Құнанбай қандай адам болған?

Құнанбай қандай адам болған?

Таяуда қазақ халқының біртуар перзенті, ұлт әдебиеті мен руханиятына мол үлес қосқан дара да дана ойшыл, ағартушы, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толғаны белгілі. Жалпы, бұл мерейтойға қатысты кең көлемде ұйымдастырылған іс-шаралар елімізбен ғана шектеліп қалмай, халықаралық деңгейге дейін қамтылғаны мәлім.

Жасынан өжет, зерек болған екен

Бүгінде Абайды әлемдегі көзі қарақты жұрттың көбі біледі, оның өлеңдерін жатқа айтып, әндерін сүйсіне шыр­қайтындар Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де бар. Ал осындай әйгілі тұлғаның әкесі Құнанбай қандай адам болған? Осы орайда түрлі дереккөздерді пайдалана отырып, оқырманға ол кісі туралы шағын танымдық мақала ұсынуды ұйғардық.

&hellipҚұнанбай Өскенбайұлы 1804 жылы Семей жақта, қазіргі Шығыс Қазақстан облысы жерінде, Шыңғыстау бөктеріндегі Ақшоқы деген қыстақта өмірге келген. Оның ата-бабалары арасында ел билеген адамдар көп. Ал әкесі Өскенбай Арғын ішіндегі Тобықты руының биі болған, адалдығымен, әділдігімен танылған. Содан болар, ел арасында «Ісің адал болса, Өскенбайға бар» деген сөз тарапты. Өскенбай би қайтыс болғасын жұрт оның орнына баласы Құнанбайды би сайлайды.

Құнанбайдың әкесі Өскенбай бес әйел алған кісі екен, олардан он бір ұл болыпты. Құнанбай оның бірінші әйелі Зереден туған. Ол кішкене кезінен өжет, зерек болып өсіпті. Әкесі оны үнемі жанына алып жүріп, билікке баулыпты, жөн-жосықты үйретіпті. Соның арқасында ол билікке сайланғанда жұмысты бірден меңгеріп алып кетеді, кесім жасауда аты шыққан әкесінен де асып түседі. Алған бетінен қайтпайтын қайсарлығымен, қаталдығымен танылған, ел арасында жиі болып тұратын жер дауы, жесір дауы, барымта-қарымта дауы, құн дауы сияқты дауларда ешкімге де жалтақтамай, өз шешімін кесіп айтатын адуынды би болған. Жұрт оны құрметтеп, «Мырза Құнанбай» деп атап кетіпті. Қайшылығы көп заманда кейбір қалыптасқан жайларға орай оның кейде өзгелерге тізесі батқан тұстары да аз болмапты. Осыған орай ел арасында «Оның аты &ndash Құ­нан­бай, жүйріктігі құландай, шұбарлығы жыландай» деген сөз тарал­ған екен.

Құнанбайдың өзі де бірнеше әйел алған екен. Әйгілі Шәкәрімнің әкесі Құдайберді оның бәйбішесі Күңкеден туған. Екінші әйелі Ұлжаннан төрт ұл: Тәңірберді, Абай (Ибраhим), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі Айқыздан Халидолла, Ысқақ есімді ұлдар мен Кәмшат есімді қыз өмірге келген. Ал төртінші әйелі Нұрғанымнан туған баласы жастай қайтыс болған. Құнанбайдың осы Нұрғанымнан бұрын, Омбыда жүрген кезінде бір қызға үйленіп, онымен біраз уақыт бірге тұрғаны туралы деректер де бар. Яғни Құнанбай да өзінің әкесі сияқты бес әйел алған.

Құнанбайдың Халидолла деген ұлы Омбыдағы кадет корпусын, Мәскеудегі әскери училищені бітіріп, орыс әскерінде корнет шенінде қызмет еткен, ол 27 жасында науқастанып қайтыс болған. Одан басқа алты ұлы бір-бірімен қарайлас өскен. Құнанбай балаларының да өзі сияқты көп әйел алып, өсіп-өнуіне жағдай жасаған.

Жалпы, Құнанбайдың ұлдарынан тараған ұрпақтары қазір арамызда бар. Ал ол кісінің өзі қартайған шағында Мекке-Мәдинада қажылық парызын өтеп қайтқан соң дүние ісіне араласуды біржола доғарып, ілуде бір аса маңызды шаруамен немесе амандаса барған адамдармен болмаса, басқа ешкіммен де кездеспей, ғибадат жолына түскен. Ол 1885 жылы 81 жасында дүниеден өткен.

Ісіне өзге ұлт өкілдері де сүйсініпті

Құнанбай Өскенбайұлы елді сауатты басқара біліпті. Бұл туралы көптеген деректер айтылады. Осы орайда кезінде қазақ даласына жер аударыл­ған поляк революционері Адольф Януш­кевичтің қалдырған естелігін келтіре кетсек те жеткілікті сияқты. (Сол кездері Польша да Ресей империясының боданы болған).

Поляк А.Янушкевич қазақ елінде отыз жылдай уақыт тұрыпты, сонда Құнанбаймен бірнеше мәрте жолығыс­қан, дәмдес-тұздас болыпты. Көзі ашық азамат Құнанбайдың бойынан биік тұлғалық қасиеттерді көріп, ол туралы таңдана әрі сүйсіне жазған екен.

«Құнанбай &ndash  өңірге аты жайылған адам, қарапайым қазақтың баласы. Ғажайып ақыл-ес және жүйрік тілдің иесі, іскер, аталастарының игілігі туралы қам жейді, дала заңдары мен Құран қағидаларының жетік білгірі, қазақтарға қатысты ресейлік жарғыларды да бес саусағындай біледі. Қара қылды қақ жарған би және өнегелі мұсылман. Жұрт пайғамбардай сыйлайды. Одан ақыл сұрауға алыс-жақын ауылдардан келетін жарлының да, жастың да, бай мен кедейдің де санында есеп болмайтын. Тобықты руының сеніміне ие болып, болыстыққа сайланған. Ол әділетсіздік пен дәулеттілердің зорлығына қарсы  қалқан болған», &ndash деп жазыпты А.Янушкевич өзінің «Қазақ даласына  жасаған сапардан естеліктер» деген кітабында.

Ресей империясының отарына ай­налған соң қазақ даласында хандық жүйенің жойылғаны мәлім. 1822 жылы елдің отарланған аумақтарында басқаша басқару жүйесі орнатылады, қазақтарды ханның, төренің тұқымынан шыққан адамдар басқаратын болып, оларға «Аға сұлтан» деген дә­реже берілген. Сол жылдары Құнанбай Өскенбайұлы Қарқаралы округінің аға сұлтаны болып сайланады. Бұл қызметті ол бірнеше жыл бойы атқарған. Осы себепті жұрт оны «Қарадан шыққан хан Құнанбай» деп те атаған.

Басына төнген қатер көп

Құнанбайдың өмірінде басына тікелей қатер төнген кездер де аз болмапты. Ол кішкентай кезінде шешек ауруына ұшырап, әу­піріммен аман қалған. Сол жақ кө­зіне ақ түсіп, кейін ол бір көзінің соқыр болып қалуына апарып соққан.

Құнанбай мен мықтымын дегендер­ді алып ұратын қара күш иесі, балуан жігіт болып өскен. Сондай-ақ ол най­замен айқаста да алдына жан салмайтын шебер найзагер болыпты. Сол заманда жиі болып тұратын жер­­ге талас, жесір дауы кездерінде, елдің малын барымташылардан қорғауда, басқа да дау-жанжалдарда өзінің батылдығымен, жүректілігімен көзге түскен. Сондай бір жанжалдан туған қа­ру­лы қақтығыс кезінде оң жақ кеуде­сін найза тесіп өтіп те бір ажалдан қалған кезі болыпты.

Құнанбайдың өміріне төнген қатер­лердің тағы бірі &ndash оның итжеккенге, яғни Сібірге каторгаға айдалып кете жаздауы. Бұл жөнінде Омбыда 1700 беттен тұратын «Құнанбай Өскенбаев ісі» деген қылмыстық іс сақталған екен. Яғни ел арасында болған жер дауы, жесір дауы, құн дауы кездерінде оның әділетсіздік көрсеткенін, елден заңсыз алым жинағанын, оның қатысуымен болған дау-жанжалдар кезінде бірнеше кісі өлімі орын алғанын айтып, үстінен арыз жазған ағайындары болған. Ол істің құжаттары тіпті Санкт-Петербургке, Минскіге дейін жетіп жатыпты. Аға сұлтан Құнанбай Өскенбаев Омбыға алдырылып, ұзақ уақыт тергеу-тексеруде болған. Бірақ өзінің қулық айла-әдістерінің, тергеу ісінің күрделі жағдайда жүргізілуінің, бұлтарт­пас дәлелдер жетіспеуінің және араға түскен адамдардың арқасында Құнанбай бұл қауіптен аман қалған. Оны әйгілі ағартушы ғалым Шоқан Уәлихановтың әкесі Шыңғыс төре кепілдікпен босатып алған, тіпті істің жабылып қалуына ықпал еткен деп те айтылады.

Жалпы, үстінен қылмыстық іс қозғалған осы оқиғадан кейін Құнанбай аға сұлтандық қызметтен шеттетілген, кейін басқа жұмыстар істеген екен.

Дін ісіне де берік болыпты

Құнанбай адамдардың мұсылманша хат танып, иман негіздерін білуіне, шариғатта бекітілген тәртіппен өмір сүруіне көп көңіл бөліпті. Ауылында татар молдасын ұстап, оның барлық жағдайын жасап қойған.

Ол кісі өз балаларының білім алуына жол ашқан. Мысалы, Абайды он жасында Семей қаласындағы медресеге берген. Басқа балаларын да ескіше оқытып, онымен шектеліп қалмай, олардың орысша білім алуы­на ықпал еткен. Дегенмен ол мұсылманша білім мен тәрбиеге баса мән берген. Ата қонысынан медресе ашып, сол жерден өз ұлдарының ғана емес, өзге балалардың да білім алуына жағдай жасаған.

Құнанбай шариғат тәртіптерін сақтауда аса қатал болған. Барымтаға, ұрлыққа, әсіресе дінбұзарлыққа, зинақорлыққа қатаң тыйым салған. Оның намаз оқымайтын адамдарға дүре соққызғаны, мұсылманшылығы шамалы жұртты ораза ұстауға, зекет беруге мәжбүрлегені, насыбай ататын кейбіреулердің жанына бататын жаза қолданғаны туралы деректер бар. Оның әйгілі Қодар мен Қамқаны өлім жазасына кесуінің де негізгі себебі осы шариғат жолын қатаң ұстанғанынан деп айтылады. Яғни оның ұлы қайтыс болғасын келінімен көңіл қосқан деп танылған Қодар атты қарияны келінімен қоса өлтірткен оқиғасы тарихтан белгілі.

Құнанбай Өскенбайұлы ел басқарудан қол үзген, жасы ұлғайған шағында, 1875 жылдары қажылық парызын өтеу мақсатында Мекке-Мәдинаға барған. Ол кездері ондағылар жер бетінде қазақ деген халық барын білмейді де екен. Қазіргідей ұшақпен, автобуспен тасымалдайтын жағдай жоқ, қазақ даласынан айлап жүріп, Меккеге ат арытып жеткендер сонда тұрақтайтын жай таппай, қатты қиналыпты. Сол кезде қазақтардың арасындағы бас көтерері Құнанбай Өскенбайұлы қала басшылығынан қазақ даласынан баратын адамдар үшін үй салуға жер сұрап алыпты.

Қажылыққа барғандар тиісті ғұрыптарын өтеп, елге қайтқанда Құнанбай қажы сол жақта қалып, қазақ даласынан баратын адамдарға арнап үй салдырыпты. Оны «Тәкиә» деп атаған. Яғни Құнанбай қажы Меккеде Орта Азиядан барған адамдар түсіп, тынығатын, тегін тұратын шағын мейманхана салдырған, сөйтіп ол жерге қарайлап отыру үшін Қанатбай сопы деген адамды қалдырған екен. Кей деректерде Қағбаға жақын тұстан тұрғызылған сол үйдің XX ғасырдың 50-ші жылдарына дейін сақталып келгені туралы айтылады. Оны Құнанбайдың 1905 жылы қажылыққа барған немересі Шәкәрім Құдайбердіұлы да көрген екен, бұл жөнінде ол өз еңбектерінің бірінде жазып кетіпті. Әрине, кейін бұл үй бұзылып, орнына жаңа ғимарат салынып кеткен.

Ал Құнанбай қажының Қарқаралы уезінің аға сұлтаны болып тұрған кезінде, 1850 жылдары елде салдырған мешіті жамағатқа қазіргі күндерге дейін қызмет көрсетіп келеді. Ол Қарағанды облысының Қарқаралы қаласында тұр. Мешіт алғашында ағаштан қиюластырып, екі қабатты етіп салынған екен, кеңестік кезеңде мұнарасы қиратылып, мектепке, сосын қоймаға, одан кейін атқораға айналдырылыпты. Бірақ ол түбегейді қирап кетпеген, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін қайта қалпына келті­рілген.

Қазіргі жұрттың көзқарасы қандай?

Жалпы, Құнанбай қажы Өскенбайұлының өмір жолы қатпарлы қайшылықтарға толы болған екен. Өзінің данышпан ұлы Абай айтпақшы, оның да «мыңмен жалғыз алысқан» кездері аз болмағанға ұқсайды. Өмірі аумалы-төкпелі дәуірге тап келгендіктен де солай қалыптасқан шығар мүмкін.

Кеңестік кезеңде Құнанбайды жұрт  қатыгез, озбыр адам деп біліп келген. Оған Мұхтар Әуе­зовтің «Абай жолы» эпопеясындағы әдеби образы өзіндік әсерін тигізгені сөзсіз. Жазушының оны үстем тап өкілі ретінде ғана сипаттауы сол кездегі кеңестік идеологияның артық қадам бастырмауынан екені де даусыз. Ал қазір тәуелсіз елімізде Құнанбай қажы Өскенбайұлының тіршілігінде атқарған істері басқаша қаралып, оған жаңаша сипат беріліп жатыр. Осыдан бес жыл бұрын «Құнанбай» фильмі түсіріліп, Құнанбайды жұртшылыққа өзге қырынан танытты. Ол кісі туралы бұдан басқа да көптеген танымдық, ғылыми еңбектер, кітаптар жарық көрді.

Әрине, Құнанбай қажының атын ұлықтауға түрлі себептермен қарсы шығып жатқандар да жоқ емес. Дегенмен өткенге құрметпен қарайтын, қазақтың жоғалып кете жаздаған ұлттық құндылықтарын сүйетін, аңсайтын, оның ұрпақтан ұрпаққа ұласуын қалайтын жандар көп. Ал ондай адамдар тұрғанда әлі талай Құнанбайлардың ізгі ісі тіріліп, көпшілікке үлгі-өнеге болатын шығар. Ұлт мүддесі үшін осындай жарқын істер атқарылып жатса, бұл бір жақсы үрдіс қой негізі.

Д. НҰРПЕЙІС.

zamana.kz

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста