Алаш үні

"Халықтың көшкеніне жүрегім ауырады": Қытаймен шекарадағы ауылдардың тұрғындары дабыл қағуда

  • "Халықтың көшкеніне жүрегім ауырады": Қытаймен шекарадағы ауылдардың тұрғындары дабыл қағуда

«Қытай мемлекеті шекараның бойына жол салып, завод, фабрика тұрғызып жатыр. Ішкі Қытайдан халықты көшіріп әкеліп жатыр. Ал біздің Қазақстанның шекарасы бойынан халық керісінше көшіп жатыр. Осы жағдай бізді өте толғандырады». Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы тұрғындарының осылай деп қайта-қайта көтеріп, толассыз хат жазып, шағымданып жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Qazaqstan арнасына сілтеп хабарлайды.

Олар облыстағы Ақжар мен Ақсуатты Алматы облысындағы Кегеннен Нарынқолды бөлген сияқты, бұрынғы Тарбағатай ауданын қайтадан қалпына келтіру керек деп есептейді. Тарбағатай ауданының аты қалғанымен, оны Ақсуат ауданымен қосқан, Ақжар аудан орталығы мәртебесінен айырылған. 

 
Елдің айтатын ең басты аргументі – аудан шекарада жатыр. Шекара бойында халықтың тығыз орналасуы аса маңызды екенін да атап өтті.

1997 жылы Тарбағатай ауданы Ақсуат ауданымен біріктірілгеннен кейін, мемлекеттік шекарада жатқан елді-мекендер аудан орталығынан алыстаған. Жолдың болмауы, шекара маңындағы ауылдарға ерекше жағдайлардың жасалмауы салдарынан елді-мекендеер қаңырап қалды. 

Осындай шекара маңындағы ауылдардың бірі Қамысты кезінде 100-ден астам отбасының мекені болған. Қазір тек 20  шаңырақ қалған. Ал 250-ден аса баланы қабылдайтын мектепте 30 оқушы ғана білім алып жатыр. Бұл ауыл уақытында қой өсіріп, аудан экономикасын да дамытқан. Енді бәрі көрген түстей болды, дейді жергілікті тұрғындар.

"Жағдайымыз күрт төмендеп кетті. Шекарадан ел көшіп, бос қалды. Ауылда жастар жоқ. Балаларым бойдақ қалды. Олар маған қарайлайды, менің кеткім келмейді, атамекенім. Бірақ мына халықтың көшкеніне менің жүрегім қатты ауырады", - деді Қамысты ауылының тұрғыны Мәнапқазы Қанарбаев.

Ауылда көбіне үлкен кісілерді көруге болады. Қариялардың көңілін халықтың көшуі жабырқатады.

"Бір үйде 1-2 зейнетақы алатындар бар, мұғалімдер бар аздаған. 20 шақты. Халық солармен отыр", - дейді ауыл тұрғыны.

"Көш әлі тоқтаған жоқ. Былтыр кетті. Биыл жаз шыға тағы кете ме, кім білсін. Ол ауданның осы жерде болмағанның кесірі. Қатынастың бәрі қиын", - деді Мәнапқазы Қанарбаев.

Тек бұрынғы Тарбағатай ауданына кіретін ауылдардың өзі шекараның 260 шақырымын бойлап жатқан көрінеді. Олардың бәрінің жағдайы бірдей.

"Мына мемлекеттік шекараның ар жағында Қытай мемлекеті тұр. Қытай елі шекараның бойына жол, завод, фабрика салып жатыр. Ішкі Қытайдан халықты көшіріп әкеліп жатыр. Ал Қазақстанның шекара бойынан халық көшіп жатыр", - деді Ақжар ауылының тұрғыны Өмірхан Қанағатов.

Халық азайған сайын әлеуметтік мәселе де көбейе түскен. Мәселен, ең ірі шекаралық ауыл саналатын Тұғылда аурухана жабылған. Кезінде 11 мың халқы болған, қазір 5 мыңға жетер-жетпес адам бар. 3 дәрігер ғана бар емхана қалдырған. Енді тұрғындар ем алу үшін көршілес аудандарға сабылып жүр. 

"Сал ауруына шалдыққан балам бар. Мүгедектікке алатын 45 мың теңгенің 20 мыңына айына 10 күнге жол ақысына ғана төлеймін", - деді Тұғыл ауылының тұрғыны Жадыра Жүнісова.

"Қаншама жас аналар бар. Есік алдында босанып қалғандар бар. Қанша өлім жағдай болды", - деді Тұғыл ауылының тұрғыны Назипа Кешубаева.

Іші бос ғимарат тозып барады. Аз ғана маманға жұмыс істеуге жағдай жасалмаған. 

Жергілікті шенеуніктер ауылдарға шамасы келгенше мектептерін жөндеп, ауыз су тартып, көмектесіп жатқанын айтады. Бірақ оның игілігін көретін халық жоқ. Сондықтан қоғам белсендісі Серікжан Шөкеев мәселені шешудің басқа жолын табу керек екенін айтады. 

"Мемлекетке рақмет, көмектеспей жатыр деп айтуға болмайды. Мектебін салып жатыр, суын кіргізіп жатыр. Бірақ оның бәрін адам игілігіне пайдалану керек. Шекараны халық күзетеді", - деді ол.

Жұрт мәселені түбегейлі реттеудің жолын талай жылдан бері көтеріп келеді. Ол Тарбағатай ауданын қайта құрып, орталығын Ақжарға ауыстыру. Сонда шекара маңындағы ауылдар аудан орталығына жақындап, халықтың көп түйіткілі шешіледі, дейді жергілікті тұрғындар. Талап-тілектерін облыс әкіміне талай рет жазып та, барып та айтқан, талай жиыннан үмітпен қайтқан.

"Қазір халық шөлдеп тұр. Ауданымыз өзін қаржыландырып қана қоймай, көрші аудандарға көмек қолын созуға мүмкіншіліктері бар. Іргемізде Зайсан көліміз тұр. "Тарбағатай-Мұнай" жұмыс істеп келе жатыр. Экономикалық қуаттымыз мықты, жеріміз шұрайлы", - деді аудандық мәслихаттың депутаты Қайрат Дәкеров.

Ауданды қайта құруға қатысты жергілікті басшылықтан ешкім пікір білдіруге ниет танытпаған.

"Жергілікті шенеуніктердің бір уәжі бар - әрбір ауданды ашу үшін жүздеген миллиард теңге керек деген. Менің ойымша, ол шындыққа сәйкес келмейді. 1996 жылғы Тарбағата мен қазіргісінің бюджеті ары кетсе 20 есе көп. Ауданды қалпына келтіру үшін сол бюджетті қайтадан ортасынан бөлу керек", - деді ҚР парламенті мәжілісінің депутаты Ерлан Сайыров.

Депутаттың сөзінше, бұл қаржыға тіреліп тұрған мәселе емес. Ең бастысы - геосаяси маңызға ие шекарасы.

"Өздерін далада, көштен қалып қойғандай сезінеді. Және көптеген азамат осының нәтижесінде Алматы, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Семей қалаларына көшіп кетті. Аудан қалпына келсе, азаматтардың көбі елге қайтады", - деді Ерлан Сайыров.

Елімізде жабылған ауданды қайта жаңғырту бойынша тәжірибе жоқ емес. Екі жыл бұрын қайта құрылған Райымбек ауданы дамып келеді. Сондықтан мұндай өзгерісті жабылып қалған өзге де аудан тұрғындары қалайтыны түсінікті. Ал Тарбағатай ауданының тұрғындары енді облыстық емес, республикалық комиссия жақын арада осы мәселені қарағанын қалайды.




Көрілген: 2785    Пікірлер: 0

сейсенбі, 09.03.2021, 16:52

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    шілде
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4
    5 6 7 8 9 10 11
    12 13 14 15 16 17 18
    19 20 21 22 23 24 25
    26 27 28 29 30 31