Этнограф желіде тараған видео туралы: "Ол жаман ырым"

15 қараша 2021, 10:22

Қазнетте ауылда жасалған ырымның бейнежазбасы тарап кеткен еді. Express Qazaqstan тілшісі этнограф Болат Бопайұлының осыған қатысты пікірін сұрады.

 

Этнографтың айтуынша, "келін ұл тапсын" деген ырымның жөні басқаша.

 

Қазақтың ежелгі дәстүрінде, табақ тарту салтында "Келін табақ" деген жоралғы бар. Тойға, жақсы ырымға сойылған ақсарбас қойдың ұлтабар ішегін кәделі жіліктермен бірге асып, келін табаққа салған. Ол келін ұл тапсын, ұрпақты көбейтсін деген жақсы ырым, —  дейді Болат Бопайұлы.

 

Ашық дереккөзден

 

Ол желіде көпшілік талқысына түскен ырым дұрыс жасалмағанын айтады. Мұны табаққа тартылатын асты ысыраптау деп есептейді.

 

"Піспеген ұлтабарды келіннің басына, алақанына ұрып, оны лақтырып жіберу деген дәстүр де, салт та жоқ. Ол жаман ырымға жатады. Дәстүрді бұзған, салты жырмалаған адамдарға бұрынғы заманда айып қойып, дүре соғып жазалап, халықтан кешірім сұрататын болған. Сондықтан қазақ халқының асыл дәстүрі қаз-қалпында ғасырлар бойы сақталып келді. Мына видеодағы көрініс дұрыс емес", — деді этнограф.

 

Express Qazaqstan бұған дейін желіде талқыға түскен ырымның видеосын жариялаған еді.