және кон­фискация нау­қаны, екі рет жүрген ашар­шылық, саяси қуғын-сүргін, Ұлы Отан соғысы және одан кейінгі кезең­дерде дүркін-дүркін репрессия шаралары іске асы­рылды. Құр­бандардың нақты санын бірде-бір тарихшы тап басып айта алмайды. Ресми мәлімет бойынша, КСРО-да 20-50-жылдар аралығында 3 мил­лион 777 мың 380 адам сотталған, оның 642 980-і атылған. Дегенмен бұл ста­тистикаға сотсыз атып тасталғандар, «үштік», «ерек­ше кеңес», «ерекше три­бунал» қолы­нан өткен кейбір істер кір­меген. Қазақ елінде ең кемі 103 мың адам реп­рес­сияланған деп сана­лады. 1 мил­лионнан астам адам «итжек­кенге», елден тысқары жер ауда­рылды.

Сталин өлгеннен кейін оның заманындағы қылмыстар әш­кере бола бастады. КОКП ОК жа­нындағы Партиялық бақылау комитеті және одақтас респуб­ли­калардың орталық комитеті 30-40-жылдары және 50-жылдар басында саяси астар бойынша партиялық және сот жауап­кер­шілігіне тартылған адам­дарды ақ­тауға кірісті. 1953 жыл­дың шіл­­­десінен 1956 жылдың ақ­паны аралығында 5 456 адам ақталды.

«Ол кезде реабилитациялау жұмысы тым шабан әрі жүйесіз жүргізілді. Бюрократия ғаламат болды: әрбір репрессияланған адамға қатысты құжат КСРО Жо­ғарғы кеңесіне жеке жолданды, ЖК қарап, оң қорытынды бер­геннен кейін ғана ақтау туралы шешім қабылданды. Оның үстіне, осы іске жұмылдырылған ше­неу­ніктердің көбі бірер жыл бұрын ғана өздері домалақ арыз жазған, әлдекімдерге жала жауып, «халық жауы» ретінде атқызған тұлғалар болатын. Сон­дықтан олар ақтауға құлық та­нытпады, бір істі бірнеше рет қайта қарады, кейінге ысыр­ды», &ndash дейді белгілі зерттеуші, қазақ­стандық та­рихшы, доцент Ека­терина Кәріб­жанова.

Әйткенмен, 1956 жылғы КОКП ХХ съезі саяси қудалау құр­бандарын жаладан арылту ісіне соны серпін берді. Ақтау ісі жеңілдетілді. Лагерьлерге істерді қайта қарау жөніндегі арнайы комиссия ат­танды. Оларға Жо­ғарғы кеңес Пре­зидиумының құ­қықтары уақытша жүктелді, яғни комиссия өз бетінше реа­били­тациялау, кешіру, қамақ мерзімін қысқарту құзырын ие­ленді. Осы­ның арқасында 1956-1961 жыл­­дары Кеңес Одағында 700 мың­нан аса адам ақталған.

Қынжылтатыны сол 1962 жыл­дан бастап бұл жұмыс қар­қыны күрт бәсеңдеді және 1964 жылы мүлдем тоқтады. Ақтал­ғандардың тағдыры да ауыр еді. Түрме не ла­герьден оралғандардың біразы қалыпты өмірден көпке дейін орын таба алмады. Олар үшін қаншама қызмет түрі «жабық» болды. Мысалы, 1954 жылы абақтыдан босап шыққан атақты тарихшы ғалым Ермұқан Бекмахановқа оқытушылық қыз­метке кірісуіне тек 1 жылдық сер­гелдеңнен кейін ғана рұқсат етілді.

Саяси қуғын-сүргін құр­бан­­дарын ақтау жұмысын Пар­тиялық бақылау комитеті 1987 жылы қайта жан­дандырды. Сонда ғана хал­қымыз «Алаш» арыс­тарымен қайта қауыш­ты. Әйт­кенмен, реаби­литациялау процесі аяғына жет­кізілмеді. Бұған қоса, қазақ жеріне күштеп депор­тацияланған ха­лықтар әділет тап­пады. Прези­дент Қ.Тоқаев баста­машы болған мем­комиссия енді осы мәсе­лелер­дің бәріне нүкте қоюы керек.
 

Айхан ШӘРІП

Айқын




Көрілген: 1092    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 30.09.2020, 09:08

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    31 Қазан, 10:38
    Ту туралы түйткіл
    8 Қазан, 10:30
    Ақылдың кені
    6 Қазан, 10:30
    АЛТЫН ОРДА АҚИҚАТЫ
    1 Қазан, 10:39
    ЖҰМАТАЙДЫҢ ЛӘЙЛАСЫ
    22 Қыркүйек, 15:31
    Қалай жазғанымыз дұрыс?..
    21 Қыркүйек, 10:27
    Ол махаббат əні еді!
    11 Қыркүйек, 08:53
    Ташкентте болған той
    7 Қыркүйек, 10:27
    Қазақтың қайсар Қасымы
    24 Тамыз, 15:32
    Атасының баласы...
    25 Шілде, 11:21
    Алтын кілт

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2020
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6
    7 8 9 10 11 12 13
    14 15 16 17 18 19 20
    21 22 23 24 25 26 27
    28 29 30 31