Алаш үні

Қыздардың көз жасы

  • Қыздардың көз жасы

    Қыздардың көз жасы

  • Қыздардың көз жасы

    Қыздардың көз жасы

Қазақ өз перзенттерін ежелден еркін ұстап, еркін тәрбиелеген ғой. «Ұл туғанға - Күн туған» деп ұлдарын әспеттеген, «Қыз қабағында құт бар» деп қыздарын да әспеттеген.

Әсіресе, бұрымдысын еркелетіп оң жақта отырғызып, шаңырақтың құт-берекесі, қонақ деп, ұрпақ жалғастырар ақ босағаның аруы деп ерекше қадірлеген. «Қыздың назы қырықатанға жүк болады» деп көңіліне дық түсірмеуді де ескерткен. Әрине, орынды. Үстінен құс ұшырмайтын бойжеткеннің назы ауыр келетіні рас. Одан да ауыры - қыздың көз жасы ма деймін...

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіндегі елең-алаң күндерде алаңға шыққан жастар туралы бүгінгі ұрпақтың жеңіл көзқарасын көргенде, осындай ойға қалам. Өйткені, олар Желтоқсан трагедиясының астарын жүрекпен түйсінбейді. Түйсінбеген соң, түпкі мәніне бойламайды.

Оған жас өскіндер кінәлі емес. Сол кезеңнің бүкіл болмысы мен тынысын тап басып танытып, түсіндіре алмаған өзіміз кінәліміз. Желтоқсан жақындаған кезде ғана ұлардай шулағанымызбен, жайшылықта үндемейміз. «Егемендік үшін арпалысқан осындай аға-әпкелерің бар» деп айтпаймыз. Зердесіне құймаймыз.

Ақиқатына келсек, қалың ұйқыдағы Кеңестер Одағын оятқан әйгілі Желтоқсанның тарихтағы орнын қоғам әлі толық мойындап болған жоқ. Көтерілістің шығуына «Алматыдағы қазақтардың саны шамадан тыс көбейгені себеп болды» деген теріс көзқарас өзгерген жоқ. Оны айтқан Мәскеудің жаналғышы Соломенцев деген болатын. &ldquoКогда я здесь работал секретарем ЦК, помню, тогда было казахского населения 8 процентов. А сейчас 16. В два раза увеличилось!..&rdquo деп дабылдатқан бәтшағардың ойынша қазақтар кең далада қой бағып қана жүруі керек сияқты. Әне, құлақпен естіген сол өтіріктен бері отыз неше жыл өтсе де, шындыққа жете алмай жүрміз.

«Қазақ та адам баласы ғой» (Абай). Көтерілістің бұрқ етіп шығу себебі біреу-ақ - ұлт азаттығы! Желтоқсан - бүкіл бодан елдердің тәуелсіздігінің бастауы болды. Қазақтарға теңдік тисе, сол Тәуелсіздіктен кейін ғана тиді. Алматы мен басқа қалаларға да содан кейін жол ашылды. Оны мойындау керек. Бүгінде қандас бауырларымыздың оңтүстік мегаполистегі үлесі 60 пайыз деседі. Меніңше, 70-тен кем емес! Қалай болғанда да, осы бас еркіндігімізге әкелген көтерілістің мәні мен маңызын зерделеуді тиянақтағанымыз жөн. Келер жылы киелі Желтоқсанға 35 жыл толмақ!

Бүгінгі әңгімеміз соның әлқиссасы. Сын сағаттарда еліне қорған, ер-жігіттерге тірек болған, топшысы сынса да, сағы сынбаған желтоқсандық қарлығаштар жайында аз-кем толғамақпыз. Боямасыз, әсірелеусіз. Көпшілік менің «Мұзда жанған алау», «Қазақтың Желтоқсаны» атты кітаптарым арқылы есімдері жақсы таныс Ләззат Асанова мен Сәбира Мұхамеджановадан басқа қыздарды біле бермейді. Міне, сол беймәлім бойжеткендер туралы сыр өрбітпекпіз.

Ертеректе Ғабит Мүсірепов: «Дала қызының назданған еркелігінде мұң да бар, жігер де бар, жалынышы мен жалыны да бар. Жан тазалығы, ешқашан саудаға салмас ар-ұят тазалығы да бар» деп жазыпты. Ызғарлы Желтоқсанда боз орамалы желбіреп, жанары оттай жанып, алаңға шыққан нәзік арулар туралы да осылай айтуға болады. Соның ішінде, қазақтың намысты қыздарының махаббатқа беріктігі қайран қалдырады.

Дүниеде адамға рух беретін, жігерін жанып, өмірге құштарлығын арттыратын махаббаттан артық күш жоқ. Махаббат - адамзатқа ұлы жаратқанның өзі сыйға тартқан құдірет. Көне дастандар мен ертегілерде ғана емес, осы өмірімізде де кездесетін ұлы сезім. Тек өзіміз байқамаймыз. Мән бермейміз.

Осыдан көп жыл бұрын жазылған «Түрмедегі той» атты дүниемізде желтоқсандық Жамбыл Тайжұмаевты қиянға іздеп барып, некесін қидырған Шолпан дейтін ару туралы айтқанымыз бар. 90-жылдардағы қайта құрудың тұсы еді. Бір күні желтоқсандықтар Үкімет үйінің артына кигіз үй тігіп, аштық жариялады. Сонда нәзіктеу, ақұбаша, талдырмаш қыздың құтымен су тасып, шырылдап жүргенін көрдім. Бұлттан шыққан күндей риясыз күлкісі, ашық мінезі есімде қалыпты. Шолпанмен солай танысқанбыз. Сол қас-қағым сәттердің өзі оның ішкі жан сарайының тазалығын, көңілінің пәктігін аңғартып үлгерген еді.

Қазақ үшін оң жақта отырған бойжеткеннің жігіттің соңынан іздеп баруы, әрине ерсі нәрсе саналады. Соған қарамастан, Шоланның өз бақыты үшін ештеңеден қаймықпай күресіп, сүйгеніне қосылуы шынында да ерлік еді. Қаладағы жайлы тұрмысын, жұмысын тастап, тауқыметке толы азапты жолды өз еркімен таңдап алуы - көп ақ жаулықтының қолынан келмейтін тәуекел. Осы тәуекелге баруға Шолпанды жетелеген кіршіксіз махаббаттың күші еді! Сол махаббатың жебеуімен сот пен прокуратураның тосқауылын бұзып өтті. Сол махаббатың күшімен тар қапастағы Жамбылға рух берді.

Желтоқсанда көз жасын көрсетпей ішіне жұтып, бұрымын шыт орамалға түйіп қайраттанып, Шолпанның ерлігін қайталаған қаракөз қарындастарымыз аз емес. Өз ортасында «декабристердің жары» атанып кеткен қайсар рухты қыздарға қандай баға берсең де жарасады.

Желтоқсанда &ldquoӘр республикаға - өзiнiң басшысы!&rdquo деп ұран көтеріп шыққан театр және көркемсурет институтының Бақытбек Иманғожаев деген студент болды. Бүгінде танымал актер, театр әртісі. Петропавл қаласының түрмесінде отырған сол Бақытбекті іздеп, бір күні Сапаргүл Құлдәулетова деген қарындасымыз барыпты. Ол да бүгінде белгілі, белді актердың бірі. «Барыпты» деп қазір айтуға ғана оңай! «Басыңды қандай қатерге тігіп тұрғаныңды білесің бе?» деген жеңгелерінің сөзі расқа шығып, албырт Сапаргүл көзге көрінбейтін небір қамалдарды кездестірді. Абақтының сұп-суық темір есігінен ішке енгенше, не естімеді десеңізші! Оларды тізер болсақ, әңгіме ұзап кетеді. «Біздің бас қосып, неке қию рәсіміміз түрменің кішкентай бір бөлмесінде өтті. Елден келген аз ғана туыстарымыз бен Бақытбектің сол жердегі камераластарымен отау құрғанымызды өзімізше атап өттік. Одан кейін күйеуім біржола босап келгенше, бір-ақ рет жолығыса алдық...» деген Сапаргүлдің бір үзік сыры бәрін айтып тұр.

Бақытбекпен бірге оқып, бірге қамалған студенттің бірі Құрманғазы Айтмұрзаев. Міне, осы Құрманғазы да алдымен Мәскеу маңында, сосын Мордова автономиялы облысындағы қатаң түрмелерде жазасын өтеді. «Декабрист» ретінде жұмыстың ең ауырын атқарып, айқұлақ аязда, қақаған боранда ағаш кесті, жүк тасыды, көмір тиеді. Сондай сын сағаттарда күйеуінің соңынан іздеп барып, сүйеу болған сүйікті жары Алма Ашықбаева туралы дастан, не хикаят жазылса да, артық емес. «Еркекті ез ететін де, ер ететін де әйел» деген аталарымыздың тәмсілі рас екеніне осындайда сенесің.

Алматы кино техникумының соңғы курсында оқып жүріп, 5 жылға итжеккенге айдалған Расылхан Құдайбергенов пен оның қалыңдығы Роза Арипованың некелері де Сібірдің орманында қиылды. Бұл күнде үш баланың анасы, отбасының ұйытқысы болып отырған Роза да «Сотталған адамның артынан іздеп барғаны несі?» деген ел-жұрттың сөзіне қарамай, өр мінез танытқан қыздардың бірі. «Не көрсек те Расылханмен бірге көрейік деген оймен алды-артымызға қарамай, аттанып кеттік қой. Біз Чита қаласында бас қостық. Оған өкінбеймін. Менің көңілге түйгенім - өз бақытың үшін өзің ғана күресесің! Сол себепті, бүгінгі жас қыздарға жігерлі болыңдар, ақылды, төзімді болыңдар, адал серік іздеңдер деп айтып отырамын» дейді Розаның өзі.

Иә, махаббатың қандай құдіретті күш екеніне тағы да бір көз жеткіздік. Әлсізге қуат, үмітсізге от, жаны шөлдегенге нәр беретін махаббат деген өте киелі сөз! Осындай шынайы махаббатың иесі «декабрист ханшалардың» (әзілім емес) отбасын сақтаудағы ізгі өнегесі - қазақ әйелдерінің ортақ бейнесі деп бағалауға лайықты деп ойлаймын. Еңбектері сіңді! Байды да бақты, баланы да өсірді. Болашақта ер-азаматтары алған орден-медальді олар да омырауына тақса, артық болмасы анық.

Енді өзіміздің Шолпанға қайтып оралайық. Ақ махаббаты үшін басын тауға да, тасқа да соққан қайран қарындасым! Жамбыл екеуінің түрмеде некесі қиылғаннан кейінгі оның өмір жолы бейне бір драмалық кинодағы көріністер секілді. Режиссер болсам түсірер ме едім, бәлкім? Жамбыл облысының «Пионер» ауылындағы Қожамжар ақсақал мен Күлшан апайдың көп балалы шаңырағына келiн боп түскені&hellip Күйеу жiгiтсiз өткен беташар тойдағы ел-жұрттың ақ батасы мен шексіз ықыласы&hellip Той соңында ақ шымылдықтың ішінде оңаша егілгені&hellip Осының бәрін Шолпан жанарынан жас төгіліп отырып, өз аузымен баяндап берген еді.

Аштық жариялаған желтоқсандықтардың көмегімен Жамбылдың босап шығатынын естіген сәттегі Шолпанның қуанғанын көрсеңіз! Алматының көктемгі ақ жаңбырында ақ көйлегі суға малшынып.., кигіз үйдің босағасына басын қисайта сүйеніп.., жақсылық хабарға сенер-сенбесін білмей, үнсіз жылап тұрған келбеті&hellip әлі күнге көз алдымнан кетер емес.

Өкінішке орай, кейде өмірдегі күйкі тірліктің алдында махаббат та әлсіздік танытады екен. Қияметтің соншалықты қиын өткелдерінен өтіп келіп, бір-бірімен зорға табысқан екі жастың махаббаты күйреп тынғанын естіген сәтімде, өз құлағыма өзім сенбедім. Тағдырдың адам сезімдерімен ойнайтын қатыгездігін қарашы!

Мен бұған Шолпанды да, Жамбылды да кінәлай алмаймын. Басты күнәһар - Мәскеудің отаршыл зұлым саясаты! Саясат араласқан жерде, адам тағдыры ойыншық болып қалады. Қазақтарды тек мал бағатын, шикізат дайындайтын құлдар есебінде көргісі келген тоталитарлық режимнің саясаты қаншама жастардың обалына қалды?! Қорқытты, үркітті. Атты, асты. Түрмеге тоғытты. Баяғыда үлкен кісілер әлдекім туралы «Оған жоламаңдар, түрме көрген, қаны бұзылған» деп отырушы еді. Бәлкім, атың өшкір «ГУЛАГ»-тың дәм-тұзын татқан Жамбылдың денсаулығы сыр берген болар. Темір тордың аржағында не көрмеді ол? Денесіне қыздырылған шоқ басылды. Тырнағына ине сұғылды. Суық карцерде өкпесі күркілдеп, айлап жатты. Мүмкін, жанын қинаған азаптан құтылудың жолын таба алмай, ішіндегі күйікті ащы сумен басқысы келген болар. Қандай кінә артасың? Қызыл империяның тозағынан кім сау оралды дейсің? Бүгінгі желтоқсандықтардың бір сауы жоқ. Шетінен дімкәс, күйсіз, жүдеу. Басынан сөз асырмайтын тыз етпе, шыдамсыз, кінәмшіл.

Көңілі мен өмірі жырым-жырым болған Жамбыл да солардың бірі. Кешіріммен қарауға болады. Бірақ, бір қателігін бетіне тура айтуға тура келіп тұр. Өзін құлай сүйген, басына күн туған кезде тірек болған, жастық ғұмырын арнаған ару Шолпанның қадіріне жете алмады. Сағыныштан төгілген көз жасын көре білмеді. Оның өтеуі кімнің мойнында?.. Сұрақ көп, жауап жоқ.

Желтоқсан құйыны өмірін күл талқан еткен тағы бір бойжеткен Сәния Жүсіпова туралы сөз тарқатайын. Сауда министрлiгiне қарасты ғылыми-техникалық орталықта аға инженер болып істеген ол қызбен комиссия жұмысы барысында таныстым. Келбеті келісті-ақ еді. Қара шашы иығына төгіліп, мойылдай көзі от шашып тұратын. Бірақ, бір аяғын сылтып басатын әдетінен қорына ма, жұрттан қашық жүргенді қалайтын. Өзімен тілдесудің өзі де бір азап. Сұрақ қоя бастасаң, үріккен еліктей тұра қашады. Бір жолы &ldquoДәуiр&rdquo баспаханасында экспедитор болып iстейтiн Айгүл қарындасымды ертіп, &ldquoОрбита-2&rdquo шағын ауданындағы үйіне бардым. Жартылай ашылған есіктен ғана тілдестік. Гүл апарған едік, оны бердік. Сәл жібігендей болды. МҚК-нің тергеу изолятрында екі ай жатқанын естіп, бойындағы қорқыныштың сырын түсінгендей болдық.

«Мені тергеуде қалай қинағанын білсеңіз ғой, &mdash деді Сәния үні құмығып. - КГБ-ның жертөлесіндегі тас бөлмеге қамап, музыканы бар дауысымен даңғырлатып, таңертеңнен кешке дейін қойып қоятын. Тас орындықтан басқа ештеңе жоқ. Беретіндері бір кружка қара су. Нәр татырмаған күйі кешке қарай тергеуге апарады. Басым айналып, көзім қарауытып, жоғарғы қабатқа зорға көтерілемін. Ажалмен бетпе-бет кездесуге бара жатқандай аяқтарым бастырмайды. «Бас аяғыңды!». Сенсеңіз, арқама, басыма сарт ете түскен дубинка мен жуан жұдырықтарды сезуден қалдым. Есіме түссе, қазір де қалшылдап кетемін...».

Сөткелеп қинайтын тергеу Сәнияны әбден титықтатып, құр сүлдерін қалдырады. Тіпті, ай мен күннен жаңылған. Ақыры қозғалуға шамасы келмейтін оны төртінші қабатқа екі жендет қолтықтап, қолтықтап емес, сүйреп шығаратын болған. Бір күні кабинеттегі тергеушіні бастығы шақырып кеткенде, Сәния кабинетте жалғыз қалады. «Терезеге жақын келіп, төменге қарасам, ешкім жоқ екен. Қалай секіргенімді білмеймін. Төмен қарай ұшып келе жатқаным, жерге гүрс етіп соғылғаным ғана есімде».

Одан әрі Сәния қолындағы кісенді кім шешкенін, кім ауруханаға жеткізгенін білмейді. Өмір мен өлімнің арасында арпалысып жатқанда, тергеушілер келіп, бір қағазға қол қойдырып әкетеді. «К следственным органам КГБ не имею претензию» деген қолхат екенін кейін біледі. Осы қолхат қолдарына тиісімен, тергеушілер қылмыстық ісін тездетіп жауып тастайды. «По делу не установлено, что Жусупова виновна в массовых беспорядках» деген қаулыны да кейін әкеп береді. Бірақ, әкелгеннен не пайда, бәрі де тым кеш еді. Ешқандай анықтама өткізбеген соң, қызметтен «өз еркімен» босатып тастайды. Өндірістік жарақаты болмаған соң, мүгедектік зейнетақы да тағайындалмайды. Ең қайғылысы - Сәнияның сәби сүю қызығынан айырылуы еді. Бұл жаманатты естіген заматта, үйленбек болып сөз салып жүрген жігіті де сол күні қарасын батырады...

Қолға түскен шерушілерді прокуратура мен ішкі істер органының жалаңдаған екі мыңдай қызметкері күндіз-түні тергеп-тексергенін кейін білдік қой. Оған қоса Мәскеуден келген мемлекеттiк қауiпсiздiк комитетiнің 98 тергеушiсі «аса қауіпті» деген контингентті іріктеп алып, бұрынғы НКВД-ның тас ғимаратында жауап алады. Сәнияны тергеген де солардың бірі екен. Ебін тауып, жанымен қайғы болып жатқан қыздан қолхат жаздырып алу арқылы бар жауапкершіліктен құтылып кетіпті.

Мөлтілдеген көз жасын орамалмен сүртіп тұрған Сәнияға «Сау бол» деген сөзімді айта алмай, тамағым құрғап, үнсіз бұрылып кеттім. Үнсіз ілесіп келе жатқан Айгүл де есік алдына шыққанда: «Тым болмаса, қасында көз жасын құрғатар адам болғанда ғой» деп, өкінішін білдірді.

Келесі кейіпкерім Эльмира.

«&hellip Мен ол уақытта кәмелетке жаңа толған кезім едi. Алматы үй-құрылыс комбинатында сылақшылыққа үйренiп жүргем. Әлі оң-солымды танымайтын балауса шағым ғой. Бiр топ қыз-жiгiтпен бірге жұмыстан кейін алаңға барғанбыз», &mdash дейді ол өткені туралы айтқысы келмей қиналып.

Бұл кейіпкерімнің фамилиясы&hellip Айтпай-ақ қояйық. Өйткені балалы-шағалы. Екі қызы, жиен немерелері бар. Алматының шетіндегі «Ақжар» кентінде тұрады. Бір қосарым, белгілі тележурналист Ұлбосын Айтөленнің жақын сіңілісі. 1994 жылы материалдарды сұрыптаған кезімде есімін өзгертемін деп отырып, кітапқа сол қалпы еніп кеткенін байқамай қалыппын. Оған басында ренжігенімен, кейін өкпесі тарқады. Арада он бес жыл өткенде үлкен қызын ертіп, менің кабинетіме келгенде түсініскендей болдық. Рас, бастапқыда танымай да қалдым. Толған, толысқан. Бір кездегі шырайлы әдемі жүзі мен кең маңдайын әжім шалған. Қабағындағы мұң сейілмегені байқалады...

Қасындағы қызы шешесінің аузынан түсіп қалғандай екен. Сүйкімді. Ойында ештеңе жоқ. Алаңсыз. Қолындағы менің кітабымды үстел үстіне қойып: «Аға, қолтаңба жазып беріңізші» деп, ұялы көздерімен тіке қарағанда, өз-өзімнен қысылдым. Жағдайдың шет жағасын білетін сықылды.

&mdash Студентсің бе? - Ол басын изеді.

&mdash Онда сен бәрін түсінетін жасқа жетіпсің, қалқам. Сенің анаң батыр адам! &mdash дедім кешірім сұрағандай. - Ауыр шындықты парламенттік комиссияға жасырмай айта білу екінің бірінің қолынан келмейтін батылдық. Соны түсін.

Ол жанары жасаурап, үнсіз басын шұлғи берді. Іші біліп тұр. Шешесінің басынан өткен уақиға тарихымыздағы қаралы таңбаның бірі. Оны өшіре алмаймыз. Оны өшіру - басқыншы әскердің қылмысын кешіру деген сөз. Әкелген кітабына қол таңба қойып бердім де, есік алдында күте тұруын өтіндім. Қызы шығысымен өзін өзі әрең ұстап, шыдап отырған Эльмира өксіп қоя берді.

&mdash Қанша ұмытайын десем де, ұмыта алмаймын, аға!.. Көкірегімдегі ащы запыран, түйілген кек кетпестей сақталып қалғанын білесіз бе, сіз!

Білемін. Сеземін. Бірақ, білгеннен не қайыр? Қанша өкінсең де, өткенді қалпына келтіре алмайсың! Графиндегі судан құйып, ұсындым. Ол бір ұрттады да, сөзін жалғады:

- Қалың әскер бәрімізді тықсырып қуа бастағанда, жан-жаққа тым-тырақай қаштық. Бір қарасам, қасымдағы серіктерім жоқ. Жүгіріп келемін, жүгіріп келемін. Орталық стадионға жақындадым. Басымдағы бөркім түсіп қалыпты. Ұзын шашым қобырап кеткен. Бір кезде алдымды кес-кестеп үлкен автобус тоқтады. Ішiнен сау етіп, орыс солдаттар шыға келді. Олардан қорқып, кері қаштым. Қараңғыда байқамаппын, жол жиегіндегі арыққа құлап түстiм. Дiңгектей немелер жағамнан жұлқып, суырып алды. Сосын «Невероятно красивая, сука!» деп мазақтап, ішімнен бiр-екi рет нұқып жіберді де, автобусқа бірақ тықты.

Салонда қан-жоса болған бес-алты жігіт ыңырсып, домалап жатыр екен. Маған қарауға шамалары жоқ. Үстілерінен ары өткендер де, бері өткендер де, бас-көзге қарамай ыңқ еткізіп, бір теуіп өтеді. Циркке жете бергенде автобусты тоқтатып, мені жерге түсiрдi. Босатады екен деп ойлағам. Жоқ, ниеттері басқа екен. Үш солдат мені сүйрелеген күйі қалың ағаштың арасына апарды. «Помогите!» деп жылап, шыңғырып келемін. Маңайым тас түнек. Қараңғы түнге дауысым жұтылып кеткендей. Кенет, кеудемнен ұрған қатты соққыдан есiмнен танып қалыппын...

Есiмдi жисам, iш киiмiмдi жыртып&hellip (Ол тағы да булығып жылап жiбердi)&hellip Бiреуi қорлап жатқанда, екеуi күлiп қарап тұрды&hellip иттер! Арада қанша уақыт өткенiн бiлмеймiн, денем қалтыраған соң, есiмдi жисам, әлгiлер кетiп қалыпты&hellip Күшіктей бұратылып, әрең дегенде жатақханаға жеттім. Сол жатқаннан екi күн жаттым. Өлі мен тірінің арасында...

Эльмираның ар-ұяты ғана емес, ұлттың намысы тапталған сол уақиғаны қағазға түсіру де оңай нәрсе емес. Көз алдыма елестетсем, қаным қайнап кететінін жасыра алмаймын. Естір құлаққа ауыр тисе де, «Эльмираның тағдыры алдағы уақытта сабақ болсын» деген оймен қайта жаңғыртып отырмын. Он екіде бір гүлі ашылмаған балауса қызға айуаннан бетер әулекілік көрсеткендердің «анасы, әпкесі, қарындасы жоқ па екен?» деп, ойға да қалғанмын. Солай сияқты. Новосібір мен Черкасскіден жеткізілген арнаулы әскер кілең жетім өскен әумесерлерден жасақталғанын кейін білдік. «Жетім қозы тасбауыр».

Жалпы, кім болса да, отаршыл басқыншы елдің әскері ешкімді де аямайтынын тарих әлдеқашан дәлелдеген. «Бұға берсең, сұға беретін» жан түршіктірер фактілер аз емес. 1991 жылы Степанакертті басып алған армян әскерлері әзірбайжандық әйелдердің ішін жарып, нәрестесін істікке шаншығанын қалай кешіруге болады? Болмайды! Аталарымыздың «Таспен атқанды аспен ат» дейтін заманның кері әлдеқашан өтіп кетті. Осыны түсінген әзірбайжан бауырлар «Таспен атқанды таспен ату» керек екенін жақсылап көрсетті! Арыстандай айбат танытып, жау қолындағы атамекендерін қайтарып алды. Әне, солай! Әлем күштіні ғана тыңдайды, күштіні ғана мойындайды! Бізге де өз әскеріміздің ұлттық күш-қуатын арттыру жағын естен шығармағанымыз жөн. Ұлттық мүддені қорғау үшін жай әскер емес, Ұлттық армия керек!

Қазақта «Балық басынан шіриді» дейтін тағы бір мәтел бар. Жоғарыда айтылған Соломенцев ұлтшылдарды жазалауды тікелей қадағалаған мәскеулік басшының серкесі еді. Дубинка, күрек қолдану, итпен қуалау, су шашу дегендер оған тым жұмсақ болып көрінді. Шұғыл түрде жұмысшы жасағын құрып, темір кесінділерімен қаруландыруды тапсырды. Қаладағы зауыт, кәсiпорындарда істейтіндердің басым бөлігі орыстар болғандықтан, бұл отқа май құюмен бiрдей болды. Әсіресе, әскери-жөндеу зауытының директоры Юрий Стрижков ерекше құлшыныспен кірісті. Ол темірдің ұшына алты қырлы бұранда дәнекерлеуді ойлап шығарды. &ldquoКешкiсiн алаңға келген бәріміз қорқыныш сезімінде болғандықтан, өзімізбен бiрге кеспек темiр, кабель кесiндiлерiн алып жүрдiк&rdquo деп мойындады, электр-вагон жөндеу зауытының iсмерi Евгений Дунаев деген.

Осындай арандатушылықты іске асырған Соломенцев кезінде Қазақстан КП орталық комитетінің екінші хатшысы болып істегенін біреу білсе, біреу білмес. Оның айуандығының шектен асқаны соншалық, Қонаевтың өзі: «&hellip Соломенцев әзәзіл жолға түсіп, абыройын төгіп алғаны бар. Сыпайылап айтқанда, иесі бар гүлді үземін деп, «ұрлық» үстінде ұсталыпты» деп, шыдамай жазғаны бар («Өтті дәурен осылай», 257-б). Бұл енді имандылық шеңберіне, ақылға сыймайтын нағыз айуандық іс! Маскүнем, солақай жүрісі көп Соломенцев бір күні әукесі салбырап, дәрігер әйелдің қойнында жатқан жерінде күйеуіне ұсталып, оңбай таяққа жығылған. Түк болмағандай ендігі қылығы анау. Екі ұлттың арасына от жағып, ойына келгенін істеген. Жоғары билікте мұндай азғындар жыртылып айырылатын.

Соның бірі - Орталық комитеттің үгіт және насихат бөлімінің бастығы Дмитрий Бибиков деген. Ол кезінде Укринада кеңес өкіметін құрысқан, бай-құлақтарды қойдай бауыздаған Александр Бибиков дейтін қанқұйлы комиссардың ұрпағы еді. Жалдамалы журналистеріне онысын мақтанышпен айтып, талай рет жаздырған. Сол азғын бір күні Орталық комитеттің (қазіргі Алматы әкімдігінің) сыртындағы скверде кәмелетке толмаған жас қызды зорламақ болған сәтінде, милицияның қолына түсіп қалады. Алайда қызметтік куәлігін көрсетіп, жазадан сытылып кеткен. Кейінірек мастықпен өзін-өзі атып тастайды. Қазақ ондайды «ит өлім» дей ме, өзімен кетсін!

Елдің сорына қарай, жоғары басшылықтың тізгінін ұстағандар ышқырына ие бола алмай масқараға ұшырап жатқанда, олардың тәрбиесіз өскен баскесер солдаттарынан не күтуге болады?

Сол күндері Алматы көшелерінде мұздай қаруланған он мыңға жуық жазалаушы әскер, 16 мың жұмысшы жасақшылары, жүздеген милиция автокөліктері, өртсөндіргіш машиналар, БТР, арнайы автобустар қиқулап, қаланы азан-қазан қылып жатты...

(Комиссия анықтамасынан: ІІМ және ішкі әскер бөлімдері тәулік бойы белгіленген 421 маршрут бойынша партулдік қыметте жүрді. Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырғандар 155 автокөлікті бүлдірді, оның ішінде милицияның 23 көлігін өртеп жіберді).

Қайым-Мұнар Табеев

zhasalash.kz




Көрілген: 6625    Пікірлер: 0

жұма, 18.12.2020, 22:32

Достарыңмен бөліс:

  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    25 Қаңтар, 13:38
    Кремльдегі жайнамаз
    16 Қаңтар, 17:48
    Баяу Мұса....
    13 Қаңтар, 13:03
    Бір суреттің тарихы...
    5 Қаңтар, 00:04
    Асық ату архаизм бе?
    18 Желтоқсан 2020
    Қыздардың көз жасы

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    наурыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3 4 5 6 7
    8 9 10 11 12 13 14
    15 16 17 18 19 20 21
    22 23 24 25 26 27 28
    29 30 31