«Ол өз ажалынан өлген жоқ, біреулер өлтірді»: Қайрат Рысқұлбековті соңғы рет моншаға апарған қызметкер үлкен құпияның бетін ашты

28 сәуір 2022, 23:50

«Қайрат Рысқұлбековті соңғы рет моншаға апарған кісі Семейде тұрады екен. Сол кісіні іздеп, бетпе-бет сөйлессең жақсы болар еді» деген редактор тапсырмасын былтыр желтоқсан айында алған едім. Бірақ ол кісіні табу оңайға түспеді. Телефондарын табуын тапқаныммен, өзімен сөйлесудің реті келмеді. Кезінде Семей облыстық Қаржы полициясының (1994-1996 жылдары) басшысы қызметін атқарған Мэлс Асқарұлы жол нұсқап, тәптіштеп айтып, түсіндірмесе, «Халық Қаһарманының» соңғы сәттеріне куә болған жанмен жолыға алмайды екенбіз. Семейдегі оқшаулау тергеу изоляторында 1979-1991 жылдары еңбек етіп, осы мекемеде жасағында конвой, бақылаушы, каптерщик болған Мақсұт Оспанов Түйемойнақ аралының ар жағындағы ауылда, 43 автобустың соңғы аялдамасы жанындағы бір-бірімен жапсарлас салынған жер үйлердің бірінде тұрады екен. «Ол кісі күнде сағат 11-ге дейін арал жаққа серуенге барады. Тапсаң, 11-ден кейін табасың. Соңғы аялдамадан түсіп, сол маңдағы кісілерден сұрасаң, Мақсұттың үйін біледі» деген Мэлс Асқарұлы. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, Мақсұт ағамыз тура алдымыздан шықты. Серуенге енді шығып барады екен.

– Мақсұт аға, Желтоқсан кө­терілісінің Қаһарманы, қазақтың батыр ұлдарының бірі Қайрат Рыс­құлбековті соңғы рет моншаға апар­ған өзіңіз екенсіз.

– Иә, әлі күнге дейін есімде. Сағат 3 кезінде моншаға өзім ертіп апардым, киімін, бәрін ауыстырып бердім. Сағат 4-5 шамасында ка­мераға кіргіздім. Таңертең келсем, түрмеде айғай-шу. «Қайрат асылып қалыпты» дейді. Не болғанын өзім түсінбей қалдым.

– Мақсұт аға, бұл тақырыпқа қазір келеміз. Әуелі Қайрат Рыс­құлбековпен алғашқы кездесуіңіз жайында айтыңызшы.

– Семейдегі оқшаулау тергеу изоляторында 10 жылдан астам уа­қыт еңбек еттім. 10 жылдың 9 жы­лында түнгі ауысымда жұмыс істедім. Кейін дәрігерлер денсау­лығыма байланысты тыйым салған соң күндізгі ауысымға ауыстым. Біздегі каптерщик ауырып қалды да, соның орнына келдім. Қай­ратты сол кезде алғаш рет көрдім. Оған дейін ол туралы жұмыстағы жігіттерден естіген болатынмын. Біркісілік камерада отырды. 22 камера – ерекше бақылаудағы камера. «Смертниктер камерасы» деп аталатын, онда ату жазасына кесілгендер отырады.

– Қайраттың күнделік дәптері болғанын айтады. Ішінде жазған өлең­дері болған деседі.

– Түрмедегі әрбір кісінің зат­тарын, киімін қоятын арнайы орын болады. Қайраттың қалың дәптері сонда тұратын. Ұмытпасам, түсі қоңыр болуы керек. Іші тола жазу. Бір күні «Күнделігіңді оқуға бола ма?» деп Қайраттың өзінен рұқсат сұрадым. «Оқыңыз. Бірақ ешкімге бермеңіз», – деді. Біреуге берсем, өз басыма бәле болады ғой. Сөйтіп, Қайраттың күнделігін оқы­ған жайым бар. Оқыдым де­геннен гөрі шолып шықтым деге­нім дұрыс шығар. Әке-шешесіне арнаған өлеңдері, махаббат тақы­рыбындағы өлеңдері болды. Сөз­дері есімде қалмапты. Бір өлеңі ұзақ­тау екен. Шумақтары көп. Бір­неше рет оқып, жаттай алма­дым. «Мына өлеңің жақсы. Бірақ ритмі жоқ екен», – дедім Қайратқа. «Бәрібір ғой, аға. Ең бастысы, жүрегімнен шыққан дүниелерді жаздым. Оқыған кісі ойымды түсі­неді. Ритммен жазатын ақын еме­спін ғой», – деді.

– Қайтыс боларының алдында күнделікті камерасына алып кетке­ні рас па?

– Негізі, бізге беруге болмайды. «Беріңізші, аға. Ештеңеге алаңда­маңыз» деп қиылып сұраған соң амалсыз бердім. Бір жағы қорық­тым. Біліп қойса, мені жұмыстан шығаруы да мүмкін еді. «Қолы­ңыздан алдым, қолыңызға беремін. Таңертең аласыз», – деді. Таңертең анадай жағдай болды. Күнделік сол күйі табылған жоқ. Кейін та­былды деп естідім. Өзім бірақ көр­ген жоқпын. Осылай боларын білсем, дәптерді көшіріп алар едім. Ол кезде фотоға түсіріп алатын ұялы телефон да жоқ қазіргідей. «Мен түрмеден шықпаймын. Бұ­лар қалайда болса шығармайды. Қайтсе де көзімді құртады. Мен се­кілді адамдарды түрмеден шы­ғармайды. Өздері болмаса да бі­реуге айтып өлтіртеді. Қазіргі сая­сатты білесіз ғой», – деді маған оңаша қалған сәттерінде.

– Сезген секілді ғой…

– Әрине, сезді. Ол көп нәрсені білетін. Алматыда алаңда не бол­ды, қандай жағдай болды? Бәрін өз көзімен көрді ғой. «Мен шық­сам, көргенімнің бәрін жария­лай­мын. Жарияласам, не болатыны белгілі. Олар мұны қаламайды» дей­тін. «Тек бір өкінішім, бүкіл Қа­зақстан мен сияқтыларды қол­дап, көтерілсе, Колбинді алып тас­­тар едік. Біреудің қабағына қарамайтын өзіміз бөлек ел болсақ. Орыстардан не жақсылық көр­дік?!» деген сөзі де ойымда қалыпты.

– Сізді өзіне жақын тартып сөйлескен секілді ме, қалай?!

– Толық ашылмаса да, кейде осылай ойындағысын айтып оты­ратын. Моншаға түседі, жуынады. Негізі, менің жанымда бір офицер мен екі конвой болуы керек. Әсіресе, офицер камерадан шы­ғарып, кіргізгенде міндетті түрде жүруі қажет. Кейде олардың қолы тимегенде моншаға өзім алып жүре беретінмін. «Сен қалай қорық­пай­сың?» деп қызметтестерім таңға­латын. Шынымды айтайын, ба­сында сескеніп жүрдім. Адам бол­ған соң қорқыныш сезімі бо­лады ғой. Соны сезді ме: «Аға, қо­рық­паңыз. Менің сізде шаруам жоқ. Сіздің маған ешқандай зия­ны­ңыз жоқ. Моншаға әкелесіз, жуын­дырасыз, сіздің жұмысыңыз – сол. Мен Қазақстанға қарсы кісі емес­пін. Алматыдағы жағдайды өзде­рі­ңіз біліп отырсыздар. Соның ішінде болғанмын. Сондай жағ­дай­мен түскенмін», – деді бірде Қайрат.

– Алаңға барғанына өкінетін бе еді?

– Жоқ, олай деп айтқан емес. Бір күні «Жап-жас жігітсің. Ел дүр­лікті деп, сен де дүрліктің. Сендерді алға тастады да өздері құтылып кетті. Сендер қалдыңдар» деге­нім­де: «Жоқ, олай емес. Арамызда ай­ғай-шу шығарып, жағдайды ушық­тырып, кейін құтылып кет­кендер де бар шығар. Мен өз ісіме еш өкінбеймін» деп айтқаны бар.

– Ол кезде Желтоқсан көтері­лісі, оған қатысқан жастар туралы қандай ойда болдыңыз?

– Шынымды айтсам, ештеңе ойлаған жоқпын. Мән берген жоқ­пын. Жұмыста «бунт подняли, те­перь мы пострадаем» деп кейбір әріптестерім сыртынан сөйлейтін. «Онда нең бар? Кінәлі ме? Өзі үшін өзі жауап береді» дейтінмін. Кейін каптеркаға ауысып, Қайратты бір­неше рет моншаға апарғаннан ке­йін қандай адам екенін таны­ған­дай болдым. Кім екенін түсіндім. Қа­за­қы жігіт болатын. Қазақша сөй­ле­генде сөздің түбін түсіретін. Өзім де қазақ мектебінде оқыдым ғой. Бі­рақ Қайраттың шешендігіне, көр­кем сөйлейтініне тәнті болушы едім.

– Қайратпен сөйлескеннен кейін ойыңыз өзгерді ме?

– Сөйлескенде, ашық сөйлес­пейтін. Шет жағалатып айтатын. Қайрат табиғатында тұйық жігіт болатын. Камерада жалғыз отыра­ды. Кейде есіктің тесігінен қарай­мыз ғой. Ойланып жататын. Не өлі, не тірі екенін білмейсің, тып-тыныш ұйықтап жатады. Артық мінезі жоқ, кейбіреулер секілді жөнсіз айғайлап, берекемізді қа­шырған жоқ. Тыныш болды. Содан кейін көп қарамайсың да. Ара-тұра тесіктен қарағанымызды сезіп қоятын. «Не көрдің?», – дейді. «Не ойлап жатырсың?», – деймін. «Мынадай жағдайда адам не ой­лайды? Басыңа іс түссе, бәрі ойға түседі. Өткеніңді ойлайсың, алда не боларын ойлайсың. Бірақ менің алдағы күннен ешқандай үмітім жоқ» деп айтатын.

– Арасында спортпен шұғыл­данушы ма еді?

– Жаттығу жасайтын. Өзі ты­ғыр­шықтай, қарулы жігіт болды. Мен Қайратты біреу асып өлтірді дегеніне сенбеймін. Қайрат бір-екі кісіге оңайлықпен бой беретін­дер­дің қатарынан емес. Меніңше, оны әуелі өлтіріп, сосын асып қойды.

– Бұған дейін барлық кітап­тарда, баспа беттерінде «Қайрат Рысқұлбеков Семей түрмесіндегі 21 камерада ажал құшты» делініп келді. Сіз бұған келіспейсіз ғой?

– Семей түрмесінде 10 жылдан астам еңбек еткен адаммын. Мен жұрт секілді естігенімді емес, көр­генімді айтып отырмын. Қайратты өзім камерадан алып шығып, моншаға апарып жүрдім.

– Бір шикілік бар дейсіз ғой, бұл жерде…

– Солай секілді. Меніңше, Қай­рат өз ажалынан өлген жоқ. Біреулер өлтірді. Ал оны 21 ка­ме­раға ауыстырса күндіз ауыстыру керек еді. 22 ка­мераны «камера смертник» дейміз. Оны екінің бірі аша алмайды. Жедел қызмет бас­тығы мен түрме бастығы ғана аша алады. Қайратты өзі отырған 22 ка­мерада өлтіріп, 21 камераға апа­рып тастауы да мүмкін басқа адам­ның жанына. «Мынау өлтірді» деп жала жабу үшін.

– Сонымен, Қайрат Рысқұл­­бековті қанша рет апардыңыз мон­шаға?

– Ой, бірнеше рет апардым. Нақты қанша рет апарғаным есім­де жоқ. Қазір ұмытып қала беремін. Моншаға он күнде бір апаратын­быз. Ойымда қалғаны, Қайрат моншаға түскенде бір рақаттанып қалатын. «Денем босап, жаным жай тауып, рақаттанып қалдым ғой» деп отыратын. Олай айтатын жөні де бар. Түрмеде оны серуен­деуге де шығармайтын.

– «Қайрат қайтыс болды» де­генді естігенде қандай күй кештіңіз?

– Кеше ғана өзім ертіп әкеліп, камераға кіргізген адамым. Сап-сау жүрген. Ақыл-есі дұрыс, аяқ-қолы балғадай жігіт. «Аяқастынан не болды?» деп таңғалғаным рас.

Жұмыста Қайратты жалғыз өзім моншаға апарғаным үшін менен күдіктеніп, сұрақтың астына алған кездер де болды. Ал Қайрат қайтыс болғанда «Сен ештеңе көрген жоқсың, моншаға апардың да алып келдің. Аузыңды жап та тыныш жүр», – деді бастықтар. 10 жылдай ешкімге айтпай жүрдім. Мэлс Ас­қарұлы «ел-жұрт білсін, бұл – бір тарих» деген соң қазір ақырындап айтып жүрген жайым бар.

– Әңгімеңізге алғыс білдіреміз.

aikyn.kz