Қазақтан шыққан тұңғыш фотограф

11 желтоқсан 2021, 02:08

Бүгінде кез-келген көрініс пен құбылысты сол қалпында бейнелеп, көз алдыңызға келтіретін техникалық құрылғылардың түр-түрі көп. Ал солардың «атасы» – фотоаппараттың өмірге келгеніне биыл 182 жыл толғалы отыр.

Жәңгір ханның немересі

Осы орайда қазақтан шыққан тұңғыш фотограф жөнінде айта кеткен де орынды. Бізге жеткен тарихи деректерге қарағанда, бұл өнерді қазақтардан алғашқы болып Бөкей ордасының қазағы Шәңгерей Бөкеев меңгерген екен. Ол фотоаппаратқа осыдан тура 120 жыл бұрын ие болыпты.

Шәңгерей Бөкеев хан тұқымынан болған, оның бабалары Бөкей, Шығай, Жәңгір, Сақыпкерей 1801 – 1845-жылдары Еділ мен Жайық (Волга, Урал) өзендерінің аралығында өмір сүрген Бөкей ордасының хандары болған. Әкесі Сейіткерей мен анасы өмірден ерте өтіп, Шәңгерей 5 жасында жетім қалыпты, сосын ол туыс ағаларының қамқорлығында өскен. Алғашында Орда қаласындағы мешітке

қарасты медреседе оқыған, кейін Астраханьдағы гимназияда, Орынбор қаласындағы кадет корпусында білім алған.

Ш.Бөкеевтің негізінен қазақтың жаңадан қалыптаса бастаған жазба әдебиетіне сіңірген еңбегі көп. Ол орыс тілін меңгергеннен кейін орыс ақын-жазушыларының, Батыс әдебиеті өкілдерінің туындыларын көп оқыған, көп ізденген. Өзінің туабітті ақындық дарынының арқасында соңында мол мұра қалдырған. Ол адам өмірі, мінезі, қарым-қатынасы, табиғат, тіршілік, заман беталысы, қоғамдық құбылыстар туралы өте көп өлеңдер жазған. Әйгілі Сегіз Серіге арнап «Сардар Сегіз» атты тарихи дастан шығарған. Бөкей ордасындағы Исатай-Махамбет көтерілісіне қатысты да қалам тартқан. Сезімі нәзік жан ретінде оны қоғамдағы қайшылықтар көп алаңдатқан, көп толғандырған. Ол әлсіздерге қарасып тұрған, әділдік іздегендерге арашашы болған. Қазақ халқының ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, бастырып шығарған. Ол орыстың бірқатар ақындарының еңбектерін де қазақшаға аударған. Мысалы, ол М.Лермонтовтың «Қашқын» поэмасын қазақша сөйлетіпті.

«Қазақстан» деп аталатын газет шығартқан

Ш.Бөкеев Орал, Саратов, Самара, Қазан, Уфа қалаларында еңбек еткен, Самарада бірер жыл сот судьясы болып істеген. Сосын өмірін түбегейлі шығармашылыққа арнау мақсатында атасы Жәңгір ханның Көлборсы деген аумақтағы көп уақыт бойы иесіз тұрған жерін жеке меншікке сатып алып, онда егін және мал шаруашылығымен айналысатын орталық ашқан. Хан тұқымы болғандықтан Ресейден дворян атағын алған. Ол Көлборсыда заманауи үйлер салдырған, шаруашылықты жаңаша жүргізуді жолға қойған. Қарамағындағы адамдардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға да көп күш жұмсапты, мектеп ашып, арнайы мұғалім жалдап отырыпты. Заман талабын түсінетін көзі ашық азамат ретінде қазақты өнерге, білім-ғылымға үндеген. Мысалы, «Ғылым», «Эдиссон» атты өлеңдерінің атауынан-ақ онда не айтылғанын аңғаруға болады.

Ш.Бөкеев 1911-жылы «Қазақстан» атты газет ашқызған, оның редакциясы Көлборсыда болыпты. Ол газеттің жарық көруіне қаржылай демеушілік жасап отырған, сол арқылы қазақ арасында ағартушылық жұмысты жандандыруға тырысқан. Бірақ сол кездердегі қоғамдық-саяси ахуалдың беталысына орай патша билігі 1913-жылы «Қазақстан» газетін жаптырып тастаған екен.

Ш.Бөкеев аңшылық-саятшылықпен де айналысқан. Ол 1917-жылы Көлборсыдағы бар иелігін тастап, қазіргі Батыс Қазақстан облысының Тайпақ ауданына қоныс аударған, осында 1920-жылы, 72 жасында сүзектен дүние салған.

Ш.Бөкеевтің шығармалары 1911, 1926-жылдары түрлі жинақтарға енген, 1934-жылы жеке жинағы жарық көрген. Оның еңбектерін кезінде М.Әуезов, С.Мұқанов сияқты жазушылар зерттеп, жақсы бағасын берген. Ақынның туындылары «Үш ғасыр жырлайды», «Бес ғасыр жырлайды» топтамаларына енген, есімі бірнеше энциклопедияларда аталады. Батыс Қазақстан облысының Ақбақай ауылында оған арнап ескерткіш-тақта орнатылған.

Фотоаппаратты патшаның өзі тарту етіпті

«Сегіз қырлы, бір сырлы» деуге лайық осы азамат шығармашылық жұмыспен айналысумен ғана шектелмепті, оған қоса халықтың тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін көптеген фотосуреттер де түсірген екен.

Фотоаппараттың туған жылы тарихқа ресми түрде «1839-жыл» деп ендірілген. Ал қазақ азаматының қолына оның бір данасы осыдан 120 жыл бұрын, 1901-жылы тиіпті. Бұл фотоаппаратты оған ІІ Николай патшаның өзі тарту еткен көрінеді. Яғни Ш.Бөкеев оған Санкт-Петербург қаласына барған сапарында ие болыпты. Сосын ол жаңа құрылғының қыр-сырын меңгеріп, оны елдің игілігіне жаратқан, көптеген суреттер түсірген.

Ш.Бөкеевтің кезінде түсірген фотоларының біразы бүгінгі күндерге дейін жетіпті. Ол суреттерден осыдан 1 ғасырдан астам уақыт бұрынғы қазақтардың тұрмыс-тіршілігін көруге болады.

Т. ТҰРАН.

zamana.kz