Алаш үні

Қуандық САПАРОВ: Тәуелсіз елде еңбек ету – әрбір ұстаз үшін үлкен мәртебе

  • Қуандық САПАРОВ: Тәуелсіз елде еңбек ету – әрбір ұстаз үшін үлкен мәртебе

    Қуандық САПАРОВ: Тәуелсіз елде еңбек ету – әрбір ұстаз үшін үлкен мәртебе

  • Қуандық САПАРОВ, биология ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА Құрметті мүшесі 

 

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 2021 жылды – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы ретінде жариялады. 1991 жылы Қазақстан егемен ел атанды. Тәуелсіздік – кез келген елдің ең үлкен құндылығы. Тәуелсіздіктің арқасында еліміз емін-еркін дамиды деп нақты айтуымызға болады. Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың саралы басшылығымен елімізде көптеген ауқымды істер жүзеге асырылды. Шекарамызды шегелеп, іргемізді бекітіп, дүниежүзіне белгілі мемлекет болып, өз орнымызды таба білдік. Қазіргі таңда Қазақстан 140-тан астам мемлекетпен дипломатиялық тығыз байланыста.

Тәуелсіздік жылдарында Сарыарқаның төсінде жаңа астанамыз – Нұр-Сұлтан қаласы салынды, сонымен қоса, бұрынғы тарихымыз жаңарып, Түркістан қайта түледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына бірінші үндеуінде сабақтастыққа, адалдыққа, прогреске бағытталған реформаны негізге алып дамитынымызды нақ белгіледі. Бұл бағытта Ұлт жоспары және Бес институттық реформаны негізгі бағдар ретінде ұстануымыз қажет деп көрсетті. Осы жылдарда білім, ғылым салалары жедел дамып, бөлінген қаражаттар жылдан-жылға көбеюде.

Тәуелсіздік жылдарындағы білім және ғылымның дамуы. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен 1993 жылдың 11 қарашасында «Болашақ» халықаралық стипендиясы белгіленді. Алғаш рет 1994 жылы 187 қазақстандық студент әлемнің 14 елінің жоғары оқу орындарына жол тартты. Елімізде 1992 жылы Ғылым және жаңа технологиялар министрлігі құрылды. 2001 жылы ғылым туралы жаңа заң қабылданды. Биотехнология және нанотехнология салалары бойынша ірі ұлттық зертханалар, ЖОО-ның қасынан жаңа инженерлік зертханалар ашыла бастады.

87 жылдық тарихы бар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, оның құрамында биология және биотехнология факультеті тәуелсіздік жылдарында аса үлкен жетістіктерге жетті. Егемендік алғаннан кейінгі жылдары университетімізде белгілі ірі ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері басшылық етті. Атап айтатын болсақ, экономика ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі К.Нәрібаев, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Т.Қожамқұлов, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Б.Жұмағұлов, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Ғ.Мұтанов. Қазіргі таңда университетіміздің  түлегі, филология ғылымының докторы, профессор, қоғам және мемлекет қайраткері Ж.Түймебаев басшылық етуде.

Университетіміздің дүниежүзілік рейтингі QS көрсеткіші бойынша  өткен 2019 жылмен салыстырғанда «Өнер және гуманитарлық ғылымдар»  пәні бойынша 351-ден 257-ші орынға көтеріліп, оң нәтижеге қол жеткізді.

Сонымен, 2020 жылы QS World University Ranking әлемдік  рейтингілердің нәтижелері бойынша қазақстандық университет (ҚазҰУ) әлемдегі ең үздік университеттер тізімінде 165-ші орынға ие болды. Бұл топта  ТМД елдерінен тек М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті ғана бар. Бұл жетістіктер университет басшылығының профессор-оқытушылар ұжымының сапалы жұмыстарының жемісі деп есептеймін. Осы жылдар ішінде университет биология және биотехнология саласында білім беру және ғылымды дамытудың бағдарламасы жасалған.

Биология және биотехнология факультеті Қазақ ұлттық университетінің құрамында алғашқы ашылған, 1934 жылдан бастап әртүрлі бағыттағы биолог мамандарды даярлауда үлкен үлес қосып келеді. Тәуелсіздік жылдарында биология және биотехнология факультетін басқарған ғалымдар: биология ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі М.Шигаева, биология ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі Р.Берсімбаев, биология ғылымының докторы, профессор, ҚҰЖА академигі, ҰҒА Құрметті академигі Н.Мұхитдинов, биология ғылымының докторы, профессор, ҚҰЖА академигі А.Жұбанова, биология ғылымының докторы, профессор, ҚҰЖА академигі, ҰҒА Құрметті академигі  Қ.Сапаров, биология ғылымының докторы, профессор Т.Шалахметова, биология ғылымының докторы, профессор, ҚҰЖА академигі А.Қанаев, биология ғылымының докторы, профессор,  ҰҒА академигі Б.Заядан. Биология факультетінің негізін қалаған атақты ірі ғалымдар мен ұстаздар: А.Бартенов, П.Мищенко, А.Домбровский, Т.Дарқанбаев, Н.Хусаинова, В.Корнилова, Б.Тарабаева, Г.Бияшев, Т.Мәсенов, И.Байтулин, В.Митрофанов, В.Фурсов, Ф.Халилов т.б.

Биология және биотехнология факультетінің құрамында төрт кафедра бар. Солардың ішінде Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасы сапалы білім беру саласында үздіксіз еңбектенуде. Соның көрінісі ретінде 2020/21 оқу жылында 12 халықаралық және отандық ғылыми жобалар орындалуда, олардың  жалпы сомасы – 207 млн теңге. Ғылыми жұмыстар Scopus және Web of Science бағдарламаларында 30 мақала жарияланды, оның 13-і 1-2 квартиль журналдарында жарияланды.

Кафедра құрамында заманауи зоология, аквариаль, омыртқалылар, гербарий қоры, ихтиопатология және ихтиотрофология зертханалары жұмыс істеп тұр. Кафедрада «Биология», «Геоботаника», «Балық шаруашылығы және өндірістік балық аулау» мамандықтары бойынша 52 докторант дайындалуда. Олар 2020/21 оқу жылдары Scopus және Web of Science-те индекстелген 18-ден астам ғылыми мақала жариялады.

Кафедра студенттері мен магистранттары Қазақстанның жетекші  ғылыми-зерттеу институттары мен зертханаларында өндірістік тәжірибеден өтеді: Биоинженерия және регенеративті медицина зертханалары, Ұлттық зертхана (Назарбаев университеті, Астана қ.), Ботаника және фитоинтродукция институты (Алматы), Жалпы генетика институты және цитология (Алматы), Гидробиология және экология институты (Алматы), Зоология институты (Алматы), Ғылыми биотехнологиялық орталық (Астана) және т.б.

Кафедра шетелдердің ғылыми-зерттеу институттарымен және университеттерімен тығыз қарым-қатынаста: М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің зоологиялық мұражайы (Ресей), Санкт-Петербург университетімен, Дунай ғылыми-зерттеу институты (Будапешт, Венгрия), Хопштайнер ғылыми орталығы (АҚШ), Оттава университеті (Канада), Пьер және Мари Кюри университеті (Франция), Франкфурт университеті (Германия), University College London (UCL), Мичиган мемлекеттік университеті (АҚШ), Оснабрук университетіндегі Ботаникалық бақ (Германия) және т.б. ғылыми-зерттеу мемлекеттік университеті (Ресей), сондай-ақ басқа да ғылыми-зерттеу институттары мен университеттерімен байланыс орнатуда.    

Кафедраның ғылыми зерттеу жұмыстарының негізі Қазақстанның  өсімдіктер мен жануарлардың биоалуантүрлілігі мен биоресурстарына және экологиясына бағытталған. Кафедра меңгерушісі, б.ғ.д., профессор М.Құрманбаеваның ғылыми-зерттеу жұмыстары екі жобаның аясында жүргізіледі және жетекшілік етеді; «Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында биоалуантүрлілік пен топырақтың құнарлылығын сақтауда көпжылдық бидайды егіншілік мәдениетіне енгізу» және биоалуантүрлілікті сақтау мақсатында Hedysarum theinum Krasnob (Fabaceae Lindl) өсімдігінің ботаникалық және молекулалық-генетикалық ерекшеліктерін зерттеу.

Профессор Ш.Шалахметованың жетекшілігімен жасуша биологиясы және экотоксикология бойынша ғылыми мектебі бар, б.ғ.д., профессор С.Нұртазиннің ғылыми зерттеу бағыты жетекшілігімен Қазақстанның құрғақ аумақтарындағы зоналық және интразональды биотоптардың өзгеру тенденцияларын экожүйелік зерттеу, б.ғ.д., профессор Қ.Сапаровтың ғылыми зерттеуі әртүрлі биотопта мекендейтін омыртқалылардың өкпелерінің морфологиялық тұрғыдан бейімделуіне бағытталған. Профессор Н.Мухитдиновтің ғылыми зерттеу жұмыстары өсімдіктер биоморфологиясына арналған. Кафедра доценті, профессор  Н.Мамиловтың жетекшілігімен гидробионттардың экологиясы, морфологиясы, систематикасы зерттеліп келеді. Доцент С.Көбегенованың жетекшілігімен Қазақстандағы балықтар фаунасы мен су омыртқалыларының экоморфологиясы, доцент Н.Ахтаева жетекшілігімен экологиялық морфология және өсімдіктер анатомиясы зерттелуде.

Ғылыми-зерттеу қызметінің нәтижелері бойынша кафедра қызметкерлері биыл Қазақстан Республикасының сегіз патентіне және төрт авторлық куәлікке ие болды. Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасының докторанттары мен оқытушылары Әділ Құсманқазинов және Назерке Бижанова Халықаралық спорт, білім және ғылым орталығы  Genius «ТМД жастары арасындағы ең үздік жас ғалым» жобасы бойынша «ТМД-ның үздік жас ғалымы – 2021» төсбелгісімен және халықаралық конференциядағы «ХХІ ғасырдағы білім және ғылым» алғыс хатымен марапатталды. Кафедра оқытушысы, б.ғ.к. Дамира Юсаева 2020 жылдың соңында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» қоғамдық алтын медалімен марапатталды.

Өзім 1964 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биология факультетіне оқуға түсіп, оны 1969 жылы тәмамдап, Цитология және гистология кафедрасында тағылымгер-зерттеуші ретінде биология факультетіне жұмысқа алындым. Осылайша 1970 жылдан бері педагогикалық-ғылыми қызметім басталып, осы күнге дейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде еңбек етіп келемін. 1982 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде кандидаттық, 2003 жылы докторлық диссертациямды қорғадым. 2003-06 жылдары Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология факультетінің деканы болып қызмет атқардым. Қазақстанда және дүниежүзінде бірінші болып электронды микроскоп деңгейінде экологиялық және табиғат факторларының, жануарлар өкпелерінің нәзік құрылысына әсерін анықтап, осы арқылы экологиялық морфологияға және салыстырмалы цитологияға үлесімді қостым. 185 ғылыми енбектің, оның ішінде екі монография, 17 оқулық пен оқу құралдарының авторымын және жетекшілігіммен 10 ғылым кандидаты мен ғылым докторларын және 40-тан аса ғылым магистрін дайындап шықтым. Міне, елу жылдан аса уақыттан бері ұлағатты ұстаз атанып, шәкірттерімді білімнің қайнар көзімен сусындатып келемін.   

Шәкірттерім Қазақстан ЖОО-ларында, ғылыми-зерттеу институттарында, білім салаларында табысты еңбек етуде. Онымен қоса, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысып, факультеттің партия ұжымының хатшысы, аудандық партия комитетінің мүшесі болып, халыққа аянбай қызмет жасап келемін. Білім мен ғылым жолындағы, қоғамдағы белсенділіктер бағаланып, көптеген марапаттарға ие болдым. Осының барлығы да егемен қоғамның бейбітшілігі мен тыныштығы және білім мен ғылымға деген құрметі аясында болып жатыр. Тәуелсіз елде еңбек ету әрбір ұстазға үлкен мәртебе деп есептеймін. Біз тәрбиелеген жастар елдің тірегi болсын, біздің жол оларға өнеге болып, елімізді әлемге паш ете берсін.

 

Дайындаған Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ

«Qazaq universitetı» газеті, №34, 2021 жыл




Көрілген: 785    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 22.09.2021, 11:37

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Қыркүйек, 19:29
    Тұран Одағын құру керек!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31