Қабанбай батыр қайда жерленген?

16 желтоқсан 2022, 11:27

Қабанбай батырдың жерленген жерін көрсеткен карта табылды, - деп хабарлайды Alashainasy.kz  Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.

 

Бұл туралы ұлы қолбасшының 330 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтылды. Қатысушылар зерттеуші Серікбосын Сайдағалидың сөзіне сілтеме жасай отырып, 18-ғасыр картасында Ресейдің географиялық аймағы бейнеленгенін айтады. Онда Қабанбай батыр соңғы жылдары өмір сүрген және жерленген деген ұлыс көрсетілген. Батырдың шын аты Ерасыл екені белгілі. Ерлігі мен батырлығы үшін ел оны Қабанбай батыр атаған. Абылай хан заманында оның дарабоз батыр даңқы шыққан. Ол 15 жасында жоңғар шапқыншылығына қарсы күресті. Ғылыми ортада Қабанбай батырдың жерленген жері туралы бірнеше нұсқалар бар. Біреулер оны Астанадан 30 шақырым жерде, енді біреулер Қызылорданың тұсында жерленген дейді. Тіпті, оның бейіті Қытайда дейтіндер де табылады. Ал батырдың сегізінші ұрпағының өз уәжі бар.

 

Ұлықпан Сыдықов, Қабанбай батырдың ұрпағы: - Мен Қабанбай батырдың тікелей ұрпағымын. Сегізінші буын өкілімін. Сондықтан мен нақты білемін. Біздің ата-бабамыздан, ауыздан ауызға тараған дерек бойынша батырдың жатқан жері Шығыста – Алакөлдің жоғарғы жағасы, Жоңғар қақпасының сол жағында. Атақты батыр 103 рет шайқасқа қатысып, үнемі жеңіске жеткен. Соңғы жекпе-жекке 78 жасында, қайтыс боларының алдында шыққан.