Алаш үні

Мағжан мен Мұстафаны бағаладық па?

  • https://abai.kz/

    https://abai.kz/

Қазақ руханиятында Абай даналықтың, жаңашылдықтың жинақ образы ретінде дәріптелсе, Мағжан Жұмабаев керісінше сары уайымның, ескілікті сағынудың символы іспетті бағалынып келді. Сезімтал ақынның өз өлеңінде «Әз Жәнібек сендер болыңдар, мен Асан болып өтейін», деп қайғы пірі Асан мен қайда барса алдынан қазулы көр шығатын Қорқыт бейнесіне қайтадан жан кіргізуі - сол нәубет заманның мүшкіл хәлін терең түйсінуден туған әдеби таңдауы еді.

 

Асан қайғыдан тартып Абайға дейінгі дала ойшылдары мұндай көркемдік орамды жиі қолданған. Асан қайғының «Қилы-қилы заман болар, қарағай басын шортан шалар», деген терең мағыналы тіркесін Бұхар жыраудың өлеңмен тарқатып, түсіндіруі соны аңғартады.

 

Мағжан жасампаздығының Сәкен Сейфулин, Сәбит Мұқанов қатарлы замандастарынан өміршең болуының сыры да осы дәуір шындығын терең пайымдай білуі мен орамды, кестелі жеткізуінде жатыр. Ақтан да, қызылдан да күткен үміті ақталмаған Алаш зиялысының қамығыңқы көңіл ауанын заманның ығына жығылған көз көргендері мен әдеби орта баянсыз махаббаттан туған өткінші сезім азабына теліді. Көркемдік стилін символизмге балады.

 

Мағжанға бір жақты көзқарастың орнығуы қызыл идеялогияның ықпалынан екені белгілі. Қатаң цензура Мағжанның өлеңдерінен көрнекі көрініс тапқан өлім шақырған күйреңкі күйді әшкерелеуге еркіндік бергенімен, оның жарқын жағын, нақтылап айтқанда, Түркішілдікті ту еткен өр рухын айтуға тыйым салды. Халқымыздың қызылданған жетпіс жылдағы бастан кешкен ашаршылық, дүние жүзілік екінші соғыс, ядролық сынақ зардабы сияқты көргіліктері Мағжан ақынның тегіннен тегін сары уайымшыл болмағанын көрсетті. Бүгінгі күрделі әлемдік жағдайда түбі бір Түркі елдерінің таяуда «Түркістан декларациясын» қабылдауы Мағжан идеясының өміршеңдігінің айғағы. Әйгілі ақын Ақсақ Темірге арнаған өлеңінде:

 

Көк тәңірісі тәңірінің,

 

Тұқымы жоқ, заты жоқ.

 

Жер тәңірісі Темірдің,

 

Тұқымы-түрік, заты-от, - деп жырлаған еді. Бұл өлеңі баяғыда жазылса да бүгінгі өміріміздің суретіндей әсер етеді.

 

Ал Мұстафа Шоқайдың Мағжан отты жырларымен жарнамасын жасаған, Орыс отаршылдығына бірдер-бір қалқан болатын Түркішілдік идеясының саяси моделін жасап, жүзеге асырған, «Түркістан автономиясын» құрушы ұлы қайраткер екені белгілі. Ол өзі ту еткен өлмес идеяны Еуропада да кең насихаттады, жақтастар тапты. Мағжан жырының қуатына сенді. Кеңес одағы құлаған отыз жылдан кейін, бауырлас елдердің кеш те болса қазақтың арманда шейт кеткен қос оғланының ісін жалғастыруы өте құптарлық.

 

Өз заманынан озып туған екі алыпқа көше, мектеп атын беру сияқты кеңестен қалған еске алулар аздық етеді. Өлеңмен де, күрескер өмірімен де өрілген саяси мұрасына шыт жаңа көзқараспен баға беруіміз керек. Түркі бірлігі идеясын мектеп оқулықтарына, саясаттану ғылымына айшықтап енгізуіміз ләзім. Бұл екі арыстың көрген қиянатының өтеуі, мемлекетіміздің ірге тасын бекемдеуге қосқан үлесіміз болмақ.

 

 

 

Есбол Үсенұлы

Abai.kz




Көрілген: 1054    Пікірлер: 0

бейсенбі, 29.04.2021, 18:06

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    30 Қыркүйек, 19:29
    Тұран Одағын құру керек!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31