Алаш үні

Қытайдан келген әйелдің шырылдаған шындығы

  • Қытайдан келген әйелдің шырылдаған шындығы

    Қытайдан келген әйелдің шырылдаған шындығы

Бұл әңгімені баяндаған кейіпкер басында бірден ақтарыла қойған жоқ. Аса сеніңкіремегендей де болды. Оның арғы жағында үлкен қорқыныш барын да кейін білдік. «Іштегі сырыңызды айтуға дайын болған кезіңізде біз тыңдауға әзірміз», – деп ерікті өзіне бердік. Көп уақыт өтпей-ақ ол кісі әңгімеге ниеті бар екендігін білдірді. 


Бұл әйелдің күйеуін 2014-жылы мешітте имам болғаны үшін Қытайдағы саяси үйрену лагеріне қамаған екен. Содан бір ай өткеннен кейін өзіне де қауіп төніп тұрған соң баласымен бірге Қазақстанға келіп бас сауғалапты. Үлкен қызы сонда қалған. Қазақстанда Қытай тыңшылары бар дегенді естіген әйел қызы мен туыстарына зияны тие ме деген қорқынышпен ешкімге ештеңе айт­қысы келмейді. Өзінің өтініші бойынша ол кісінің аты-жөнін атамауды жөн көрдік. Ол былай дейді: 


«Қытайдың саясаты туралы Қазақстанның ішінде білмеген адам қалмады ғой. Бұл саяси үйренудің ашық айтыла бастағанына 2,5 жыл ғана болды, оған дейін ол жасырын түрде жұмыс жасады. 


Қытайда тұрғанымызда күйеуім қажы еді, имам болған, мешіттер салған болатын. Ондағы тұрмыстық жағдайымыз өте жақсы болды. 2014-жылдың алтыншы айында оны дін адамы деген желеу­мен ұстады. Бірақ шындығында дін адамы болғаны үшін емес, қазақ және мұсылман болғаны үшін ұстады. «Намаз оқыдың, жаулық салдың, елге намаз үйреттің», – деп маған да пәле жаба бастаған соң онда қалуға болмайтынын түсіндім. Бір айдан кейін баламды алып, шекара асып кеттім. 


Одан бұрын да елге келу ойымызда болған. Бірақ бәрі осылай аяқ асты болды. Мен қайта сол кезде Қазақстанға келіп үлгеріппін. Ол жақта келе алмай жүргендер, келіп-кеткені үшін түрмеге тоғытылғандар қаншама?! Кетпесем мен де сол саяси лагерьлердің біріне қамалып жатар едім. Ол кезде балаларымның жайы не болар еді? Қайта Қазақстанға келіп, жан сақтап қалдық. 


Өзім Қытайда туып-өскенмін. Жасым 47-де. Үш баланың анасымын. Туыстарымның барлығы Қытайда. Мен кеткенде қызым сонда университетте оқып жатқан болатын. Онда қалған соң оның жалғыз өзіне оңай болған жоқ. Төр­кінімнің қолында біраз жүріп, кейін уәделескен жігітіне тұрмысқа шықты. Бүгінде бір балалары бар. 


Қазір Алматыда пәтер жалдап тұрып жатырмын. Қолымдағы ұлым мектеп жасында, 12-ге келіп қалды. Үлкен ұлым 21-ге келді. Ол бізден бұрын Қазақстан­ға оқуға кетіп қалған. Ата-апасымен бірге тұрып, соларға бауыр басып кеткен. Оның да азаматтық алғанына небәрі бірнеше күн болды. Бір қалада болғанымызбен менімен бірге тұрмайды. Әй­теуір өз күнін өзі қамдап жүр.


Мен Қазақстанға келген кезде азаматтық беру төрт жылға тоқтатылған екен, соның екінші жылында келіппін. Сол екі жыл өткен соң әрең дегенде азаматтық алдым. Бұрын Қытайдан Қазақстанға келіп-кетіп жүрген кездерімде ықтиярхат жасатып алған болатынмын, азаматтық алғанша сонымен жүрдім. 


Бұл жаққа келгенде бірен-саран таныстарым болды. Осында күйеуімнің бұрынғы шәкірті тұрады. Ол да мешітте имам. Алдымен соның үйіне келдім. Одан соң тағы бір танысымыз бар еді. Ана жақта 3-4 күн, мына жақта 3-4 күн қонып, сегіз айдай сол екі үйдің арасында жүріп күнелттім. Олардың өздері де пәтер жалдап тұратын. Бірінің үйіне қонақ келгенде екінші үйге кетіп қалатынмын. 


Жақының болмағаннан кейін ананың-мынаның үйінде жүру оңай болған жоқ. Әйтеуір үй шаруасына көмектесіп жүремін. Денсаулығым көп сыр береді. «Ауырып тұрмын, біраз жатып демалып алайыншы» дейтін әкеңнің үйі емес. 


Басында іс тігетін бір зауытқа кірдім. Әр затты 7 теңгеден тігетінмін. Бір ай бойы істеп небәрі 12 мың теңге алдым. Ол тек жолкіремді ғана өтеді. 


Сөйтіп жүріп «Барахолка» базарының артынан айына 20 мың теңге төлейтін қуықтай пәтерді жалға алдым. Сол маңайдағы азық-түлік сататын дүкенде сатушы болып жұмыс істедім. Бір күнде табатын 2000 теңгем түкке жетпейді, арасында ішіп-жеміміз бар. Ол жерде 3-4 айдай істеген соң өзім секілді намаз оқитын бір әйелмен танысып алдым. Сол кісі көмектесіп, екі жылдай базарда тамақ сатып жүрдім. Қол-аяғым қақсай беріп, арасында біраз уақыт жұмысқа шыға алмай қалдым. 


Жұмысы, қаражаты, үйі, танысы жоқ адамның жай-күйі белгілі ғой. Ә деп келген кездегі көрген қиыншылығым же­терлік. Ол кезде азаматтығым да, соңымнан ақша салып тұратын туыстарым да болған жоқ. Әлгі жағдайдан кейін көпшілігі менімен байланысуға қорқып, қоңырау шалсам, телефонды көтермей, ақыры кей туыстарыммен 2,5 – 3 жылға дейін хабарласпай қалдық. 


Қаңтардың суығында пәтердің ақшасын тауып бере алмай, бізді шығарып жіберіп, далада қалған, бір тілім нанға зар болған, аш әрі ақшасыз жүрген күн­дер де бастан өтті. Балаларым әкелерін сағынады. Өзімнің жүйкем тозып жүргенде олардың көңілін табу керек. Ол ол ма, елдің қатқан нанын да сұрап жедік. Жаздыгүні қайнаған суға қарын тойдырып жүрдік. Ал қыстыгүні жағатын отын болмай, аштан аш суық үйде де отырдық. Ауырып, 5-6 күн әлсіреп жатып қалатын кездерім де болды. Содан соң әзер дегенде қайтадан ес жиып, бар күш-қайратымды жиып орнымнан тұрамын. Кө­зімді аша алмай қаламын. Сол уақыттарда балам 6-7 жаста болатын, есіктен кіріп-шығып: «Анашым, жақсы болып қалдың ба?» – деп қайта-қайта сұрай береді. Қорқып жүретін. Сәл басымды көтергенімде: «Анашым, мен үлкейгенше күте тұрыңызшы. Үлкейген соң екеуміз бірге ұшып кетейікші. Сіз кеткен соң мен жалғыз өзім қайда қаламын?» – деп айтып отыратын. Сол кездері жүрегім езіліп кете жаздайтын. 


Орыс тілін білмегендіктен көп сөзді түсінбей қиналғаным тағы бар. Әйтеуір ешкімнен ештеңе дәметпедім. Мені ешкім танымайды да, білмейді де. Бірақ пәтер­ақымның үш-төрт айын мешіттегілер төлеп берді. Әйтпесе маған қыстан шығу қиын болар еді. Үйде отырып қалған уақыттарымда осы жерде күйеуі мүгедек, үш баласы бар, өзі түрлі аурулардың салдарынан бірнеше рет отаға түскен бір келіншекпен танысқан едім. Соған біреулер азық-түлік әкеп береді екен, ол онысымен бізбен де бөлісіп отырды. Арасында сөйтіп те күнелтіп жүрдік. 


Қазір базарда арбаға салып алып, аралап шай сатамын. Кереметтей клиент жоқ, кейде базарды құр айналғаның қалады. Жұмыс істесең де, істемесең де базар сатушыларының тізімінде тұрған соң айына 60 мың теңге төлеп отыруым шарт. Көп жүріп қойсам, аяқ-қолым ауырады. Бірақ үйде жата берсем бізді кім бағады? Орнымнан айырылып қалмайын деп күнделікті болмаса да күн өткізіп шығып тұрамын. Оның үстіне денсаулығым да аса жақсы емес. Қан қысымым 180-ді көрсетіп тұрады. Амал жоқ, жұмысқа шығамын. Үйде жейтінің жоқ болып қалады. Болмаса баламның бірдеңесі жыртылып тұрады. Пәтерақының да уақыты тез келеді. Бұл отырған үйіміздің де төрт қабырғасы мен төбесі бар демесеңіз, ішінде ешбір жағдай жоқ. Әйтеуір далада жатқаннан жақсы. 


Жолдасыммен әлі күнге дейін хабарласқан жоқпын. Оған ешқандай мүмкіндік жоқ. Түрмеден шыққаннан кейін де оның жағдайының не боларын білмейміз. Босаған соң 6 айдан кейін ауырып қалғандарды да, бір аптадан кейін қайтыс болып кеткендерді де естіп жатырмыз. Түрмедегі көрген-білгендерін айтып қоймасын деп бостандыққа шыққандардың көзін құртудың жолын жасайды екен. Қазір онымен ешқандай байланыс жоқ. Түрмеге кірген кезінде соңғы рет көрдік. Тыңшылар көп дейді, ана жақтағы қызыма, туыстарыма зияны тиіп кете ме деп ешкімге тіс жармадым. Оның үстіне жолдасымның мерзімі бітпей, қанша арыздансақ та оны шығармайды. Туыстарыма айтсам, олар да жолдасымның артынан түрмеге баруға қорқады. Кеткен кезімде мені іздеп, сақшылар туыстарымның да әбден тынышын алған. Жақындарым «білмейміз» дегеннен танбапты. Кейін менің шекарадан өтіп кеткенімді анықтаған соң ғана тынышталыпты. Дәл сол уақытта ондағы ұйғырлардың да туыстарын түрмеге жауып жатқан кез еді. Бізге де солай салқыны тие ме деп олар қорыққанынан жақын деген туыстарымның өзі қызымды үйлеріне жолатпай қойған болатын. Ол қайда барарын білмей дал болатын. Ол кезде қызымның тұрмыс құрмаған кезі еді. Қоңырау шалғанымда: «Анашым, мені кімге тапсырып кеттіңіз? Мен бұл жерде жалғыз өзім не істеймін?» – деп жылайтын. Басыңа іс түскенде бәрі сенен теріс айналып кетеді екен. 


Бұл жақта да құшақ жая қарсы ал­ған ешкім болған жоқ. Осындағы Қытайдан көшіп келген кей таныстарыма бара қалсам, «Мынаның артынан тыңшылар қуып келіп, бізге пәле болар ма екен?» дегендей жақтырмайтын. Зорлағандай болып үйлеріне бір-екі күн қонып кетесің. Төрінде отырып шай іше алмайсың. Ас үйінде тамақ жасап, моншасында кірін жуып жүресің. Өзгенің үйі болған соң ұйықтай да алмайсың. Сондай кездері «Тауық қора сияқты болса да өз үйіміз болып, балам екеуміз қара шайымызды бөліп ішсек, ұйқымыз қанып ұйықтасақ екен» деп арман қылдым. Ет туралы айтпай-ақ қояйын, шай ішетін шыны-қасығымыз да жоқ еді сол кезде. Бір жағынан жоқшылық, екінші жағынан шығатын жол таба алмай қиналып, енді бір жағынан балаларымның айтқан сөздері – бәрі-бәрі жан-жақтан жаныма бататын. 


Өмірден торығасың. Неге бұлай болды, өзіммен бірге балаларымды да сорлы еттім ғой деп ойлайсың. Кейде тағдырым шығар деп сабыр етемін. Бірде разы боламын, бірде ебіл-дебіл жылаймын. Әйтеуір бір нанымды тауып жеп жүрмін». 


...Осылай деген ол кісі сөз арасында көз жасын сығып алды. Қытайдың аз ұлттарға жасап жатқан қысымы туралы сөз етіп отырған бұл алғашқы адам емес. Түннен кейін күн келетіні секілді бұл кісінің де айы оңынан туып, жайлы өмірге қол жеткізетін уақыты алыс емес шығар. Әйтеуір қиналғанында ауырын жеңілдететін жанашыр адамдар жолығып, көмек қолын созса екен дейміз.


М. ШЫНҰЗАҚ


www.zamana.kz




Көрілген: 1865    Пікірлер: 0

дүйсенбі, 04.03.2019, 22:03

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    25 Қаңтар, 22:28
    «МЕНІҢ ЖӘНІБЕГІМ!»
    15 Қаңтар, 13:05
    Нар тұлғалы Ноғаев
    14 Қаңтар, 11:47
    Бір әйелдің тағдыры

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2019
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    мамыр
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5
    6 7 8 9 10 11 12
    13 14 15 16 17 18 19
    20 21 22 23 24 25 26
    27 28 29 30 31