КӨК БӨРІМЕН ҚАЗАҚТЫ НЕ БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ

21 ақпан 2022, 14:39

Анаға құрмет музейіне әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, «Музеология және ескерткіштану» ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі Тәттігүл Қартаймен аталмыш музейдің ғылыми қызметкері Сұлтан Тілектің онлайн сұхбаты өтті. Қызықты тақырыпта өткен сұхбатты оқырманға ұсынып отырмыз.

- Тәттігүл Ерсайынқызы музейге хош келдіңіз. Сіздің «Бөрітаным» атты кітап болып шыққан экспедициялық зерттеулеріңізді оқып шықтым. Қасқыр яғни бөрі туралы зерттеулеріңіз өте қызықты. Біздің музейдің тақырыбына тікелей қатысы бар екен....

- Иә, «Анаға құрмет» музейі аналырымызды насихаттайтын, киелі шаңырақ қой. Музейлік іс-шараларда Ұмай анадан бастау алатын аналарымыз туралы айтылып та жазылып тұр. Өздерін Көкбөрінің ұрпағымыз деп білетін бүкіл түркі халқына ортақ аңызда түркілер ана қасқырдың сүтін еміп өскендігі, түркілер мен қасқырдың генетикалық байланысы болғандығы айтылатыны баршамызға аян. Түркі халықтарына ортақ аңыздарының бірінде ертеде бір елді жау шауып, жалғыз бір ер баланы аяқ-қолын кесіп жұртқа тастап кетеді. Бөлтіріктерін аңшылар өлтіріп, бөлтіріксіз қалған құртқа (аналық қасқырдың ерте түркілік атауы) баланы алып кетіп, емізеді, жарасын жалап жазады. Бөртенің (аналық қасқырдың тағы бір ерте түркілік атауы) сүтін еміп өсіп ержеткен бала қаншық қасқырға үйленіп, одан тараған ұрпақ Көкбөрі немесе Ашинаның ұрпақтары деп аталады. Екінші аңызда тас қамалға қамалған ханның екі қызы қазып кірген қасқырдан жүкті болып, содан түркілер тарайды. Сондықтан да ежелгі түркілер бөрінің бас сүйегін рәміз, байрақ, ту ретінде көтерген деп топшалауға болады.

- Ондай байрақтардың түпнұсқалары біздің күнге жеткені бар ма?

- Ресейдің Эрмитажында «байрақ басы» деп аталатын артефакт бар. Алтын жалатылғанына қарап байрақ басы алтын болған деген тұжырым жасайды ғалымдар. Түркияның Анакара қаласындағы Этнография музейінде сақталған байрақ басында екі бөрінің басы бір-біріне қарама-қарсы бейнеленуі Көкбөріге табыну түркі халықтарына ортақ таным екенін дәлелдейді. Тура сондай екі бөрі бір-біріне қарама-қарсы тұрған сурет еліміздегі Аққайнардағы Жартас шатқалында ойылып салынған. Мұндай ұқсас петроглифтер Қазақстанның бірталай жерінде бар.

- Қасқырдың басын тек байрақ ретінде ғана қолданған ба?

- Жоқ, қасқырдың терісінен «қасқыр ішік» жасаса, табанын босағаға үй тұмар ретінде ілген. Табан ілінген үйде ұрыс-керіс, ұры-қары келмейді деген наным бар. Ал қасқырдың бас сүйегін үйтұмар ретінде ілу Моңғолиядағы қазақтар, Алтай, Сібір түркілері арасында әлі кездеседі. Бүгінгі күнге дейін қасқырдың тісін мойнынға алқа-тұмар етіп тақса, бала бесігіне көз тиюден қорғау үшін іліп қояды. Ал Батыс Қазақстан өңірінде ертеде қасқырдың азу тісін сәукелеге қалыңдыққа көз тимесін деп моншақтармен бірге таққан. Қасқырдың дене мүшелерін тастамаған.

- Басқа дене мүшелерінің де емдік қасиеттері туралы айта кетсеңіз?

- Қазақ аңшылары қасқырды соғып немесе қақпан құру арқылы қолға түсірген. Терісінен ішік тіксе қалған барлық мүшесін емшілікке жаратқан. Мысалы қасқырдың тісін ұнтақтап тіске құрт түскен жерге сеуіп емдеген. Керек десеңіз кеңірдегін кептіріп, тамағы ауырған адамға сол кеңірдекпен су ішкізіп ем жасаған. Ал жемсау (зоб) тамақ ісігіне шалдыққан ауа жетпей қысылған адамды қасқыр кеңірдегімен демалдырған. Ал өті барлық суық тию вирусқа өте пайдалы бірақ оның мөлшерін білу керек. Еті мен сүйегін де қайнатып буын ауруларына пайдаланған.

- Осындай біліміңізбен бөліскеніңізге рақмет, келесі кездескенімізде «Сутаным» кітабыңызбен таныстырсаңыз.

- Сіздерге де рақмет.

 

Сұхбаттасқан Анаға құрмет музейінің ғылыми қызметкері Тілек Сұлтан