Алаш үні

Құтты мекен – кітапхана

  • Құтты мекен – кітапхана

    Құтты мекен – кітапхана

«Кітап маған тақтан да қымбат» деген екен Шекспир. Ақыл-ойдың інжу-маржаны кітап бетінде болса, оның сақталатын орны – кітапхана. Бұрын әр үйдің өз кітапханасы болатын. Кітап сөресі бар үй бай саналатын. Бүгінде үйінде кітап сақтайтын отбасылар көп емес. Әрине, көп уақытын ғаламторда өткізетін, кітапханадан жырақтаған жастардың көбеюі өкінішті. Кітап адамның ең асыл досы екенін кітапханаға жиі баратындар біледі.

Кейде көкейдегі сұрақтың жауабын таба алмай қиналатын кез болады. Сізді мазалаған ойды досыңыз да, жақындарыңыз да түсінбеуі мүмкін. Сондай кезде кітапханаға кіріп, сөредегі кітаптарға көз жүгіртсеңіз, көкейіңіздегіні дөп басатын еңбекті көресіз. Иә, кез-келген адам рухани тұрғыда іздегенін міндетті түрде кітапханадан табады. Ғаламтор қоғамды жайлап алды десек те, кітапхананы еш нәрсе алмастыра алмайды. Өйткені, ғаламтордан алған ақпарат бір сәттік, ал кітапханада оқыған дүние ойға жетелеп, сананың өсуіне ықпал етеді. Кейде бос сөзбен уақыт өткізіп, ғаламтордағы чаттарда өсек-аяңға берілгендерді көргенде, «бұл кісілер кітапханаға жиі барса ғой, төмен деңгейге түспес еді» деп ойлайтынымыз рас. Иә, адамды адам ететін құралдың бірі – кітап.

Алматы қаласында оқырманға кез-келген тақырыптағы еңбектерді тауып беретін кітапханалар баршылық. Оқырманның өзін жайлы сезінуі кітапханашыларға да байланысты. Қаладағы кітапханаларды аралай жүріп, оның қайсысында оқырманды қалай қарсы алатынын да байқауға болады. Қала тұрғындары, жас-кәрісіне қарамай ең көп баратын кітапхананың бірі – Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарайтын, алғаш ашылған күннен бастап-ақ «Үздік кітапхана» деген атаққа ие болған №4 кітапхана.

Былтыр аталмыш кітапханада Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен модернизациялау жұмыстары жүргізілді. Заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялық құралдар, кітап сөрелері алынып, жаңа офистік жиһаздармен жабдықталды. Қашанда кәсіби біліктілігі көрініп тұратын кітапханашылар еңселі мекеме ішінде оқырмандарға жаңа форматта қызмет көрсетуде.

Карантинге дейін бұл мекемеде ақын-жазушылардың, зиялы қауымның қатысуымен рухани жиындар жиі-жиі өткізілетін. Қазіргі таңда көптеген іс-шаралар онлайн форматқа көшірілгенімен, көнекөз оқырмандардың кітапханаға баруы толастаған жоқ. Жасыратын несі бар, кейбір кітапханалардың қызметкерлері оқырманды суық қабылдайды. Ал №4 кітапхана көптеген кітапсүйерлердің жылы ұясына айналған. Бұл әрине, бұнда қызмет істейтін кітапханашылардың мейірімділігі мен өз ісіне деген адалдығынан деп білеміз.

№4 кітапхана жұмысы кең ауқымды. «Адырна», «Ел-шежіре», «Жанашыр», «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бірлестіктерімен, Алматы қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясымен, Қазақстан Жазушылар Одағымен, Әлем халықтары Жазушылар Одағы, Алмалы ауданы әкімдігімен, қалалық және аудандық Ардагерлер Кеңесімен, білім беру, мәдениет, баспа үйлерімен тығыз байланыста жұмыс жасайды.

№4 кітапхана 1970-80 жылдары Бүкілодақтық кітапхана ісін зерттеу жұмыстарына қатысқан. Бүгінгі таңда кітапхана пайдаланушылар мен кітап, ақпараттық ресурстар арасындағы алтын көпір, жастарға ұлттық рухани тәрбие беретін, ірі ақпараттық мәдениет ошағы және қаламыздағы ең үздік кітапханалардың бірі.

Кітапханада құнды 70 мыңнан астам кітап қоры сақтаулы. 100-ден астам ресейлік және республикалық мерзімді басылымдар алады. Жыл сайын  12 мыңнан астам оқырмандарға сапалы ақпараттық-кітапханалық қызметтер көрсетіп, 276 мыңнан астам кітап береді.

Оқырмандар ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің бай мұрасымен, туған өлке тарихымен, әлем жазушыларының озық туындыларымен, ақпараттық технологиялар жүйесіндегі өзгерістермен және күнделікті жаңалықтармен  таныса алады.

Кітапхана қоры жоғары іскерлік әдебиеттермен, «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында шыққан ғылыми-танымдық  және отандық әдеби шығармалармен, мерзімді басылымдармен уақтылы толықтырылып отырады. Сонымен қатар оқырмандар интернет жүйесін тегін пайдалана алады.

Сонымен қатар, кітапхана аясында «Руханият», «Дарын», «Домбыра-дастан», «Ардагер», «Шеберлік әлемі», «Шебер қолдар» сияқты клубтар мен үйірмелер жұмыс істейді.

Кітапхана кітабымен, оқырманымен көрікті. Әрдайым жақсылық лебі есіп тұратын №4 кітапхана ұжымына мерейлі істеріңіз көп болсын, оқырмандарыңыз молая берсін деп тілейміз.




Көрілген: 3174    Пікірлер: 0

бейсенбі, 03.06.2021, 11:14

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қыркүйек
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30