Алаш үні

Неслихан ӨЗТҮРІК: Мұстафа Өзтүріктің қызы болу – зор жауапкершілік

  • https://turkystan.kz/

    https://turkystan.kz/

Мұстафа Өзтүрік есімін білмейтін қазақ жоқ. Таэквондодан қара белбеу иегері. Халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы. Өз ұлтын шексіз сүйген оғлан атажұртқа келіп, Қазақстандағы таэквондо (WTF) федерациясының негізін қалаған болатын. Даңқты спортшының ұл-қызы қазір қайда, не істеп жүр? Осы сұрақтарға жауап алу үшін Мюнхен қаласында тұратын спортшының қызы Неслихан Өзтүрік Кеклікке арнайы хабарласып, сұхбаттасқан едік.

 

– Қателеспесем, Қазақстанға алғаш рет 2014 жылы әкеңіз Мұстафа Өзтүріктің туғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараларға арнайы шақыртылып, келген едіңіз. Атажұртқа келгендегі әсеріңізді бөліссеңіз…

 

– Алпыс жылдық мерейтойға дейін елге әкем қайтыс болғанда бірінші рет келген едім. Ол кезде жасым он екіде болса да есімде көп нәрсе қалмапты. Ал екінші рет келгенде алған әсерімді сөзбен сипаттап жеткізе алмаймын. Құдды бір түс көріп жатқандай күй кештім. Себебі бұл сапарға дейін әкемнің Қазақстанда осыншалықты беделге ие екенін білмеппін. Шыны керек, бізді ыстық ықыласпен қарсы алған халықтың әкемді сондай қадірлейтінін, көбісінің әкемді жақсы танитынын көріп қатты қуандым. Тіпті, көзіме жас келіп, жылап та алдым.

 

– Әкеңіздің атажұртқа деген ықыласы ерекше еді ғой…

 

– Ол рас. Негізі, әкем көп уақытын Қазақстанда өткізді ғой. Тіпті Мюнхенге арнайы келген кезде де «Қазақстан – біздің атажұртымыз. Біз осы жерден тараймыз. Қазақстанға барып тұруымыз керек. Қайдан келгендеріңді ұмытпаңдар» дегені есімде қалыпты. Ол Қазақстанды өте қатты жақсы көрді. Қазақ екенін мақтан тұтатын. Елге келіп таэквондоны дамыту үшін барын салғанын елде жүрген сіз менен жақсы білерсіз. Әлі есімде, бізді мектепке апарып, сабақ біткен соң үйге алып қайтатын. Сосын ойын алаңқайына апарып ойнататын. Сол кезде көпшілік оның қасына жақындап, амандасып, әңгімелесуге асығатын. Тіпті, үйге арнайы іздеп келіп, оған ризашылығын білдіріп жататын адамдардың қарасы көп болды. Алайда бала кезімде көпшіліктің неліктен әкемді сонша жақсы көретінін түсінбейтінмін. Қазақстанға қандай еңбегі сіңді деп ойлайтынмын. Бірақ жоғарыда айтып өткенімдей, Алматыға әкемнің туғанына 60 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шараларға шақыртылғанымда ол кісінің тек біз үшін емес, қазақ халқы үшін ерекше тұлға болғанын жете түсіндім. Алматыда болған жеті күннің ішінде әкемнің құрметіне орай өткен іс-шараларға барып, мүлде бос уақытымыз болмады. Бірінші күні телевизиялық бағдарламаларға қатыссақ, екінші күні журнал-газеттерге сұхбат бердік. Сосын әкеме арнайы қойылған ескерткішке бардық, кейін ол кісінің есімімен аталған көшені араладық. Ізінше әкем ашқан таэквондо мектебіне бардық. Сол кезде қазқатар тізілген жас спортшылардың «Мұстафа!» деп ұрандата айқайлағанын естігенде ерекше толқыдым. Сөйтіп, бір аптаның қалай өтіп кеткенін сезбей қалдық.

 

– Анаңыз, аға-сіңліңіз қазір Мюнхенде тұрып жатыр ма?

 

– Иә, біз барлығымыз Мюнхен қаласында тұрамыз. Ағам Нәзірбек бір компанияда архитектор болып қызмет атқарады. Сіңлім Аслыхан патентпен айналысатын агенттікте жұмыс істейді. Нәзірбек әзірше бойдақ, ал сіңлім отбасылы. Мен де тұрмыс құрғанмын, екі балам бар. Өзім туралы сөз етер болсам, кәсіби әншімін. Қазір жеке альбомымды жазып жатырмын. Анам Нүрилә да осында жұмыс істейді. Анамды өте қайсар, төзімді әйел десем қателеспеймін. Себебі үш баламен жалғыз қалу, оларды асырап-бағу оған оңай болмағаны сөзсіз. Анам «Біреуге жамандық ойлама, зұлымдыққа жаның қас болсын» деп әрдайым айтып отырады. Әкемді де аузынан тастамай, қызықты оқиғаларын әңгімелеп жүреді. Мен де балаларыма, жиендеріме ол кісінің қандай тұлға болғанын әрдайым айтып отырамын. Негізі, бала кезімде әкем өзі ашқан мектепке ертіп апарып, таэквондоның қыр-сырын үйреткен болатын. Бірақ бұл спортқа ерекше ден қойып, кәсіби түрде шұғылдана алмадым. Ендігі кезекте алдағы уақытта балаларымды таэквондо секциясына бермек ойым бар.

 

 Бала Неслихан әкесімен бірге

– Әкеңізге арнап шығарған Little girl деген әніңізді көпке дейін орындай алмай жүргеніңізді айтып қалдыңыз. Неліктен?

 

– Негізі, бұл әнді шығарғаныма көп уақыт болған, бірақ орындай алмай жүрдім. Өйткені бұл туындыны естіген сайын жылай беретінмін. Жалпы, бұл әнді жазып шығуыма әкеме деген сағыныш түрткі болды. Үнемі қорғап, қолдап, желеп, жебеп жүрген әкемнің бізді жалғыз тастап кеткеніне көпке дейін сене алмай жүрдім. Есейіп кетсем де, өлең жолдарында айтылғандай, «қайтадан кішкентай қызың болғым келеді, әке» деп сағынышымды жеткізгім келді.

 

– Әкеңіздің ықпалымен ашылған таэквондо мектептерінің жұмысынан хабарыңыз бар ма?

 

– Мюнхенде мектеп ашқанын білемін, бірақ қазір ашық па, жоқ па білмеймін. Әкемді Мюнхенде Қазақстан мен Түркиядағыдай көп таниды деп айта алмаймын. Ал Стамбұлда ашылған екі мектеп жұмыс істеп тұр. Түркияға барған кезде ол мектеп туралы сұрап-біліп отырамын. Негізі, біз жыл сайын әкемнің зиратына барып, құран бағыштап тұратын едік. Коронавирустың кесірінен биыл бара алмай қалдық. Қазір Стамбұлдағы ата-әжемнің үйінде әкемнің қарындасы тұрады. Әжемнің айтуынша әкемнің тағы үш бауыры болған. Атам мен әжем 1950 жылдары талай қиыншылықты бастан өткерген бұқара халықпен бірге Алтайдан Үндістанға, кейін Түркияға көшкен кезде жолай үш баласынан айырылып қалған.

 

 

– Ел білетін Мұстафа Өзтүрік сырт көзге сұсты көрінетін. Ал отбасында ол кісінің қандай ерекшеліктері есіңізде қалды?

 

– Әкем көпшілік арасында қалай сұсты көрінсе, отбасында да солай қатал болды. Ол кісі дастарқан басында отбасымызбен бірге тамақ ішкенімізді қатты қадағалайтын. Бір күні ағам далада балалармен ойнағысы келіп, тамақты сосын ішетінін айтқаны сол еді, әкем «Жоқ, ешқайда бармайсың. Бізбен бірге тамақтанасың. Отбасы болып, бірге тамақтану, бірге осылай отыру – бәрінен маңызды. Адамдардың көбі қазір ішуге тамақ таба алмай жүр, ал сен сол тамақты ысырып қойып, далаға шықпақсың. Барды қанағат ет. Бізбен бірге отыр да, алдыңда ыстық тамақ тұрғанына риза болып, бізбен бірге дұға жаса!» деп айтқаны есімде. Жалпы, әкелік қамқорлығын аямай, бетімізді қақпай өсірді. Мені «Қара қызым, Дудуш, айналайын!» деп атайтын. Кей кезде әкемнің осылай айтатын сөздерін сағынамын. Осы ретте бір айта кетерлік жайт, Мұстафа Өзтүріктің қызы екенімді естіп-білген жұрт мені беделді, ауқатты жан деп ойлайды екен. Мюнхендегі бір досымның әйелі Қазақстанда туып-өскен. Менің сол досыммен түскен суретімді көрген ол «Мына кісі Мұстафа Өзтүріктің қызы ғой. Бұл қыз қарапайым ба, әлде бай, атақты адам ба?» деп сұрапты. Осыны естігенде қатты таңғалдым. Қазақстандағы көпшілік біз туралы осындай ойда болса керек. Бар айтарым, біз қарапайым отбасында тәрбиеленіп өстік, қазір де ел қатарлы қарапайым өмір сүреміз. Бір жағынан, Мұстафа Өзтүріктің қызы болу зор жауапкершілікті жүктейтінін түсіндім.

 

 

– Ағылшын, неміс тілімен қатар, қазақ тілінде де ән айтады екенсіз…

 

– Иә, «Жапырағын жайған бәйтерек…» деп басталатын «Әке арманы» деген керемет әнді орындағанмын. Жалпы, біз отбасымызбен бірге қазақ әндерін тыңдағанды жақсы көреміз. Бала кезімізден домбыра үнін тыңдап өстік. Әкемнің досы домбырада ойнайтын. Сол кезде әкем мені тізесіне отырғызып алып, досымен қосыла бірге ән айтатын. Сол себепті домбыраның үнін тыңдаған сайын, әкем есіме түседі. Үйде домбыра бар, бірақ шерте алмаймын. Сосын «Барып қайт балам ауылға» әнін сүйіп тыңдаймын. Бұл әнді тыңдағандағы күйімді тіпті сөзбен жеткізе алмаймын. Сосын А­матыға екінші рет барғанда телевизиялық бағдарламада қонақ болғанда әнші Жанар Айжанова және Айжан Нұрмағамбетовамен таныстым. Қазір әлеуметтік желі арқылы сол кісілердің өнерін тамашалап жүрмін. Әкем әсіресе Жанар Айжанованың орындауындағы әндерді сүйіп тыңдайтын. Жанарға әкемнің ол кісінің әндерін күн сайын тыңдағанын айтқанымда көзіне жас алған еді. Жалпы, қазақша әндерді YouTube-тан іздеп тауып, күні бойы тыңдап жүретін кездерім көп. Негізі, балаларым есейген соң Қазақстанға барып, біздің қай жерден, қай ұлттан тарайтынымызды көрсеткім келеді. Осы жолы көлікпен емес, көшеде жаяу жүріп, қала ішін асықпай аралағым келеді. Тауға шыққым келеді.Қазақстанда асыға күтіп жүрген туыстарым, достарым жетерлік. Алматыға барғанымызда актер Асылхан Төлепов қасымызға келіп, әкемнің мектебінде таэквондо үйренгенін, әкемді құрмет тұтатынын айтып, жақын тартқан еді. Сол Асылханмен әлі күнге дейін араласамыз. Ол Қазақстандағы әсем жерлерді аралатамыз, елге келіңіздер деп үнемі шақырады. Әкемнің жеке көлік жүргізушісі болған кісімен, сондай-ақ таэквондо мектебінің жетекшілерімен де хат алысып тұрамыз. Әкеміздің өмірден қайтқанына жиырма жеті жыл болса да, әлі күнге дейін аузынан тастамай, айтып жүретін көпшілікке ризамын. Біздің отбасы үшін бұл – ерекше құрмет. Қазақ барда, әкемнің есімі өшпейтіні хақ.

 

 

Әңгімелескен

Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

turkystan.kz

 




Көрілген: 7181    Пікірлер: 0

сәрсенбі, 19.05.2021, 00:43

Достарыңмен бөліс:





  • СОҢҒЫ ЖАРИЯЛАНЫМДАР:
    22 Қазан, 08:25
    Шыңғыстаудың Шәкірі
    30 Қыркүйек, 19:29
    Тұран Одағын құру керек!

    Көп ашылған Көп пікір жазылған
    2021
    2008
    2009
    2010
    2011
    2012
    2013
    2014
    2015
    2016
    2017
    2018
    2019
    2020
    2021
    қазан
    қаңтар
    ақпан
    наурыз
    сәуір
    мамыр
    маусым
    шілде
    тамыз
    қыркүйек
    қазан
    қараша
    желтоқсан

    Алаш Айнасы мұрағаты

    Дс Сс Ср Бс Жм Сн Жс
    1 2 3
    4 5 6 7 8 9 10
    11 12 13 14 15 16 17
    18 19 20 21 22 23 24
    25 26 27 28 29 30 31