Көріңдер Абылайдың Тезек ханын...

Көріңдер Абылайдың Тезек ханын...

  • «Тезек төре – 200»

 

Дүниеде әділдік пен адалдықты

 ту еткен адамнан артық ешкім жоқ», -

Шоқан Уәлиханов.

 

 

Көріңдер Абылайдың Тезек ханын...  

 

Биыл Абылай ханның шөбересі, Әділ сұлтанның немересі, Тезек Төре Нұралыұлы Абылайхановтың (1821-1879) туғанына 200 жыл толып отыр. Туып өскен өңірі қазіргі Алматы облысы, Кербұлақ ауданының орталығы Сарыозек ауылынан 30 шақырымдай жердегі Матай тауының баурайы.

Қазіргі уақытта бұл таудың солтүстік батыс жағын бөктерлей Қоянкөз, Шоқан, Шанханай, Доланалы, Қарлығаш ауылдары орналасқан. Жергілікті тұрғындар бұл өңірді теріскей, ал Матайдың арғы бетіндгі жерлерді, яғни оңтүстік шығыс жағын күнгей деп атайды. Ол жақта Басши, Қонырөлең  ауылдары бар  және  аумағынан Іле өзені ағып жатқан «Алтынемел» ұлттық мемлекеттік табиғи саябағы орналасқан.

Шоқан ауылының маңында, Тезек төренің әкесі Нұралы сұлтанның бауыры, Көшен төре салдырған тоғанның, одан тартылған суару каналдарының сүлбесін, отырғызған алма бақтарының орнын әлі күнге дейін анық көруге болады. Қазақ ұлтының жарық жұлдызы, ағартушы–ғалым, этнограф Шоқан Уәлиханов (1835-65) осы маңдағы «Көшентоған» деген жердегі қорымда жерленген. Жергілікті тұрғындар сол заманда бұл қорымда негізінен төре тұқымы жерленгендіктен «Төре бейіт» деп атайды. Мысалы, біздің әулеттің арғы атасы, сұлтан Ералы осы қорымда мәңгілік мекенін тапқан.

Ал Тезек төре өзін қайтыс болғаннан кейін жерлеу үшін көзі тірісінде қазіргі Сарыөзек–Көктал–Жаркент тас жолындағы Алтынемел асуына жақын, Матай тауының етегіндегі жергілікті тұрғындар «Мақпал» деп атап кеткен жерде келбеті мен сәулеті жарасқан, өте көркем күмбез соқтырып, айналасын қыш кірпішпен қалатып қойған екен. Жас кезімізде көкірегі ояу, аңыз-жырлар мен шежірені жатқа білетін абыз ақсақалдар көп әңгіме айтушы еді. Сондай әңгіменің бірі осы Тезек төренің күмбезі жайлы. Оның бір нұсқасында күмбездің сызбасы мен құрылысына қажетті кірпіштерді Тезек төре Самарқаннан арнайы алдырған еді деп айтылады. Ал екінші бір нұсқасында күмбезге қажетті кірпішті төре өзінің бақылауымен сол маңайда қыштан құйып, күйдіріп дайындатқан деп айтылады. Қалай болғанда да, күмбездің төбесі алтын жалатылған,    сап–сары, ал күмбездің өзінің көк түсі күндік жерден көрінеді екен. Бұл жайында Үш жүзде ешкімге дес бермеген, найманның атақты ақыны Түбектің айтқан «Шаған Бұғыдан көрінді көк күмбезің»... деген жолдары бар өлеңдері сақталған. 

Тезек төре қайтыс болғаннан кейін сол өзі соқтырған күмбезге жерленген. Кейінірек оның қоршауы мен қабырғасындағы кірпішті сол маңға Ресей империясының отарлау саясатымен көшіріліп әкелінген, қазақтар «переселен» деп атаған орыс мұжықтары бұзып, өздеріне үй салып алады. Бірақ, «қуаныштары» ұзағынан болмай, қысты күні қатты жер сілкінісі болады да, орыстардың үйлері бірі қалмай қирап, адамдарынан да шығын болған екен. Содан жергілікті қазақтар жиналып барып, сендер біздің «Ұлы ханымыздың, көзі тірісінде әулие атанған төреміздің басын қорладыңдар. Сол үшін құдай жазаларыңды берді», – деген соң, қорқып, бар кірпіштерді қайтадан күмбез тұрған жерге апарып тастаған.

Қазіргі уақытта күмбез тұрған жерде сол кірпіштердің үгітілген үйіндісін ғана көруге болады.

Осыған байланысты,  қосымша ғылыми зерттеуді қажет ететін тағы бір мағлұмат – Шоқанның жерленуі туралы. Ел аузында қалған әңгімеде Шоқан қайтыс болғаннан кейін, оны қайда, қалай жерлеу туралы мәселе талқыланады. Сол жиынды Тезек төре қорытындылай келе былай деген екен: «Түбінде, тірі жан иесінің өлімнің ащы дәмін тататыны хақ. Ертелі–кеш бәріміз де өлеміз. Қазір міне 20 жылдан астам ел басқарып, хан атанған мен де, басқа да сұлтандар мен төрелер, байлар мен билер, баршамыз да  көмілерміз. Бірақ біздің артымыздан іздеушілер бола ма, болмай ма білмеймін. Ал мына жатқан Шоқан, бұл жалғыз қазақтың ғана ерекше жаратылған, аса дарынды, ғұлама баласы емес, бүкіл адамзаттың Ұлы тұлғасы. Мұның артынан іздеушілері көп болады. Алдымызда қыюы кеткен, қиын заман келе жатыр. Одан аман қалған кейінгі ұрпақ уақыт өте келе Шоқанның моласын жоғалтып алмай, тауып алуы қажет. Ол үшін нақты белгі болсын, ертең Шоқанды «Көшен тоғандағы» төребейітке қойғаннан кейін, ақымын мен құйдырған қыш кірпіштермен қалап шығарамыз. Сол Шоқан моласының белгісі болсын, барлық жұртқа солай жариялаңдар, есте сақтасын». Бұл елдің аузындағы әңгіме рас болса, Тезектің ақылдылығы мен көрегендігін көрсетеді емес пе? Соның арқасында, 1956-58 жылдары Сәбит Мұқанов бастаған комиссия арнайы зерттеу жұмысын жүргізіп, жергілікті ақсақалдардың айтуы бойынша Шоқанның моласын тауып, басына қазіргі кезде де тұрған ескерткіш орнатқан. Бұл істің басы қасында менің туған атам Алтай Ақылбекұлы (1910–1988) да болып, атсалысқан.

Өкінішке орай Тезек төренің, басқа да қазақтың хан, сұлтандары, ел басқарған батыр, билері сияқты көрнекті тұлғалармен қатар, аттары Ресей империясы мен Кеңес үкіметінің таптық көзқарастағы сұрқия саясатының арқасында тарих бетінен біржолата өшірілуге тиіс болғаны белгілі.

Нәтижесінде, Жетісу өңірін 30 жылдан астам басқарған, Қытай империясы тарапынан «Тайджи» (Кіші Хан), ал Ресей империясының сол уақытта қол астындағы елдердің көшбасшыларына берілуі мүмкін ең жоғарғы әскери дәреже – полковник шенін және «Святой Станислав» орденін алған алғыр да қайсар қолбасшы, талантты ақын, күйші, айтулы қолөнер шебері болған аса дарынды тұлға Тезек төре туралы ресми түрде жазылмақ түгіл, ешбір жерде айтылмады.

Тек Қазақстан Ұлттық Энциклопедиясында қысқа ғана мәлімет берілген.

Тіпті, Тезек төренің артынан іздеушілері болмағандықтан немесе қызыл саясаттың тиым салуынан болар, Тезек төре туралы шағын ғана кітапты жазушы  С. Дәуітұлы «Тезек төре – ерек төре» деген атаумен 1996 жылы шығарды. Бұл кітапқа алғы сөзді жерлесіміз, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы жазғанын айта кеткен жөн.

Бірақ қазақ «орнында бар оңалар» деген емес пе?

Тезек төре әулетінен тараған ұрпақтың бірі, ақын, жазушы, өлкетанушы Азамат Ақылбеков ондаған жылдар ізденуінің арқасында ғылыми тұрғыдан терең зерттелген, нақты тарихи деректерге сүйене отырып жазылған «Тезек төре» және «Тезек төреге қатысты жыр – айтыстар антологиясы» деген екі кітап жазып шықты. Бұл кітаптар 2013 – 2014 жылдары жарық көрді және Алматы облысының бірқатар кітапханалары мен Шоқан музейіне табысталды.

Сондай-ақ, қызығушылық танытқан оқырман электронды кітапхана қорынан да табуына болады.

Қазіргі уақытқа дейін Тезек төреге арналған мазмұны терең, ойы ұшқыр, нақты тарихи деректер мен ел аузындағы әңгімелерге сүйене отырып жазылған басқа шығарма жоқ.

«...Жақсыны жақсы жақтар ма,

Білген жан есте сақтар ма.

Алтын мен мысты айырған,

Жақсыда сірә жат бар ма...

...Өте бір шықты дүние,

Артына шіркін қарамай.

Өтіп кеткен өмірді

Отырмын қазір санамай...» - деп Тезек төренің өзі айтып кеткендей, осы шумақтар оның өз ғұмырынан елес береді.

Сол бір қиын-қыстау заманда, бір жағы орыс патшалығының, екінші жағы алып қытай империясының, қала берсе қоқан мен қырғыздың қоқан-лоққысына төтеп беру оңай болмады. Осындай жағдайда, Тезек төре бірінші орынға ел бірлігін, ішкі тыныштықты сақтау ісіне жанын салғаны белгілі. Тіпті өмірінің соңғы кезеңінде артта қалып бара жатқан халқына мынадай өсиет қалдырған:

«Көріңдер Абылайдың Тезек ханын,

Тезектің бір жағы ақын, бір жағы әкім.

Береке-бірлік пенен ынтымақта,

Бабалардың өсиетін ұстан халқым».  Реті келгенде айта кетсек, бұл сөздері 2010 жылы «Сарыөзек–Жаркент» тас жолының бойында, Алтынемел асуына жақын жерге Тезек төре мен Бөлтірік шешенге арналып қойылған белгітаста қашалып жазылған.

 

 

 

Осы бір шумақтың өзі ғана патшалық Ресей мен Кеңес үкіметінің қазақ халқының жадын өшіріп, мәңгүрт елге айналдыруға бағытталған сұрқия саясатының арқасында дүниеге келген хан, төре, сұлтан тұқымдары мен бай, билердің басым көпшілігі зорлықшыл, ұры, надан, пасық, дүниеқоңыз деген сияқты миға қонымсыз көптеген сөздердің түкке тұрғысыз екенін көрсетіп тұр.

Тезек төренің аса әділ тұлға болғанын замандастары айтып та, жазып та қалдырып кеткенін білеміз.

Сол заманның адамдары  ел басқарудағы Тезек төренің әділдігі мен кедей–кепшіктерге көрсеткен қамқорлығы туралы жақсы хабардар болған және алыс–жақын елге де жеткізіп отырған. Соның арқасында, Тезектің маңайына өз елдерінде түрлі себептермен зорлық-зомбылық көрген бірталай рудың адамдары келіп қоныстанғаны да айтылады. Мысалы, қазіргі уақытта Шоқан, Қоянкөз, Шанханай, Алтынемел, Доланалы, Жайнақ деп аталатын ауылдарда үш жүздің барлық руларына кіретін елдің адамдары қоныстанған. Олардың ішінде найман, жалайыр, ысты, керей, албан, суан, жағалбайлы, түрікпен, қарақалпақ, қаңлы, тіпті кейіннен қазаққа сіңіп кеткен сарт, қалмақ, қырғыз т.б. бар.

Бұл жайында «Сүйінбайдың Тезек төреге айтқаны» дейтін сөз қағысының бір нұсқасында былай деп жырланады:

Тезек төре:

-         Атамыз таралыпты Абылайдан,

Дәм татар өлмеген құл сары майдан.

Аман жоқ, сәлемің жоқ тінтушідей,

Ордаға, сары жігіт, келдің қайдан?

 

Дүние ойлап тұрсам жалған екен,

Қараша Абылайға барған екен.

«Хан Әділ біздің елге хан болсын» деп,

Қолқаны абылайға салған екен.

 

Абылай сонда уайым жеген екен,

Дүние ойлап тұрсам жалған екен.

«Ұлы жүз өзі бейбақ, сұғанақ ел,

Баламды мен бермеймін» деген екен.

 

Екінші Қараша би келген екен,

Алатау өкірігінен төмен екен.

Дастарханға тұз бен нанды қойып,

Екеуі сертке тамақ жеген екен.

«Ордаға рұқсатсыз кірген жанның

Ат – тоны олжа болсын» деген екен.

 

Жылгелді, бұған тұрып бармайсың ба,

Киімін, Бопау, тонап алмайсың ба?

Екі қолын артына берік байлап,

Зынданға айдап барып салмайсың ба?

 

Осындай атамыздың жарлығы бар,

Істеген әділетті хандығы бар.

Ордаға ұлықсатсыз кірмейтұғын

Есіктің сол себепті тарлығы бар.

 

Сүйінбай:

-         Атаңыз өтіп кеткен хан Абылай,

Сараңдарды балқытқан мен – Сүйінбай.

Сәлемге келген кісінің атын алып,

Бейілің неден тарылды, тақсырым – ай.

 

Пейіл кетсе, берекең кетер былай,

Құдай берген жанымды Құдай алар.

Қарақалпақ, түрікпенді бермейсің,

Алшаңдама Құдайдың кенже ұлындай.

 

Екей деген ел едім,

Сүйінбай деген мен едім.

«Қырсық кесер төре Тезек» деген соң,

Әдейі іздеп кеп едім.

 

Аруағын Абылайдың іздеп келдім,

Баласы Тезек төре Сіз деп келдім.

Алдыңғы бір мен емес келгендердің,

Қырсығын талайлардың үзбеп пе едің?

 

Келтірсе Құдай Ие қисынына,

Ем болар деп ем төрем, қырсығыма.

Үйірлеп хан Тезегім жылқы берсе,

Қырсықтың ұрдым деп ем тұмсығына.

 

Бұл айтыста Сүйінбайдың «Қарақалпақ, түрікпенді бермейсің, Алшаңдама Құдайдың кенже ұлындай» деген сөздерінің астары тереңде жатыр.

Тезек төренің маңайына түрлі ру өкілдерінің топтасуы жайлы шежірешіл, қазақ тарихының білгірі, марқұм генетика ғылымының докторы, профессор Аман Шотаев ағайымыздан 2000 жылдары мынадай аңыз-әңгіме естіген едім.

Жошы ханның әскері Шығысқа жорығынан қайтар жолында Каспий теңізіне жақындаған кезде қарақалпақ, түрікпен рулары өкілдерінің біразына жолығады. Олардың әйелдері тоқыма бұйымдарының шеберлері, ал еркектері қөлөнер кәсібін меңгерген ұсталар мен жер өңдеуді игерген диқандар болып шығады. Осы қасиеттеріне қызыққан Жошы хан оларға ордадан орын ұсынып, өзімен бірге қазіргі орталық Қазақстан маңына көшуді ұсынады. Сөйтіп, аталмыш ру адамдарының бірқатары хан ордасының құрамына кіріп, бай-қуатты тірлік кешеді.

Бірақ, уақыт өте келе, ХVІІ ғасырдан бастап қазақ даласы Ресей патшалығының отарлауына ұшырап, біртіндеп хандық жүйе жойыла бастады. Ақыры, бұның аяғы Жошы ханға еріп келген қарақалпақ, түрікпендердің сол уақыттағы ұрпақтарына да кері әсерін тигізеді. Баяғы замандай хан жоқ, орда жоқ, қорғап тұрған төлеңгіттер жоқ қиын – қыстау уақыт келеді. Алыс – жақын орналасқан жергілікті қазақ рулары оларға біртіндеп көз аларта бастайды. Аз ғана қарақалпақ, түрікпендердің малын тартып алу, дүние – мүлкін тонау жиілеп, өз беттерімен күн көру мүмкін болмай қалады. Жағдайларының түзелмесіне көзі жеткен екі ел ағалары жиналып кеңес құрады. Бірі қайтадан туған жерімізге қайта көшейік десе, басқасы тым алыс жерге аман – есен жету неғайбыл деп көнбейді. Кеңестің соңы дау – дамайға ұласып, ешқандай ортақ мәмілеге келмеген жұрт тарап кетеді. Біраз уақыт өткеннен кейін оларға жергілікті елдің бір ақсақалы мынадай ақыл айтады: «Жетісу деген керемет өлке бар. Онда әлі күнге дейін Ұлы ханымыз Жошыдан тараған хан, сұлтандар әділ билік жүргізіп, елді билейді екен. Сендер Тезек деген ханға адам жіберіп, қамқорлығына алуды сұраңдар, көнсе сонда көшерсіңдер».

Осы ақылға тоқтаған қарақалпақ пен түрікпен руларының беделді адамдары өздерінің қолынан шыққан кілем, түскиіз, таға, қанжар, қылыш сияқты ең жақсы бұйымдарын алып Жетісудағы Тезек төреге келеді.

Төре оларды өте жақсы қарсы алып, сый-сияпат көрсетіп күтеді. Билер алқасын жинап, келген қонақтардың жағдайын талқылайды. Сол кеңесте Тезек төре « - бұлардың ешқандай кінәсі жоқ. Хан ордасын ғалым, өнерпаз, ұста, шебер, мықты жауынгер сияқты өз кәсібін жете меңгерген адамдармен жасақтау – Ұлы бабамыз Шыңғысхан енгізген дәстүр. Жошы хан да солай істеген. Бұлардың ата – бабалары қолөнер шеберлері, ұста, диқаншы болғандықтан орданың құрамына енгізілген еді. Ешқандай да қылмыс жасамаған. Қазақтың да, орыстың да заңын бұзған жері жоқ. Қазір қорғайтын хандары жоқ, жергілікті қазақтардан тепкі көріп, қорғаныш іздеп келіп отыр. Мен бұл екі елдің адамдарын тайлы – тұяғымен көшіріп алу туралы шешім қабылдадым. Олардың біздің елге тигізетін пайдасы мол болар. Жақында көшіріп әкелуге арнайы жасақ жіберемін», - дейді.

Сонымен, жүзге жуық атты жауынгер жіберіп, орталық Қазақстан маңынан қарақалпақ, түрікпен, жағалбайлы руының адамдарын көшіріп әкелген екен.

Тезек төре оларға қамқорлық көрсетіп қана қоймай, білген өнерін жергілікті халыққа үйретуін талап етеді.

Мысалы, төренің ағасы Көшен төре сол көшпен келген ақсақалдардың айтуымен екі жотаның алдын бөгеп үлкен тоған салдырған. Одан жоғары жатқан жазыққа арық қазып су шығартқан. Сол жерлерге Жетісу өңірінде алғаш рет тары, арпа, бидай егіп, өнім алады. Сол уақытта қазылған арықтың сілемі, отырғызған алма бағының орны әлі күнге дейін анық көрінеді.

Бұл Жетісу қазақтарының отырықшылдық өмір салтына ауысуының алғашқы кезеңі еді.

Уақыт өте келе көшіп келген елдің жағдайы да жақсара түседі де оны көреалмаушылар да пайда болады. Оларды ашықтан ашық тонамаса да, ыңғайы келгенде, той – жиындарда келемеждеу, сырттан күндеу, өтірік жала жабу сияқты жағымсыз әрекеттер де орын алып қалатын жағдайлар болады.

Бірақ, Тезек төренің қаһарынан қорыққан жұрт шектен шықпайды.

Күндердің күнінде хан ордасына найманның атақты ақыны Түбек келетін болыпты. Ол Тезекті күйеу балам деп, жылына бір келіп, сый – сияпат алып қайтады екен. Әлдебіреулер оны жолдан тосып алып, құрметтеп қонақ етеді. Әңгіменің арасында мынадай арыздарын айтады: « - Тезек ханымыз келімсектерді әбден құтыртты. Салықтан босатты. Алдарына мал салып беріп, байытты. Соңғы жылдары тіпті құдайларын ұмытып, жергілікті елмен санасуды қойды. Жасаған бұйымдарын өте қымбат сатады. Сіздің сөзіңізді хан тыңдайды, осы арызымызды жеткізіңіз», - деп өтінеді.

Содан Түбек ақын өзінің құрметіне арнайы ұйымдастырылған аста Тезек төреге қаңғып келген жат рудың адамдарын қоластыңа алып, құрметтейсің. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай қорғаштайсың. Салықтан босатыпсың. Соншама олардың бізден несі артық депті.

Түбек ақынның сөзінің төркінін дереу түсінген Тезек төре орнынан тұрып, үндеместен өзінің қазақ үйіне кіріп кетеді. Жанындағы Құланаян Құлмамбет бастаға игі – жақсылардың бәрі төре қылышын алып шықса қайтеміз деп сасқалақтап қалады. Бірақ, төре елдің алдына екі қолымен қапсыра құшақтап әкелген бірнеше көркем түскиіз, өте әдемі алаша мен кілем тастайды. Қайта барып шебер, сапалы әзірленген қанжар, қылыш, айбалта, найза сияқты қаруларды алып шығады. Содан Тезек төре елге қарата кімнің қатыны, қызы, келіні осындай бұйымдар тоқи алады деп сұрайды. Ешкім жауап қатпайды. Мынадай қару – жарақ соға алатын қайсың бар дейді. Тағы да ешкім үн қатпайды. Сонда төре, көрдіңдер ме, қазақ күншіл келеді. Өздері талаптанып ештеңе істемейді. Бұлар көшіп келгенде, мен сендерге ұл - қыздарыңды осылардың шеберлерінің жанына жіберіңдер, өнерлерін үйренсін деген болатынмын. Ешкім баласын жіберген жоқ, себебі менсінгілерің келмеді. Сендер тұрмақ мен өзім осылардан ұсталық пен тігіншілік өнерді үйреніп алдым ғой.

Енді келіп күндейсіңдер. Қонаққа келген абыз ақсақалымыз Түбектен де ұялмадыңдар. Мен бұл жағдайды осылай қалдыра салмаймын. Өтірік жамандап, арыз айтып, ел ішіне іріткі салғысы келген оңбағандар тиісті жазасын алатын болады. Бұдан былай кімде кім көшіп келген ағайындарды сыртқа теуіп, басқа да намыстарына тиетін іс-әрекеттер жасайтын болса, аямай жазалайтын боламын дейді. Содан кейін, оларды ешкім келімсек, кірме деп қорламаған. Ақырындап қыз алып, қыз берісіп, құдандалы болуға да жол ашылған.

Мүмкін сол оқиғалардың әсері болар, Алматы облысы Кербұлақ ауданы тұрғындары рулық жағынан басқа аудандар сияқты біркелкі емес, көптеген елдің өкілдері бас қосқан, ынтымағы жарасқан Күреңбел өңірі болып есептеледі.

Міне, бұл оқиға дәл осылай болды ма, басқаша болды ма, бір Алла біледі. Бірақ ел аузында қалған аңыздың бір шындыққа негізделетіні сөзсіз.

Себебі қарақалпақ, түрікпен руларының адамдары осы уақытқа дейін «Тезек төре ауылы»  немесе «Хан ордасы» деген атаумен белгілі ауыл жайлаған өңірде, қазіргі Қоянкоз, Шоқан, Доланалы ауылдарында шоғырланған.

Тағы бір деректерде одан ертерек заманда,  Әділ ханның тұсында да Оңтүстік өңірлерге қарақалпақ пен түрікпен елдерінің біразы келгені жайында айтылады.  Кейіннен олардың ұрпақтары да Тезек төреге келуі мүмкін деген жорамал бар. Негізі бұл тақырып терең зерттеуді қажет етеді.

Тезек төренің әділдігін, шешендігін, ақындығын, дарқандығын сол заманның Түбек, Құлмамбет, Сүйінбай, Бақтыбай сияқты ақын – жыршылары жырлап кеткені мәлім.

Ресей әкімшілігі қазақ халқының салт-дәстүрге берік екенін, ата-баба жолын барынша қорғайтынын жақсы білді. Осы салт-дәстүр бойынша олар ғасырлар бойы Шыңғысхан әулетінен шыққан төре–сұлтандарға бағынып келген еді. Сондықтан, отарлаушы орыс мемлекеті қалыптасқан жүйені бірден бұзбай, алғашқы кезеңде төре–сұлтандардың жергілікті жерлердегі билігін мойындап отырды. Бірақ, ол билікті біртіндеп әлсіретуді, одан соң біржолата жоюды ру, тайпалардың байлары мен билерін төрелерге қарсы қоя отырып жүзеге асырды. Бұл істе орыс әкімшілігі тарапынан төрелерге немесе олардың сенімді адамдарына қарсы астыртын жұмыс жасап қылмыстық іс қозғау, реті келсе жер аудару сияқты жазалар қолданылды.

Мысалы, барымта үшін 1878 жылы Тезектің сенімді адамдары Бапау Қарамергенов пен Жылкелді Қашқынбаев уақытша Арасан болысына жер аударылады. Осындай әрекетпен Орыс әкімшілігі Тезек төрені әлсірете отырып, сағын сындырып, өздеріне бағыныштылығын арттыра түседі.

Кейіннен, Тезек төренің өзінің де үстінен әр жерден шағым түсіртіп, тергеуге алып отырған.

Өз елін 30 жылдан астам билеген ханға,  байлығын ақындар жырлап тауыса алмаған, Ұлы Шыңғысханның ұрпағы ұрлықпен айналысыпты деген жалған сөздер миға қонбайды. Ол сөзді дәлелсіз айтқан немесе әдейі бұрмалап шығарған күнәхарлардың жазасын бір Алла беретініне сеніміміз мол.

Сол орыс әкімшілігінің есеп жазбасында Тезек төренің меншігінде тек жылқының өзі мыңнан астам болғаны тайға таңба басқандай жазылып тұр. Немесе атақты Түбек ақынның мына сөзі куә:

«Ассалаумағалейкум, жұрт иесі,

Тезектің жолда жатыр жүз түйесі.

Сен едің Алатаудың бау жидесі,

Табылар айта берсем сөз жүйесі.

        Орданың сырты да алтын, іші де алтын,

        Алашқа Атымтайдай шықты даңқың.

        Арғы атаң Абылайдан бері қарай,

        Қазаққа қайырымды ата салтың».

 

         - «Бір жақсылық Құдайдан құрағанда,

Қас надандық жұртым-ау сыбағаң ба?

Көңілі адал, көзі ашық ұл-қыз өссе

Дем бермес пе тарыққан, жылағанға?!», - Сүйінбай.

 

         - « – Қайтқаным хан Тезектен тоғыз алып,

Мақтаймын қылығыңды елге барып.

Адамзаттың сырттаны, мәрт екенсің,

Иығыңнан жұлдызың отша жанып.

 

Хан Тезек, бұл заманның беренісің,

Асыл туған ақылдың тереңісін.

Жақсы сөзге мал түгіл, жанын қиған,

Жаман сөздің қылмайды керегісін.

 

Байқағалы келіп ем пиғылыңды,

Ұлы жүзден оздырдың шығымыңды.

Мен түгіл, хан Тезек, менен соңғы

Туған ұрпақ ұмытпас қылығыңды» - Сүйінбай.

 

Сүйінбайдың Тезек төреге кезекті бір қонақ болып, қоштасарда қимастықпен айтқаны:

Төрем ау, жерде де үн, көкте де үн жоқ,

Сайраған өліп кетсек қызыл тіл жоқ.

Кісіңмен жақсы көрген үш қош айтып,

Дегендей келгенімше кім бар, кім жоқ?

Аман бол көргенімше хан Тезегім,

Тұрамыз қайда жүрсем көңілім тоқ.

Аузымнан шыққанымның бәрін бердің,

Хан төрем, біреуінде кемшілік жоқ.

 

Жаманның ұрты кебер мақтанарда,

Мақтанып шоқтығына дақ саларда.

Жігітке кердеңдеген кесір бітер,

Дәулетті басындағы ақтарарда.

Балыққа қара темір қарсы шығар,

Оның да уақыты жетіп қақталарда.

Жарастық бергеніңіз өлең тапсам,

Қай түрлі халайыққа мақтанарға.

Жазармын шамам келсе тарих қылып,

Әуелден ақырғыша хат қаларға.

Балаңның балалары ермек қылып,

Дүниенің ақырына ап барарға.

Бағдат Бақтыбайұлы Ақылбеков

Бағдат Бақтыбайұлы Ақылбеков – Алматы облысы, Кербұлақ ауданының тумасы, 1982 жылы Шоқан Уәлиханов атындағы орта  мектептің тарихында тұңғыш рет алтын медальға бітірген түлегі, Әділ Төренің ұрпағы. Алматы облысы әкімдігінде 20 жылға жуық мемлекеттік  қызметте, бос уақытында шығармашылық-зерттеу жұмысымен де айналысады.

 

 

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста