Мұрат Әуезов сексенге келді

01 қаңтар 2023, 17:35

Бүгін белгілі шығыстанушы, түркітанушы, мәдениеттанушы ғалым, қазақ дипломатиясының қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 80 жасқа толды, деп хабарлайды Zakon.kz.


"Атамұра" баспа  корпорациясының президенті Рахымғали Құл-Мұхаммед Faсebook парақшасында Мұрат  Әуезовті құттықтады.


"Бүгін қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің ұлы, белгілі шығыстанушы, түркітанушы, мәдениеттанушы ғалым, тамаша эссеист, қазақ дипломатиясының қайраткері Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 80 жасқа толып отыр.  Осыған орай ырымшыл халықтың баласы ретінде қоян жылының алғашқы күнін Әуезовтер шаңырағына барып, Мұрат ағаны мерейтойымен құттықтаудан бастадым. Мұрат аға, туған күніңіз құтты болсын! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін! Аман болыңыз, аға!" – деп жазды Рахымғали Құл-Мұхаммед.



Мұрат Мұхтарұлы Әуезов 1943 жылы қаңтар айының 1 жұлдызында Жамбыл облысы, Меркі кентінде дүниеге келген.

Ғалым М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Шығыс тілдері институтын "Қытай филологиясы" мамандығы бойынша бітірді. КСРО Ғылым Академиясының Әлем әдебиеті институтында әдебиет теориясы бойынша филология ғылымдарының кандидаты дәрежесі үшінгі диссертацияны қорғады. Қазақстан Журналистика Академиясының 27.02.2007 жылғы жалпы жиналысы арқылы академияның толық мүшесі болып сайланды.

Мұрат Әуезов "Қазақфильм" киностудиясында бас редакторы (1981-1987), Қазақстан Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби өзара байланыстар жөніндегі Алқасын басшысы (1988-1990), Қазақстандағы "Мир" телерадиокомпаниясының көркемдік жетекшісі (1990), Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, Кеңес Президумының мүшесі, парламентаралық байланыстар жөніндегі Комитеттің төрағасы (1990), Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры (2003-2006) секілді жоғары қызметтерді атқарды.

Мұрат Мұхтарұлының "Времен связующая нить", "Иппокрена. Хождение к колодцам времен" еңбектері бар.