Алаш үні

Қазақ руханиятының өзегі Қожа Ахмет Йасауи мен Йасауи жолына кімдер қарсы?

  • Сурет Азаттық радиосының сайтынан

    Сурет Азаттық радиосының сайтынан

Соңғы кездері қазақ руханиятының өзегі болған Қожа Ахмет Йасауи сынды ұлы тұлғаға қарсы мақалалар қайтадан көптеп жариялана бастады. Қазақты қайтадан өзіне-өзін айдап салу саясаты басталды. Мақсаттары – өзінің кім екендігін қайта сезіне бастаған қазақты қайта адастырып, сырттан келіп жатқан діни-рухани экспаснияның құрбанына айналдыру.


Олардың бұл бағыттағы әрекеттері кезінде белгілі дәрежеде нәтиже беріп, Йасауи жолын ту етіп ұстанған Исматулла қари мен оның соңына ерген шәкірттерін түрмеге тығып, олардың «адам шошырлық» қылмыстарын әшкерелеп, халықты Йасауи жолынан алшақтатып еді.


Ол кезде тек Исматулла қари мен оның шәкірттері ғана емес, олармен бірге қазақ руханияты да түрмеге қамалған болатын. Оған дәлел ретінде тінту кезінде Исматулла қари медресесінен Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп, Маңғыстау жырауларының, Сыр сүлейлерінің, жалпы қазақ руханияты өкілдерінің шығармалары тәркіленгенін келтіруге болады. Сол соққыдан қазақ әлі есін жия алған жоқ. Одан кейінгі кезеңде қазақ халқының рухани тұрғыда азып-тозғанын көреміз. Оған қазіргі күні қазақ халқы өзіне-өзі қол жұмсаудан (суицид) әлемдегі алғашқы үштікке, ажырасудан әлемдегі алдыңғы ондыққа кіргеніміз дәлел бола алады. Ал, мұндай көрсеткіштер, рухани дағдарысқа түскен, үмітсіздік санасын жайлаған халықтарға ғана тән екенін айтып жатудың өзі артық. Бұл проблемалық мәселелердің түп тамыры қайда екенін, бұл қиындықтан шығудың жолы – қазақтың өзінің рухани өзегіне қайта оралу екенін халық сезіне бастағанда Йасауи жолына шабуыл қайта басталып отыр.


Мақсаттары – қазақтың басын қостырмай, тоз-тоз қылу. Йасауи жолына қазақ қайта бет бұратын болса, сырттан келіп жатқан рухани экспансияға қарсы иммунитет пайда болатынын сезінген сыртқы күштер өздерінің үйреншікті әдетіне қайта басты. Ол шабуылдың негізгі дем берушісі кім екенін білмеймін, бірақ қазіргі көзге көрініп, Қожа Ахмет Йасауи мен оның жолын қорғап жүргендерді нысанаға алып, соққылап жатқан Тұрар Құсайынов, Тоқтар Жақаш, Мерей Коробов, т.б. азаматтар. Бұларға қарсы тұрып, олардың айтқандарына жауап бермесек, азаматтығымызға сын болғалы тұр. Енді осыларға кезегімен жауап беріп көрелік.


Әрине, бұл шабуылдың басында Тұрар Құсайынов атты азамат тұрғанына ешкім шүбә келтіре қоймас. Оның өткен күзде елімізге уаххабилік-салафилік бағыттың таралуына қатысты жазған шығармасын «Жас Алаш» газетіне жариялағанда қуана қарсы алдық және ол ағымдардың қазақ арасына таралуына өзінің де қомақты үлесі болғанын тартынбай жазуына қарап, «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» дегенге балап, бұл жігіт өз қатесін мойындап, қайтадан үйіріне оралыпты ғой деп, іштей қуанып, мақұлдадық. Алайда, біздің бұл үмітіміз ақталмапты. Оның тағы «Жас Алаш» газетінде жариялаған жалпы атауы «Шырмауық» деп аталатын мақалалар топтамасының мазмұны еліміздегі соңғы жиырма жыл көлеміндегі діни ахуалдың даму тарихына жасаған сараптамалық талдау болғанымен, негізгі нысанасы Қожа Ахмет Йасауи мен йасауийа тариқатының және сол жолды қайта қалпына келтірмек болған Исматулла қаридың «қауіптілігін» дәлелдеуге арналыпты. Сөз жалаң болмас үшін енді сол Тұрар Құсайынов мырзаның өзіне сөз берейік. Ол былай дейді: «Зерттеушілердің пікірі бойынша, Қожа Ахмет Ясауи (...) өз алдына тариқат құрмаған. Ол – орталығы Бұхара қаласы болған нақшбанд тариқатының өкілі. Ол кейін тариқат жазирасының (діни идеолгиясының ықпалы аумағы) теріскейіне уағызшы етіп жіберіліп, Ясы (Түркістан) қаласында өмірден өтеді». Тұрар мырзаның бұл жазғаны, оның Исламның тарихынан да, ислам дінідегі түрлі ағымдардың, сопылық тариқаттардың шығу себептерінен де хабарсыз екенін көрсетеді. Солардың ешбірінен хабары жоқ бола тұра Йасауиге, Йасауи жолына қарсы мақала жазып, күстаналауын – қазақ халқының рухани болмысының өзегіне қарсы шығуы деп түсінуіміз керек. Бір ғана мысал – мына далиып жатқан Алтай мен Атырау арасын алып жатқан алып территорияның арасындағы халықтың дінінің, тілінің, ән-жырының, жыр-дастандарының бір болуы, керек десе тілдік диалектінің болмауы – бұл аралықтағы халықтың рухани-мәдени болмысының ортақтығын көрсетеді. Сол қазақтың рухани-мәдени болмысының ортақтығын қалыптастырған Йасауи жолы, Йасауи мәдениеті болатын. Бұған қарсы шығу – қазақты қазақ етіп біріктіріп тұрған рухани өзекке балта шабу. Мұндай адамды қазақ, қазақтың досы деп қараудың өзі қылмыс болар еді.


Енді Тұрар мырзаның «Қожа Ахмет Ясауи өз алдына тариқат құрмаған. Ол орталығы Бұхара қаласы болған нақшбанд тариқатының өкілі» деген жолдарына жауап беріп көрелік. Бұл жердегі «тариқат» сөзінің мағынасы қандай? Ислам дінін қабылдаған халықтардың рухани-мәдени болмысында қандай рөл атқарады? Осы сұрақтың жауабын білген болса, Тұрар мырза бұлай деп көсілмеген болар еді. Тариқатты, біріншіден, ислам тарихында қалыптастырған тұлға Қожа Ахмет Йасауи. Тариқат дегеніміз – әр халықтың ислам дінін қабылдай тұрып, араб жерінде қалыптасқан шариғат пен араб дәстүрін қабыл етпей, өзінің әуел баста қалыптасқан салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтап қалуы. Йасауи өз тариқатын қалыптастырғанда Ислам дінінің бес парызын алып, шариғатты толығымен түркінің өзінің көнеден келе жатқан дәстүріне берді. Қазақтың дәстүрлі дін мен діни танымы осы негізде қалыптасты. Бұл діни таным жалпы түркілік мәдениеттің негізін қалыптастырды.


Ортағасырларда бұл тариқат Жошы ұлысында мемлекеттік идеология деңгейіне көтерілгенде Еуразия кеңістігін мекендеген түркілердің рухани, мәдени тұтастығын қалыптастырды. Қазіргі қазақ халқының құрамындағы рулық, тайпалық, жүйелер мен жүздік құрылымдар қалыптастырылып, мемлекетті басқарудың көне түркілік формасы қайта қалпына келтірілді. Осындай күрделі діни-рухани реформаны жасаған тұлғаны жай бір «нақшбанд тариқатының өкілі» еді деуге келеді ме? Жоқ.


Ал, «нақшбанд тариқаты» қашан пайда болды? Бұл тариқаттың негізін салған Баха ад-дин Нақшбанд XIV ғасырда өмір сүрді. 1383 жылы дүниеден өтті. Қожа Ахмет Йасауи қайтыс болғаннан кейін екі жүз жылдай уақыт кейін дүниеге келген Нақшбандқа Йасауи қайтіп оның тариқатының өкілі болады? Баха ад-дин Нақшбандтың өзі Йасауи жолы өкілдеріне шәкірт бола жүріп, рух әлемімен байланыс орнатқаннан кейін ғана бөлініп, ходжаганийа тариқатына жетекшілік еткен болатын. 1500 жылдардан бастап нақшбандийа тариқаты деп атала бастады. Демек, Тұрар мырза Йасауи жолы тарихынан да, нақшбандийа тариқаты тарихынан да мүлде хабарсыз. Солай бола тұра Йасауиге қарсы, қазақ руханиатының өзегіне қарсы тас атпақ.


Тұрар мырзаның мұндай шатпағы бір бұл емес. Одан ары ол Йасауи жолына қатысты мынадай «жаңалықтардың» бетін ашады. Ол былай деп көсіледі: «Ясауи тариқатының бұрын болмағанын, оның беріде, тәуелсіз Қазақстанда пайда болғанын дәлелдейтін тағы бір оқиғалар желісі бар. Өздерінің қазақ қоғамына әсерін күшейту үшін ясауишілер қазақ ауыз әдебиетінің көрнекті өкілдері мен кейбір қазақ хандарының да «ясауи сопылық жолын ұстанғанын» айта бастады. Тіпті, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан Түркістан қаласында қазақ хандары мен батырларының жерленуі де соған дәлел ретінде қарастырылды. Исламға дейінгі культтің жұрнақтары болып саналатын Шопан ата, Зеңгі баба сияқты әулиелер де өмірде болған нақты адамдар ретінде қайта қарастырылып, оларды Қожа Ахмет Ясауи шәкірттерінің қатарына қосты».


Ал, енді осы айтқандарын талдап көрейік. Сонда Қожа Ахмет Йасауидің өз қаламынан шыққан «Диуани Хикмет», «Мират ал-Құлуб», «Пақыр-нама», «Дар адаб тариқат» атты шығармалары әлем ғалымдарына белгілі және олардың барлығы бұл шығармаларды Йасауидің шығармасы ретінде мойындайды. Олардың барлығын жоққа шығару Тұрар сияқты делитанттардың ғана қолынан келеді. Қазақ деген халықтың жеке халық ретінде қалыптасуының өзі Йасауи жолымен тікелей байланысты екенін, Йасауи жолында қалған халық қана қазақ атанып, нақшбандийа тариқатын қабылдаған Мұхаммед Шайбани соңына ерген халықтың өзбек атанғанын, Едіге би ұрпақтарының соңына ерген халықтың ноғай атанғанын ортағасырлық жазба деректер де, қазақтың, ноғайлардың жыр-дастандарында толып тұр. Солардың барлығын жоққа шығару тек не ессіздің, не қазақтың қас дұшпанының қолынан ғана келеді.


Ал, Шопан Ата мен Зеңгі Атаның Йасауи жолының белді өкілдері болғанын жоққа шығару да мүмкін емес. Өйткені, осы екі тұлғаның шәкірттерінің ерен еңбектерінің арқасында 1320 жылы Йасауи жолы Жошы ұлысының мемлекеттік идеологиясы болып қалыптасты. Бүкіл Маңғыстауды алып жатқан әулиелер осы Шопан Атаның шәкірттері. Ал, Зеңгі Атаның атақты төрт шәкірті Саййид Ата, Садр ад-дин шайх, Ұзын Хасан Ата, Бадр Аталардың ықпалымен Жошы ұлысының ханы Өзбек хан Йасауи жолын қабылдап, Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесіне көтерді. Қазіргі күні қазақ құрамындағы рулық, тайпалық жүйелер мен жүздік құрылымдар сол Өзбек ханның діни-саяси реформасының жемісі болатын. Осы реформа барысында Саййид Ата мен жалпы Пайғамбар әулеті Ұлы жүз бен хандар әулетіне пір болды. Ал, Садр ад-дин шайх пен Қарахандық билеушілер әулетінен құралған Йасауи жолы өкілдері Орта жүзге пір болды. Ал, Ұзын Хасан Ата мен Оғыздық билеушілер әулеті өкілдері құраған Йасауи жолы өкілдері Кіші жүзге пір болған болатын. Міне, сол алғашқы ру, тайпаларға жетекшілік еткен әулиелер Маңғыстау жерінде мәңгілік тыныс тапты. Мысалы, арғын тайпасының Бес мейрам деп аталатын тобының арғы аталары сол Маңғыстау жерінде, Шетпеден 18 шақырым жердегі Алау-Мейрам қорымында жатыр. Сайид Атаның қабірі қазір Өзбекстан территориясында қалды. Ал, Садр ад-дин шайх – атақты әулие Баба түкті шашты Азиз. Ал, атақты Едіге болса, сол Баба түкті шашты Азиздің немересі. Бұл айтылып отырғанның бәрі қазақтың тарихы. Бұны қалай жоқ дерсің? Осы Садр ад-дин шайх-Баба түкті шашты Азиз (Баба Туклас) жайлы американдық ғалым Девин Девис 90-жылдар ортасында 660 беттік ғылыми монографиялық еңбек жазған болатын. Егерде сол тарихи тұлғалардың тарихта рөлі болмаса, шетелдік ғалымдар соншама еңбегін сарып етіп, зерттеу жүргізер ме еді? Жоқ. Тек, қазақтағы қағынан жеріген тексіздері болмаса.


Тұрар мырзаның Қожа Ахмет Йасауидің тарихтағы рөлін жоққа шығару бағытындағы «еңбегі» мұнымен шектелдмейді. Сондағы мақсаты – қалайда исматуллашылардың Қожа Ахмет Йасауиді қалайда қолдан жасалған әулиесі етіп көрсету. Сөз жалаң болмас үшін қайтадан Тұрар мырзаға сөз берейік. Ол былай дейді: «Мысалы, Қазақстанның батысындағы халық Бекет атаға сыйынады, соны пір тұтады. Рас, ол – Хорезм сопылық мектебінің түлегі. Егер осы тұстан тарамдасақ, Бекет атаның сопылықтың қадария тариқатын ұстанғаны айқын.» Дәлел қайда, Тұрар мырза? Шын тарихы білгің келсе, айтуға болады.


1781 жылы Абылай ханның қайтыс болып, Қазақ хандығының күйрегені белгілі. Осындай қазақ халқы үшін қасіретті кезеңде Маңғыстау жерінен Бекет Ата сынды әулиенің шығуы Йасауи жолының қазақ даласының Батыс өңірінде қайтадан ықпалды рухани күшке айналуына мүмкіндік берді. Пір Бекет Хиуадағы Пақыржан-әзиз хазіреттің қолында тәрбиеленіп, рухани толысқан соң Маңғыстауға оралып, Йасауи жолының үзілген рух әлемімен сабақтастығын қайта қалпына келтірді. Бұл жерде ескерте кететін бір мәселе бар. Ол Пақыржан-әзиздің қадария тариқатының да, нақшбандийа тариқатының да өкілі емес, Йасауи жолының өкілі екеніне әлі зерттеушілер мән берген жоқ. Пақыржан-әзиздің Йасауи жолының өкілі екенін оның атына қосылған «әзиз» деген анықтауыш айғақтап тұр. «Әзиз» деген анықтауыш ілімде Йасауи жолында, ал дәстүрде араб-парсы мәдениетін қабылдаған Йасауи жолының өкілдерінің атына қосылады. Пақыржан-әзиздің әкесінің атына да, бабасының атына да «әзиз» деген анықтауыш қосылған. Бұл олардың Йасауи жолының сол Хорезмдегі өкілдерінің әулетінен екенін көрсетеді. Кезінде билеушілер тарпынан қуғынға түскен Йасауи жолы өкілдеріне Йасауи ілімін қорғап қалу үшін, түркілік салт-дәстүрді құрбан етуге тура келген болатын. Пақыржан-әзиздің ілім жағынан Йасауи жолының өкілі болуының өзі Пір Бекеттің білімді Йасауи жолы бойыша алуына мүмкіндік берді. Пір Бекеттің Йасауи жолын қайта қалпына келтіруінде осындай сыр бар. Егерде пір Бекет Йасауи жолын қайта қалпына келтірмесе, халық «Мәдина Мұхаммет, Түркістанда Қожа Ахмет, Маңғыстауда Пір Бекет» деп айтпаған болар еді. Қашаған сынды жыраулар:


"Аллалаған пір өткен,


Туына жұртты түнеткен.


Таспих зікір жария,


Мешіттің ішін гүл еткен",- деп жырламаған болар еді. Көріп отырғанымыздай, Пір Бекет ешқандай қадария тариқатының өкілі емес. Йасауи жолының өкілі. Маңғыстаудағы руханият Пір Бекеттен басталмайтынын, Пір Бекет өзінен бұрынғы өткен Шопан Ата бастаған әулиелердің жолын қайта тірілткенін, сол әулиелердің жолын жалғастырушы екенін түсінбеу мүмкін бе?


Пір Бекеттің Йасауи жолын, Йасауи мәдениетін қайта тірілтуі арқасында Маңғыстау жерінің қазаққа қайта қосылғанын санасында саңлауы бар әрбір маңғыстаулық азамат біледі. Осы қасіретті тарихты жоққа шығару мүмкін бе? Меніңше жоқ. Ал, қағынан жеріген тексіздер үшін ол түк те емес. Қасіретті тарих дейтініміз осы киелі де, қасиетті Йасауи жолынан шегінген әрбір қадам біздің мемлекеттігіміздің күйреуіне әкеліпті. Өзбек ханның ұлы Жәнібек ханның Йасауи жолынан бас тартып, шафиғи мазхабын қабылдауы Алтын Орда мемлекетінің күйреуіне әкелді. Жәнібек хан өзі құрған бюрократиялық аппараттың құрбанына айналды. Абсолюттік билікке жету жолында нақшбандийа тариқатын қабылдаған Әбілхайыр хан Өзбек ұлысын үшке бөліп, бір халықты үш халыққа айналдырды. Абсолюттік билікке жетпек болған Есім хан мен Тәуке хандар да нақшбандийа тариқатын қабыл етіп, Йасауи жолын мемлекеттік идеология дәрежесінен айырды. Оның нәтижесі белгілі – Қазақ хандығы тарихтан кетті. Қазақ құлдық қамытын киді.


Қазіргі күні қазақ қайтадан тәуелсіздігін алғанда, тағы да шабуыл қазақ халқының рухани өзегі болған Йасауи жолына қарсы бағытталып жатыр. Және ол шабуыл кімнің тарапынан жүргізілуде? Уаххабилік-салафилік бағыттағы идеологияны қазақ арасына таралуына белсене ат салысқан Тұрар Құсайынов бастаған топтың тарапынан жүргізілуде. Қаншама қазақты ата-баба жолынан адастырып, қанды қасапқа айдап салған Абд Халил, Таиржан Ибрагимов сияқты уаххабилік уағызшыларды қолынан жетектеп жүріп, лауазымды тұлғалардың алдына апарған да, олардың алдынан даңғыл жол ашқан да осы Тұрар Құсайынов болатын (Оның бәрін өз қолымен жазғанынан көпшілік хабардар). Осылардың уағызының нәтижесінде қаншама қазақ баласы жолдан адасып, ажал құшты. Қаншамасы адасып, әлі күнге Сирия, Ауғанстан сияқты елдерде қан кешіп жүр. Солардың барлығында осы Тұрар Құсайыновтың да үлесі бар. Ол бүгін келіп, сол жастарды адастырғанын қанағат тұтпай, енді келіп, қазақ руханиатының өзегі – Қожа Ахмет Йасауидей Ұлы тұлғаға ауыз салып отыр. Сонда оның көксегені не?


Зікірия Жандарбек


Abai.kz




Көрілген: 1859    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 11.03.2019, 11:51

Достарыңмен бөліс:

2
  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    12 Желтоқсан, 17:55
    Желтоқсанның батырлары
    6 Қараша, 15:30
    ҚАЗАҚ ҚҰЛ БОЛМАҒАН…
    28 Қазан, 12:48
    УӘДЕ ДЕГЕН НЕ?
    19 Қыркүйек, 16:41
    Абай іздеген ұлт бақыты...
    4 Қыркүйек, 11:47
    Г.Бельгер: "Оян, қазақ!"

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    желтоқсан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31