ЖАУЫНГЕР НЕГЕ ЖЫЛАЙДЫ?

ЖАУЫНГЕР НЕГЕ ЖЫЛАЙДЫ?

Осыдан біраз жыл бұрын үш жігіт мейрамханада отырдық. Павлодар өңірінен келген қонағымыз - ауған соғысының ардагері. Орден, медальдары баршылық. Оны сол күні Алматыға шақырып тағы бір орден беріпті. Бірақ, оның жүзінен орденге байланысты қуаныш белгісін байқай алмадым. Мұңайып үнсіз отырды. Мейманымыздың орденін «жумақ» болып тапқан жеріміз да тау жақтағы жастар мейрамханасы болып шықты. Ол жерде тапсырыспен айтылатын әндердің табиғаты бөлек. Бір уақытта біздің қонағымыз ештеңе айтпастан орнынан тұрып барып, әнші жігітпен оңаша ұзақ сөйлесті. Оның қолын сермеп сөйлеп тұрғанына қарағанда «қызу» пікірталас жүріп жатқандай болды. Ши шығып кетпесін деп біз де бардық. Сөйтсек, біздің ардагер бауырымыз әншіден қазақша, не орысша әскери жорық әндерін, майдан әндерін айтуды сұрап тұр екен. Әнші көнбейді. Өйткені, бұл мейрамхана меймандары – өңкей жастар. Олар майдан әндерін тыңдамайды. Оның үстіне қазақ тіліндегі майдан әндерін білмек түгілі естімепті де. Біз де қарап тұрмай, оның ардагер екенін, бүгін орден алғанын жабыла айтып, әншіні бір әнге көндірдік. Қазіргі эстрадада қазақ тіліндегі майдан әндері жоқ болғандықтан, әнші «Темная ночь» әнін айтуға келісті. Әншіміз алдымен мейрамханадағы басқа қонақтарының алдында не себепті әскери-жорық әнін айтатынын түсіндіру үшін жақсылап тұрып ақталу алғысөзін сөйледі, ардагерді орденімен құттықтады. Содан кейін майдан әнін майын тамызып тұрып айтып берді. Мейрамханада жайраңдап отырған жұрт тым-тырыс болып қалды. Тек біздің ардагер бауырымыз ғана «олар өлді, мен неге тірімін? Олар мені құтқарып қалды. Ал оларға тиіс орденді енді мен алып отырмын» еңіреп қоя берді. Ән айтылып біткен соң орнынан тұрып барды да, осы әнді тағы да екі рет қайталап орындауын сұрады. Жақсылап ақшасын төледі. Ән тағы да екі рет орындалды. Бауырымыз басын көтерместен егілді де отырды. Әншейінде дуылдап жататын мейрамхана ішінде ерекше бір ауан пайда болды. Батырларға тағзым, майдангерге ықлас, ел мен жерді сүю, Отанын қорғау үшін жанын пида етуге дайын болу, майдангерлер достығы, бірі үшін бірінің жанын қиюы. Меніңше, залда отырғандардың бәрінің ойы осындай биік рухтың айналасында болды. Сондықтан ешкім артық сөз айтқан жоқ. Осыны сезе қойған әнші жігіт барша халықтың атынан бауырымыздың құрметіне «Темная ночь» әнін қайта орындады. Жастар ортаға шығып ақырындап осы әннің ырғағымен вальс билеуге көшті. Одан кейін әнші жігіт бұл әнді қайта орындады. Одан кейін белгісіз біреулер ардагер бауырымыздың құрметіне осы әнді айтуға қайта тапсырыс берді. Біз де бауырымыздың құрметіне осы әнді айтқыздық. Сөйтіп, жастар мейрамханасында үш сағат бойы бір ғана майдан әні айтылды. Біз көңіліміз жайланып, сыртқа беттеген кезде біраз адам орнынан тұрып келіп, бауырымызды құшақтап алғыс айтып жатты. Бүкіл залдағы елдің бауырыңмен бірге толқығанын көру қандай ғанибет! Сол түні мен «Жауынгер неге жылайды?» деген ұлттық әскери жорық әнін жаздым. Жалпы, әскери-патриоттық әндер мен ұлттық әскери-жорық әндерінің табиғаты екі түрлі болады. Патриоттық әндердің рухы әрине түсінікті: елді, жерді сүю, отанды қорғауға дайын, ата-баба аманатына адал болу тб. Ал, ұлттық әскери жорық әндері окоп пен майдан шебіндегі, оқ пен оттың ортасында жүрген жауынгердің сезімі, ойы, махаббаты. Оның сөздерінде көркем поэзиядан гөрі қарапайым шындық басым, құрбандыққа неге баратыны ашық айтылады, махаббаты отқа оранып жүреді. Мысалы, Рамазан Елебаев пен Ғабиден Мұстафиннің «Жас қазақ» әні соғыс кезінде туған. Соғыс кезінде туған қазақтың әскери жорық әндері аз емес. Әли Базановтың,Смағұл Көшекбаевтың, Қосымжан Бабақовтың, Мұқан Төлебаевтың және басқа авторлардың көптеген туындары болған. Бірақ, эстрадаға бейімделмегендіктен ұмыт қалған. Әрине, жауынгер рухының кереметі – Қазтуған, Асан Қайғы, Доспанбет, Ақтамберді, Шалкиіз, Жиембет, Бұқар жырау жырлары. Бірақ, олар жыр қалпында, елдіктің ұраны мен өр рух болмысындағы туындылар. Олардың көркемдік және рухтық деңгейі биік болғанмен бүгінгі заман жастарының табиғатына жатық емес, терең түсінікті талап етеді. Ал қазіргі әскери-жорық әндерінің табиғаты мүлде басқа. Бұл әндер көбінесе сарбаздар достығын, ерлігін, махаббатын, сағынышын өзек етеді. Қарапайым, түсінуге жеңіл. Әрі от пен оқтың ортасынан сөйлеп тұрғандықтан әсері де бөлек. Олар сахнадан ұрандағаннан гөрі, алау жағып ойланып отырып толғатуға бейім. Дегенмен де Ресейдің «Любэ» тобы сияқты сахнадан төгуге де болады.
Осыдан оншақты жыл бұрын ауған соғысы ардагерлерімен демалған едік. Сонда мен Ауғаныстандағы әскери-жорық әндерін айтуды сұрадым. Бәрі құшақтасып тіп тұрып «Мусульманский батальон» деген әнді шырқады. Қазақшасын сұрадым. Өздері аударып алыпты. Айтып шықты. Басқа ондай әскери-жорық әнін айта алмады. Ал әскери-жорық әндері жастарға ұлттық тәрбие берудің өткір құралы десек артық болмайды. Тек қана «Любэ» тобының Ресей жастарын жауынгерлік рухта тәрбиелеудегі ролі қандай?! Ал Ресейдегі ұлттық рухты көтеретін, жауынгерлік рухқа қуат беретін топтар мен әскери-жорық әндерін санап бітіре алмайсыз. Елдің тәуелсіздігін қорғауға қажет ең басты айбын мен қару – осы жауынгерлік ұлттық рух екеніне сөз жоқ. Сол ауған ардагерлерімен кездескен соң мен әскери-жорық әндер циклын жазуға кірістім. Майдан даласын көрген біраз ардагерге тыңдаттым. Өте жақсы бағалады. Мен соғыста болмасам да Кеңес әскерінде қызмет еттім. Журналист ретінде Кавказдағы және Памирдегі қанды қырғынды көзіммен көруге тура келді. Зеңбірек снарядтарының астында қалып, майдан шебінен жасырын өтіп, арасында кепілге түсіп те көрдік. От пен оқты аздап болса да иіскеуге тура келді. Тәуелсіз елде тәуелсіздікті қанымен де, жанымен де қорғайтын жастар тәрбиелеу қажет екенін әбден түсіндік. Жалпы елімізде жастарды ұлттық жауынгерлік рухта тәрбиелеудің заманауй концепциясын жасаудың уақыты әлдақашан жеткен. Ұлттық рухта тәрбиеленіп, заманауй тактика мен озық техникамен жабдықталған әскердің қуаты қандай болатынына, таяуда, Кавказ сыртындағы соғыс кезінде көз жеткіздік. Ұлттық рухты жетілдірудің басты «қаруының» бірі - осы заманғы әскери-жорық әндері. Бүгінгі Ресей рухының «қаруы» болып отырған «Любэ» іспетті бірнеше топ құрып, соларды барлық жерде, әскери бөлімдерде, күш-білек құрылымдарында насихаттау. Осыдан оншақты жыл бұрын Қорғаныс министрлігінің басшылығына осы идеяны жеткізгенмін. Ондай топ құрудың концепциясы да, әндері де дайын екенін айттым. Тек әскери бөлімге бұйрық беру керек, болды. Олар идея негізін толық түсінбесе де түсінгендей кейіп танытып, әндерімді жіберуді сұрады. Әндерді дискіге жазып та, электронды поштамен де жібердім. Ұсынысым аяқсыз қалмасын деп артынан іздеп бардым да. Бірақ, ақ болды, көк болды, ертең, бүрсүгүні деп созып жүргенде министр ауысып кетті. Сонымен әскери-жорық әндерін жаңғырту және жаңарту идеясы да құрдымға кете барды. Сөйтіп, әлі күнге дейін біраз әскери шаралар «Смуглянка», «Катюша», «На сопках Манчжурий», «Три танкиста», «Давай закурим», «Жди меня», «Если завтра война», «Ех дороги!» әндерінің аясында өтеді. Ал, тәуелсіз ел болуы мүмкін қауіпке ерте әзірленгені артық болмайтыны анық. Кеңес Одағы кезінде оқыған бір дерек есте қалыпты. Екінші дүниежүзілік соғыс қатерінің жақындап қалғанын бәрі де сезінген. Сол кезде СССР композиторлар одағы жасырын жиын өткізіп, соғыс бола қалған жағдайда жауынгерлік рухты көтеретін әндер мен шығармалар дайын болу керектігін ескертіпті дейді. Әйгілі «Священная война» соғыстың екінші күні, 24-маусым күні дайын болды. Әрине, қатер атаулының бізден алыс болғаны абзал. Бірақ, тәуелсіз ел қатердің қай түріне болмасын, қай уақытта да әзір болуы керек. Арпалыста жеңіске жетудың басты құралы – рух екені белгілі. Ұлттық әскер-жорық әндері тура осы мақсатқа қызмет етеді.
Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Осы мерейтой аясында әскери-жорық әндерін жаңғырту шараларын қолға алу керек-ақ. Не шықса да Шымкенттен шығады деуші едік. Әсіресе, ұлттық дүниелер сол жерден басталады. Бұл шараны да сол Шымкенттіктер бастап жіберсе деген ұсынымыз бар. Міне, мен сол әскери-жорық әндері циклында жазылған «Соғыста жоғалған ұлдың әкесіне сәлемі» деген әнімді беріп отырмын. Шахаризат – тамаша әнші. Жаны нәзік. Әуезді әнге құмар. Сондықтан менің айтқаныма көнбей, рух дүниесін мөлдіретіп әнге айналдырып жіберді. Эксперимент ретінде оған келістім. Әскери – жорық әндерінің ұлттық қажеттілік екеніне келісесіз ғой.

Serik Zhanbolat

Фейсбуктегі парақшасынан

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста