Алаш үні

Эйнштейннің миы немесе адам өз миының қанша пайызын пайдалана алады?

  • Эйнштейннің миы немесе адам өз миының қанша пайызын пайдалана алады?

    Эйнштейннің миы немесе адам өз миының қанша пайызын пайдалана алады?

Әлемнің ұлы ойшылдарына қатысты әңгіме көп. Мейлі аңыз болсын, яки шындыққа бір табан жақын болсын, ол әңгімелерді қай-қайсысымыз да зор ықыласпен тыңдаймыз. Оны келесі біреуге одан асырып айтуға бейілміз. Соның бәрі ғылымға бас иетінімізден, құштарлығымыздан болса керек. Мысалы, Эйнштейннің миы жөніндегі әңгіме...

Эйнштейннің миы қалыпты адамдардың миынан анағұрлым салмақты болғаны туралы әңгімені бәріміз білеміз делік. «Оның данышпандығының бір себебі осында» десті зерттеушілер. Ол оған қалай жетті? Өмір жолына назар аударайықшы. Бес жасқа толғанда Эйнштейнге әкесі қалта компасын көрсетіпті. Альберт оның тілін арнайы бағытқа бағдарлайтын бір ықпалдың, бір күштің бар екенін түсінген. Бұл көрініс оған қатты әсер етіпті. Альберт онға толған шағында әкесінің досы Макс Талмуд ғылымға, математика мен философияға арналған кітаптармен таныстырады. Бұл оның өміріне үлкен өзгеріс әкеледі. Ол дедукциялық ойлаудың негіздерін түсіне бастайды. Альберттің ғылымға құштарлығы осылай басталған. Болашақ данышпан орта мектепті бітірмей-ақ училищеге түскісі келеді. Сол мақсатпен ол Швейцарияның Цюрих қаласындағы Жоғары техникалық училищеге (политехникум) оқуға тапсырады. Алайда математика мен физикадан өте жақсы тапсырғанымен, ботаника мен француз тілінен мүдіріп қалады. Дей тұрғанмен табандылығы мен білімге ынтызарлығының арқасында келесі жылы оқуға қабылданады. Міне, әйгілі данышпанның өмір жолында осындай да сәтсіздіктер болған. Дегенмен оның ғылымдағы үлкен жеңістері осы оқу орнынан басталады. Ары қарай түсінікті, небір ғылыми жаңалықтар ашқан соң атағы аспандап жүре береді...

Енді нақты ғылымға сүйенейік. Ғылым даму үстінде. «Адам өз миының қанша пайызын пайдаланады? Оны арттырудың жолдары қандай?» деген сұрағымызға клиникалық психолог, нейропсихолог Назгина Мырзақызы былай дейді:

– Қалыпты адам өз миының 15%-ын ғана пайдаланады деген – миф. Біз миымызды толық пайдаланамыз. Бірақ бір сәтте емес. Біздің миымыз жұмыс істеп тұрғанда жаңажылдық шыршадағы гирлянданы еске түсіреді. Біреуі жанып тұрса, бірі бәсең, енді бірі сөніп тұратын шырша жарығын көз алдыңызға елестетіңізші. Миымыз да солай. Кейбір нейрон жұмыс істеп тұрғанда, екіншісі демалады. Бұл энергиямызды үнемдеуге және миымызға салмақ түсірмеуге көмегін тигізеді. Бұл – шынында, табиғаттың ғажайып жаратылысы.

Ал миды жұмыс істетудің ғылымда белгіленген қандай тәсілдері бар? Бұл сұраққа нейропсихолог былай дейді:

– Міндетті түрде түнгі ұйқы жақсы болу керек, яғни ұйқы қану керек. Дұрыс тамақтану мен спорт та айтарлықтай көмектеседі. Бұл ми қыртысының демалуына көмектесіп, миды оттегіге бай қанмен толықтырады. Біздің миымыз оттегісіз өмір сүре алмайды. Стресстің аз болуы шарт. Кортизол – миымыздың нейрондарын өлтіретін стресс гормоны. Сөзжұмбақтар, өлең жаттау ми жұмысын және есте сақтау қабілетін жақсартуға көмектеспейді. Жаңа білім, тіл үйрену, би, өнер, ісмерлік (тігін тігу, тоқу секілді) сынды нәрселер мидың дамуына оң әсер береді.

Міне, маман пікірі осындай. Келіспеске әддіңіз жоқ. Альберт Эйнштейннің өмір жолына назар аударсаңыз, ол да саяхатты, тіл үйренуді, табиғат аясында жиі қыдыруды жақсы көрген. Мұның бәрі адамға серпіліс береді.

Қазақтың халық жазушысы Қадыр Мырза Әлінің «Жазмыш» кітабында осы тақырыпқа қатысты қызықты деректер көп. Мәселен, мексика әдебиетінің ірі өкілі Хуана Инес де Ла Крус он төрт жасында Мексиканың вице-королінің екінші ханымы болады. Үлде мен бүлдеге оранып отырса да, ол білімнен қол үзбеген. Хан сарайының бүкіл ақылгөйлері оның телегей-теңіз біліміне, ағыл-тегіл ақылына бас июмен өткен. Үсті-үстіне алма-кезек сұрақ қойып, емтихан алған теолог, философ, математик, тарихшы, әдебиетшілердің бірде-бірі оны сүріндіре алмапты. Кейін Ла Крус сарайдан кетіп, елден бөлек тұрған қоңыржай құжырасы, замандастарының айтуына қарағанда, ғылыми-зерттеу зертханасына көбірек ұқсаса керек.

Мұндай деректер «Жазмыш» кітабында көп. Соның бәрі де, сайып келгенде, ғылым-білімге деген шексіз құштарлықтан шығады. Данышпандықтың бүкіл себебі де осында деген тұжырым жасайды. Ал адамның миы 50 жасқа дейін ғана дамиды деген тағы бір әңгіме бар. Әрине, өле-өлгенше ғылыми жаңалық ашқан данышпандар аз емес. Дегенмен ғылымға сүйенелік.

– Біздің миымыз 30 жастан бастап қартая бастайды. Танымдық қабілеттер төмендейді. 50 жастан кейін ми өлшемінің кішірейетіні де рас. Есте сақтау қабілетін жақсарту үшін ұйқыны қандыру, дұрыс тамақтану, спортпен шұғылдану және жаяу жүру керек. Гаджеттерді қолдануды азайту қажет. Гаджеттер есте сақтау қабілеті мен зейінге зиянды. Мейлінше көп жаңа білім үйрену, жаңа дағдылар, интеремисфералық байланыстарға арналған жаттығулар мидың жас әрі таза болуына көмектеседі. Әрине, генетика мен табиғи бейімділік те маңызды рөл атқарады, – дейді нейропсихолог Назгина Мырзақызы.

Тақырыпты «Эйнштейннің миы» деп алуымыздың тағы бір себебі бар. Әйгілі физик қайтыс болған соң көп ұзамай оның миын зерттеу жұмыстары басталды. Зерттеу үшін миды бастан ажыратып алды да. Бұл кезде физиктің отбасы мен ғалымдар арасында айтарлықтай дау да туды. Бірақ кейінірек зерттеуге рұқсат етілді. Сонда ғалымдар Эйнштейннің миының салмағы 1230 грамм болғанын мәлімдеді. Ал әдетте ересек адамдардың миының салмағы 1400 грамм шамасында екен. Міне, аңыз осылай туады, ғылым осылай дәлелдейді. Сайып келгенде, данышпан болудың негізі ғылым-білімге құштарлықта, ілімге махаббатта жатыр.

Асылан БІРЖАНҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2021
aqzhelken.kazgazeta.kz 




Көрілген: 1726    Пікірлер: 0

жексенбі, 28.03.2021, 00:15

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31