Алаш үні

Мұрат Бақтиярұлы: Ашаршылық геноцид емес

  • https://abai.kz/

    https://abai.kz/

Өткен ғасырдың алғашқы жартысында қазақ халқының басынан аса ауыр нәубет жылдар өткені тарихи шындық. Деректерде көрсетілуінше, екі реткі аштықта халқымыздың тең жартысынан астамы құрбан болды. Тарихшыларымыз ашаршылыққа ұшырамасақ осы күнде 40-50 миллион болар едік деген болжам жасайды. Осыдан-ақ, қызыл империяның қолымен жасалған ашаршылықтың қаншалық ауыр болғанын аңғаруға болатын шығар.

 

Ең өкініштісі, осы зұлматтың Кеңес өкіметі қолдан ұйымдастырған «геноцид» екенін әлі ешкімге мойындата алмған жоқпыз. Мойнадатқанды қойып, оны жоққа шығарғысы келетіндер әлі көп. Тіпті тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да, өзіміздің де аштықты «геноцид» деп атауға батылымыз бармайды. Жалтақ билік әртүрлі сылтау айтып, КСРО-ның қылмысын жуып-шаюға әрекеттеніп келеді.

 

Билік басындағылар аштық жайлы айтса, бірде «ашаршылық тұтас КСРО жерінде болды» деп, бірде «жүйенің қателігі» деп мәймөңкелейді. Ешқайсысы ашаршылық жылдары қазақ халқының ең ауыр құрбандыққа ұшырағанын айтпайды...

 

Жақында ғана сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстелде бұл тақырыпты саясиландырмауды сұрады. Әшімбаев мырза ұзын-сонар сөзінің түйіні ретінде «Ашаршылық &ndash Кеңес одағының құрамында өмір сүрген халықтардың ортақ трагедиясы», деген ойын айтқан екен.

 

Дәл сол жиналыста сөз алған сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы «ашаршылық геноцид емес» деп кесіп айтқан көрінеді. Бұл туралы Arasha.kz сайты жазды.

 

Депутат ашаршылық тақырыбын көп саясаттандыруға келмейтінін айтты.

 

«Ашаршылық тақырыбына әркім әртүрлі пікір айтады. Бұл мәселеге екі жақтан қарау керек. Жалаң сөз, жалаң ұранға қарағанда, тарихи деректерге сүйенген дұрыс.

 

Сол кездегі большевиктер партиясының съезінде «қазақты, көшпелі ұлтты құртыңдар» деген бір де бір қарар, шешім қабылданбаған. Тарихшы ретінде айтамын. Мысалы, фашизмнің негізін салған Гитлердің бүкіл саяси партиясының тұжырымдамасында «еврей ұлтын, славян ұлтын құртыңдар» деген тапсырма бар. Қудалаңдар, ұрыңдар, өлтіріндер деп бұйырған. Ал большевиктер партиясының съезінде ондай қарар жоқ. Бұл &ndashбір. Екіншіден, тағы да тарихи деректерге сүйенсек, ашаршылық тек Қазақстанда болған жоқ»,- дейді Мұрат Бақтиярұлы.

 

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы ашаршылық жылдары ұлттың ұлтқа қастандық жасамағанын айтты.

 

«Ресейде 2,5 млн адам аштықтан қырылып қалды. Ресейге туысқан ел Украинада қаншама халық безіп кетті. 1931-1933 жылдары Батыс Сібір, Кубань жерлерінде қаншама халық жойылып кетті. Сондықтан мен бұл жайды саясиландырудан гөрі тарихи деректермен негіздеуді жөн көремін. Бұл жердегі ең басты нәрсе &ndash 1921-1922 жылдар, 1931-1933 жылдар, оның алдындағы азаматтық соғысы. 1931-1933 жылдары ашаршылықтың қиын кездері болды. Тоталитарлық большевизм жүйесі кінәлі екенін көремін. Өйткені жергілікті халық, қазақ халқының негізгі шаруашылығы, күнкөрісі көшпелі мал шаруашылығы болды. Олар ұрандарында «Европа елдерін басып озамыз» деді. Малдарын алып, отырықшылыққа үйрететін болсақ, тез дамып кетеді деген ұран тастады. Оның бәрі бекер болды»,- дейді ол.

 

Депутат ойын ашаршылық кезіндегі Ресей халқының жайымен жеткізді және 1931-1933 жылдары геноцид болмағанына сенімді.

 

«Сол кездері Орал, Ақтөбе жеріндегі казактар қырылып қалған. Көбісі безіп Ташкентке, Өзбекстанға кетті. Сондықтан бұл жерде бір ұлт екінші бір ұлтқа геноцид жасаған жоқ. Олай деуге менің аузым бармайды. Негіз болар тарихи дерек жоқ. Зерттеуді мұрағат деректеріне сүйеніп жасау керек. Ал 1937-1938 жылдардағы саяси қуғын-сүргінді геноцид деуге келеді. Қазақтың ең мықты оқымыстыларын тұтқындау, атып өлтіру &ndash геноцид. Бізде БҰҰ қабылдаған конвенция бар. Сол конвенцияда геноцид деген сөзге анықтама береді.

 

Геноцид- бір ұлттың екінші ұлтты қасақана өлтіру, қудалау туралы тапсырмалары. Бұл жағдай фашизм кезінде болды. Гитлер тапсырма берді.

Ашаршылық кезінде орыс ұлтының өзі қырылды. Оны қалай айтуға болады? Олар өз ұлтына геноцид жасай ма? Осы жерде Өзбекстанда неге ондай болмады деген сұрақ туады. Өзбекстан егін шаруашылығына икемделген мемлекет. Өзбекстанда суармалы егістік болған соң аштық көзге көрінген жоқ. 1930 жылдары менің өзімнің аталарым, туыстарым бас сауғалап, Сыр бойынан Өзбекстанға өтіп кетті»,- дейді ол.

 

Сенат Төрағасы бастап «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» атты дөңгелек үстел өткізгенде, шенділеріміздің айтпағы осы екен. Негізі мұндай жиналыстар ашаршылық зардаптарын толық ашып, бір ғасырға жуық жасырылып келген тарихи деректерді көрсетуге, сол арқылы халқымызға жасалған тағылықты айыптауға бағыттаулы керек еді. Өкініштісі, бәрі керісінше болып отыр. Осы бете кете берсе, бүгін «ашаршылық геноцид емес» деген қазақ билігі бір күні «халқымыз ешқандай ашаршылыққа ұшыраған жоқ», деп мәлімдейтін шығар...

 

 

 

Abai.kz




Көрілген: 3058    Пікірлер: 0

сенбі, 20.02.2021, 18:48

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    тамыз
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1
    2 3 4 5 6 7 8
    9 10 11 12 13 14 15
    16 17 18 19 20 21 22
    23 24 25 26 27 28 29
    30 31